ХАЛҚЫН-ГОЛ ШАЙҚАСЫНЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

Шеттегі Қазақ батыры

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына сан жылдың жүзі толды. Батыс саясаткерлері өткен-кеткенді қазбалап, бәзбір оқиғаларға саяси рең беріп те қойды. Мысалы, Польша елі «сұм фашистердің соққысына алғаш ұшыраған біз едік» деді. Онымен қоймай, «мына жақта Гитлермен алысып жатқанда, Сталин арқамыздан қанжар қадады» деп салды.

Қысқасы, Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы басталыпты. Еуропа  солай дейді. Бірақ фашистік Германияның одақтасы – жапон милитаристері 1935 жылы Қытайдың шығыс бөлігін басып алып, Ішкі Моңғолияны өзіне қаратты. Ол аздай, Кеңес одағының шекарасын қайта-қайта түртпектеп мазасын алды. Сасқалақтаған Кеңес елі 1936 жылдың 12 наурызы күні КСРО Қорғаныс Халық Комиссары К.Е.Ворошиловтың бұйрығымен 57-ші арнаулы корпусты күшейтіп, Халқын-гол маңына әкеліп орналастырды. Моңғол жағы болса, «Сіз бастаңыз, біз қостайық» дегендей, шағын армиясын ол да алып келді. Осылай бір шайқастың басталары анық болды.

Жапондар шекараға келіп қалған Кеңес-Моңғол әскерін сарылтып күттіріп қоймай, 1939 жылдың 11 мамыры күні соғысты бастап кеп жіберді. Халқын-гол шайқасының қос қапталы 80 шақырымға, майданның алғы шебінен артқы тылына дейін 25 шақырымға созылып жатты.

Мамырдың 11-інде басталған соғыс осы айдың 31-іне дейін жалғасты. Жиырма күннің ішінде самурайлардың беті қайтты. Олар сәл ентігін басып алып, шілденің 2-сі күні шешуші шайқасқа кірісті. Соғыс қыркүйек айының ортасына дейін жалғасты. Екі ай жарымға созылған ұрыста жапондар 50 мың адам, 660 ұшақ, 175 зеңбірек, 340 шақты пулеметінен айырылып, тура қыркүйектің 16-сы күні жеңілгені туралы актіге қол қойды.

КСРО Жоғары Кеңесінің  Жарлығымен Халқын-гол соғысына қатысып, ерлік көрсеткен  Қызыл Армияның 17068 офицері һәм жауынгерлеріне орден, медаль берілді. 73 адам «Кеңес Одағы Батыры» атағына ие болды. Ұшқыштар – Я.В.Смушкевич, Г.П.Кравченко, С.И.Грицевец екі мәрте батыр атанды.

Жауын жеңіп, көңілі орныққан Моңғол үкіметі де қарап қалмай, Мемлекеттік Кіші Құрылтайдың шешімімен Моңғол Халық Армиясының 726 офицер һәм жауынгерлеріне, Қызыл Армияның 326 жауынгеріне «Майдангерлік Қызыл Ту» орденін табыстапты. Оның сыртында 14 адамға «Моңғолияның Халық Батыры» атағын берген. Осы он төрт адамның екеуі – орыс, біреуі – қазақ. Екі орыстың бірі – атақты қолбасшы Г.К.Жуков болса, екіншісі – И.И.Федюнинский. Ал батыр қазақтың аты-жөні – Ікей Мизамұлы.

Батыр қазақ кім?

Батыр Ікей Мизамұлы туралы жаңа мәліметке қол жеткіздік. 2009 жылы Моңғол елінде Халқын-гол шайқасының 70 жылдығы кеңінен аталып өтті. Тіпті Ресей Федерациясының Үкімет басшысы В.Путиннің өзі барып, қол соғып, құттықтап қайтты.

Біз өз тарапымыздан аталмыш елдің Архив және тарих зерттеу орталығына электронды хат жолдаған едік. Олар Ікей марқұм туралы мұрағат мәліметтерін жіберді. Осындағы деректерге қарағанда, батыр ағамыз 1911 жылы Бай-өлке аймағының Делүн сумын жерінде туыпты.  13 жасқа дейін ауқатты ағайынның мал-жанына қарайласып жүріп, 1926 жылы орыс саудагерлері орнатқан қойдың жүнін жуатын орында 3 жыл жұмыс істеген көрінеді. Әбден буыны қатып, бұғанасы бекіген соң, 17 жасында қара танып, қалам ұстапты. 1931 жылы Қобда аймақ орталығында ашылған қазақша оқытатын мектепте білімін толықтырып, 1932 жылы Ұлан-батыр қаласындағы Әскери жоғары оқу орнына барған. 1934 жылы көктемде оқуын тәмәмдап, офицер шенін алған. Халық әскерінің 1-ші дивизиясы 2-ші полкінде взвод командирі қызметіне тағайындалған.

Күзде орталық өлкелерде етек алған ламалар көтерілісін тізгіндеуге қатысқан. Көрсеткен ерлік пен ептілігі үшін орден алған. Осы сапарында қалқа моңғолдың Должын дейтін ару қызын қатындыққа алған. Адам сияқты отау көтеріп, шаңырақ құрған. 1939 жылы қайтыс болғанға дейін тату-тәтті өмір сүрген. Бірақ заты басқа жеңгеміз қазақтан құрсақ көтермепті. Артында іліп алар тұяқ қалмады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Халқын-гол шайқасы басталған 1939 жылдың мамыр айында Ікей соғысқа өзі сұранып өтініш жазған. Жарықтықтың көне ұйғыр қарпімен жазған ирек хаты архивте әлі бар екен. «Ел басына күн туғанда, еңку-еңку жер шалған қазақтың баласы едім, жапырайған жапонның жағасынан бір алып көрейін» депті. Ікеңнің арман-арызын қабыл еткен басшылар оны 6-шы Тамсық дивизиясының 17-ші атты полкының 4-ші сумынына (рота) командир етіп тағайындайды. Бұл дивизия әне-міне соғысқа кіреміз деп, ентелеп дайын тұрған.

Қысқасы, мамыр айында атойлап ұрысқа кірген. Жаудың бетін қайтарған. Келесі шілде айында басталған екінші зор майданға тағы да қол бастап шыққан. Шілденің 3-і күні Баян-саған шайқасында асқан ерлік көрсеткен. Қолбасшылар оны «Қыран Бүркіт» деп мақтапты. («Біздің биік арыстар». Өлгей қаласы, 1980, 7-8 бет).

Әбден еті қызып, қаны қарайған Ікей батыр шілденің 24-і күні болған кезекті шабуылда ротасын бастап, самурайлардың шебін бұзып кіріп, тас-талқан етеді. Ақыры қасында бірге жүрген көмекшісі орыс Иванов және  бірнеше жауынгер жолдастарымен бірге зеңбіректің дөп тиген оғынан қаза табады.

Ікей марқұм Моңғолияда қазақ атаулыдан тұңғыш армия қатарына шақырылған алғашқы азаматтардың бірі екен. Екінші бір есте боларлық дүние, Халқын-гол соғысына екі қазақ қатысыпты. Бірі осы – Ікей Мизамұлы, екіншісі – Жайсанып Мүдәрісұлы. Ікей «Моңғолдың Халық Батыры» болды. Жайсанып алғашқы генерал атанды.

Ікейдің суреті  сақталмаған

Ікей Мизамұлының бірде-бір фотосуреті сақталмаған. Көпшілікке белгілі бейнесі өзі өлгеннен кейін қолдан сызылған. Бір қызығы, сызған адам Ікейді өмірі көрмеген. Бұл әңгімені өз басым 1983 жылы Халқын-гол шайқасына қатысқан ардагер, бертінде Халық жазушысы атағын алған қаламгер С.Тарба дейтін ақсақалдың аузынан естіген едім.

Ол заманда қазақтар суретке түсуден қатты қорқатын. Өйткені, о дүниеге барғанда Алла тағала «мына суретіңе жан кіргіз дейді» деп қорқатын. Ікей де осындай ата-баба дәстүрінен асып кете алмапты. Суретке түспейтін болған.

Содан күллі моңғолдың көсемі Д.Сүхе-батордың жесірі Янжыма дейтін әйел Ікейдің жесірі Должынды шақырып алып, «Мына суретшіге байың Ікейдің түр-келбеті қандай болғанын айт, суретін салсын!» деп бұйрық берген. Әйел айтып отырған, суретші салып шыққан. Сурет Ікей Мизамұлының нақ өзі болып шыға келген. Жоғарыдағы жазушы С.Тарбаның  естелігінде: «Мен Ікейдің қолында жауынгерлік борышымды өтеген адаммын. Оны жеті қараңғы түнде көрсем танимын. Мына суреті өзінен айнымайды. Егер батыр тірі болып, суретін салар болса, дәл мұндай ұқсамауы да мүмкін еді», –

Бекен Қайратұлы

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: