«Ну, погоди!» несімен қызық?


Қоян қашып, қасқыр қуып жүретін осы бір қойылым көрсетіле қалса, бала-шағамызбен теледидардың ішіне кіріп кетердей боп тамашалайтынмыз рас. Өйткені бұл жүз қайталап көрген жанды да жалықтырмайтын, сюжетті күлкі мен қызу тартысқа құрылған дүние. Сонысымен қызықты. Бірақ астарына үңілдік пе? Өзін Ашина қасқырдың емшегін тартқылап өскен түркінің ұлымын дейтін тарихымызды бір сәт еске түсірдік пе?..

Әр ұлыстың кие тұтқан тотемі бар. Түрік жұртының кіндігі тарауына себепкер қасқыр (Ашина көкбөрі) болса, қалмақ, жоңғарда жыланды (Орантелегей «Оран» көне Алтай тілінде жылан, «телегей» алып, орасан деген мағынаға ие), чукот қауымында бұғыны (басы адам, денесі бұғы жануардан адам жаратылады) культ ретінде бағалап келді. Ал осынау тотемге қатысты халық туындатқан аңыздар оның күш, киесін де арттыра түскен. Түркі баласы, жалпы, көшпенді қауым үшін қасқырдың орны ерекше. Тіпті түркі ұлысының бір тарапы осы қасқыр есімін иеленуі де тегін болмаса керек (Башқұрт – бас бөрі). Халық арасында қасқырдың тісін бесікке ырым етіп ілетіндер әлі де ұшырасады.

Қасқырға қатысты деректердің дені ауыз әдебиетімізде шоғырланған. Оғыз қағанның әскерін жауға шығар алдында көкжал арлан бастауы, Оғыздың жұртына арнап:   Көк бөрі ұранымыз болсын, Теңіз шалқып, өзен ағып жатсын, Көк бөрі қорғанымыз болсын! – деп ұран тастауы тегін бе? Заманауи әдебиеттегі Көксерек пен Тасшайнар бейнесінен бөрілік кепті айқын көреміз.

Хакас жұртының «Албынжы» дейтін эпосында «Ах пуур» (Ақ бөрі) құтқарушылық мәнге ие. Қырғыз жұрты Манас батырын «Көк бөрі сұлтан» деп дәріптесе, қазақта күні бүгінге дейін «бөрідей жігіт», «көкжал жігіт», «қасқырдың жүрегін жұтқан» деген теңеулер қолданылады.

Қасқыр – көшпенді жұрттың символы. Көшпенділер қасқыр тақылеттес топтасып, бірге жүрді, күнде жортты, түнде жортты. Арландай азулы болды, жегені ет болды. Ал осы дала еркесі болған көшпенділер славянқандылар мен Еуропа жұрты үшін ең қорқынышты, үрейлі жау еді. Олар көшпенділерді адам демеді, қасқыр деді. Еуропа мен ежелгі Русьта адам жейтін қасқыр-адам туралы аңыздардың мол болғаны да белгілі. Осы қорқыныш уақыт өте келе қасқыр бейнесін кері мағынада түсіндіруге, нашар ұғым қалыптастыруға алып келді. Қасқырға қырын қарау – қасқыр мінезді жұртқа қырын қарау еді.

Қызыл империя қасқыр бейнесін санадан жоғалтпаққа әрекет жасады. Қасқырды ақымақ та әңгүдік етіп көрсетудің астарында оны пір тұтар жұрттың рухын төмендету идеялогиясы бұғып жатқан болатын. Сол себепті де кино әлемінде «Ну, погоди!» пайда болды. Бұл дүниені жасау Кеңес Одағы тұсында «Союзмультфильмнің» еншісінде болып келсе, соңғы сандарын мәскеулік «Кристмас Филмз» студиясы құрастырып келген. Анатолий Папанов дыбыстайтын қасқыр образы нақ бір құдай атқырдың өзі. Бұзақы, ортасына жұғымсыз, жұртқа сүйкімсіз, сонысына қоса ақымақтығында шек болсайшы… Ал жұдырықтай қоян осы мінезге кереғар тип. Назар салған адам бұл көркем қойылымда қасқырдан өзге жануардың барлығының ақылды да ізетті екенін көре алар еді. Мысық – сиқыршы, аю – тәртіп сақшысы, жанат – спорттық төреші, құндыз – құтқарушы, керік – билет сатушы, шошқа – тігінші… барлығы да қоғамға керекті, пайдалы образдар. Ал осы ортада алабөтен әумесер қасқыр ғана.

1969 жылдан бастап 2005 жылға дейін жалғасқан 20 серия бүтіндей екі ұрпақтың санасы қасқырды ақымақ бейнеде танып, білді деп айтсақ артық емес. «Союзмультфильмнің» бұл жолдағы әрекеті тек «Ну, погадимен» шектеліп қоймаған, қайсыбір туындыда қасқырдың құйрығы мұзға қатып қалып та азап шегетін.

Бұл тұста идеология қазанын қайнатушылар өтірікке де бар. Өйткені қасқыр олар бейнелегендей шексіз топас болмайтын. Аңкөс жанның бәріне белгілі нәрсе – шынтуайтында, қасқырдан әккі, қасқырдан ақылды хайуан жоққа тән. Қасқырды жігіттің қасқыры ғана ала алады.

Бір дерек
Қасқырды түркі жұрты «бөрі» деп құрметтеді. Кейбір деректерде «Көк Құрт» деп те атайтыны байқалады. «Көк» – Тәңірі ұғымымен сыңарлас. Моңғол даласынан Түрік қағанатының алғашқы кезеңіне тән тас бетінен аяқ-қолы кесілген бала мен қасқыр бейнесі табылған. Бұл белгі Ашина қасқыр туралы аңызды жандандыра түседі. Қытай жылнамаларында, Гұндар мекен еткен Ашин елін жау шауып, тек қол-аяғы кесілген тоғыз жасар ұлды ғана тірі қалдырады. Оны қаншық қасқыр тауып, асырап, оның балаларының анасы болады. «Ашина» атауы мейірімді бөрі деген ұғымды білдіреді. Түркі даласында болған саяхатшылар жазбаларында «олар өздері анасы санайтын қасқыр басын құрметтеп, байрағында бейнелеген», «түркі жұрты қасқырдың ұлығаны секілді созылыңқы әуендер айтқанды жақсы көреді» дейтінінде шындық бар.

Лира ҚОНЫС
Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: