Байөлкеге бастаған сапар

Маңғыстаудан Моңғолияға немесе Мұңалдан Мұңғылға дейін

Моңғолияға сапардың басы Маңғыстаудан басталды деуге болады. Ерлан Қариннің көмекшісі Еркін мырзадан «жет» деген хабарды естіген күні-ақ  хабаршымның үйінде кешкі күрең шайды тартып отырдым. Гүлнұр қарындасымды келін етіп сәлем еттірмек болған Еркін досымды алдымен оның адайға жиен екенін, сосын күйеу болғанын есіне мықтап тұрып салдым. Мейманға сүр қосып қазан көтерген екен, жә, ет тақырыбына әлі талай оралатын боламыз. Жаман адам ішкен-жегенін айтады деген бар…
Шілденің 13-күні атар-атпастан Астананың әуежайынан табылдық. Басшымыз Ерлан Тынымбайұлы, Еркін Сайлауұлы және өзім. Өскеменге ұштық. Айырқанат аспанкөкті айыра тіліп келеді, төменнен Үлбі ақты үлбіреп… Усть Каменногорскіден ускаманға дейін тілі сынған борт жетекшісіне разылық білдіріп, әуежайдан қалаға такси ұстадық. Таксист жігіт салт басты, сабау қамшылы сатырлаған үш еркекқосты қағытып келеді. «Астананың бойдақтары, біздің қаланың қыздары сұлу…» дейді ол. Әзілінен бұрын біздің қаланың дегені ұнады. Иә, біздің қала ғой бұл!…
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне соқтық. Ректор Бейбіт Мамраев жылықұшақ көрсетті. Университеттің бүгінгі ахуалымен таныстырды. Көңіл жұбантарлық іргелі істер атқарылып жатқаны көрініп тұр. Дәліз бойына ілінген көп суреттің арасынан Маңғыстаудың Шерқаласы мен Бекет ата мешіті көзіме ыстық шалынды. Түске дейін уақыт өткізіп, әуежайға қайта келдік. Өлгейге баратын ұшаққа отырдық.

Байөлкенің биігі
Астананың уақыты 14:40 дегенде АН-24 құлағыңның қауашағын қаңғырлатып, көкке көтерілді. Біраздан соң көбік бұлттың арасынан жер қарасы көрінді. Ағайранданып жатқаны таулы жердің бедері ме дедім. Астанадан 1 сағат айырмасы бар Өлгейге жергілікті уақыт 17:40-та қондық. Әуежай есепті ғимаратқа беттегенімізде қапталдағы шарбақтан қарғып түскен қара жігіт бізді бас салып құшақтап, бетімізден сүйіп жатыр. Ерлан аға мен Еркін дос жаңағы тығыншық қарамен арқа-жарқа. Бұрын біліс емес, кісікиіктеніп тұрған мені тас қылып құшақтап алды да қасыма отырасың деп, «дүңк» еткізді. Халықаралық дәрежедегі альпинист,  талай таудың биігін бағындырған, сегіз қырлы, Байөлке құлжасының сақасындай болған Жанарбек Ақыби ағаммен осылай таныстым.  Айтқандай, әуежайдан  өзім өлеңімен ғана таныс Сұраған ақын бір топ өлгейлік азаматтармен қарсы алды. Даяр көлікпен әп-сәтте Сұраған ағаның үйіне түстік. Далаға ағашүй тігіп қойған екен.  Киіз үй деп жазбады-ау демеңіз. Қызыл уықты сүйектеп шаншыған, шымыраулап ши тұтқан, шымқай бояп бау салған адайдың киізүйін көріп өскен маған, әрине, әлі күнге көшпелі дала салтынан айырылмаған мұңғұлия қазақтарының үй тігу салтанаты айпір таңсық көрінбеді.  Әр жердің салтына қарай салтанаты, ағашына қарай үйі ғой. Боз үйдің төрінде Раушан жеңгейдің пейілді дәмінен алып, шәйінен мейір қандырдық. Малдың майына піскен бауырсақ, ірімшік-құрт, жент… Қағазбен қаптаған шоколадтардан гөрі менің жұмысым осылармен болды. Іле ет келді. Үй иесі Сұраған аға табақты ортаға қойып, пышақты бізге ысырды. Таңдағаныңды теріп жеуге бұл салтың да дұрыс екен-ау деп қойып, молынан қарпыдым. Қымбатты оқырман, көрдіңіз бе, біз ет тақырыбына тағы оралдық. Дастарқан басында ауыл азаматтарының қай-қайсысы да үйлерінен қонақасы бергілері келетінін білдіріп жатты. Мақсат қойдың басы емес, таудың тасы екендігін сыпайылап түсіндіргеннен кейін бәрі де ырзашылықтарын білдірді. Әйтпегенде олардың ықыласын қалай аттап кетерміз?

Сұлыбай – әннің  күйігі
Ішке ел қондырған соң Ерлан Тынымбайұлы жүрістің бағытын пысықтауға кірісті. Екі жыл бойы екі рет оқталып, үйінен жолдорбасын арқалап шығып тұрып сәті түспей қалған сапары ғой. Бұл жолы Ерлан ағаның қапы қалғысы жоқ. Ажың-гүжің әңгімеден кейінгі мәміле сапардың Жебеті қайырқынға жалғасатындығы болды. Еркін досым фотоаппарат, бейнекамера, GPS-тен бастап, штативке дейінгі барлық қару-жарақтың дайындығын тексеріп шықты. Дастарқанның батасын қылған бойда көрші көшедегі Жанарбектің үйіне соқтық. Қақпаны өндірдей жас бала сәлем беріп, ашты. «Аға, қош келдіңіздер! Жақсы жеттіңіздер ме?», – деп іші-бауырыңа кіріп баратқан баланың тәрбиесі неткен көркем еді?! 14 жасар Нұрбек Жанарбекұлы. Жанарбектің тәрбиесі! Өзінен бақандай 10 жас кіші менің өзімді ағалап баратқан Жанарбектің ақжүрегінен бауырға деген құрметті, қандасқа деген сағынышты таркөкірек болмасаң түйсінуің керек. Шынын айтқанда, маған осы Өлгейдің адамдарының ішінен ең бір жанға жақындықты, көңіл тазалығын көрсеткен, тапқан үлкен олжам Жанарбек аға болды. Мұнда да аулаға тігілген ағашүйдің төрінен дәм татып, Нұрбектің  босағадан жетектеп кіргізген аймүйіз қошқарына мейман-батамызды беріп, аттанып кеттік. Айтқандай ұмытып барады екем, жаңағы жас өндір өндіршегін созып тұрып ән салып берді домбырамен. Шорманның Мұстафасы атын алған Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» келістіріп салды.  Кәдімгі төсекті күйшілерше отырып, домбырасын шерткен күйі Әрмен Қоңырдың алдымен, қысқаша әңгімесін айтып беріп, күйін шалды. Күйдің өн бойынан өзегіңді шалған шер, өртеген запыран, өкініштің күйігін сезесің. Бала сосын сыбызғысын сыңсытты. Сазы қандай мұңлы… Сол саздың аты қандай десе ойланбастан Сағыныш дер ем. Сыбызғысын қолына алып жымия күліп тұрған Нұрбекке Ерлан ағасы маңдайынан сүйіп, елден ала шыққан сый-сияпасын берді.  Нұрбекте әншілік атадан бар екен. Жанарбектің әкесі Ақыби Момбайұлы айтулы сазгер, әнші екендігін кейін естіп-білдік. Отыз бес жыл Сақсай сұмынының мәдениет үйінде еселі еңбек етіп, «Моңғолия мәдениетінің озат қызметкері» атанған Ақыбидің әкесі Момбай да домбыра ұстапты. Домбырашы Момбайдың кемпірі Батиқа шешеміз де суырыпсалмасы  бар кісі екен. Осыдан соң Нұрбек қалай әнші болмасын?! Біздің алдымызда Нұрбек Ұлан-Батырдағы әншілер конкурсына қатысып қайтқан беті екен. Әуелі «Ақ сисаны» орындағанда алғашқы кезең бойынша  екінші орынға табан тірепті. Екінші кезеңде не айтайын деп әкесінен сұраса, патриот Жәкең әруағы разы болсын Сұлыбайдың әнін айт деулі. Сұлыбай – қытайға қарсы соғысқан баһадүрлердің бірі. Оның әнін айтқан Нұрбек екінші кезеңнен кейін ең соңғы орынға дейін шеттетіліпті. Үшінші кезеңде Нұрбек ешкімнен ақыл сұрамау керек екенін түсініп, моңғолдың «Алтын жол» деген әнін қазақтың домбырасына қосып айтып берген екен, ынталандыру сыйлығына ие болыпты. Хош, сонымен,  бағанағы келісім бойынша бір көлікпен жолға шықтық. Астанадан шыққан үш сапаршыға жолдан Жанарбек қосылды. Сұраған аға бұл сапар бірге жүре алмады, себебі аса қуанышты жағдайға байланысты. Қазақтан шыққан қаламгер Сұраған Рахметұлына Моңғолия мемлекетінің мәдениет қайраткері атағы берілмекші екен. Біз барған күні осы елдің президенті де Өлгей өңірін бейресми сапармен аралай келіпті. Жергілікті билік президент марапатын тапсырып қалуы мүмкін, елде болыңыз деген соң Сұраған ағаны біз қинамадық, қайта қоштадық.   Төрт жолаушысын тиеген  Бауыржан  атты ағамыз жол талғамайтын «Тойотасын» тай мінген баладай ойқастатып келеді. Тұрсын Жұртбай аға осы Байөлкені аралаған сапарында Бауыржан атқосшылық қылыпты. Содан бері бұл жаққа жолға шықсаң жолдасың Бауыржан болсын деген мәтел тараған. Айтса айтқандай екен. Біз бұған  жол бойы иман келтірдік.


Бесбоғданың иығы

Өлгейден шыққаннан кідірмей сартап жолға салдырттық. Сол қапталда Сақсай сұмыны қалды. Моңғолша Сақсай деген еш мағына бермейді, демек, бұл біздің Сақ бабаларымыздан қалған, – дейді жергілікті қазақтар. Алда құй мезгіл желі бір тынбаған Желдіқабырға. Барған сайын биіктеп келеміз. Бағытымыз атақты Бесбоғда тауының етегіндегі Жебеті Қайырқын.  Сонау 6-7 ғасырлардан адамзат баласы кейінгіге бір дерек қалдырғысы келіп, осы таудың жақпарларын көп қашапты. Жебеті қайырқын – моңғолшадан аударғанда шыңға шебелеп  жазу дегенді білдіреді екен. Ұзамай шам кірді. Қызыл іңір шақ. Қобданы қиып өтіп келеміз. Бұған дейін орыстан электр қуатын тасымалдап отырған моңғолдар Қобдадан су электр стансасын салуға кірісіпті. Жанарбек өте әңгімешіл жігіт. Өзінің осы тауда жүріп бастан кешкендерін асықпай баяндауға кірісті. Тыңдап көрсеңіз, жағаңызды ұстар едіңіз. Қасымызда ақтарылып әңгімесін айтып, шапқылап қызметін қылып жүрген қара жігіт талайдың өмірін құтқарған нағыз ержүрек екен.  Өткен жолы Мұңғұлияның тауға өрмелеушілерінің біріншілігі өтті деп бастады Жанарбек жолқысқартар әңгімелерін. Бесбоғда тауына шығу үшін жолда 20 шақырымдық мұз өзенін өтуге тура келеді. Қобданың бірнеше альпинистері тауға шығып кеткелі еш хабарсыз қалыпты. Негізі 12 сағаттың ішінде олар қайтып келуі тиіс екен. Содан Жанарбек сен тауға шығып жүрсің ғой дегесін қасыма осы қалай деген 4 жігітті ертіп алып, өрлеп кеттім, – дейді Жәкең. Жолшыбай мұздақтың бойында адасып қалған  қалған таушыларды тауып алып, аман-есен етекке түсіріпті. Көбінің аяқ-қолдары үсік шалған, әйтеуір шығын болмапты. Олардың жетеуі де әлемнің біраз биіктерін бағындырған әбжіл жігіттер болса да, жолшыбай қатты суық ұрып, естерінен танып қалыпты, содан бағыттарынан да жаңылған екен.  Жанарбек өзінің бірнеше адамның өмірін сақтап қалған ерлік іс бітіргенін мүлде сезінбейді  бір қасиеті. Самбырлап әңгімесін соғып отыр. Оқта-текте мынадай да бір хикая бар деп мені бүйірімнен түйіп қалады да бастай жөнеледі. Мен де диктофонымның тілін басып әуремін.


Баянтаудың баяны

Басын боз шалған тағы бір биік тауды көрсеткен Жанарбек әдеттегідей әңгімесін бастап кетті: Баянтау дейді екен бұл биікті. 1932 жылы Баян деген атамызды моңғолдар ату жазасына бұйырулы. Жазығы, сірә, үкіметке қарсылық. Екі жендет қолын артына қайыра байлап, атқа салып әкеле жатқанда, екеуін де шірей теуіп, байлаулы күйінде қашып, құтылып кеткен екен. Қашқын Баян ішкі моңғолдан өтіп, осы тауға келіп паналапты.  Қарны ашқанда етекте қазақ ауылдарына келіп ішіп-жем, керек-жарағын алып кетіп тұрады екен. Баян келді дегенде ауылда жан баласы қалмай ошақтарын тастап, қашып кетеді екен. Баян болса таудан атып алған бұғы, елік, маралын әлгі үйлерге тастап, орнына өзіне қажетті дүниелерін алып кетеді екен.  Кісі хақысын жемепті. Сөйтіп қырық жыл қашыпты. Ұстауға келген үкімет адамдарына қарасын шалдырмаған. Қашқын Баянның басын әкелген адамға пәлен сыйақы береміз деген хабар радиодан жиі айтылады. Сөйтіп жүргенде, бір аңшы қазақ Баянның ізіне түсіп, аңдыған алмай қоя ма, атып өлтірулі. Сол күні Баянға моңғол үкіметі «40 жыл бойы ешкімнің ала жібін аттаған жоқ,  зияны тимеді, өмірінің көбі азаппен өтті, енді кешірдік», – деп радиодан ресми хабарлаған көрінеді. Баянды атып әкелдім деп елге жар сала келген әлгі аңшы бұл хабарды естіп қатты өкініпті. Сол күні қайтадан атына өңгеріп, Баян батырға лайық құрмет көрсетіп, таудың шыңына жерлеп қайтқан деседі. Баянтаудың хикаясы осылай деп тәмамдады бізге Ақыбидің Жанарбегі. Өзегіңе тас тығылғандай күйде қалдырады екен… Қырық жыл қашқан азап па? Азап!.. Бір күн қалғанда, өлім құшу өкініш пе? Өкініш!.. Қазақты қазақ атты ма? Не дейсің енді?… Бәріміз үнсіз қалдық…

Бабалардың аяны
Тыныштықты тағы да Жанарбектің өзі бұзды.
– Мына ұзына бойы жатқан тауды көрдіңіздер ме?
– Қайсы, мына қарауытып жатқан ба?
– Ой, сендер оның дерегін білмегесін мән бермей келесіздер. Бұл – Мөден Көше ғой.
– Ал, сайра Жәке…
– Түсі қашып, түн жортқан… Түркіні ел еткен ерлердің бірі, сонау Күлтегіннің алдында өткен әруақты Мөде қағанның тауы екен бұл. Заманында қытайға зауал болған Мөденің тауын түркі баласы жер басып тірі жүрсе бір басуы – парыз, бір көруі – борыш!.. Жанарбек мұны айтқанда, өзі де әруақтанып кетті. Шынында да, адамға рух беретін зау биіктік екен. Басында Мөде қағанға арналған ескерткіш бар дейді. Сүйегі де осында шығар, кім білген… Жанарбектің түркінің ерлігін айтып, атойлаған дауысы құлағыма талығып шалынды.  Мұхтар аға Мағауиннің тас балбалды құшып, бабаларымның  рухы қайда деп, бабаураған әңгімесі есіме түсті. Көзіме жас келді.  Жанарбектің бір әңгімесі көкірегіңе тас тықса, енді бірі көзіңнен жас шығарып, жорға көлігіміздің басын одан әрі жолға жостырдық.  Ұланқосқа жетіп, ағаш көпірден өттік. Ұлан моңғолшадан аударғанда қызыл дегенді білдіреді екен. Ал, қос дегені – қайың. Қобда бойына әр жерден өсетін қызылқайың бар екен. Қабығы қанқызыл болып келеді де, содан бұл жер Қызылқайың – Ұланқос атанған.  1911 жылы Боғды хан қазақтарға қонысқа осы жерді беріпті. Керейдің Шеруші тақтасы  орнап, Шеруші-Қошуын атанған жер екен. Кейін сірә, 1940 жылдары қазақтың негізгі табаны Баян-Өлгийге ауыпты. Осы аймақты өз қолымен құрған ақсақалдардың бірі – Жеңісхан Дүзелбайұлы осы ұланқұстық екенін білдік. Жеңісхан ақсақал заманында Оспан батыр Гөминдән үкіметімен соғысқанда қазақтан әскер жинауына жәрдем еткен, одан кейін Дәлелхан батырдың Шығыс Түркістанды азат ету мұратына үлесін қосқан елеулі тұлға. «Ақсақал тіл білесіз, осы жердің жай-жапсарына қанықсыз» деп, жоғарыдан келген басшылардың көбі Жеңісхан қарияны сағалайды екен. Кетерінде бізден қандай жәрдем дегендерге: «Маған ештеңе керегі жоқ,  осы ауылға бір мектеп салып бере салшы, көпір тұрғыза қойшы» – деп, елдің жоқ-жітігін түгендеп отыратын кісі болыпты. Сөйткен Жеңісхан қарттың көпірінен де өттік.  Біраз жүрген соң Соғақ сұмынын да жанай өттік. Бұл баяғы 1860 жылдары қытайдан қазақтарды осы жерге бастап келген екі азаматтың бірі – Көгеш пен Жылқышы болысы мынау соңғысының жатып жайлаған жері екен. Ол кезде рубасы, көсемдері, батыры, ақсақалы  дүниеден өткесін қабірін бұзып, мәйітін қорлау арқылы кейінгі елінің сағын сындырып, әруағын қашыру деген түсініктің бұзылмай тұрған шағы болса керек, Жылқышы өзінің қабірін осы Соғаққа салдырып, кейін денесін Сұмдыайрық деген жерге жерлетіпті. «Бұл алқапта бұрын Шерушінің  Қырыққанбас Назар деген батыры өмір сүріпті», – деп бастады Жәкең жаңа хикаясын. Қырыққанбас атану себебі шашын еш құрал өтпеген соң, мал қырқатын қырықтықпен қияды екен. Өзі кедей-кепшікке моңғолдың да, қазақтың да байларының мал-мүлкін тартып алып беріп отырыпты. Бір күні тонау көрген байлар бірігіп ақылдаса келе, былай шешіпті. Пәлен дегенбайдың ауылы ас береді деп жариялайық, Назар сонда оның малын тартып алам деп барар, сол кезде бірігіп қолға түсірелік депті. Айтқандай, бай ауылына Назар келіп тиеді. Ойластырғандай байлардың қарулы адамдары ұстап алып, алдырмаған соң мойнына қыл арқан салып атпен сүйретіпті. Талай жерге сүйретіп әбден өлтірдік деп әкеліп тастайды. Қасқыр ішігі дал-дал, денесінің көретін жері жоқ.  Жүрексінген байлардың біреуі найза тығып көрелік депті. Біреуі өлген Назарға найза салу – намыссыздық деп бой бермепті. Содан бірі табанын тіліп көрейік депті. Тілсе батырдан еш дыбыс шықпайды. Ақыры өлді-ау деп бәрі солай тастап кетіп қалулы. Қырыққанбас Назар мойнына тұзақ түскенде бір саусағын тамағына салып үлгерген екен, содан әлгі азаптың бәріне төзіп жатыпты. Манағы айтқан Баянтауға барып, әбден жарақатын жазып, өз-өзіне келгенше, ешкімнің көзіне түспей жүріпті. Ақыры бір күні батыр елдің көзіне көріне бастайды. Жарлы-жақыбай Назарды әкесі келгендей қуана қарсы алады. Бұл хабар баяғы байға жетіпті. Ол сасқаннан малын адам аяғы бара алмас бір аралға айдап салып, арқайың жүре беріпті. Байдың мұнысын естіген Назар бір түнде сал жасап, ағысты өзенді кесіп өтіп,  аралда жатқан жылқылардың  құлындарын түгел сойып, терісінен құлынжарғақ тігіп алыпты. Жұрттан хабар естіген бай менің малыма жету Назарға қайда деп бой бермепті. Сөйтсе бұл байдың құлыны басқадан бөлек кілең аласы бар құлындар екен. Назардың үстіндегі құлынжарғақты көзімен көрген бай сол жерден ашу-ызадан қалтасынан пышағын алып, өзінің бетін өзі тілгілеп тастапты… «Бетікесілгір деген қарғыс осы екен ғой» деп, Жәкең бұл әңгіменің де басын қайырып тастады. Көлігіміз біресе тастаққа, біресе қалың түскен қара жолға салып зулап келеді. Қас қарая төңірек көрінуден қалды. Машинаның жарығымен байқап келем, ылғалды суы мол жерден өтіп барамыз. Бұл Көкмойнақ деген жер деді жолбасшым. Мұңғұлшасы Көкөтіл екен. Аржағында Көкмойнақ деген өзен бар, мынау соның табанын ел жайлап Көкмойнақ сұмыны атанған. Жер бедері өзгеріп бастады, бірсіндеп жотаға шығып баратқандаймыз. Алда Моңғолқобыл-Сарымсақтық деген белден ассақ Жебеті қайырқын тиіп тұр, – деді Жанарбек. «Қазақтың  әне деген иегінің астында үш күн жүрдім» депті бір сарт.


Әнуар БИМАҒАМБЕТ
(Жалғасы бар)

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google photo

You are commenting using your Google account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: