ҚАСҚЫР МЕН ҚАЗАҚ

 

Қасқырды қалайша ақымақ дейміз?

Бүкіл дүниежүзілік ғылыми орталық ақылды хайуанға адамды, дельфинді, маймылды, итті және жылқыны жатқызады. Олар, неге екені белгісіз, қасқырды ақылды хайуанға қоспайды. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ит пен қасқырдың тегі бір болса, итті ақылды деп мадақтап, ал қасқырды ақымақ деп шетке қағуға қандай қақымыз бар? Ғылым қабылдай ма, қабылдамай ма, мен қасқырды ақылды хайуан деп кесім жасадым. Енді осы пікірімді нықтай түсейін.

Ерте көктемде бір аңшы аң аулап жүріп, айдалада апандағы қасқырдың бөлтіріктеріне тап болыпты. Адам үшін қасқырдан асқан жыртқыш жоқ, аңшы бірден алты күшіктің бесеуін өлтіріп, біреуін ғана тірі қалдырады. Жай қалдырмай алдыңғы екі аяғын сындырып, енесінің не істейтінін аңдыпты. Аз уақыттан соң қынадай қырылған бөлтіріктердің енесі келеді. Қаншық дереу тірі қалған жалғыз күшігін апан қасындағы көлдің жағасындағы қамыстың арасына апарады. Аңшы күн сайын бақылайды. Қасқыр бөлтірігін тамаққа тойғызып алып, оны жүруге тәрбиелей бастайды. Арлан мен қаншық ұзын таяқтың екі ұшынан өздері тістеп ортасынан алдыңғы екі аяғы сынған бөлтірікке тістетіп, күн сайын жаттығу жасайды. Күздігүні әлгі аңшы өзі аяғын сындырған бөлтіріктің тайыншадай қасқыр болғанын көреді.

Егер қасқырда ақыл жоқ болса, әлгіндей дене тәрбиесін жүргізе алар ма еді? Осының өзі-ақ қасқырдың ақылды екенін аңғартса керек.

1951 жылы Қазақстанда болған бір қызық оқиғаны мен Қытай жерінде жүргенде оқып едім. Екі эколог қыстыгүні даланы кезіп жүріп, үш қасқырды көздері шалып қалады. Қолдарында дүрбі, қозы көш алыстағыны иек астындағыдай анық көреді. Тал түсте жыраның басында үш қасқыр қарды қазып, бір қасқырды мойнына дейін көмеді. Оның қылтиып басы ғана қалады. Екеуі тауға қарай жорта жөнеледі. Бір уақытта тау басынан үйір-үйір қоңыр аңды көмілген қасқыр үстінен қуып түседі. Осы кезде тығылып жатқан қасқыр атып шығып біреуін бас салады. Сөйтіп, әлгіні үшеуі бөліп жейді.

Мінеки, бұл қасқырдың ақылдылығы емес пе?

Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында менің туыстарым тұрады. Тұрсын Құсайынұлы Бабалық деген менің ағайымның ұлы қой бағатын. Жер қар. Қыстауға көшіп бара жатып жолда бір жағы жоқ, үш қабырғасы ғана бар қораға түнейді. Жатарда ит-құс қуып кете ме деп малды үш қабырғалы дуалға қамайды. Бір жағы ашық. Не істеу керек? Сол жерде жұмыс істеп жатқан екі тракторды екі босағаға қойып, жарығын жағып қояды. Екі жарық түйіліскен жер қараңғы болады екен, түнде қасқыр келіп сол жермен бір қойды сүйреп алып кетіпті. Көрдіңіз бе, осыдан кейін қасқырды қалай ақымақ дейміз?

Шығыс Қазақстан облысында Күршім деген жер бар. Күршім — аудан орталығы. Сол жерде Қайса атты жігіт тұрады. Оқыған, көзі ашық адам екен. Мен бір жылы шөп іздеп сол жерге бардым. Мен іздеген шөпті ол жігіт білетін болып шықты. Әңгімелесіп отырып сөз ауаны ептеп қасқыр жаққа ауып кетті. Сонда ол бір қызық нәрсені айтып еді:

— Аң аулаймын, қосауыз мылтығым бар. Қыстыгүні шаңғымен жүремін. Қасқырға қақпан құрып қойып едім, соны көрейін деп жетіп барсам, қасқыр түсіп, қақпанды сүйретіп кетіп қалыпты. Қардың үстінде айпарадай болып ізі жатыр екен, куалай жөнелдім. Батырың бір-екі қырқаны асып барып, бұтаға ілініп қалыпты. Жанына бардым. Телміріп қарап тұр, не дыбыс шығармайды. Екі көзімен мені жеп барады. Қасына таяп бардым да, шаңғының таяқшасын аузына апардым, басындағы дөңгелегін жұлып алды. Тағы апардым, арс етіп және тістеді. Таяқты қарға шаншып қойдым да, мойнымдағы қосауызды алып аузына апардым, мылтықты тістемейді. Қызық көріп мылтықты қойып, таяқты апардым, арс етіп тістейді. Таяқты қойып, мылтықты тақадым, тістемейді, — дейді Қайсам.

Тыңдап отырып, «мынауың оқыған қасқыр ғой» дегенмін.

Қай жылы екені есімде жоқ, жаңағы Тұрсын Құсайынұлы қыстауға барады. Жер құм. Құмның арасы толған сексеуіл. Бір күні кешке таман ағамыз қойды қораға жақындатып, әйелі мен баласына «қойды қораға кіргізе беріңдер, қойдың жартысы бөлініп қалды ғой деймін» деп кері шаба жөнеледі. Әйел мен кішкене бала жаяу. Елең-алаңда қасқыр қойға шауып, бір қойды бас салып жұлмалай бастайды. Әлгіні көріп әйел байқұс айқай салады. Ал бала қасқырды жұдырықпен ұрып жығатындай жүгіре жөнелсе керек. Бала жақындағанда қасқыр екі аяғын қойдың үстіне қойып телміріп қарапты. Мүмкін, баланы ала қашқысы келіп тұр ма екен? Жанұшырған әйел тізерлеп отыра қалып ағашты мылтық сияқты тұлғыпты. Сонда қасқыр тұра қаша жөнеліпті. Демек, ол ағашты мылтық деп қалды. Осыған қарағанда қасқыр мылтық деген қарудың бар екенін және оның өте қауіпті екенін жақсы білетін секілді.

Тағы сол Жамбыл ауданында Төмен Ащысу деген кішкене бұдырмақ тау бар. Сол таудан ағатын кішкентай ғана бұлақтың басына жыл сайын келіп бір қойшы малын төлдететін көрінеді. Қойшымен жарысқандай жылда бір қасқыр нақ сол өңірге келіп күшіктейді екен. Қойшы да, иті де, малы да көрші қасқырмен үйренісіп кетіпті. Бір-біріне тимейді екен. Күндердің күнінде қойшының бір қозысы арам өліп қалады. Жемтікті жесін деп қойшының балалары оны сүйреп отырып, қасқыр інінің қасына апарып тастайды. Қозы үш күн жатады. Не қасқыр, не оның күшіктері жемейді. Төртінші күні түнде қой тасталқан болып үркеді. Ит үреді, айқай-шу болады. Қойшы бала-шағасымен қойды қайта үйіреді. Таңертең тұрса, қойдың ішінде бөтен қаратөбел қозы жүр дейді. Сонда қасқыр өлген қозыны менен көреді деп, қай жақтан екені белгісіз, мына қозыны әкеліп қойға қосыпты. Осындай да оқиға болған. Айта берсе, қасқырдың ақылдылығын паш ететін дәлелдер өте көп.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ежелде жетім қалған адам баласын хайуандар асыраған. Ал солардың 60 пайызын қасқыр баққан. Қасқыр асыраған балалар өте қайратты болып өскен. Бұлар жайында да көптеген аңыздар, естеліктер бар…

Мүсінді аңыз бойынша жасау қажет

… 1997 жылы астанамыз Ақмолаға көш басын бұратын кезде президент әкімшілігінен маған екі адам келді. Жаңылмасам, біреуі ғылым кандидаты, екіншісі ғылым докторы ғой деймін, аты-жөнін ұмытып қалдым. Олар астананың Ақмолаға көшкелі жатқанын айта келіп, «жаңа қонысқа барғанда қандай ырым-жоралғы жасау керек, осы жөнінде ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз» деді. Мұндай үлкен шаруаға араласып көрмеген едім, аз-кем тосылып қалдым. Дегенмен ойыма бір-екі нәрсе түсті:

«Жетісу жері жолбарысты құрмет тұтады. Кейбір аңыздарда жолбарысты аңның пірі ретінде көрсетеді. Тіпті кейбір ақылды адамдардың жанына жолбарыстың суретін салып қояды. Мысалы, Алматыдағы алаңда жолбарыстың үстіне алтын адамды мінгізіп қойған мүсін тұр. Ұзынағашта Қарасай деген батырдың ескерткішін тұрғызғанда алғашында оның жанына жолбарысты мүсіндеп қойып еді. Кейін хайуанды алып тастады. Ал Арқа жақта жолбарыс емес, қасқыр құрметті. Ашинаны баққан қасқырды тудың бетінен көріп жүрсек, қандай ғанибет! Ол болмаса, аңызға сүйене отырып, Ашинаны жерден тістеп көтеріп тұрған қасқырдың бейнесін мүсіндесе», — дедім. Кейін олар мұны жасатыпты. Бірақ басқаша, қасқырдың үстінде жалаңаш тұрған баланы бейнелеп, оның қолына қамшы ұстатып қойыпты. Мұнысы енді ақылға сыймайды. Мүсінді анау-мынау емес, үкімет пен парламент үйінің тақ алдына орнатыпты. Оны Ашина туралы аңыз бойынша жасауымыз керек еді. Одан кейін «президент сарайының екі жақ босағасына үш метр биік жонылған тас қойып, оның бетіне қазақ халқы тәуелсіздікті қашан алды және оның ал-ғашқы президентті кім, осы жөнінде мағлұмат жазып қойыңдар. Дәл сондай екі тасты тура босағадан жер қазып көміңдер. Жылдар өтер, ғасырлар өтер, күндердің күнінде қажеті болар» дегенмін. Менің ойым әзірге жүзеге аса қойған жоқ. Жаңадан сарай салыныпты ғой, мүмкін соның босағасына қойылар.

Адамнан көмек сұрамайтын хайуан

XVII ғасырда Ақмола облысындағы Қорғалжың көлінде жолбарыс болған екен. Көлдің жиегіндегі қамыста құндыз да мекен етіпті. Бір аңшы шиті мылтығын асынып құндыз аулауға шығады. Атын қамыстың шетіне тастайды да, өзі ішіне кіреді. Бір уақытта артынан сыбдыр естіледі. Жалт қараса, жолбарыс келіп қалыпты. Шошып кеткені соншалық, аңшы отыра қалып, иманын үйіре бастайды. Сонда жолбарыс бас салмай, сүмірейіп келіп аңшының алдына жатыпты. Аздан соң аңшыға алдыңғы аяғын созыпты. Қараса, аяғы күп болып ісіп кеткен. Көзін жыпылықтатып төмен қарап жатыр. Аңшы дереу есін жиып, жолбарыстың мұқтаждықпен келгенін түсінеді. Қалтасындағы кездігін суырып алып, жолбарыстың аяғын тіліп, іріңін шығарып, белбеуімен орап береді.

1970 жылы Талдықорған облысының Қытаймен шектесетін өңірінде қызық оқиға болды. Шекараның ну орман тұсы болса керек, қайдан екені белгісіз, бір аю кіріп келеді. Әскерлер шу ете түседі. Мылтықтарын ала жүгіреді. Бірақ ешкім атпайды. Аю ақырын келіп қораның шетіне жатады. Қару ұстаған әскерлер жақындап келсе де тыпыр етпейді дейді. Сөйтсе, оның да аяғына шөңге кіріпті. Асқынып кеткен. Әскерлер дереу дәрігер шақырып, аяғын тілгізіп дәрі салғызыпты. Ем-дом жасалып біткен соң аю орнынан тұрып, орманға қайта кетіп қалыпты.

1986 жылы Жамбыл ауданындағы Қаракесек деген жерде қой бағып жатқан бауырларыма бардым. Інімнің бір иті алдымнан жүгіріп шығып, қыңсылай бастады. «Кет, өй…» деп қағып жібердім. Менен кетіп қасымда

тұрған ініме барып қайта қыңсылай берді. Біз әңгімелесіп тұрып оған аса мән бермеппіз, сөйтсек, оның, екі жағына сүйек қыстырылып қалыпты. Бейшара ит соны алып таста деп келіп тұр екен ғой. Дереу алып

тастадық, кетті де қалды. Міне, ана жолбарыс, әлгі аю, мына ит адамнан көмек сұрауды біледі. Шамасынша өз мұқтажын адамға білдіре алады. Ал қасқыр ше? Ол өйтпейді. Қасқыр — өте шыдамды, қайсар, қулық-сұмдығы жетерлік хайуан. Ол қақпанға түссе, аяғын шайнап кетіп қалады. Ол адамға қыңсылап келмейді. Міне, қайрат! Міне, намыс! Міне, ақыл! Міне, ерлік!

Қасқыр аулаудың түрлері

Қазақ көбінше мал шаруашылығымен айналысқандықтан, қасқырдың малға маза бермейтінін жақсы біледі. Қасқыр әсіресе қойға қырғидай тиеді. Қырып кетеді. Мен осы «қырып кетеді» деген сөзге онша жауап таба алмадым. Неге қырып кетеді? Қор жинай ма? Қор жинаса, неге қойдан ғана жинайды? Басқа малды дәл қойдай қырып кете алмайды. «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» демекші, қойға келгенде ол бар өнерін көрсетеді. Әлде қыр көрсете ме?!. Сондықтан болар, қазақтар қасқырды күшік уақытында көп қырып тастайды. Бірақ күшікті қыру арқылы қасқырдың бетін қайтара алмайды. Өйткені, күшігі өлген касқыр сол ауылға жау болып тиеді. Аңдып жүріп, қойын қынадай қырады.

Енді біз қасқыр аулаудың түрлері туралы баян қылайық.

Қазақтар қасқырды аулауда әртүрлі шырғалар қолданған. Соның бірі — жемтік шырға.

Далаға жемтікті тастайды да, соның қасына қақпан құрады. Қасқыр жемтіктің иісіне келіп, айналшықтап жүргенде қақпанға түсіп қалады. Бұл — бір түрі.

Екіншісі — арқан шырға. Бұталардың арасына әр бір жеріне қызыл-жасыл шүберек байланған арқан керіп тастайды. Ұзын арқанның бір ұшында мылтық ұстап аңшы отырады. Ал ар жағынан екінші бір адам қасқырды қуалайды. Қасқыр еш уақытта арқаннан қарғып немесе астынан өтпейді, жағалап жүгіре береді. Жағалап барып мылтығы бар адамның үстіне келіп қалады. Аңшы атады да тастайды. Мұны арқан шырға деп атайды.

Қасқырды умен де аулайды. Даладағы жемтікке у құйып, сол арқылы да алуға болады.

Қасқыр аулаудың қода шырға деген төртінші түрі бар. Жуанырақ шыбықтан жиі қылып бітеу шарбақ тоқылады. Соның ішіне лақ байлайды да, қасына шөбін тастап қояды. Шарбақ жерге қағылған қазыққа жақсылап байланады. Жалғыз лақ айдалада қорқып, маңырап дауыс шығара береді. Шарбақтың бір жақ бүйірінен кішкене қылып есік жасайды. Есік ашық болады. Бірақ лақ шығып кете алмайды. Ол ішкі бөлмеде тұрады. Есік қасқыр сыятындай болады. Тесік барған сайын тарыла береді. Қасқыр лаққа қарай ұмтыла береді. Түр-тінектеп жатқанда оның тұмсығы немесе аяғы тиіп кететін тиек болады. Денесі тиекке тигенде артындағы есік жабылып қалады. Сөйтіп, қасқыр лақты жеймін деп қуысқа қамалады. Таңертең, оны құрған адам қасқырды ұрып алып, лақты енесіне қосады. Қасқыр аулаудың бұл түрін қазақтар қода шырға дейді («қода» дегеніміз шарбақ —Ж.Б.).

Қасқырды мылтықпен, садақпен атып және атпен қуып соғып алатын түрлерін баршамыз білеміз. Жаңа жауған көбік қарда мықты аты бар аңшы қасқырды қуып жүріп ұрып алады. Қасқыр атты адамнан қашқан кезде мойнын адамға қарай бұрып алады. Онысы маған қашан жетіп қалар деген қорқыныш болса керек. Біраздан кейін қасқырдың мойыны бұрылған күйі қарысып қалады. Одан кейін ол ұзаққа қаша алмайды.

Қасқырға бүркіт салып та аулайды. Бірақ бүркіттің бәрі қасқырға түсе бермейді. Бүркіт қасқырға өте сирек түседі. Қасқыр — өте әлеуетті, күшті хайуан, бүркітті лақтырып жібереді. Тіпті өлтіріп те тастайды.

Сондай-ақ қасқырды қармақ шырға арқылы да аулайтын тағы бір түрі бар. Кәдімгі балық аулайтын қармақ сияқты, бірақ одан әлді қармақ жасалады. Оны мықты жіпке немесе шыншырға байлайды. Қармаққа тышқан немесе күзен сияқты кішкене аңдарды іліп, жіптің екінші ұзын көрсетпей байлап қояды. Қасқыр қармаққа ілінген жемді қарғып барып алатындай болуы керек. Салбырап тұрған тышқанды қарғып барып асап кеп алғанда қармақ қасқырдың ішінен ілінеді де қалады. Сол кезде қанша қайратты болса да қасқыр тырп етіп қозғала алмайды.

Содан кейін қазақтар далада қасқыр болып ұлиды. Оны естіген қасқырлар сол маңға жиналады. Сөйтеді де, адамға қалай жақындап келгенін білмей қалады. Аңшы тарс еткізіп атады да тастайды. Мұны ұлып аулау дейміз.

Қасқырды итпен де аулайды. Бірақ жалғыз ит ала алмайды. Екі немесе үш ит болу керек. Екі ит екі жағынан қуып, тірсегінен, санынан тістеп бөгет жасайды. Осы кезде атты адам ұрып алады. Өкінішке қарай, қазір қасқыр алатын ит қалмай барады. Мен қазақтың иті туралы көп іздендім, жаздым. Қасқыр алатын қазақтың жалғыз иті бар. Ол да жоғалып барады. Болса Моңғолияда болар, Қазақстанда жоқ. Оны бәй төбеттер, тау төбеттер, құтпандар деп атайды. Ол жалғыз болса да қасқырмен бетпе-бет келе алады. Қасқырмен таласады, айқасады. Бірақ қасқыр оны жеңеді, кейде тең түседі. Иттің осы тегінің соңғы буындарын біздің өзіміз әрең көргенбіз. Ол күндіз үрмейді, ұйықтап жатады. Көрінген адамға шәуілдеп үре бермейді. Ал түнде қораны, төбе-төбені айналып шығады. Бұдан басқа ит олай істемейді. Қазір байлар үйін күзеттіріп қойған овчаркалар қасқырдың иісін сезіп қалса, құйрығын екі бұтына қысып үйге бір-ақ кіреді.

Қасқыр аулаудың ең бір тосын мысалы мынау: екі ауылдың арасы жап-жақын — бір шақырымдай ғана жер. Қыстыгүні. Төменгі ауылдан жоғарғы ауылға бір кемпір қыдырып келеді. Қайтар жолда ол кісіге қасқыр шабуыл жасайды. Шошығаннан ол оң қолын сермеп қалады. Сермеген қолы қасқырдың аузына түседі. Қарусыз қолды қасқыр шайнап жібермей ме? Шайнап жіберейін десе, кемпірдің білегіңде екі күміс білезік бар екен, шайнауға келтірмейді. Ал қасқырдың тілі кемпірдің алақанына келіп түседі. Дереу есін жиып, қасқырдың тілін қысып ұстап алады. Сөйтіп, кемпір қасқырды жетектеп ауылға келеді. Ауылдың адамдары оны ұрып алған еді.

Еренғайып Қуатайұлы

Advertisements

4 жауап

  1. Бір байшікештер тікұшақпен қасқыр қуыпты. Бөліне қашқан арланды төбесінен оқ атып атып алмаққа ниеттеніпті.Бір-екі оқтары дарымағанда сыңайлы.Тегіс далада қашып келе жатқан қасқыр бір сәтте жоқ болып кетіпті.Тік ұшақты сәл төмендетіп аңысын аңдып қараса, бір кездері сымдарын шешіп әкеткен, қазір бос қалған бағандардың біріне екі аяқтап жабысып сүйеніп тұрған көрінеді.

  2. қасқыр қалай балалайды

  3. Қасқыр балаламайды кушктеиді

  4. Өте күшті маған ұнады
    👍👍👍👍👍👍👍👍

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: