Көне түрік мифологиясындағы бөріге табынушылық

Олардың ата тегін білу, арнайы зерттеу Орталық Азия халықтарына бағзы заманнан бері тән құбылыс. Ерекше бір қайран қаларлығы, қандай да бір аңды олар өздерінің арғы тегі деп санайды. Мысалы тибеттіктер өздерін еркек маймыл және ұрғашы ракшасадан (орман перісі), моңғолдар – көк бөрі және маралдан, телестіктер де қасқырдан және ғұн патшасының қызынан, ал түріктер – ғұн бекзадасы мен қаншық қасқырдан тарағанбыз дейді. Соңғы екі аңыз өте ертеде, бұл халықтардың ұлы Гоби шөлінің оңтүстік шегінде өмір сүрген кезеңдерінде шыққан болса керек.
Л. Гумилев

Қасқырды түріктер «бөрі» дейді (моңғолша – шино/чинно). Көне түріктер қасқырды Көк Құрт деп атаған. Көк дегеніміз – көк түс, көк аспан. Ал, түріктің «құрт» дегені қазақтың «құртылу» деген сөзінің түбірі. Демек, көк бөрі түріктердің тайпасын ажалдан аман алып қалған, көк аспандағы Көк Тәңірісінің өзі жіберген ерекше қасиетті жануар.

1968 жылы Моңғолиядағы Бұғыты деген жерден Түрік қағанатының алғашқы кезеңін бейнелейтін тақтаға соғда тілімен жазылған эпиграфиялық ескерткіш табылды. Ескерткіштің бетіне аяқ-қолы кесілген адамның қасында тұрған қасқырдың бейнесі салынған. Тасқа қашалған осынау сюжет не білдіреді? Нені баяндайды?
Қытай жылнамашылары Бей-ши және Суй-шилердің айтуынша түріктердің арғы тегі батыс теңізінің жағалауында өмір сүрген ғұн тайпасының Ашин атты ақсүйек руынан шыққан-мыс. Бірде көрші рудың адамдары бұларды бірін қалдырмай қырып кеткен. Тек жалғыз ғана тоғыз жасар ұлдың қол-аяғын бірдей кесіп, азаппен өлсін дегендей өзін көл жағасындағы қалың қамыстың арасына тастап кетеді. Оны қаншық қасқыр тауып алып, асырап, ақырында оның балаларының анасы болады.
Жаулардан қашып сол бөрі Алтай тауының аяқ баспас үңгіріне жасырынып, сол апанда он ұл табады. Ендігі бір қисында қаншық қасқыр Тұрфанның теріскейіндегі Шығыс Тянь-Шянь тауларына тығылған дейді. Сөйтіп, оның ұлдарының бәрі Тұрфанның қыздарын таңдаған. Ал Ашинның немересі сол тайпаның көсемі болған. Ашина деген сөз «мейірімді бөрі» дегенді білдіреді. Өздерінің арғы анасы Ашинаға көрсетілген құрмет-парыз ретінде олар өз руының туына бөрінің басын бейнелеген.
Н. Бичуриннің қытай жылнамаларынан келтірген ендігі бір аңызында Ғұн көсемінің асқан сұлу екі қызы болыпты. Мұндай сұлуларға ешқандай адам баласын лайық көрмеген көсем, олар өздерін аспан көкке арнасын деп қыздарына көк аспанмен таласқан зәулім қамал-мұнара салғызады. Төрт жылдан кейін бір қасқыр келіп қамалдың түбін қазып ішке кіріп, сонда тұра бастайды.
Көсемнің кіші қызы мұны көріп, оған төменге түсіп барғысы келеді. «Көк аспанмен байланыссын деп атамыз бізді осынау мұнараға әкелді. Ал бізге бөрі келіп тұр. Мүмкін тағдырдың сыйлаған бақыты осы болар?» Сөйтіп қыз төменге түсіп, қасқырға келеді. Оған күйеуге шығып, қасқырға ұл тауып береді. Олардың өсіп-өнген ұрпақтары түгелдей патшалықты құрайды. «Неліктен екенін қайдам, әйтеуір, мұндағы адамдар дауысын ұзақ созып, қасқырдың ұлығаны сияқты әуенге салғанды жақсы көреді».
Жер шарының басқа аймақтарында да, мысалы Камчаткада да кейбір аңыздарда әйелдің бөрімен байланысы туралы айтылады. Аңызға қарағанда олардан дүниеге егіз бала келеді. Қазіргі арал тұрғындарының арғы тегі солардан тараған дейді. Көктем шыға Камчаткада олардың құрметіне үлкен мереке болады. Сабаннан бөрінің мүсінін жасап, оны айнала ән салып, би билейді. Содан соң араларындағы ең сұлу қызды таңдап алып, шартты түрде оны «бөріге» күйеуге берген тойын қызықтайды.
Қасқырдың құтқарушылық қызметі көне түріктердің көптеген аңыздары мен жазбаша ескерткіштерінде көрініс тапқан.
«Оғызнама» эпосында Оғыз қаған жорыққа шығар алдында өзінің тайпаластарына мынадай жалынды сөздерін арнайды: «Мен сіздердің қағандарың болдым. Қолдарыңа қалқан мен садақ алыңдар, ол сіздерге «игілік» таңбасы болсын, «Көк бөрі» ұранымыз болсын!».
«Ергенекон» эпосында көк түріктер татарлардан жеңіліп, Ильханның екі ұлы – Қиян мен Ноғыздан басқаларының бәрі қырылады. Жаудан қашқан ағайындылар өз жұртынан да, жаулардан да аулақ тау арасына келіп жасырынбақ болады. Жолда оларға ұрғашы марал жолығып, оларды тау арасындағы жазыққа бастап барады. Жан-жақты жете барлаған Қиян мен Ноғыз бұл жерге өздерінен басқа жан адамның аяқ баспағанына көздері жетіп, қуанғаннан құдайға сиынып, осы жерге мекен тебеді. Содан 400 жыл бойы көк түріктер осында өніп-өседі. Жан-жағын тау қоршаған бұл жазықтың өзі де енді көк бөрілерге тарлық етеді. Сонда олар тау арасына тығылмай енді бабаларының туған жерін табуға бекінеді. Олар тау арасында адасып көп жүреді, оларды тек ғайыптан пайда болғандай көкжал бөрі ғана жолға салады.
Татар аңызы да қызықты. Ерте заманда тау мен орман арасында көшіп жүрген татарлар жаудың қоршауына тап болып, қырылуға шақ қалғанда бұларды ғайыптан пайда болған ақ қасқыр келіп құтқарады.
Хакастың «Албынжы» эпосында Ах пуур (Ақ бөрі) – Албынжы батырдың сенімді серігі болады. Алтайлықтардың «Ақ Тойчы» атты батырлық эпосында да ақ бөрі Ақ Тойчы батырдың сенімді серігі болып көрсетіледі.
Башқұрт халқының атауы да бөріге табынудан шыққан. Башқыр, Башқорт деген атау сөзбе – сөз алғанда «Бас бөрі», «Арлан бөрі», қасқыр үйірін бастап алда жүретін «Көкжал бөрі» деген ұғымды білдіреді.
Қырғыз дастарында ең даңқты батырларды «Көкжал бөрілер» деп атаған.
Қырғыздың «Манас» эпосында «Менің көк бөрі сұлтаным» деген тіркес жиі кездеседі. Манас ханның өзі туралы:
Манас білген бәрін де,
Саққұлақ көкжал бөрідей, – дейді.
Ең өжет, ең жүректі, ең батыл адамдарды Әзербайжандар «қасқырдың жүрегін жұтқан», «бөрінің ұлы» деп дәріптейді. Гөөк бөри деген есім мұнда кең тараған.
«Қорқыт ата кітабі» дейтін атақты эпоста оның кейіпкерлерінің өмірінде қасиетті қасқырдың маңызы зор екені атап айтылған.
Бөрі атаулы саха бақсылары табынатын ең қасиетті жануар. Саханың аңыз-ертегілеріндегі желеп-жебеуші рухтың тоғыз ұлы – қасқырларға ұқсас.
Жазбаша деректерге қарағанда өздерін осы көне тотемнен шықтық деп есептейтін Половшылар – (қыпшақтар мен құмандар, яғни далалықтар) ордасы да бөріге табынған. Орданың ханы Боняктың өзі осы қасиетті табынудың бас абызы болған.
Қасқырды киелі деп табыну қазақ бақсыларының арасында да сақталған.
Жебеушісін шақырып бақсылық өнерінің шыңына жеткен арпалыста көмекке көкжал бөрінің енесі қаншық қасқырды, алты қарыс аш қасқырды, азуы өткір, ашулы жас қасқырды шақырады. Қазақ руларының туында бөрінің алтын басы бейнеленген. ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын Сүйінбай Аронұлы:
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе.
Қозып кетер, қайдағым, – деп жазған.
Жоңғарларға қарсы жорықта даңқы шыққан Жәнібек ханның бөрі басы тігілген туы жау келердің алдында дүрілдеп, немесе ерекше дыбыс шығарып, алда болар айқасты білдіріп отырған.
Түрікмендер мен өзбектерде той үстінде «Гөөк бөріге» қыз ұзату салты да сол тотемге табынудан шыққан және дүниеге мықты ұрпақ келтіру мақсатын көздеген.
Қасқырдың азу тісі түріктерге тұмар болған, ал қазақтар оны малды аман сақтайды деп, жаңа қонысқа іліп қойған. Қасқырдың азуы мен тырнағын, жалы мен құйрық жүнін жас нәрестені көз тиуден сақтайды деп бесік арқасына ілген. Ол әлі күнге дейін ересектер мен балалар киімінде түрлі формада көрініс тауып жүр.
Көне түріктер заманында бөрінің алтын, күміс, қола мен мыстан құйылған бас бейнесімен тек қана ту емес, сонымен қатар, қару-жарақ пен ат әбзелдерін әшекейлеген. Ол туралы ұлы Көнетүрік қағанатының жерінде табылған археологиялық қазбалар айғақтайды. Бөрі басы бейнеленген заттар билік пен ерліктің, өрлік пен тектіліктің нысаны болды. Олар бөрі рухының қашанда жебеп жүретін салтына айналды.

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: