БӘРІ ДЕ КӨЗ АЛДЫМДА


Ол кездерде мен Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында тәрбие жұмысы кабинетінің меңгерушісі болып істейтінмін. Институт қызметкерлерінің басым көпшілігі орыстар, басқа ұлттардың адамдары. Ал қазақтар 5-6 адам, аз болатынбыз. Директорымыз — Калайджи деген грек.

Бір кезде: “Директор кабинетіне шақырып жатыр, шұғыл жиналыс болады, тез жиналыңыздар”, – деген бұйрық келді. Жүгіре басып жоғары қабатқа көтерілдік. Директордың қасында екі орынбасары бар, жүздері суық, қабақтары қарс жабылған. Бір сәт үн-түнсіз отырып барып ол: “Қалада шұғыл оқиғалар болып жатыр. Тәрбие жұмысының нашар жолға қойылғаны”, – деп маған қарады.

Сөйтті де: “Алаңға басбұзар, арақ ішкіш жастар жиналып, партиямыз бен үкіметіміздің шешімдеріне қарсылық білдіретін ұрандар айтып жатқан көрінеді. Ешкім ешқандай топқа қосылмасын, екі-үш адам бас қосып сөйлеспеңіздер. Институттың босағасынан аттап шығуға болмайды. Бұл — облыстық партия комитетінің бұйрығы. Нұсқауды орындамағандар жұмыстан босатылады. Сабақ аяқталысымен үйлеріңізге барыңыздар. Ешқайда бұрылушы болмаңыздар”, – деді.

Бәріміз үн-түнсіз кабинеттен шықтық. Өз орындарымызда тапжылмастан отырдық. Ептеп коридорға шығып қарасақ, өзіміздің “достарымыз” орыстар бізбен сөйлеспейді, теріс қарап, пікір алысып, сыбырмен тілдесіп жүр. Бізде үн жоқ, салымыз суға кетіп, иығымыз төмен салбырап дәл бір кінәлі адамдардай болып жүрдік.

Жұмыс аяғын асыға күтудеміз. Менің баратын жерім алаңның Фурманов көшесі жағынан өтеді. Бізге: “Автобустан түспеңіздер, алаңға барушы болмаңыздар, оған жақындау өмірлеріңізге қауіпті. Ондағылардың барлықтары баскесерлер, жазаларын алады, ешқайсысы құтылып кетпейді”, – деген.

Үйге келе салып, қараңғы түсісімен алаңның шет жағындағы адамдардың қасында тұрып, барлығын өз көзіммен көрдім. Ол күндері күн өте суық, сары аяз сақылдап тұрды. Жастардың киімдері жұқа, көбінің баскиімдері жоқ. Аязға қарылып жүрсе де жандарын шүберекке түйіп, халық бостандығы үшін қасық қандарын төгуге белдерін буғандары көрініп тұр. Сол жердегі адамдар өткен түнде балаларға өрт сөндіргіш машиналардан мұздай су шашты, жастар сонда да тараған жоқ, бірін-бірі қоршап, топтасып тұрып алды, дейді.

Көз алдымнан ешқашан кетпейтін, жүрегімді өкінішке өртейтін қанды оқиға 1986 жылдың 17 желтоқсанында болған еді. Алдында автобуспен олай-бұлай өтіп жүргенде орыстар алаңға қарап: “Мыналардың құтыруларын қараңдар, қолдарынан қой бағудан басқа ешнәрсе келмейтінін ұмытқандары ма? Нанға тойғандарын көтере алмаған ғой сірә”, деп ашықтан ашық біздерге сұстана қарап жүрді. Біздер көзімізді төмен салып, сүмірейіп, тілімізді тістеумен болдық.

Сонымен 17 желтоқсанның қызыл қанға боялған қараңғы түні күңіреніп, бүкіл алаңды басып кетті. Кейбіреулер бүгін бұлардың соңғы түні, бассыздыққа тыйым салынады деп күбірлесіп тұрды. Балам “Алматытелекомда” комсомол комитетінің хатшысы болатын. Оған: “Барлық комсомолдарыңды жинап алаңға барасыңдар, жастарды қоршап тұрасыңдар, ешқайсысы құтылып кетпесін”, деп білекке байлайтын қызыл шүберектерді үйіп-төгіп беріпті.

Оны далаға апарып көрсетпей лақтырдым да, баламды үйге отырғызып қойдым. Кешкі сағат 8-дерде алаңға бардым. Жаяу жеткенше ентігіп, екі иығымнан дем алып, өзімді ауыр сезініп, госпиталь жақтағы шетте тұрдым. Бір кезде алаңда мұңға шомған тыныштық орнады. Жастар әр жерде топтасып ақыл-кеңес құрып жүргендей болды. Содан соң жүрекке мұң ұялатып, қасіретке орап тастағандай ән басталды. Ол “Елім-ай” еді. Ән алғашқы сәтте сәл бәсеңдеу, шашыраңқы болып шықты да, бір кезде күшіне еніп, күңіреніп қоя берді. Біз көз жасымызды тыя алмай тұра бердік.

Сөйткенше болған жоқ, алаңнан үш адам бөлініп, бізге қарай жүрді. Қарасақ, үлкен қарт адам зарлап келеді, екі қолтығынан екі бала ұстап алып, алаңнан бері қарай шығарып салды. Сол-ақ екен алаңнан бір жігіт бөлініп шығып, бізге қарай жақындай түсіп: “Қазақтар, қайдасыңдар, барсыңдар ма, мыналар біздерді қырғалы жатыр ғой, еш амалдарың жоқ па?” – деді.

Сол-ақ екен, бірнеше жерде үлкен-үлкен прожекторлар жарқ етіп, алаңды жап-жарық қылып жіберді. Жүрген балалар ап-анық көрініп, бір-біріне жақындай түсіп, жан-жақтарына үрейлене қарай берді. Аспанды ауыр қара бұлт қаптап алған. Дала қараңғы, көк жүзінде жылт етер бір жұлдыз жоқ. Бүкіл әлем күңіреніп, қайғыға шомып тұрған тәрізді…

Ақ үйдің алдында үлкен жұмыс жүріп жатты. Қатқыл үнмен бұйрықтар беріле бастады. Сол жаққа бәріміз жалтақ-жалтақ қараймыз, бір сұмдықтың боларын сезгендейміз. Балалар да бәрін біліп тұр, бір-бірімен құшақтасып, қош айтысып жатқандай.

Бір кезде ойламаған жерден микрофон үні естілді. “Тараңдар, алаңды босатыңдар, түнгі 11-ден кейін көшеде тәртіп бұзып жүруге ешкімнің хақысы жоқ”, деген дауыс қайта-қайта саңқылдап тұрды. Байқағанымыз, бір де бір бала сытылып шығып кеткісі келген жоқ. Керісінше бір-біріне жақындай, жабыса түсті де, қайтадан “Елім-айды” бастап жіберді. Ел-жұрт тына қалды. Бұл ән сол жастардың ақырғы үні болды, ән үзілді.

Өйткені, Орталық Комитет үйі алдында бірнеше прожекторлар жанып, ерсілі-қарсылы сәуле түсіргенде жастардың бастары айналып, сасқалақтап, бірін-бірі іздеп таба алмай сенделіп қалды. Сол-ақ екен еңгезердей-еңгезердей солдаттар алаңға ұмтылды. Жастардың шыңғырған дауыстары естілді. Қыздарды солдаттар бұрымдарынан, шаштарынан сүйреп, тепкілеп, ұрып-соғып қанға бояп жатты. Қыз-жігіттердің жығылғандарын, құлағандарын алаңнан сүйретіп әкетіп жатты.

Енді бір сәт түрі сұсты әскери адам үстінде қысқа ғана қара күртешесі бар баланы сүйреп әкеліп, екі қолтығынан ұстап тұрды да: “Ал, тебіңдер мынаны, жабылыңдар”, деді. Сол-ақ екен, ұзын тұра солдаттар қаптап келіп, дәу етіктерімен жасөспірімді тепкілеп тастады. Алғашқы кезде ыңқылдаған дауысы шыққан бала, бір кез сылқ етіп жан тапсырғандай болды. Оны ұстап тұрған солдат: “Ладно, хватит” десе, басқалары: “Дай, еще допинаем”, деп өзеуреді.

Сыртта тұрған адамдардың да шыдамы бітті. Бәріміз: “Позор, позор, братубицы”, деп айқайладық. Оның ішінде орыстар да бар еді. Барлығымыз солдаттарға тас лақтыра бастадық. Олардың бір тобы сойылдарын алып, балағат сөздермен бізге тұра ұмтылды. Бәріміз бір жаққа қарай қашыппыз. Ол кезде Орталық музейдің ғимараты бітпеген. Бізді сонда қуып тықты, тарап кете алмай қайта келіп, алыстан қарап тұрдық. Алаңдағы жастарды қызыл қанға бояп, сойылға жығып жатты. Жастардың жан-айқайы қараңғы түнді жаңғыртты.

Біздің тарихымыз қанмен жазылған, талай батырларымыз бостандық жолында жанын пида еткен. Кеңес дәуірінде атағы жер жарған Дағыстан ақыны Расул Ғамзатов: “Нағыз азамат, ер жігіт тізесін жерге үш рет тигізеді. Бірінші рет – туған бұлағынан су ішкенде, екінші рет – сүйген қызына гүл ұсынғанда, үшінші рет – анасының ақ батасын алғанда”, деп еді. Мен: “Ей, азаматтар, тізелеріңді жерге төртінші рет тигізіңдер, тізерлей отырып, аттөбеліндей азаттық үшін жанын қиған жастардың ерлігіне бастарыңды иіңдер, жалпы қазақ халқының ерлігіне, даналығына, көрегендігіне, төзімділігіне бас ұрып, ел тәуелсіздігінің бағасын біліңдер”, дер едім.

«Егемен Қазақстан» газеті, .

Халима ӨТЕШЕВА, қарт ұстаз.

Алматы.
2006-12-11

Advertisements

2 жауап

  1. Ардақты қазақтың анасы Халима апай ! Әліде Сіздің жастарға айтарыңыз баршылық !Шындықты шыңғырып жазып қалыңыз, біреу болмаса біреу ескереді! Ең болмаса кейінгі ұстаздарға айтыңыз әр баланың құлағына бірінші «Елімай» сосын «Менің-Қазақстаным» өлеңін үйрет деп сонда қазақ өлмейді әрі Мәңгі жасайды және жасайдыда !!!!!!!!!! Осыгыан пікір жазуға біредің батылы бармапты…….

  2. Халима апай ! Сіздің бұл мақалаңызды кездейсоқ кездестіріп қалдым ! Бұл «Желтоқсан желінің» суық ызғары қәзіргі, тірі исі қазақтың жадында. болар деймін…. Бабаларымыз өз ұрпағы үшін «Ата баба жер үшін, кіндік кескен жер үшін»
    » Ауыздық пен алысып,етігімен қан кешкенде» бізге неге солай етпеске…………..

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: