Ақсақ Абадан

Мамыр айы аяқталып, мау­сым айы бас­та­лар тұстағы жек­­сенбі “Мал­шылар күні” деп қаулы қа­был­­дан­ғалы бұл күнді мал­шы­лар қауы­мы, әсі­ресе шопан­дар асыға күтеді.

Ақыры сағындырып, аңсатып барып сол күн де келді-ау.

Тәңіртаудың Аршалы атты бау­райы адам танымастай өзгерді. Сыртын ақ матамен қаптаған киіз үйлер жаңа түскен келіншектердей тізіліп, алыстан ақ шаңқан болып көрінеді.

Қызылды-жасылды жалаулар… Ән салған радио… Ақ үйлер сыр­тында ауылды қоршаған автомәши­нелер… Түтіні тулап ұшқан жер ошақтар… Сойылған малдың қан-жынына тойған маң төбеттер…

Шіркін, биылғы көктің ырғыны-ай. Таудың тарғыл тасына дейін гүлдеп кеткен тәрізді, арасында жүрген мал көрінбес шабындық. Баяғының ақыны: “жатып қалған бір қозы жайылып мың қой болған жер”, дер еді мұндай жазды.

“Қозы” демекші, басты әңгіме той да емес, осы қозы туралы болайын деп тұр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі патша Хрущев келгенде, біздің белсенділер оған тұлпар мін­гізудің орнына, Ақ Қозы сыйлаған. Кімнің идеясы екені белгісіз, әй­теуір Ақ Қозы табылды. Ол бейкүнә бейшара патшаңды қайдан білсін, патша оны қолына ала бергенде құ­ма­лақтап жіберсе масқара ғой. Сон­дықтан мал докторлары Ақ Қозы­ның ішін клизьмамен әбден тазалаған.

Мына биылғы тойдың иелері заманында сол Хрущевтің Ақ Қозыны көтергенін көрген.

Бұл кезде Хрущев жоқ. Бірақ аудан басшылары үшін Хрущевтен кем емес, облыс әкімінің мал ша­руашылығы саласындағы орынба­сары Сазанбаев мырза осы тойға әдейі арнап келіп, президиумда қасқайып отыр емес пе?!

Аудан басшылары, обалы не ке­рек, Ақ Қозыны таңдауын таңдапты-ау, үсті-басын сабындап жуғызып, аршыған жауқазындай етіп-ақ қойған екен.

Аудан әкімі тәп-тәуір баяндама жасап, жиналған халық шатырлата қол соққаннан кейін, сөз облыс әкі­мінің орынбасары Сазанбаев мыр­за­ға берілді. Соңынан озат малшы­лар сөз алды.

Ендігі кезекте сол озаттарды ма­ра­­паттау, сыйлық тапсыру рәсімі басталды.

Аудан әкімі Жапсарбаев облыс­тан келген Сазанбаев мырзаға елден ерек­ше ықылас танытып, дүйім жұртты таң қалдырып, тірідей Ақ Қозы сыйлады.

Мұндайды көрмеген ауыл адам­дары дүркірете қол соғып, оркестр құттықтау маршын гүрс еткізгенде қозы байғұс Сазанбаевтың үстіне құмалақ тастап, сиіп-сиіп жібергені-ай…

Қалың нөпір қыран күлкі. Анау-мынау концертіңнен осы көрініс мықты нөмір болып шықты!

Облыс басшысы сабырлы кісі екен, микрофонды қолына алып:

– Береке, байлық, молшылық болады! – дегенде әлгі күлекеш нө­пір қайтадан дүрілдете қол соқты.

Қыран күлкі көпке дейін тыйыл­мады. Бәрібір күлкі тыйылғанмен, гу-гу әңгімеге ұласты:

– Баяғыда Алматыға Хрущев келгенде осы әлгі Опера театрында сол көсемге осындай қозы сыйлаған, – деді біреу.

– Апыр-ай, сонда сол Хрущев “бұларың не?” деп ашуланған жоқ ей! – деді екінші біреу.

– Бірақ ондағы ақ қозы мына Ақ Қозы сияқты тәртіпсіз болған жоқ қой! Мынандай масқара болсыншы, не болар екен? – деді үшінші біреу.

