ДЕНЕСІ ТИБЕТТЕ, БАСЫ АЛТАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН БАТЫР

Шинжандық танымал жазушы Шәміс Құмарұлы «Бөке батыр» атты тарихи роман жазып, 1987 жылы Қытай елінде жариялады. Осы шығарма 1993 жылы «Жұлдыз» журналының 1-2 сандарында жарық көрді.  Бөке батыр Жырғалаңұлы 1846 жылы туған.  Бір әкеден – екеу. Артынан ерген інісі – Шөке батыр.

Алтай  асып барған қазақтарға қоныс кеңейту қажет болды. Сан жылдардан бері ірге теуіп, қазығын терең сіңірген қалмақ-торғауыттар жер бере қоймайды. Бөке бір топ жолдасымен Шіңгілдің Аққарын, Қарағаш өңірінен бірнеше ошақ қазып, оған қара талдың өртенген ескі көмірін көміп кетеді. Арада бір талай уақыт өткенде барып, жергілікті  қалмақ төрелерінен мына жер біздікі деп даулайды.  Содан Шыңғыс ханнан бері келе жатқан көшпенділердің қоныс иелену заңында айтылған «Иесіз жерге кім бұрын келіп күлін төксе, жер иесі сол болады. Байырғы мекенге иелік ету үшін қазған ошағы, мөрленген жұрты болуы керек» делінген қағидатқа сүйеніп, шатақ шығарады.  Екі жақ адам шығарып тексеріп көрсе, шынында   Шіңгілдің қара талының күйген көмірі шығады.

Осылай қазақ пен қалмақ арасында жерге талас, жайылымға егес үнемі болып тұрады.  Әсіресе, ежелгі Жібек жолы бойындағы байланыс бекеттерін күш-көлікпен қанымдаудан бас тартқаны үшін жергілікті билік Бөке батырға қырын қарай бастайды. Осындай әртүрлі себептерге байланысты Бөке елін бастап, шығысқа қарай – Боғда тауына көшіп барады. Бұл өлке – бұған дейін қазақ баласының табаны тимеген жер. Боғда өңірінің орталығы Шонжы қаласында төрт ұлттың (ханзу, ұйғыр, монғол, қазақ) өкілдігі ашылады. әр ұлттан шаңия (өкіл) тағайындалады. Қазақ атынан Бөке батыр сайланады.

Осылай өзі дара билік жүргізді. Халқына жайлы өмір жасады. Сондықтан да болар, Алтай, Тарбағатай өңірінің қазақтары Бөкенің еліне көшіп келе бастады. Жергілікті қытай шенеуніктері қазақтардың күшейіп кетуінен қорқып, Үрімжідегі үкіметке «Бөке жеке дара хандық құруды қолға алып жатыр»  деп арыз түсіреді. Бөке батырды тұтқынға алады. Елін Алтай, Тарбағатайға қайта көшіру үшін әскер аттандырады. Ел көшуден бас тартып, әскерлермен қақтығысады. Батырдың інісі Шөке Үрімжі ұлығына үлкен сый беріп, ағасын босаттырып алады. Түрмеден шыққан Бөке елдің астанасы  Пекинге барам деп аттанып кетеді. Бірақ Пекинге бармайды, жайлы қоныс іздеп жер шалып кеткен екен, жыл өткен соң келіп, елін бастап шығысқа қарай көшеді. Сол кеткеннен мол кетіп, Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бұл – 1900 жылдар шамасындағы жағдай.

Бөкенің елін қайтарып келу үшін Үрімжіден толық қаруланған 500 атты әскер шығады. Ақыры Бөке батыр қарсылық көрсетіп, қырғын соғыс өрті тұтанады. Қытайдың 500 шерігінің 300-ін жер жастандырады. Қазақтардан батырдың жалғыз інісі Шөке және жиырмадай адам шығын болады. Қытай үкіметі Бөкенің басы үшін мол сыйлық тағайындайды.

Бөке батырды 1904 жылдың жазында Тибет төрелері ел астанасы Лхаса  қаласына шақырады. Тибет төрелері құрметті қонақасы береді. Содан еліне оралған Бөке келе ауырып, қаза табады. Халқы батырды інісі Шөкенің қасына жерлейді. Бұл жер қазір «Есекбатқан» деп аталады. Тибет автономиялы ауданы, Алтынтоқ қорық мекенінің жері.

Бөке батыр қаза болғаннан кейін 12 тәулік өткенде Үрімжіден қисапсыз әскер келіп, елді қайта айдайды. Бөке батырды көрден суырып алып, басын кесіп әкетеді. Өйткені бұл басты әкелген адамның алдында зор қошемет күтіп тұрған еді. Батырдың басын Үрімжі көшесіне іліп қояды.  Соңында баласы Рабай әкесінің басын сұрап алып, байырғы мекені – Алтай нулы өлкесі, Шіңгілдің бойы, Аралтөбе ауылына қарасты Обаты қыстағына әкеліп жерлейді.

Осылай Бөке батырдың денесі Тибетте, басы Алтайда жерленген. Дене мен бастың арасы мыңдаған шақырым алшақ жатыр. «Беу, дүние-ай!» деген. Осы Бөкенің елінен бөлініп қалған азғана ел Тибетте әлі күні бар көрінеді. Бірақ бүтіндей өзгеріп кеткен. Тек өздерінің қазақ екендіктерін ғана біледі.

Жоғарыдағы Бөке батырдың баласы Рабай әкесінің басын Алтайға жерлеген соң,  ауылын бастап, Монғолияға ауып кетеді. Ал Шөке батырдың ұрпағы  Иманбала Шіңгіл бойында қалып қойып, артынан Бөркөл жаққа қоныс аударған екен. Осы Рабайдың баласы Айыпханнан тараған ұрпақ немесе Бөке батырдың шөбересі Саған ақсақал 1995 жылы Астанаға көшіп келді.  Балалары әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Кенже баласы Жәнібек – үлкен кәсіпорының  жетекші мамандарының бірі болса, ортаншы ұлы Асылбек – орта мектепте мұғалім. Қытайда қалған Шөке батырдың жалғыз ұлы Иманбаладан туған Жапанхан ақсақал да 2006 жылы Астанаға көшіп келді.

Бекен Қайратұлы

Advertisements

3 жауап

  1. қазақтардың басынан не өтпеді деші

  2. Biz kiyn tadirda ne kormedik

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: