Жайсанып Мүдәрісұлы

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ГЕНЕРАЛДАРЫ

Атақты ұшқыш, жалынды әскери қайраткер Жайсанып (Зайсанов) Мүдәрісұлының да тағдыры сан қилы. Марқұмның  басына қойған  құлыптаста туған жылы «1910» деп жазылыпты. Туған жері  –  Зайсан өңірі. 1925 жылдары Зайсан жақтан Монғол еліне өтіп кеткен. Содан 1932 жылы Монғол елі атынан Кеңес елінің Орынбор қаласындағы әуе күштері училищесіне оқуға барады. Әрине, оған жас азаматтың орыс тілін жақсы білетіндігі себеп болғаны сөзсіз.  Оқуын бітірген соң, 1937-1939 жылдары өзі оқыған Орынбордағы ұшқыштар училищесінде ұстаз болып қалып қояды.

Бірақ 1939 жылдың басында Моңғол елі кері шақырып алады. Себебі, 1938 жылы 1 желтоқсан күні Монғол армиясының тарихында тұңғыш рет әуе күштерінің күшейтілген полкі құрылған болатын. Соған тәжірибелі басшы қажет еді. Әрі Халкин-гол маңында Жапон миллитаристерінің шабуылдау қаупі төніп келе жатты. 1939 жылы  Халкин-голда КСРО мен Монғолия қарулы күштері бірлесіп, жапондарға соққы берді. Соғысқа өз полкын бастап, полковник Жайсанып та қатысты.

Жайсанып Мүдәрісұлы  1942 жылдың 15 қазанында Монғолия Үкімет басшысының № 00182 бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 1944 жылдың сәуір айында Ұлы Құрылтайдың № 22 жарлығымен оған генерал-мойор шені берілді.

1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Кеңес одағы  Жапонияға қарсы жедел түрде  соғыс жариялады. Оған Монғолия да қатысты. Осы жорықта Жайсанып басқарған Монғол елінің ұшқыштары жапондарға қарсы әжептәуір соғысқан сыңайлы. Мысалы, архивте сақталған жорық жазбаларының бірінде «Мүгден әуежайын басып алдық. «Супер» маркалы   49 ұшақты, «Дюблестник» типтегі 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші –  генерал-майор М. Зайсанов» деп қол қойылған.

Жапония жеңілгеннен кейін орыс-монғолдың бір топ генералдарымен бірге Жайсанып Мүдәрісұлын Бас қолбасшы И.В.Сталин Мәскеуде қабылдаған. Өз қолымен Кеңес Одағының «Қызыл Ту» орденін тапсырған. Осы оқиға жайында ертеректе Жайсаныптың өз аузынан жазып алған, бүгіндері Ұлан-батыр қаласында аман-есен тұрып жатқан академик-ғалым, жазушы-журналист Ислам Қабышұлы  1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Аймағым – алтын ордам» атты естеліктер жинағында былай деп еске алыпты: «… орден тапсырып тұрып И.В.Сталин: – Құрметті генерал, сіз қай ұлттан боласыз? – депті. Жайсанып: «Мен қазақпын, жолдас Бас қолбасшы!»-дейді  таза орыс тілінде. Сонда И.В.Сталин: – Сізді мен сырттай 1939 жылдан бері білемін, аз халықтың үлкен жүректі азаматы екенсіз, құттықтаймын!».

Мемлекет басшысы маршал Х. Чойбалсанның 1948 жылғы 28 маусымдағы бұйрығымен генерал Жайсанып КСРО Әуе күштері академиясына оқуға жіберіліпті. Одан кейінгі өмірі күңгірт. 1953 жылы біржола тұрып қалу үшін Алматыға ат басын бұрған көрінеді. Оған сол тұстағы жағдай сай болмаған. 1965 жылы дүниеден өткен.

Бекен Қайратұлы

Пікір қалдыру