– Е, ол қозы әбден “обработ­ка­дан” өткен ғой: оған “клизьма” жасап, әбден дайындаған. Мыналар сияқты ақымақ емес-те.

– Әй, қойыңдар, Жапсарбаев естісе ұят болады.

– Е, болары болды, бояуы сіңді. Енді әлгі Ақ Қозы қуырдақ болатын шығар.

– Тышқақ қозының етін жеуге тәбеті шаппайтын да болар.

– Қойыңдар қысыр әңгімені…

Содан кейін шынында да қысыр әңгіме тыйылып, қалың нөпір жан-жаққа ыдырай бастады. Біреулер палуандар күресін тамашалап, бір­сы­пырасы ат жарысын қызықтап, жанкүйерлер айқай-шу.

Көгі тапталған алаңқайда әскер­ше киінгендер түрлі-түсті шарға жел толтырып жатыр. Піскілеуден қарны қам­пиып қалған түрлі-түсті жібек шар жарысқа жұлқынған жүйрік­тер­ше тыпыршып, ары-бері аунақ­шиды.

Дәл осы кезде Жапсарбаевтың көмекшісі әлгі тышқақ ақ қозыны құшақтап, алқын-жұлқын жетіп келсін.

Әдетте адам отыратын қорапқа ақ қозыны таңып тастады. Асау атша алқынып, жұлқынып тұрған шарды қазықтан босатып кеп жібергенде қызылды-жасылды, сары жолақ әлгі шар аспанға ентіге көтеріліп, той алаңының үстіне шарықтай берді.

Бұрын мұндайды көрмеген ауыл-аймақ бәрі бастарын кегжитіп аспанға қарап қалды. Айнала у да шу. Таңдай қаққан таңғалыс.

Терістіктен ескен жуас жел ала-құла шарды Тәңіртауға қарай ығыс­тыра берді. Ақ Қозы шардың тілін білмейді. Ол енді бұл ұшқыш жібек матаны қондыра да алмайды. “Ұш­арын жел біледі, қонарын сай біледінің” дәл өзі.

Бұл тойға осы өлкеге келіп орна­ласқан әскери гарнизонның басшы­лары да шақырылған. Мына көрініс солардың малшыларға тартқан сыйы ғой. Бірақ Ақ Қозының орнында адам отыруы керек еді. Той болған соң ішің­кіреп алған әскерилер бұл тәртіпті ұмытыңқырап кеткен сияқты. Әуелі аспанға Ақ Қозы ұшқанына мәз болып, олар да қол шапалақтап еді, енді-енді естері кіре бастағанда: “шарды қалай қондырамыз” деп уайым жеп қалды.

Енді ол шарға айқайласаң даусың жетпес, айтқаныңа көнбес, таудың шат­қа­лына кіріп, көзден таса бола берді.

Әскерилер кендір төбелі машанға мініп, біраз қуып көріп еді, түйе тас­тардан өте алмай тоқтады.

Қошақан байғұс Ақ Қозы болып туғанына жазықты ма? Абыл мен Қабылдың заманынан бері мал бағып келе жатқан қазақ өмірінің ішінде аспанға қозы ұшырып көрмеген. Қазақ үшін малдың ағы не, қарасы не – бәрі бір емес пе?

Лауазымы биіктерге Ақ Қозы сыйлау рәсімі қайдан, кімнен шыққан? Хрущевтен бастап ондай заң-законға ешқайсысы қол қоймап еді ғой. Бұл қайдан шыққан әдет-ғұрып?

Ақ Қозы мұның түп-тамырын іздеп әуре болған жоқ. Бәлкім, оған мұншама биікке көтеріліп ұшу ұнаған да шығар. Бәлкім, басы айналып, зәресі зәр түбіне кетіп, қорыққан да шығар. Сірә, сонау зау биіктен жерге секіріп түскісі де келген шығар. Бірақ байлаулы ғой. Арқанын шешіп жіберетін де ешкім жоқ.

Бір Құдайдан басқа ешкім де араша түсе алмайды. Оның зарын құдіреті күшті Құдай ғана естір ме еді, бірақ Ақ Қозы маңырамайды. Заты қой баласы бауыздайын деп алқымына пышақ салып жатсаң да дыбыс шығармайды, қарсылығы жоқ; Кебенек ешкі сияқты бақырмайды.

Сонау Ыбырайым пайғамбардың дәуірінен бері қарай солай. Ыбырайым пайғамбарға аспаннан Әзірейіл жетіп келді.

– Алланың әмірі: тоқалың Ажар­дан туған ұлың Смайылды бауыздап, Құдай жолына құрбандыққа шаласың! – деді.

Алладан әмір жетсе, Ыбырайым пайғамбар оны орындамай тұра алмас, Смайылды бауыздайын деп жатқанда, Алладан рахым түсті:

– Ей, Ыбырайым, баланы босат, орнына мына Көк Қошқарды шал! – деп аспаннан Көк Қошқар түсірді.

Әне содан бері қой баласы құрбандыққа шалынады. Жануар қыңқ демейді. Төрт аяғы байланып, тамағына пышақ таянғанда ғана көздерін қалың қайғы қаптайды. Бірақ дыбыс шығармайды. Аспаннан түскен Көк Қошқардан бері солай.

Айтпақшы сол Көк Қошқардан кейін бірінші рет аспанда жүрген мына Ақ Қозы!

* * *

Ақ Қозы аспанда. Ылдида той, қызық-думан.

Ал осының бәрін құж-құж қотыраш жартастың үстінде шоқиып отырған ақ шулан ақсақ бөрі, әрине, көреді. Ақсақ Абадан адамдардың ылдидағы айқай-шу, көкпар тартқан тайталасынан гөрі, аспанда қалықтап, аңғарға сүңгіп келе жатқан түрлі-түсті ғажайыпқа сұқтана қарап қалды. Әсіресе оның таң қалғаны – ала шардың құйрығында салбыраған кәрзінкенің ішіндегі кәдімгі Ақ Қозы еді.

Ақсақ Абадан ақылы асқан ғұлама емес, әрине. Алайда әлем-жәлем матаға байланған Ақ Қозы ауада қалықтап жүре бермей, жерге әйтеуір бір түсеті­ні­не түйсігі жетіп, әлдебір молшы­лық­тан дәмеленіп, сілекейі шұбыра бастады.

Ақсақ Абадан көктен көзін алмады. Бұдан бұрын аспанда қанаттарын анда-санда бір қағып қойып, баяу қалқып жүрген Қыран Бүркітті көрген. Қазір ол әлем-жәлем түрлі-түсті алып “құсты” көріп, тайсалыңқырап кеткен.

Сонда Ақсақ Абадан: “Әттең, Қыран Бүркіт болсам ғой, анау Ақ Қозыны іліп әкетер едім-ау”, – деп еріксіз қыңсылап-қыңсылап, тарғыл тасты тырнап-тырнап жіберді.

Шарасыз ызадан тарғыл тастың несі кетеді, қайта Ақсақ Абадан аяғын ауыртып алды.

Пұшайман болған Ақсақ Абадан қанатсыз жаратылғаны үшін Жаратушы Құдіретке арыз-өкпе айтқандай болып, озандата ұзағынан ұлыды.

Бұл үрейлі үн шатқалға сұғына кірген ала шардағы Ақ Қозының құлағына шалынып, арланның азу тістерінен алыста болса да, тұлабойы мұздап қоя берді.

Ақсақ Абаданның ұлыған үнін Қыран Бүркіт те естіді. Егер ол арлан тілін ұғар болса, Ақ Қозыны теуіп жерге түсіріп, ақ шулан қасқыр екеуі бір жасап қалар еді.

Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,

Барар ем қалқатайға әлденеше! – деп алпыс екі айлалы Адам армандағанда, қасқырдікі не жорық?

Бұл өзі заманында көк бөрілердің ішіндегі нояны еді. Оның өзіне сай ма сай қосағы – қайралған қанжардай қаншығы бар еді. Екеуі бірге жорыт­қанда олардан Ақсу-Жабағылының патшасы саналатын Теңбіл Барыстың өзі жасқанатын. Кейін арлан қасқыр артқы бір аяғын “садақа” деп қақпанда қалдырды. Алмастай өткір азу тіс­тері­мен өз тарамысын өзі қиып жіберіп, құрыш қақпаннан құтылып кеткен.

Содан кейін де қанжардай қаншығы екеуі талай бөлтірік аяқтандырды. Талай-талай қанды жорықтарда бірге жүріп, біріне бірі сүйеу болды. Сөйткен киелі бөрілерді кие танымас адамдар аздырып-тоздырды. Ақсақ Абаданның айнымас серігі, қаншығы оққа ұшты.

Ақсақ Абадан жалғыздан жалғыз қартайып, ақ шулан тартты. Ендігі күні суыр ұстап, тышқан аулаумен өтіп жатты.

Сөйткен кәрі ноянның үстінен түрлі-түсті шарға ілінген Ақ Қозы ұшты да жүрді. Ақ Қозыдан дәмелі аш қасқырдың аузынан сілекейі шұбырды.

Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан. Жалғыздықтан ақ шулан Абаданның өзі көп жапа шекті. Баяғы көк семсердей көк бөрі кезі болса, оған қосақ ұрғашы табылар еді. Енді өзі ақсақ, өзі қартайған, қампиған сыртқы жүні ақ шулан тартқан, бірақ сол жүннің арғы жағы ап-арық, қабырғасы ырсиып, қаусайын деп тұрған қаңқа. Қаңқаға кім қарайды? Қаңқа неге жарайды?

Бұл да Құдайдың жаратқан ма­құ­лығы. Бір қошақан дүниеге келсе, Құ­дай бір түп жусанды артық жара­та­ды. Сол үлгімен ақ шулан Абадан аштан өлмесін деп дәл төбесінен анау Ақ Қо­зы­ны салбыратып қойған шығар. Жа­саған Ием, Жаратқан Құдірет рахымы түсіп, Ақ Қозыны жерге жіберер…

Ертеде, бағзы заманда Ыбырайым пайғамбардың Ажар атты тоқалынан туған Смайыл бабамызды әкесі құрбандыққа шалайын деп жатқанда Алладан пәрмен келіп, Смайылдың орнына аспаннан түскен Көк Қошқар бауыздалмап па еді. Ақ шулан Абаданды аштық ажалдан алып қалу үшін Алла тағала аспаннан Ақ Қозыны түсірсе, баяғының жолынан қалған жоралғы болар еді ғой…

Ақсақ Абадан Ақ Қозыны аңсап, ашығып жортқан осы уақытта; ылдида Тәңіртаудың Аршалы атты бөктерінде, аршалардың шипалы иісінен, аста-төк молшылықтан; зеңбіректердің босап қалған гильзаларындай бөтелкелерден, саба-саба қымыздан қызып алған адамдар қиқу салып, көкпар тартып мәре-сәре боп жатқан кез.

Несін айтасың, малшы байғұстың жылына бір көретін қызығы – жаннатқа кіргендей жайсаң кез.

Мұндай шалқыма шақта көпшілік бағанағы ала шарды да, Ақ Қозыны да ұмытқан, ықыласы көкпар мен аламан бәйгеге ауған.

Дүние деген шіркіннің, келбеті де, кепиеті де сондай: біреу тоқтықтан кекіріп жүреді, біреу аштықтың азабынан тамақ іздеп секіріп жүреді. Мысалы, мына түрлі-түсті шар жел қай жақтан үп етсе, сол жақтан ауытқып, шатқалдың ішін кезді де жүрді. Ақ Қозыдан көзін алмаған Ақсақ Абадан аспанның магниті тартқандай, шар қай жаққа аунаса, бұл да солай қарай тістерін сақылдатып, шойнаңдап ала жөнеледі. Қу тамақ не істетпейді.

Кенет шатқалды өрлей қуалап, құйын ұйытқып өткендей болған. Жай­барақат қалықтап жүрген шар түлен түрткендей оқыс жұлқынып, жағалау­да­ғы жартасқа барып соқтығысты да тарс жарылып, желі шығып кетіп, тө­мен­де алқынып, арқырап, көбік ша­шып жатқан ағысы қатты өзенге барып, былқ-сылқ етіп, құлады да қалды.

Ағысы қатты асау өзен әлгі жарылған шарды қақпақыл ойнап, ағызып алды да жөнелді. Кәрзіңке қайда, Ақ Қозы қайда, ұйпа-тұйпа, адам айырып болғысыз, ақ көбікпен араласып, адастырып кетті.

Адасып қалудан қатты қауіптенген Ақсақ Абадан енді ағыспен жарысып, ылдиға қарай үш аяқтап жанұшыра қарғып, кейде омақаса жығылып, қайта тұрып, Ақ Қозыдан көз алмай, жанталасып келеді. Ақ Қозыны таңып тастаған кәрзіңке бірде көрініп қалып, бірде көрінбей батып кетіп, қақпақыл ойнап бара жатады.

Енді бірде сарқырама биіктен құлап, ақ көбік арасынан көрінбей кетті де, едәуір уақыттан кейін, әлдеқайда ылдидан қайқаң етіп қайта шықты.

Осы арада асау өзен екі айырылды, ортада нардың өркешіндей дөңестеніп шағын арал жатты.

Сілікпесі шыққан түрлі-түсті матаны асау толқын өркештің үстіне лақтырып тастай салды.

Асау толқын түрлі-түсті шарды лақтырып тастаған түйетайлы өркештің тұсына алқын-жұлқын үшаяқтап Ақсақ Абадан да жетті-ау.

Мұхиттағы мұзжарғыш кемедей жоталанып жатқан өркешке қалай өтерін білмей Ақсақ Абадан алас ұрды. Буырқанған, ақ көбік атқан алапат ағысқа секіріп түсейін десе батылы бармай, аралдың тұсында шой­наңдап ары-бері жүрді де қойды.

Сөйтіп жү­ріп, күңгірт тар­та бастаған аспанға көзі түсті. Аспанда баяғы Қыран Бүркіт баяу қалықтап жүр екен. Өзін Құдайдың қанатсыз жаратқанына назаланып, Ақсақ Абадан көбік шашып жатқан дүлей суға қойды да кетті. Ақ Қозыны мына Бүркіт жеп қояды-ау деген қызыл-шиқан қызғаныш шыдат­пап еді, бірақ көкбет Абаданды асау өзен шөпшек құрлы көрмей қақпақыл­дап ары-бері аунатып алды да жөнелді.

Алқынған тау өзенінің албырттығы шатқалдан өтіп, жазыққа шыққанша ғана екен, енді бір сәтте Ақсақ Абадан суы тартылған малта тастардың үстінде қалғанын сезіп, есін жиды.

Түнеріп түн түсіп келе жатыр екен.

*  *  *

Алқаракөк аспанда пырдай болып жұлдыздар қаптап кетіпті. Тәңіртаудың түйе өркеш шыңдарының арасынан вулкан атқылағандай, дүн-дүниені аппақ сүтке шомылдырып, жарқырап Ай шығып келе жатыр екен.

Күндіз той болған жұрттың орны жым-жырт. Тіпті ештеңе болмағандай. Қиқу, айқай, ат шаптырып, көкпар тартылмағандай. Радиодан күй төгіліп, ақбоз үйлерден ән шырқалмағандай. Жым-жырт. Құлаққа ұрған танадай.

Ақсақ Абадан аштықтан бұралып, күлінің қызуы әлі басыла қоймаған ошақтарды тіміскілеп, сүйек-саяқ іздеді. Ақ түйенің қарны жарылған үлкен тойдан жұқана, жуынды-жемтік қалмауы мүмкін емес еді, расында да желінбей рәсуа болған тамақ мол екен, мелдектеп тойған адамдар тамақтың қалдығын шұқанақ қазып, соған төге беріпті…

Аштан бұралған, асау өзен жаңқа ғұрлы көрмей, тастан тасқа соғып ағызған Абадан мына жұртта қалған астың қалдығынан күпті бола жаздап, тұла бойы ауырлап, жер ошақтың жып-жылы күліне жата кетті.

Содан таң қылаң бере бір-ақ оянды.

Жан-жағына қараса – жан жоқ. Ар­шалы аңғарынан салқын леп соғып тұр. Аспанға қарап еді, Шолпан жұлдыз дір-дір етіп қалтырап, жаурап тұрған сияқ­ты көрінді. Жел жақтан қой қораның қолаңса шайыр аралас иісі келді.

Ақсақ Абадан шоңқиып отырған жерінен шаян шаққандай ыршып түсті. Аузынан сілекейін шұбыртып, соншама әуре-сарсаңға салған Ақ Қозыға кеткен ашу-ызасын ана сайда жусап жатқан бір отар қойдан алғысы келіп, жазда қойшылар отыратын таспен қоршалған қотанға шойнаңдап ала жөнелді.

Арналы сайдың ар жағы – жарлауыт жартас. Бергі жағы тайпақ. Ақсақ Абадан тастан қаланған төбесі ашық қораға жақындап келіп, жер бауырлап жата қалып, тың тыңдады.

Төңірек жым-жырт. Тек құлаған ескі қоралардың дуалдарынан сұңқыл­дап жылап отырған байғыз даусы естіледі.

Ақсақ Абадан адам емес, әйтпесе сол байғызға ішінен:

– Өз басыңа көрінгір! – деп ренжір еді. Кім біледі, қасқырлардың қарғысы басқа бір үнмен айтылатын шығар.

Байғыздың зары бір сарын, үзік-үзік, қайталай береді. Өз басыңа көрінгір.

Басқа дыбыс байқалмайды. Ал енді небір алыпсоқ маңтөбеттер осында. Бірақ олар күндізгі ұлан-асыр, астатөк тойдан ыңқия тойып алып, енді қалың ұйқыда жатқан сияқты.

Иттер сондай болғанда, “ай-хай дүние” деп арақ ішіп, дарылдап өлең айтып, той-тойлап, сілесі қатқан адамдарға не жорық! Нағыз сіреспе ұйқы соларда.

Осының бәрін барлап алған Ақсақ Абадан садыра сасыған қораның иісінен басы айналып, ішпей-жемей мас бо­лып, оның үстіне аспандағы Ақ Қо­зының ызасы буып, шыдай алмай, көзі тұнып кетіп, аласа тас қорадан қалай қарғып түскенін өзі де білмей қалды.

Тып-тыныш жусап жатқан мамыра­жай маңырамалар дүр-р-р етіп көтеріліп, біріне бірі тығылып, бірін бірі итермелеп ұйлықты да қалды.

Ақсақ Абадан дүниеге қасқыр болып жаралғалы бері, бөлтірік болып көзін жыртитып ашқалы бері басынан өтке­ріп келе жатқан азапты, қорлық өмі­рі­нің өшін, ай бір алып қалайын деп мына мыңқ етпес мол байлықтың алқы­мына кәрі азу тісін аяусыз басты дейсің!..

Ақсақ Абаданның араны ашылып кетті. Біреу-екеуін місе тұтпай, шетінен алқымдай бергенде, шайнамай жұтқан ыстық қаннан бөгіп қалғандай болды.

Сонда барып иттердің шабалана абалағаны, адамдардың қарлыға ай­қай­лағаны естіліп, тас қораның қақпасы сықырлап, ыңырси ашылды.

Ақсақ Абадан тас қорадан қарғып шығып қашпақ болып еді, үлгере алмай қапы қалды. Қартайған ғой сорлы; ұйлығып, біріне бірі тығылып, нығыздалып қалған қойлардың үстінен асып, тас қорадан қарғи алмай қалды.

Қанша айтқанмен Абаданның аты Абадан ғой, азуы алты қарыс арлан-төбеттердің өзі Абаданға бірден шабуыл­дауға бата алмай, іркіліп, құр бекер бажылдап шабалана үріп тұрғанда, мылтығын ала шыққан шопан әйтеуір тұспалдап атып салды. Гүрс еткен мылтық даусынан ақбас шыңдар сілкінгендей болды.

Оқ зая кетпей, Ақсақ Абаданның жамбасынан тиген екен, ұйлығып есі кеткен қойлардың үстіне төңкеріле құлады.

*  *  *

– Шолақ Шопан Ақсақ Абаданды атып алыпты.

– Ақсақ Абадан Шолақ Шопанның бір қора қойын қырып тастапты.

Осы бір хабар желді күнгі өрттей лаулап, қаулап, ылдидағы елге тез тарады.

Артынша:

– Ойбай, не дейсің, Шолақ Шопан екі немересін бірдей сүндеттетіп, той беріпті. Тойда көкпар тартылып, аламан бәйге беріліп, бүркітшілер қасқыр алыпты…

Осындай да хабар елге лезде тарады.

Ал шындығында Шолақ Шопанның қотанына Ақсақ Абадан түсіп, үш-төрт қойды бауыздап тастағаны рас екен. Мың қойдың ішінен үш-төрт қой кетсе – садақа!

Ал шындығында Шолақ Шопанның Ақсақ Абаданды атып алғаны да рас екен. Жамбасы күйреп, онсыз да Ақсақ Абадан алдыңғы екі аяғымен жер бауырлап, ақыры жылжи алмай, “плен­ге” түсіпті. Шолақ Шопан сақманшы­лары, жәрдемшілері, бәрі жабылып жатып, Ақсақ Арланның бас қаруы – семсердей тістерінен сақтану үшін тұмсығына тұмылдырық салды. Жағын қарыстырып, аузын буып тастады.

Алдыңғы екі аяғын да біріктіріп байлады. Осының бәрі аздай, тас қораға апарып қамап қойды.

Сұрақ туады: неге бірден өлтіре салмады? Бәрібір енді Ақсақ Абадан тіріде бұл қотанға тыныштық жоқ. Бір оқпен өлтіре салып, терісін сыпырып алып, өлігін құж-құж жар тастан лақтырып жібергенде – сонау шексіз аспанды кезіп, жемтік іздеп сансырап жүрген таз қараларға, ебедейсіз құладындарға сауап болатын еді. Солар бір тоятын еді… Сөйтсе…

*  *  *

Сөйтсе Шолақ Шопанның басына бір “идея” сарт етіп келе қалған ғой.

Екі бірдей немересін “бопақта­та­ды”, яғни сүндетке отырғызады. Ондай елеулі оқиға той-томалақсыз болмайды.

Той болған соң ат жарыс, бәйге болады, балуандар күреседі, аударыс­пақ, қыз қуу – бұлардың бәрі қызық, бірақ таңсық емес.

О-о, Шолақ Шопанның бұл тойы есте қаларлықтай ерекше болу керек. Шолақ Шопан бұл тойға бүркітшілерді де шақырады.

– Бүркітшілері несі? Той болған жерде аңдар жортып жүре ме екен?

– Қасқыр, түлкі, қарсақ тұрмақ, тірі тышқан жоламас!

– Жоқ, ойбай, Шолақ Шопан “сүрпіріз” депті дейді ғой.

– “Сүрпірізі” несі?

– “Сүрпіріз” деп жүргенде өзін пір атып кетпесін.

– Не де болса, бара көреміз…

*  *  *

Тойдың басқа қызығы өз алдына, ана саятшылар – қолдарына бүркіт қондырғандар не қызық көрсетер екен? Деген ынтық әр кеудеде бар екен, жұрттың көпшілігі Керметас­тың етегіне жиналды.

Бүркітшілер Керметастың жел­кесінде тізіліп тұр. Әлдекімдер әрі­рек­ке барып, темір тордан аузы-ба­сы тұмшаланған, аяқтары буылған, бөк­сесі қанға боялған қасқырды шы­ға­рып тастады да, өздері жүгіріп-жү­гіріп, қалың топқа барып қосыл­ды.

Атқа мінген той бастаушы шығар, қолындағы қызыл жалауды жоғары көтеріп, төмен қарай сермей кеп қалды.

Сол сол екен, сонау аулақта тұр­ған будканың ішінен бір түлкі тұра кеп қашты.

Жартас басында тұрған “аңшы­лар” бүркіттерінің томағасын сыпыр­ғаны сол екен, әлгі түлкі енді қалың жұрт тұрған жаққа қарай қашты.

Айқай-шу, мәшинелердің ыс­қыры­ғы – бәрі аралас, азан-қазан.

Түлкіні көзі шалып қалған бір бүркіт қалың нөпірге қарай шүйілсін. Бірақ адамдардың арасына кіріп кеткен түлкіден адасып қалып, әлгі бүркіт қызыл көйлек киген бір келіншектің үстіне қонжия кетсін.

Жұрт жабылып жатып, сорлы бүр­кітті қамшымен сабалап жатып, әрең ажыратып алсын. Қанжардай тұяқ­тар балғын етке кіріп кеткен екен, әрең ажырады. Жаралы ке­лін­шек­ке дереу “жедел жәрдемшілер” жетті.

Қамшыдан қанаты жайыла құлаған бүркітті “Жедел жәрдем” мәшинесі басып та кетті.

Келесі бүркіт тұмсығы тұмшалан­ған, алдыңғы екі аяғы тарс байланған Ақсақ Абаданның үстіне қонжия кетпекші болып келе жатқанда, жарықтық Ақсақ Абадан шалқасынан жата қалып, жалғыз сау аяғымен әлгі бүркітті кеудесінен теуіп кеп жібергені-ай!

Мұны аулақтан көріп тұрған жұрт шу-у ете қалды. Тіпті қасқыр атаулыны жек көретіндердің өзі:

– Ой, сорлым-ай!

– Ой, арланым-ай!

– Әй, кім өзі осы істі басқарып жүрген? Тоқтат мына сұмдықты! – деген айқай шықты.

Құтырынған асау ат мінген біреу омыраулатып жетіп келді:

– Бұл не шу, не жанжал! Кім қасқырды босат деп жатқан?

Көптің арасынан ақ жібек кимешек киіп, күндік салған, жасы ұлғайыңқыраған, аяғында әміркен кебіс-мәсісі бар, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген көркем кемпір суырылып шығып:

– Ал мен айқайлаған, неғыла­сың? – дегені ғой. – Мен Хадишамын!

Ат үстіндегі албасты удай мас екен:

– Ө, әкеңнің… – деп аузынан жыны шашырап, дырау қамшымен Хадишаның жон арқасынан бір осып өтіп, аттың басын қайта бұрып, қамшысын қайта үйіре бергенде, Хадиша екі білекті сыбанып, жеңін түріп жіберіп, жас адамдай атылып, оны ұрмақшы боп, еңкейе берген мас бригатты жағасынан шап беріп, бір-ақ жұлқып, аттың үстінен жұлып түсірді.

Сөйтіп, бұл сүндет тойдың ең елеулі оқиғасы да, ең қызығы да, ең сұрапылы да Хадиша кемпірдің осы ерлігі болды.

Бұл кезде құдайға қараған, ра­хым-нұрдан хабары бар бірер кісі ба­рып Ақсақ Абаданның буулы екі ая­ғы­ның қыл арқанын қиып, тұмсы­ғын­дағы тұмылдырығын алып тастап еді.

Ақсақ Абадан оларға қарсылық көрсеткен жоқ. Жұрт соған таң қалды. Содан Ақсақ Абадан “Әулие қасқыр” атанып кетті.

Бірақ бір аяғы бұрыннан ақсақ, оның үстіне оқ тиіп, бір жамбасы қираған Абадан кирелеңдеп, орны­нан көтеріле алмады. Тек Аспанға қарап тұмсығын көтеріп, арызын Аллаға арнап, Алладан ғана медет тілеп, азынап бір ұлыды дейсің. Ай, аңырата бір ұлыды дейсің…

Мұны естіген адамдардың иманы қасым болып, жүректері мұздап, өлік шығарғандай, үйді-үйіне үн-түнсіз тарап бара жатты.

Шерхан МҰРТАЗА

ЖАҢАЛЫҚТАР
2009-11-27 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық спортшы Мая Манезаға құттықтау жеделхат жолдады. Толығымен

2009-11-27Президент тапсырмасы басты назарда

Толығымен

2009-11-27Батыс өңіріндегі іс жағдайы қаралды

Толығымен

2009-11-27Стратегия жобасы талқыланды

Толығымен

2009-11-25Германияда болып қайтты

Толығымен

2009-11-25 Кеше “Қазақстан – бейбітшілік пен ке­лі­сім мекені” деген атпен халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Толығымен

2009-11-25 Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды Толығымен

2009-11-25Маңызды келісімдер мен келіссөздер аптасы

Толығымен

2009-11-25Хроника

Толығымен

2009-11-24Елбасы қабылдады

Толығымен

Мұрағат


ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР


Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: