Керейлер керуені

Керейлер керуені –кешеден бүгінге дейін
Әлем халқы, әсіресе кешегі өзінің тарихын түгендеуде. Ресесй Президенті В. В.Путин орыс тарихын қайтадан жазып шығу міндетін қойды. Қазақ тарихы да ақырындап болса да бүтінделіп, ақтаңдақтар айқындалып келеді. Қазақ тарихының ажырамас бөлігі-жалпы қазақ халқын құрайтын жеке рулар тарихы. Осы ретте айта кетер бір жайт-қазақ тарихын нақты жүйелеуде күні бүгінге дейін жете ескерілмей келе жатқан жағдайлардың бірі – қазақ руларының миграциялық хронологиясы (қашан, қай жерде көшіп-қонып жүргендігі). Мұның саяси — экономикалық түрлі факторларға тәуелді екендігі белгілі. Болашақ тарихшылар мұны ескерері анық. Әйтпесе «менің аталарым жаумен соғысып жатқанда, сенің аталарың шетелге қашып кеткен»,- деп, сексен жылдық сұр бетон үйдің терезесінен шексіз даладай ұлы тарихқа болжаусыз болжам жасап ұсынатын сыңарезу көркөкіректер мен «е, шынында да менің аталарым қашып кеткен екен ғой»,- деп қасиетті бабасына іштей нали отырып бас шұлғитын бүрсіз табан, жалтақ сезімділер қазіргі күні жетіп артылады. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ»,- деп Президент Н.Ә. Назарбаев айтқанындай, қазіргі Қазақстан шекарасынан тысқары өмір сүрген қазақтың, солардың үлкен бір бөлігі Абақ керейдің бүгінге дейін тарихи жүріп өткен жолында бостандық аңсаған өрлік пен ерліктен басқа ешқандай ұятты қадам болған емес. Ұрпақ қамы үшін, азаттық туы тігілген түп отаны үшін жат ел жамбасына басқан ата мекенін, ата-баба, өрен-жаранының сүйегі жатқан қасиетті өлкесін, қайта айналмас өмірінің қуаныш-қайғысына куә елі мен жұртын тәркі ету де сол ерлік пен өрлік емес пе?! Жат елде «сен отансызсың!» деген маңдайға ұрғандай ауыр сөзге шамырқанып намысқа қамшы басып, отанына келгенде кейбір таяздардың «сен кірмесің, оралмансың!» дейтін көкіректен нұқыған жат пейіліне іштей назаланса да да, «Қазақ отаным аман болсын!»,- деп түңіле отығып, түтінін нық түзеп жатқан мұндағы ағайын мен «мен отансыз емеспін, мені жоқтайтын ұлы отан Қазақстаным, көшсем өрісім мен қонысым, қалсам қара мекенім бар!» деген ниеттегі ондағы ағайынға бірлік пен береке тілейік!Сонымен ендігі кезекте «көшпенді қазақ могикандарының соңғы тұяғы» керейлер қашан, қай өлкелерде көшіп-қонып жүрген деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.Тарихи деректерде керейлер (керейттер) Шыңғыс заманына дейін қазіргі Мұңғылияның Хаңғай тауын мекендеген, бір миллионға жуық халқы бар жеке ірі хандық құрған, христиан дінінің көне тармағы несториандықты ұстанған делінеді. Бұған дәлел ретінде керейдің «абақ» және «ашамай» таңбаларындағы кірешті ұсынады. Күні бүгінге дейін керей әйелдерінің абайсызда төгілген сүттен алып маңдай мен иыққа саусақпен тигізуі сияқты мысалдарға қарап бұған сенуге болады. Олар керейден шыққан деп меншіктеп алмағанның өзінде Күлтегін мен Тоныкөк, Білге қағандардың ұстындары жатқан Қаңғай тауларында ең көп ғұмыр кешкендер-керейлер емес пе? Темужин (1206 жылдан-Шыңғыс хан) керейдің Тұғырыл ханының әкесі Есукеймен ежелгі достығын, керей әскерінің күшін әкесі өлген соң бытырап кеткен мұңғыл тайпаларын біріктіруге ұтымды пайдаланады. Кейіннен Керейт хандығына қарсы соғысып, 1203 жылы қирата жеңеді. Керейт елінің бөлінген бір тобы кейіннен Кіші жүздің жетіруына біріктірілген. Кіші жүз керейіттері 1203 жылы талқандалған ежелгі керейдің бір бөлігі екендігіне дәлелі: қазіргі Кіші жүз керейіттерінің рулық құрамында Едік, Жартай, Ашамайлы, Жастабақ, Шайкөз, Сарман, Обаған атауларының болуы дейміз. Едік-Жәдікті, Жартай- Жәдік құрамындағы Жантайды, Жастабақ-Абақ құрамындағы Жастабанды меңзейтіндей. Ашамайлы – керейдің бір тайпасы. Орта жүз ішіндегі уақты кейде уақ-керей деп бір атаға туыстырады. Ауызша шежіреде Уақ деген кісі Абақтың қайынағасы екен деп те айтылады. немесе «қойдай керей, қозыдай уақ» деп туыстық, әрі сандық шамасын атайды. Уақ құрамында шайгөз, сарман рулары бар. Обаған-уақтардың көбірек шоғырланған мекені. Керейіт — 800 жыл бұрынғы керейдің бір жұрнағы екендігі анық. Керейіт ішінде бұл рулардың болуы- баяғы Керей хандығының құрамында уақ руларының болғандығын көрсетеді.Керейлер Шыңғыс хан жаулаушылығынан кейін мұңғыл әскерінің құрамын арттырып, қуатын толықтырады. Мұңғыл армиясы қатарында әлемді жаулауға аттанады. Мұңғыл ақсүйектерінің біршамасы керей қыздарына үйленуінен (Шыңғыс, Жошы, Орда-Ежен т.б.) керей ақсүйектерінің Шыңғыс ордасында біршама ықпалы болғандығын аңғарамыз. Тарихшы Мұхаметжан Тынышпаев Н.Аристовтың дерегіне сүйеніп, керейлерді 1301-жылға дейін Өгедей және оның ұлы Хайду ханның қарамағында Қара Ертістің жоғарғы жағында болғандығын айтады. Ақсақ Темірдің заманында (1370—1400 жылдары) Қара Ертістен Еренқабырға (қазіргі Алатау) тауларын мекендеді деп көрсетеді. Аталған өлкелер мен Жетісуда Шыңғыстың ұлы Шағатай ұрпақтары билік құрған Моғолстан хандығының және Арқадағы Қыпшақ бірлестігінің құрамында да керей рулары болған. Абақ керейді кей шежірелерде Ұлы жүздегі Абақ, Тараққа негіздеп, Ұлы жүздің бір бұтағы етіп, немесе Ұлы жүзге жиен етіп тарататыны бар. Мұның негізінде керейлердің қазіргі Ұлы жүз руларымен қанаттас Шағатай (кейіннен Моғолстан) ұлысы құрамында ғасырлар бойы көшіп-қонғанына байланысты болса керек деген ойдамыз. Сонымен қатар, Жетісу қазақтары мен Абақ керейлердің салт-дәстүрлері мен тілдік ерекшеліктері, ән-күйінде аса көп ұқсастықтардың бар екендігін аңғару үшін кәсіби этнограф немесе филолог, әлде музыкатанушы болудың қажеті жоқ.(А.Ж) Шамамен 1456—1470 жылдары құрылған Қазақ хандығының құралып, нығаюына керейлер де үлес қосады. Мұңғыл текті ойрат тайпаларының күшейіп, көршілеріне басқыншылық саясат жүргізуі салдарынан керейлер Алтайдан батысқа ығысады. Төрт ойратты (торғауыт, хошууд, чорұс, дөрбет) біріктірген Батыр хунтайж 1634 жылы Жоңғар (мұңғылша «зүуіңғар»-сол қанат) хандығын құрады. Бұған дейін 1627—28 жылдары қазіргі Қобда, Баян-Өлгий өлкесінен батысқа түп қотарыла көшкен торғауыт, дөрбет т.б. ойраттар «қалмақ» атауымен Еділ-Жайыққа қоныс аударады және ондағы ноғайларға т.б. халықтарға қысым көрсете бастады. Нәтижесінде Ресей патшалығының қолдауымен Қалмақ хандығы құрылды. Енді ойраттар қазақты екі бүйірден бірдей қысу мүмкіндігіне ие болды. Ең ауыр тиген шапқыншылық Цевенарыбдын тұсындағы 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыдан» соң керейлер Алтай, Тарбағатайдан Сырға ауады, одан Орға (қазіргі Орынбор өлкесі) қарай өрлейді. «Ақтабан шұбырындыда» қалың қазақтан бөлініп қалғанбыз, содан бері шет жайлап жүрміз»,- деген түсініктің еш негізі жоқ. Қиян-кескі соғыстарға керей сарбаздары Қабанбай батыр қолы құрамында қатысады. Кейін жазылған тарихи романдарда және Шыңжаң баспаларынан шыққан Қабанбай туралы халық жырлары жинақтарында бұл турасында көп айтылады. 1755—56 жылдары ежелгі Мұңғыл империясының соңғы азат тұяғы Жоңғар хандығын Мәнжі қытай толық қиратқан соң керейлер ежелгі қара мекенге, шығысқа бағыт алғандығы белгілі. Торғай жазығынан сонау Алтайға дейінгі аралықтағы көптеген жер-су атауларының керей руларына қатыстылығы осыған дәлел бола алады. Мысалы: Жәнтекей, Ботағара, Тасбике, Байғара, Киікбай, Жабай т.б. Арқадан атамекен Алтай сілемдеріне жету – ондаған жылдың жүзінде жүзеге асты. Керейдің Ордың Қарағашы дейтін жеріне дейін барғандығын қариялар айтатын. (Жәдік Бейсембі бидің баласы Қара Оспанның киіз үйінің есігі Ордың қарағашынан жасалғандығын, оның мәдениет төңкерісіне дейін болғанын ұрпақтары жазып қалдырған). Алтайға бет алған Орта жүз руларымен бірге Кіші жүз руларының да болғандығын әйгілі жазушы, ғұлама қайраткер Ә.Кекілбаев 2006 жылы маусымда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген зерттеу мақаласында жазған болатын. Тарихи деректерге сүйене отырып, олардың кейбірі Қытай асқандығын, кейбірі Сарыарқада қалып қойғандығын айтады. Кейбірі ере барып керейге сіңіп кеткен. Шеруші ішіндегі жағалбай осыған мысал бола алады. Арқадағы алты болыс тама-табын да осыған мысал болады.1771 жылы баяғы Еділ-Жайыққа үдере көшкен тынымсыз жауынгер торғауыт қалмақтың кейіннен Ресей қойған талаптарға көнгісі келмеген 30 мың түтіні қазақ жерінің дәл ортасымен Шыңжаңға бет алады. Тарихта «Абылайдың шаңды жорығы» аталған, жол-жөнекей қазақтармен болған соғыс-қақтығыстарда көбі қырғын тауып, азғана бөлігі ежелгі мекеніне жеткен қалмақтар осындағыларымен қосылып, ес жиған соң шүйгін мекенге біраз жылдар жүзінде дендеп ене бастаған қазақтарға барынша қарсылық көрсеткен. Солардың бірі –Дөрбеттің Сәйін нояны керейді, әсіресе жәнтекей-есағасы руын қапияда шауып, көп адамын тұтқындап алып кетеді. Ұбсыдағы қотындар құрамында – сол шабындыға ұшыраған қазақтардың жұрнағы бар делінеді. Абақ керей тайпасы Абылай хан мен Қазыбек билер, Жәнібек батырлар заманында Қытай империясы ықпалындағы Алтай аймағына қоныс аударған және оның өзі оңайлықпен дереу жүзеге аспаған. Абылай ханның атамекен Алтайды, Тарбағатайды қазақтарға қайтаруға көп күш салғандығы тарихи еңбектерде көрініс тапқан. Абылайдың дәуірлеп тұрған заманында керей-найманның үлкен бір бөлігінің Қытай бетке аууына барынша мүдделі болғандығы туралы көптеген халық жырлары мен Ресей, Қытай мемлекеттерінің мұрағат деректері сақталып бізге жетті. Демек, Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың?» атты тепсіну толғауы керейдің бұл көшіне арналмағаны анық. Өйткені, керей Алтайға Сырдан емес, Арқадан асты емес пе? Тарихшы-әдебиетші Мұхтар Мағауиннің дәлелдеуінше, бұл тепсіну Сәдір деген адамға айтылса керек. Сол кезеңдегі Орта жүз рубасыларының өзі орыс бағытындағы және қытай бағытындағы екі партияға бөлінгенге ұқсайды. Абақты билеген Ер Жәнібек орыс бодамына барынша қарсы болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз шежіресінде «Ер Жәнібек орысқа елімді бодан болдырмаймын деп Алтайға асты» деп көрсетеді. 1767 жылдан бастап Мәнжі-Шың үкіметі қазақтарға көшіп-қонуға рұқсат береді. Осынау қоныс аударудың өзі 100 жылдан астам уақытты қамтыды, яғни Меркіт руы 1890 жылы ғана Шыңжаңға өтеді. Ғасырға ұласқан ұлы көшке мұрындық болған батыр әрі шешен Бердәулетұлы Жәнібек (1714—1798) қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Шар өзені бойында жерленген.Алтайға жеткен керейлер Әз-Тәукеден тарайтын Болат ханнан туған Орта жүз ханы Әбілмәмбет баласы Әбілпейіз сұлтаннан өздеріне төре қылып алуға бір баласын сұрайды. Қазыбекұлы Тауасар би бастаған керей жақсылары қырғыз сүйекті Тұмар ханымды үш баласы Көгедай, Сәмен, Жабақпен қосып, керей ішіне 1783 жылы көшіріп әкеледі. Олармен бірге бірнеше үй төре, қожа, қырғызды ерте келеді. «Төре, қожа-түбі бір»,- деп керей ішінде айтылатыны осыдан қалған. 1788 жылы керейлер қытай үкіметіне заңды түрде бағынып, алым-салық төлей бастады. Он бес жасар Көгедай гүң (мәнжілік шеннің бұдан кіші үкірдай, залың, зәңгі, күнде, мошқа қатарлы түрлері бар.) шенімен абақ керейге билік жүргізді және кейінірек онекі ата абақ керейге төрт би тағайындап, (солар арқылы төрт орын) мирасқорлық жолмен он екі руды басқарды. Төрт орынға жәнтекей руынан Жұртбай, Топан, жәдік руынан Бейсембі (әйгілі күйші), Құлыбектер отырды. Кейіннен төрт орынға тең дәрежелі бесінші орынды шеруші, Көбеген баласы Ақтай иемденді.1864 жылғы 25 қыркүйекке дейін жоңғардан босаған Алтай, Тарбағатай, Іле өңіріне қайта қоныстанып, қыстап-жайлап келген қазақтардың ықтиярынсыз, Ресей мен Мәнжі-шың үкіметі «Шәуешек келісімі» бойынша аталған тұтас өлкені екіге бөліп алды. Қара мекенінде отырып-ақ қазіргі Қазақстан аумағындағы туыстарынан алшақтап, жат елдікке айналған, болашақ ұрпағы «қытай оралман», «мұңғұл оралман» аталған заманың әу басы тап осы күннен басталған. Алтайдың күнгей бетіндегі қазақтардың бір бөлігі 1864 жылдары түркінің түп мекені Батыс Мұңғылияға қоныс аударады. Алтайдың Қобда бетін, немесе қазіргі Баян-Өлгий аймағы территориясының Соғақ, Қобда өзенінің сол жақ бетін дөрбеттер, оң жақ бетін жеті хошуын ұраңқайлар, Аққол өлкесін (қазіргі Сеңгіл сұмыны) Саян тауларынан келген тывалар мекендейтін. Қазақтардың Алтай беттен Қобда бетіне асуының бірнеше себебі болды. Мәнжі қытай мемлекетінің ағылшын-француз басқыншылығына ұшырауынан сыртқы саясаттағы ықпалы нашарлауы себепті, Ресейдің осы өлкеге ықпалы арта түсті. Ресей ықпалымен Шыңжаңда дербес мұсылман мемлекеті құрылды. Қытайдағы 1860—64 жылдардағы тайпиндер көтерілісі де әсер етті. Алтай өңірінде үркін-дүрбелең мол болды. Қазаққа тән руаралық жер-суға, билікке талас та бөліне көшуге еріксіз мәжбүрледі. Әсіресе, өріс-қоныстан тарлық көріп, қанаттас жәдік руымен үнемі наразылықта болған шеруші руының билеушісі Ақтай, оның мирасқоры Жылқышы, керейдегі төрт орынның бірін билеген базарқұл ішіндегі Мамыт ұрпағы (Жұртбай-Мәми) мен Қотырақ ұрпағы арасындағы (Көбеш-Асылбек) биліктен туған наразылық жаңа қоныс табуға деген белсенділік тудырды. «Жәдік пен жәнтекей төбелессе, қарақас-молқы құн тартады»,- дегендей, аталған рулардан үнемі зорлық көрген аз рулар да да «ортақ өгізден гөрі оңаша бұзауды» жөн көрсе керек. «Төресіз ел- төбесіз жер болмас»,- деп Сәмен баласы Қожамжар (Өжеке) төре де Қобда беттегі елді билемек ішкі дәмемен өзіне қарасты төлеңгіт елі ителімен бірге асқан. Бірақ Қобда қазағы төреге соншалықты бағынбаған. 1869 жылы Ресей-Қытай арасында «Қобда келісімі» жасалынды. Осындағы ұраңқай мен дөрбеттер, тывалармен аңдысып, арбасып жүріп, ішкерілеп дендеп ене берген қазақ түркілері баяғы бабаларының мекеніне заңды түрде қоныстануға 1912 жылы қарашаның 23-інде қол жеткізді. 1912—13 жылғы Ресей қалмағынан шыққан диверсант Дамбийжанцанның (Жа-лама) қырғыны салдарынан Қобда беті елінің бір жартысы Алтайға ауды. Бір бөлігі Ресей асып, қайта оралды. 1930—1932 жылдары Мұңғылия қазақтарының үлкен бөлігі үкімет саясаты әсерінен қытай асып, қайта оралды. 1938 жылғы «эсэргүү ұстау» кампаниясының салдарынан мыңнан астам адам жазықсыз атылып, ішкері жер аударылып, жазаланды және көбі өлі-тірісі белгісіз, хабарсыз кетті. 1939 жылдан бастап Мұңғылиядағы қазақтар әскерге алына бастады. 1938 жылға дейін әкімшілік бірлігі «хошуын» аталса, 1938 жылдан хошуындар бөлініп, сұмындар орнады. 1940 жылы тамызда Баян-Өлгей қазақ аймағы құрылды. 1965 жылдан бастап, Баян-Өлгей аймағында 12 сұмын болды. Көршілес Қобда аймағының Қобда сұмынының басым бөлігі, Буянт сұмынының жартысына жуығы қазақтар болды және Эрдэнэбүрэн, Бұлғын сұмындары мен Қобда қаласында мыңдаған қазақтар өмір сүрді. Қазақтар 1940–жылдардан бастап Мұңғұлияның ішкі өлкелеріне барып тіршілік ете бастады. Жастар әр түрлі себептермен батыс өңірден кетіп қалған соң, көбісі ішкі өлкелерде қалып қоятын. Ең көп шоғырланған өлкелер: Ұланбатыр маңы, Селеңгі, Кентай аймақтары мен Ұланбатыр, Дарқын, Ердінті қалалары болатын. Мұңғылия қазақтарын Қобда бетке келу мерзіміне қарай бірнеше топқа бөлуге болады.1. ХІХ ғасырдың екінші жартысында келген алғашқы толқын өкілдері. Бұл толқынға жататын қазақтар Жалама айдаған жылдары, МХРП саясатына байланысты туындаған дүрбелең жылдары Ресей, Қытай ауып барғанымен, үйренген өлкесіне қайта оралды.2. Жоғарыдағы оқиғаларға байланысты ауып барғандармен ере келіп мекендеп қалғандар. Бұл үдеріс Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық күрес жылдарына дейін жалғасты.3. Аздаған бөлігін Кеңестер Одағынан 1916—1937 жылдар арасындағы сан қилы төңкерістер, реформалар мен зұлматтар салдарынан еріксіз туған жерінен босқан қазақтар құрайды. Олардың барлығы дерлік найманның түрлі руларына жатады және араларында қазақтың өзге руларынан да адамдар болғанымен, сақтық үшін кезінде өздерін «найманмын» деп айта салатын еді. Өйткені, қарапайым қобда керейі (Өр Алтай керейі солтүстік беттегі керейлерді осылай атайды) қазақ ретінде керей, найман, уақты ғана біледі.Мұңғылиядағы қазақтар ХХ ғасырдың ортасынан бастап географиялық, мәдени-тұрмыстық факторларға байланысты сырттай қарағанда үш түрлі сипатқа бөліне бастады. 1. Баян-Өлгий қазақтары. Дербес әкімшілік бірлігінің, рухани құндылықтарды сақтауға деген көптеген мүмкіндіктің болуы нәтижесінде олар әлемдегі қаймағы бұзылмаған қазақи ортаның бірі ретінде сақталды және танылды. Осы әкімшілік дербестіктің арқасында олар күллі қазақтың кіндік отаны Қазақстанмен байланыс желісін үзбей, ұлттық білім беру жүйесін Мұңғылияның жалпы білім беру жүйесімен тиімді ықпалдастыруының, ғылым-білімге деген құштарлықтың арқасында жарты ғасыр ішінде рухани салада үлкен әлеуетке қол жеткізе алды деуге әбден болады. Олардың арасында өзге халықтармен қан араластыру үлесі өте аз.2. Қобда қазақтары. Балаларын ана тілінде оқытуға толық мүмкіндігі болмағанымен Баян-Өлгейге іргелес жатқандықтан қазақы қалыптан аса қол үзе қоймаған, керісінше кейбір көне салт-сана жұрнақтары жақсы сақталған, Бұйынты өзені бойындағылары қоңсылас сарттардың үлгісімен ішінара қауын-қарбыз өсірумен шұғылданатын қазақтар. Өзге ұлттармен аз мөлшерде аралас некеге отыру байқалады. 3. Ішкі жақ қазақтары. (Өлгей қазақтары Қобда мен Ұбсыдан өзге жерге кеткен қазақтарды осылай атайды) Ұланбатыр, Чандығын, Налайхан сияқты кейбір қалалар мен кенттерде тұтаса қоныстанып, қазақ сыныптарын ашуға, кейіннен мешіт тұрғызуға мүмкіндігі болғанымен, көбінесе бытырау-тарау жүріп, тілі мұңғылша шыққандықтан, әрі Баян-Өлгийден өте алыс, 1500—2000 км қашықтықта жатқандықтан ұлттық бет-бейнесі жыл өткен сайын сұйылып, мұңғылданып бара жатқан қазақтар. Бүгінгі күні аралас неке үрдісі қалыптаса бастады. 1991 жылы Мұңғылиядағы 150 мың қазақтың алдыңғы легі Қазақстанға қоныс аударды және бір құптарлығы- Қазақстанға үдере көшкендердің алғашқы легі екінші, үшінші бөлікте сипатталған қазақтар болатын. Қазірде бұлардың тілі таза «қазақстандық акцентте» шықты және еті тірілігімен, ортаға тез бейімделгіштігімен ерекшеленді. Тілі мен менталитетіндегі өзіндік аздаған өзгешеліктеріне қарап өлгейлік қазақ ішкі жақтық ағайынды оңай ажыратады. Мұңғылиядан Қазақстанға көшіп келген қазақтар немесе, қазіргі құлақсіңді атауы — «маңғолдар» Қазақстанның негізінен Ақмола, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарында, Алматы мен Астанада шоғырланған. Елеулі бөлігі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында өмір сүруде. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын сулайсың, соның сөзін сөйлейсің»,-дегендей, бір Өлгейдің шұңқырынан шығып, байтақ Қазақстанға тарыдай шашыраған ағайынның ұстанған өмір салты мен тіл ауаны бүгіндері сан алуан. Кейбір елді мекендерде тұтаса отырғандары ежелгі салт-дәстүрді жергілікті салт-дәстүрмен байыта отырып өмір сүрсе, кейбір қалалар мен селолардағы ағайынның жас ұрпағы қазақша екі ауыз сөз қайыра алмайтын халге жетіп орыстанғанын, баласы тұрғой мұнда келгенде оң-солын еркін аңғаратын жаста келгендердің өзі тілін бұрап, «оңа бастағанын» мұндағы орыс рухының үстемдігі мәжбүрлегендімен ғана ақтап аламыз. Қазақстандағы мұңғылдан келген қазақ шамамен 60 мыңнан астам, асырып айтса 70 мың болар. Ақмола облысының Еркіншілік, Макинск, Шортанды, Ақкөл, Елтай, Қоянды, Ағадыр (Водопьяновка), Чаглинка, Жолымбет, Павлодар облысының Майқайың, Екібастұз, Ақсу, Қалқаман, Қарағанды облысының Ақтау, Теміртау, Жәйрем, Алматы облысының Ұзынағаш, Есік елді-мекендерінде көбірек топтасқан.Мұңғылия қазағының рулық құрамының негізін Абақ керей рулары құраса да, уақтар мен наймандар да біршама баршылық. Сонымен бірге қожалар мен төрелер, қазақтанған өзбектер (сарттар), ұйғырлар, түрлі саяси науқандар кезінде Қазақстаннан ауған аз үйлі арғындар, қазақтанған татарлар (ноғайлар), азғана дүңгендер бар. Керей руларының Мұңғылияда ең көбірек тарағаны: шеруші, жәнтекей, молқы, қарақас, жәдік, шыбарайғыр, ителі рулары.

Advertisements

6 жауап

  1. Атауды өзгерту бір ғана адамның қолында.

  2. йә өзіде солай ғой !

  3. Өзіміздің атамыз қойып кеткен атты қалайда қайтару біздің міндет. Ал орыстың әулиесінің есімін өздері-ақ қоя жатар…

  4. йә шын айтасың !!!

  5. «Ә.Кекілбаев 2006 жылы маусымда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген зерттеу мақаласында жазған болатын. Тарихи деректерге сүйене отырып, олардың кейбірі Қытай асқандығын, кейбірі Сарыарқада қалып қойғандығын айтады. Кейбірі ере барып керейге сіңіп кеткен. Шеруші ішіндегі жағалбай осыған мысал бола алады. » депті. Осы сөйлемдегі «Кейбірі ере барып керейге сіңіп кеткен. Шеруші ішіндегі жағалбай осыған мысал бола алады.» Олар шеруші ішіндегі Жағалбай емес. бурыннан Кіші жүз-Жағалбай болып келе жатыр. Казір сол жағалбайлырдын кез келгегінен сурап көрсеңіздер олар: Кіші жүз- жағалбаймыз дейді. Сондықтан сіңіп кетті деп айтуға келмейді.

  6. Арман мен шерушіні бес қолдың саласындай білемін. Бірақ шерушінің ішінде жағалбай жоқ..Сен айтқандай мындағы жағалбайдар өз руын жақсы біледі

Пікір қалдыру Көкбөрі Жауап беруден бас тарту

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: