Оспан Исламұлы қаһарман ба, қарақшы ма?


Оспан Исламұлы 1899 жылы Қытай елі Шыңжаң өлкесі, Көктоғай ауданы Күрті ауылында, өр Алтай тауының бөктеріндегі Арал жайлауында малшының отбасында дүниеге келген. Жасында ауыл молдасынан арабша білім алып, сауатын ашқан. Оқуды жалғастыру

Advertisements

Оспан батыр


Оспан батыр жайлы жыйған алғашқы суретім 1992 жылы Туркияның Ыстанбол қаласында турк ұстазым Мустафа Тежанның кітап қумралығымды ескеріп Туркия қазақтары шығарған жуқа кітапты сиға тартқан кітабы ішіндегі Оспан батырдың сурет қызғушылығым ды тудырған еді…

This slideshow requires JavaScript.


Оспан батыр (Оспан Исламұлы) (1899—1951) — 20 ғ. Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлға

1899 жылы Көктоғай баурайында туған. 12 жасында қазақ серкелерінің бірі Бөке батырдың қасына келді.
1911 жылы Бөке батырдың жағында қытайлар және орыстарға қарсы күрес бастаған Оспан батыр бүкіл Алтай жерін және Шығыс Түркістанның қытайлар және орыстардан азат етілуін мақсат етіп соғыс жүргізді. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Шығыс Түркістан жеріндегі түркі халықтары қарсы қысымның күшейгені мен бірге жауап әрекеттері де күшейе түсіп және Оспан батырдың көтерілуіне негіз дайындады.

Абылайдың ақ туын көтеріп атқа қонған Оспан Алтайды қытайлардан тазалай бастаған Оспан батыр, 1943 жылы мақсатына жеткендей болып көрінді. 1943 жылы шілденің 22 Бұлғында жасалған жиында Оспан батыр Алтай қазақтарының ханы болып жарияланды.

1945 жылы келгенінде Шығыс Түркістанда бірнеше қала сыртында бақылау көтерілісшілердің қолына түсті. Жағдай қытайлар үшін бұдан артық төзгісіз болып және одан да қауіпті жағдай қалыптаспайынша Қытай әскерлері өлкеде қатаң және жойқын операциялар өткізді. Тарбағатай және Алтайдан шығарылған Оспан батыр күрес отыз мың кісімен бастаса да 1950 жж. басында осы сан шамамен төрт мың ғана болды. Бұл санға әйелдер және бала-шаға да кіреді.

КСРО, Моңғол, Қытай қатарлы үш мемлекеттегі коммунистік қызыл армиямен он жыл соғысқан, олардың жиырма мыңнан астам адамын қырып, дүниені дүр сілкіндірген Оспан батыр ақыры 1951 жылы ақпан айында Қанамбал тауының Мақа деген жерінде қапыда қолға түседі.Үрімжіге жөнелтілді.Оспан батыр, халық арасында жүргізіліп көрсетілді және 1951 жылы 29 сәуірде өзінің ата жауы, қас дұшпаны коммунистік Қытай үкіметі қолынан Үрімжіде атылады.
Жанарбек Ақыбиұлы

Керей хан


Керей хан (туған жылы белгісіз, 15 ғ. 70 жж. басында қайтыс болған) — Қазақ хандығының негізін қалағандардың бірі. «Таурих-и гузида-ий Нусратнама» (126870) еңбегінің авторы айтып өткендей, Керей хан — Орыс ханның немересі Болат ханның ұлы.

1456 ж. Керей хан мен Әз-Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға еді.

Бұл оқиғаның мән-жайы мынадай болатын: 1428 ж. Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы мен Ноғай одағыШайбани тұқымынан шыққан Әбілхайыр хан бұрын Орда ЕженАқ Орда территориясы — Шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (124868) үстемдік етті. 15 ғ. ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар болған сайын үдеп феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді. Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытыраңқылық салдарынан Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылысын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпелі тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді армандады. құрылды. ұрпағы билеген

Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде былай дейді:

Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шетіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады…

Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, ШуТалас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан» деген атау қолданылды, ежелден осы алапты мекендеген қазақтың ұлы жүз тайпалары Дешті-Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан қанжілік болған қазақ халқы бұл араға келіп ес жиып, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген Дешті-Қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр хан қоластынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып қазақ хандығына келіп жатты. 15 ғ. 50 жж. ортасынан 70 жж. басына дейін Әбілхайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам көшіп барды. 1462 ж. Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі феодалдық қырқыс күшейіп, өкіметсіздік жағдайдың өріс алуы, Амасанжы тайшы бастаған ойрат жоңғарларының жасаған шабуылы салдарынан Моғолстан мемлекетінің шаңырағы шайқалған кезде Жетісуды мекендеген қазақ тайпаларының қазақ хандығына келіп қосылуы үдей түсті. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери, саяси күш-қуатын арттыра түсті. өзені мен

Алайда жаңадан құрылған қазақ хандығының экономикалық негізі әлі де әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа телі болып отырған болатын. Оның үстіне шығыс Дешті-Қыпшақты билеген Әбілхайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып, масайрап отырғандығына, әсіресе Әбілхайыр хандығынан көптеген тайпалардың оған ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды. Ол жаңа құрылған қазақ хандығын тарпа бас салып жойып жіберуге сұқтанды. Оншақты жыл айналасында батыс Жетісу өңіріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс, қоныс керек етті. Ал көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық — Сырдария жағалауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың оңалуына тек көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтардағы егіншілік өнімдерін өткізіп егіс көлігін алуды аңсаған егіншілер де, қолөнер өнімдерін өткізіп шикізат (жүн, тері, т.б.) алуды аңсаған қолөнершілер де, сауда тауарын өткізіп пайда табуға саудагерлер де мүдделі болды.

Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан еді. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен МоғолстанӘбілхайыр ханның Жетісудағы қазақ хандығына шабуыл жасауынан тізе қоса отырып қорғануды мақсат етті. 1468 ж. қыста Әбілхайыр хан Қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты. Әбілхайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің кеңеюіне үлкен орай тудырды. Әбілхайыр өлгеннен соң оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады. мемлекетімен тату көршілік одақ ойрат жоңғарларының тайшасы Амасанжының Моғолстанға шабуыл жасауынан және

Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті.

Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан он екі жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті-Қыпшаққа қайта оралды.

Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 147273 жж. СырдарияМоғолстан ханы Жүністің ордасына Бұрыш сұлтанның шабуыл жасаған кездерінде айтылады. жағасындағы қалалар үшін

Тарихи материалдарда Керей ханның хандық билікті ұлы БұрындыққаӨзбек ұлысын басқарған кезеңі, оның тағдыры қай уақытта, қандай жағдайларда қаза болғаны туралы нақты мәліметтер көрсетілмеген. Керей хан 147273 жж. оқиғалардан кейін қайтыс болған деп есептеледі. бергені туралы, Керей ханның



ДЕНЕСІ ТИБЕТТЕ, БАСЫ АЛТАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН БАТЫР


Шинжандық танымал жазушы Шәміс Құмарұлы «Бөке батыр» атты тарихи роман жазып, 1987 жылы Қытай елінде жариялады. Осы шығарма 1993 жылы «Жұлдыз» журналының 1-2 сандарында жарық көрді.  Бөке батыр Жырғалаңұлы 1846 жылы туған.  Бір әкеден – екеу. Артынан ерген інісі – Шөке батыр.

Алтай  асып барған қазақтарға қоныс кеңейту қажет болды. Сан жылдардан бері ірге теуіп, қазығын терең сіңірген қалмақ-торғауыттар жер бере қоймайды. Бөке бір топ жолдасымен Шіңгілдің Аққарын, Қарағаш өңірінен бірнеше ошақ қазып, оған қара талдың өртенген ескі көмірін көміп кетеді. Арада бір талай уақыт өткенде барып, жергілікті  қалмақ төрелерінен мына жер біздікі деп даулайды.  Содан Шыңғыс ханнан бері келе жатқан көшпенділердің қоныс иелену заңында айтылған «Иесіз жерге кім бұрын келіп күлін төксе, жер иесі сол болады. Байырғы мекенге иелік ету үшін қазған ошағы, мөрленген жұрты болуы керек» делінген қағидатқа сүйеніп, шатақ шығарады.  Екі жақ адам шығарып тексеріп көрсе, шынында   Шіңгілдің қара талының күйген көмірі шығады.

Осылай қазақ пен қалмақ арасында жерге талас, жайылымға егес үнемі болып тұрады.  Әсіресе, ежелгі Жібек жолы бойындағы байланыс бекеттерін күш-көлікпен қанымдаудан бас тартқаны үшін жергілікті билік Бөке батырға қырын қарай бастайды. Осындай әртүрлі себептерге байланысты Бөке елін бастап, шығысқа қарай – Боғда тауына көшіп барады. Бұл өлке – бұған дейін қазақ баласының табаны тимеген жер. Боғда өңірінің орталығы Шонжы қаласында төрт ұлттың (ханзу, ұйғыр, монғол, қазақ) өкілдігі ашылады. әр ұлттан шаңия (өкіл) тағайындалады. Қазақ атынан Бөке батыр сайланады.

Осылай өзі дара билік жүргізді. Халқына жайлы өмір жасады. Сондықтан да болар, Алтай, Тарбағатай өңірінің қазақтары Бөкенің еліне көшіп келе бастады. Жергілікті қытай шенеуніктері қазақтардың күшейіп кетуінен қорқып, Үрімжідегі үкіметке «Бөке жеке дара хандық құруды қолға алып жатыр»  деп арыз түсіреді. Бөке батырды тұтқынға алады. Елін Алтай, Тарбағатайға қайта көшіру үшін әскер аттандырады. Ел көшуден бас тартып, әскерлермен қақтығысады. Батырдың інісі Шөке Үрімжі ұлығына үлкен сый беріп, ағасын босаттырып алады. Түрмеден шыққан Бөке елдің астанасы  Пекинге барам деп аттанып кетеді. Бірақ Пекинге бармайды, жайлы қоныс іздеп жер шалып кеткен екен, жыл өткен соң келіп, елін бастап шығысқа қарай көшеді. Сол кеткеннен мол кетіп, Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бұл – 1900 жылдар шамасындағы жағдай.

Бөкенің елін қайтарып келу үшін Үрімжіден толық қаруланған 500 атты әскер шығады. Ақыры Бөке батыр қарсылық көрсетіп, қырғын соғыс өрті тұтанады. Қытайдың 500 шерігінің 300-ін жер жастандырады. Қазақтардан батырдың жалғыз інісі Шөке және жиырмадай адам шығын болады. Қытай үкіметі Бөкенің басы үшін мол сыйлық тағайындайды.

Бөке батырды 1904 жылдың жазында Тибет төрелері ел астанасы Лхаса  қаласына шақырады. Тибет төрелері құрметті қонақасы береді. Содан еліне оралған Бөке келе ауырып, қаза табады. Халқы батырды інісі Шөкенің қасына жерлейді. Бұл жер қазір «Есекбатқан» деп аталады. Тибет автономиялы ауданы, Алтынтоқ қорық мекенінің жері.

Бөке батыр қаза болғаннан кейін 12 тәулік өткенде Үрімжіден қисапсыз әскер келіп, елді қайта айдайды. Бөке батырды көрден суырып алып, басын кесіп әкетеді. Өйткені бұл басты әкелген адамның алдында зор қошемет күтіп тұрған еді. Батырдың басын Үрімжі көшесіне іліп қояды.  Соңында баласы Рабай әкесінің басын сұрап алып, байырғы мекені – Алтай нулы өлкесі, Шіңгілдің бойы, Аралтөбе ауылына қарасты Обаты қыстағына әкеліп жерлейді.

Осылай Бөке батырдың денесі Тибетте, басы Алтайда жерленген. Дене мен бастың арасы мыңдаған шақырым алшақ жатыр. «Беу, дүние-ай!» деген. Осы Бөкенің елінен бөлініп қалған азғана ел Тибетте әлі күні бар көрінеді. Бірақ бүтіндей өзгеріп кеткен. Тек өздерінің қазақ екендіктерін ғана біледі.

Жоғарыдағы Бөке батырдың баласы Рабай әкесінің басын Алтайға жерлеген соң,  ауылын бастап, Монғолияға ауып кетеді. Ал Шөке батырдың ұрпағы  Иманбала Шіңгіл бойында қалып қойып, артынан Бөркөл жаққа қоныс аударған екен. Осы Рабайдың баласы Айыпханнан тараған ұрпақ немесе Бөке батырдың шөбересі Саған ақсақал 1995 жылы Астанаға көшіп келді.  Балалары әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Кенже баласы Жәнібек – үлкен кәсіпорының  жетекші мамандарының бірі болса, ортаншы ұлы Асылбек – орта мектепте мұғалім. Қытайда қалған Шөке батырдың жалғыз ұлы Иманбаладан туған Жапанхан ақсақал да 2006 жылы Астанаға көшіп келді.

Бекен Қайратұлы

ТҰҒЫРЫЛ ХАН ТУРАСЫНДА


Орта ғасырда Орта Азияда орын алған оқиғалар тізбегі күллі адамзаттың назарын әлі күні өзіне аударумен келеді. Осы өлкеде V-VIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі әскери мемлекеттер Қырғыз, Ұйғыр, Түркі қағанаттарының жалғасы Керей, Найман, Қоңырат, Меркіт, Оңғыт (Уақ), Татар, Монғол, Жалайыр тайпалары хақында орта ғасыр тарихшылары көп жазған. Әсіресе, ұлы қаған Шыңғыстың өмір тарихына қатысты материалдарда аталмыш тайпалар туралы мол айтылады. Қытайдың көне деректерінде, Еуропа саяхатшыларының жолжазбаларында хатталғандары өз алдына.

Осы кезеңде өмір сүрген жеке тұлғалар арасындағы танымал адамдардың бірі – Керей Тұғырыл хан. Монғол елінің археологтары  Тұғырыл хан ту тіккен Тула өзенінің бойындағы ескі хан ордасына кешенді түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, толыққанды зерттеуді бастады. Хан ордасы ел астанасы – Ұлан-батырдан 30 шақырым жерде орналасқан. Аспалы шыңдай асқақ Боғда тауының етегінде. 1204 жылы Керей хандығы құлаған соң, Шыңғыс қағанның осында орда құруына байланысты  тарихта «Шыңғыстың ІІІ ордасы» деп те аталады. Боғда тауы бертінге дейін Тұғырыл ханның құрметіне «Хан тауы» аталып келген.

Осындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, хан ордасының сәулеттік құрылымы аса шебер салынған көрінеді. Әсіресе, қазба жұмысы барысында табылған заттар Тұғырыл ханның  батыстағы Еуропа және шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланғанын дәлелдеуде.  Хан сарайының ортаңғы бөлігі 15х35 метр алаңды алып жатыр. Төрт үлкен бағана тіреудің сұлбасы сақталған. Биіктігі 6-7 метр шамасында.

Құрылыстың архитектурасы шығыс үлгісінің мәнерінде жасалған. Жоғары шатырдан аққан суды пайдаланатын кәріз жүйесінің сорабы жақсы сақталған. Сарайдың ішкі жағының төбесі шығыстық мәнер бойынша безендірілген. Дала аңдарының бейнесі көркем түрде нақышталып, қабырғаларға қашалған. Айдаһар, мешін, пілдің  мүсіндері, гүлдердің әсем оюлары  бейнеленген заттар көптеп табылып жатыр. Бұл ою-өрнектер стилдік жағынан Үнді-қытай зергерлерінің қолынан шыққан туынды деген тоқтам жасалуда. Бұл заттар Тұғырыл ханның будда мәдениетінің ошағы болған елдермен де сауда-саттық, барыс-келіс  қарым-қатынасында болғанын айғақтап отыр.

Бұлардан басқа, қазба жұмысы барысында табылған тағы өзге дүниелер зерттеушілердің назарын ерекше аударыпты.  Атап айтқанда,  шығыстық жыл санаудың дәстүрлі 12 жануары бейнеленген, дөңгелек пішінді, ортасы тесік, алтын жалатылған «Уақыт есептегіш құрал» мен  бұдан бөгде бірнеше түрлі сыйынатын пұттар мүсінінің  табылуы таң қалдыруда.

Өйткені Тұғырыл ханды бұған дейін христиан дінін ұстанған деп келдік. Ендеше, христиан дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бұл заттар хан ордасында қайдан жүр? Мүмкін, тәңірлік таным немесе бақсылық бөгу дінді ұстанған көшпенділер өмірінің бір саласы  хан ордасында христиан дінімен бірге жасап келген болар деген жорамалдар жасалуда.  Тіпті Тұғырыл хан христиан дінін ұстанған жоқ дейтін пікірлер де айтыла бастаған. Осы соңғы болжамның шындыққа жақын болуы да әбден мүмкін.

Моңғол империясының тарихын зерттеушілер «Шыңғыс қағанның  алғаш адам қатарына қосылып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын  жинағанда дем беріп, демеу болған кісісі – осы Тұғырыл хан» дейді.

Атақты керей Көкеш бақсының хан Шыңғысқа қаратып айтатын:

Тәңірден суат алдың,

Тұғырылдан қуат алдың,

Найманнан хатшы алдың,

Керейден бақсы алдың,

Қоңыраттан ақыл алдың,

Жалайырдан батыр алдың,

Меркіттен қатын алдың,

дейтін толғауында дүйім тарихтың сыры жатыр.

Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғыстан 32 жас үлкен.  Есукейдің серт байласқан досы. Себебі, Есукейдің атасы Амбығайды, Тұғырылдың атасы Марғұзды татарлар мен жүржіндер ұстап алып, Алтын елінің патшасының қолына тапсырған. Алтын ханы оларды ағаш есекке шегелеп өлтірген. Оның сыртында Тұғырылдың әкесі Құршақұз Бұйрық пен Есукейдің әкесі Қабыл дос болған.

Тұғырылдың да көрмегені жоқ. Он үш жасында татардың Ажай ханы тұтқынға түсіреді. Одан қашып шығып еліне келіп, қайырымсыз аға-інілері Тайтемір мен Бұқатемірді ығыстырып хан тағына отырады. Осылай тозған елінің аузын аққа жеткізіп, алыс-жуыққа атағы шығып дүркіреп тұрған шағында,  бір күні  жылап-еңіреп алдына  Есукей досының баласы Темужин келеді.

–    Қарағым, саған не болды? – деп сұрайды Тұғырыл хан.

–   Хан әке, Қоңырат Дай шешеннің қызы Бөрте менің қалыңдығым еді. Соны әйелдікке әкеліп, отау көтеріп едім. Тұқымы құрығыр меркіттер қатынымды тартып әкетті, – дейді Темужин.

«Саспа, балам,  –  дейді Тұғырыл хан, – Әкең жақсы адам еді, аруағы риза болсын, мына менің ұлым Сенгүн  ішімнен шықса, сен сыртымнан шыққан ұлым емессің бе? Қайда ол қаңғыған меркіттер!? Сақалынан сүйреп, сабасына түсірейін!» – деп атқа қонып, Темужиннің шайқалған шаңырағын тіктеп берген екен. Осы оқиға жайлы моңғолдың «Құпия шежіресінде», «Алтын шежіресінде», Рашид-ад-диннің тарихи шығармаларында айтылады.  Бұл оқиға 1180 жылы болған.

1190 жылы Тұғырыл хан, Темүжин, Жамуқа үштігі атқа қонып татар-меркітті тыныштандырады. Осы жорықта Жамуқа мен Темүжин барлық  бұқарасын сарқып жүріп, 20 мың әскер әрең шығарғанда, Тұғырыл хан қиналмай-ақ  бір өзі 20 мың қолды бастап келген. Осы жолы Алтын елінің императоры Тұғырылға «Уаң хан» деген атақ береді. Бұл атақ артынан  ханның есіміне айналып кеткен жайы бар. Италиялық жиһангез Марко Поло: «Әлемге аты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп»  дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.

Заман өте келе, Тұғырыл хан да Шыңғыспен шайқасып, жеңіледі. Жан сауғалап батыстағы Найман хандығына бара жатқанда, шекара күзетінде тұрған қарауылдар қолынан қаза табады. Өлі бастың атақты керей Тұғырыл ханның мүрдесі екенін таныған найманның Дайын ханы оны күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып, аза тұтады. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтау бар. Онда:

Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,

Айбатты алып хан едің,

Даңқың кеткен әлемге,

Атағы зор жан едің,

Құтлық әже өсірген,

Бұйрықтан туған дана едің…,

деген жыр жолдар бар.

Құдайдың құдіреті-ай, күллі найман аза тұтып жатса, әлгі өлген ханның басы ыржың-ыржың етіп күліпті. Бұны жаман ырымға жорыған екен. Ақыры ол да рас болды.

Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Осының үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыстың  кіші ұлы Төле үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар Мөңке, Құбылай, Құлағу, Арық-бұқа төртеуі туған.

Ховдангол тумасы.

«КӨШПЕНДІ ЕЛДІҢ ПЕРЗЕНТІМІН»


Қаржаубай Сартқожаұлы – танымал түркітанушы ғалым. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми жұмыспен айналысады. Өткен 90-шы жылдары Бай-өлке қазақтары атынан Моңғолдың Ұлы Құрылтайына депутат болып сайланған тұлға.

–  Қаржеке,  сіз тура Наурыз мейрамы  күні туған  екенсіз, құтты болсын!

– Менің туған жерім – Алтайдың теріскейі. Күреңсал қырқалар адырлап келіп, ойпатқа құлаған  тұста Үйірті, Үсіген дейтін екі өзен бар. Біздің қыстау сол екі өзеннің құйғанында-тын. Ол заманда біздің ел Қобда бетіне (Алтай тауының теріскейі, Монғолия жері) әбден үйреніп,  мекендеп қалған кез.  Ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан көшпенді өмірдің түлегімін. Мал өрісін қуалап, шөптің шүйгініне қарай қаңбақша аунап көшкен елдің баласымын.

Анамыз маған дейін сегіз құрсақ көтерген екен. Бір-екеуі ерте шетінеп кетіпті. Мен кенжесімін. Тура Наурыз күні туыппын. Қобда бетінің батыстан орай соғатын қызыл желі бәсеңсіп, қыс жауған қалың қардың бауыры сөгіліп, ерте күзде көміліп қалған сиырдың қу тезегі қаудырап, қар астынан шығып жатқан тұс. Шешемнің маған аяғы ауыр. Ауылдан ұзап шықпайды. Десе де қарап отыру әдетіне енбеген анам, тура Наурыздың атқан таңымен бірге тұрып, бес-алты сиырын қыстаудың қарсы алдындағы бұйратқа өрістетіп жіберіп, тезек теруге беттепті. Ауыл іргесіндегі Үсігеннің мұзынан өтіп, қарсыдағы қыратқа таяп қалғанда, толғағы қысады. Ауылдан алыстап кеткен, амал жоқ, сол арада босаныпты. Баласы шырылдап ақ қардың үстінде буы бұрқырап жатыпты. Қолына іліккен қырлы таспен баланың кіндігін егеп кесіп, қаптағы тезекті төгіп тастап, жаңа туған нәрестесін орап үйіне әкеліпті. Сол бала мына мен боламын.

Сол себептен атыңызды «Қаржаубай» деп қойған ба?

– Айтайын… Жаңағы шешеміз үйге келген соң көршілер жиналып, менің кіндігімді дұрыстап қайта кесіпті. Енді балаға ат қою керек болған. Кіндігімді кескен әйел: «Бұл бала «Наурызкөже» күні туды атын «Наурызбай» деп қояйық», – депті. Үлкен ағам тұрып: «Қардың үстінде туды ғой «Қаржаубай» болсын», – деген екен, ақыры үлкендер осы атты қолай көріпті.

Сіз де көшпенді елдің дәстүрі бойынша жасыңызда жырмен ауызданған шығарсыз?

–  Нақ солай, ойпырым-ай, ол бір ғажайып заман еді. Шешем марқұм жақсы жыршы болды. Дәл санын білмеймін, өте көп жырларды жатқа айтатын. Әмбе, қазақы қара өлеңді  мәнерлеп салатын айтыскер еді. Анамның жатқа айтатын жырларын  ағаларым қалың дәптерге көшіріп жазып қойды. Осыны кешке қойды қоралап тастап, алқа қотан отырған кезде тыңдаймыз. Жырлаушы өлең мәнерін жорға нақышына келтіріп алып зулатады дерсің. Ес білгеннен бастап «Шәкім – Шәкірт», «Зылиқа – Сәмен», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» дастандарын жаттап өстік.

Жырға деген аса құмарлықтан да шығар, екінші класта оқып жүргенде «Манас» жырының 4 томын, «Мың бір түннің» 4 томын бітірдім. Мектептің кітапханасы өте бай болды. Төртінші кластың соңына дейін кітапханадағы барлық кітапты оқып тауыстым. Осы жылы мектепте жатқа тақпақ оқудан жарыс өтті. Елу тақпақты жатқа айтып, бәйгеден бірінші болып келдім.

Алғаш мектепке қалай барғаныңыз есіңізде ме?

– Бұл 1954 жылы болатын. Қоңыр күз. Жайлаудағы ел етекке түсіп, «Шалқар» көлді жағалай күзеулік жұртта отырған. Қолымда шыбыртқы, қозы-лақ қайырып өрісте ойнап жүр едім, жарау құла ат мінген бір адам тасырлатып шауып маған келді. Көзіне көзілдірік салған, желбіретіп шаш қойыпты. Шаш өсірген адамды алғаш рет көріп тұрмын. Қалада үлкен бастықтардың  шашы болады деп еститінбіз, шошып кеттім. «Сартқожаның баласы сенсің бе?»  деді. Мен «иә» дедім. «Қозы-лағыңды аулыңа қарай айда!» деп бұйырды. Айтқанын орындадым. Содан кейін: «Кел, менің артыма мінгес», – деді.  Қорыққанымнан  атына мінгесіп алдым. Жайып жүрген қозы- лағым далада қалды. Әлгі адам екі қолымды белбеуіне орап байлап алды да, жетпіс шақырым жердегі сұмын орталығына қарай тартып отырды.

Осылай жалаң аяқ, үстімде киім де жоқ, мектептің табалдырығын аттадым. Ертеңінде үлкен ағам ізімнен жетіп, киім әкеліп берді.

Не себептен далада жүрген жеріңізден мектепке сұраусыз алып кетті?

–  Біздің үйдің жоғары жағында күзеуде отырған Қамза деген бай болды. Мың жылқысы, бес мыңдай қойы бар. Соның менен екі жас үлкен баласы бар-тын. Соны сабаққа әкетпек болғанда, әкесі келген кісіге жақсы ат беріп: «Балама тимеңдер, жоспарларың орындалмай жатса,  қозы жайып жүрген Сартқожаның  жетімін алыңдар», – деп жіберіпті.

Осылай жеті жасымда мектепке бардым. Қазір жатақхана дейміз, интернатта тұрдым. Жас баламын, үйді сағынамын. Бір күні шешем келді. Маңдайымнан иіскеп, әкелген құрт-майын беріп кетті. Қарап тұрмын, шешем алыстай-алыстай, ақыры ноқаттай боп көрінбей кетті. Шыдамадым, ауыл жақты бетке алып, тұра келіп қаштым. Біраз ұзаған соң, бұрылып артыма қарасам, мектептің директоры қара көк атпен жосылтып келе жатыр. Секіріп өзеннің жар қабағының астына кіріп кеттім. Қарап жатырмын, директор ашулы көрінеді, ағып өтіп кетіп, қайта айналды. «Осы жардың астына жасырынды»  деп, сөйлеп жүр, іздеп жүр. Ақыры тауып алды. Қолындағы бұзау тіс қамшымен жон арқамды жосылтып тартып-тартып жіберді. Ат бауырына алып,  жаяу қуып келді. Бүкіл бала қызықтап қарап қалыпты. Мен пақырдың  айдалып келгенін  көргендер қашудың не екенін түсінсе керек.

Одан кейін де тәртіп бұрған кездеріңіз көп шығар?

– Төртінші кластан бастап моңғол тілінің сабағы кірді. Бір ауыз сөз білмейтін едік. Осы пәнді оқытуға жаңадан Ауғанбай дейтін ағай келді. Сымбатты, ұзын бойлы, тіп-тік жүреді. Мұрны қыран бүркіттің тұмсығы сияқты иілген, әрі қолағаштай үлкен. Баламыз, ағайдың шоқпардай танауы қызық көрінген болу керек, екі жұдырығымды түйіп, өзімнің мұрнымның үстіне жапсыра ұстап алдым да, жүгіріп барып, ұстазымның алдына тұра қалдым. Тепкілеп далаға қуып шықты. Келесі сабаққа келсем, журналға жауынгердей тізілтіп бес «2» қойып тастапты.

Содан күнде сабаққа дайындалам. Күн сайын сұранам. Шіркін-ау, сұрамайды ғой. Қорытынды шығуға таяды. Бес «екімнің» мұрты бұзылмай тұр. Демалысқа бір күн қалғанда, желтоқсанның 30-ы күні «кел бері» деді. Отырғызып қойып, ары сұрады, бері сұрады, жазбаша сынақ алды. Басын шайқап-шайқап тұрды да, қатарынан  бес «5» қойып, қорытындысын «беске» шығарып жіберді. Жарты жылдың ішінде бір қарпін білмейтін монғолдың тілін әжептәуір үйреніп кеттім.

Сіз қай жылы Ұлан-Батырға оқуға бардыңыз?

– 1962 жылы сұмынның жеті жылдық орта мектебін үздік бітіріп, өзің айтып отырған ел астанасына оқуға аттандым. Мына қазіргі колледж сияқты, ағаш, жиһаз ісімен айналысатын үш жылдық техникум.  Осында оқыдым. Осы үш жылда қаладағы ең үлкен Сталин атындағы кітапхананың ішіндегі барлық қазақша кітаптарды оқып бітірдім. «Абай жолы» романын тауып оқыдым. Кітапхана түнгі он екіге дейін жұмыс істейді, мен қызметкерлермен кітапхананы бірге жауып шығамын. Өстіп жүріп, үш жыл өте шықты. Техникумды бітіріп, «жиһаз технологы» деген табақтай дипломды құшақтап ауылға келдім.

– Моңғолия қазақтарының әкімшілік орталығы – Бай-Өлке аймағына келдіңіз. Қандай жұмысқа орналастыңыз?

–  Аймақ орталығында құрылысшыларды оқытатын кәсіптік-техникалық оқу орны бар еді, келіп сабақ үйреттім. Жұмыстан кейін жұмысшылар оқитын «кешкі мектеп» дейтін болды. Екі жыл оқытып, «10 жылдық білім алды» деп аттестат беретін. Түнделетіп жүріп, соны бітіріп алдым. Онсыз жоғары оқу орындарына қабылдамайды.

Мақсатым қайтадан Ұлан-Батырға барып, әдебиетші немесе журналшы оқуына түсу. Жолым болмады. Ағасы бастық біреу алдымды орап кетті. Басқа оқулардың бәрі бітіп кетіпті. Амал жоқ, Ұлан-Батырға келіп  «геолог- инженер» мамандығы бойынша конкурсқа құжат  тапсыратын болдым.  Кітап көп оқығанымның пайдасы тиді-ау деймін, отыз неше моңғолдың ішінен топ жарып бірінші келдім.

Арман адыра қалды, геолог-инженер оқуына түстім. Моңғолияда бірден-бір жалғыз университет бар еді, сонда оқитын болдым. Ректоры атақты биолог әрі жазушы Д. Цегмед деген адам еді. Моңғолияны БҰҰ-ға мүшелікке қабылдатқан атақты ғалым. Қоғам қайраткері, беделді кісі. Бірінші курстың сабағы басталған соң, қазан айының аяғына таман ректорға бардым. Айттым, «осылай да, осылай менің инженер болуға ықыласым шамалы, өлең жазам,  арманым – әдебиетші болу, көмектесіңіз» дедім. Ол кісі «Биыл оқу жылы басталып кетті. Осы оқуыңды өте жақсы оқып шық та, көктемде маусым айының 15-іне таман кел. Ауыстырып берейін»  деді. Алланың әмірі-ай деген, осында оқыған бір жылымның артынан дала кезіп, мүсін тастарды іздегенде пайдасы қатты тиді.

Маусымның 15-інде бардыңыз, ауыстырып берді ме?

– Тура айтқан күні бардым. Арада жылға салым уақыт өтіп кетті, ұмытып кетті ме, кім білсін. Ұмытпапты, салған жерден «зачетная книжканы» сұратты. Көріп жіберіп: «Оу, сен жақсы оқыпсың ғой. Қарағым, мына геолог деген жазушы болуға таптырмайтын мамандық. Жазушылықпен қоса айналыса бересің. Мен де жүрмін ғой. Ауыспай-ақ қой», –  десін. «Мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді, не болса да ақырына жетіп тынайын» деп өз пікірімнен қайтпадым. Содан кадр бөлімінен біреулерді шақырты. Бірінші проректоры Батмунке деген кісі-тін, соны қоса шақыртты. Батмунке артынан ректор, Моңғолияның Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы, Министрлер Кабинетінің басшысы болды.

Бәрін жинап алып, «Мына тұрған Қаржаубай деген талантты қазақ баласы. Түбі бір жерден жарып шығады. Өлең жазады екен. Осы балаға Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінен келетін жалғыз «журналшы» мамандығын  беріңдер!» деді. Қосшылары бір ауыздан «мақұл» деді. Менің арқамнан қағып жол болсын айтты. «Мен ертең Кубаға іссапармен кетіп барамын. Бір ай шамасында сонда болам. Кезікпей қалсақ, жолың болсын!» деді.

Коридорға шыға бергенімде, «Маған кіре шық!» деп манағы бірінші проректор шақырды. Бардым. Қуаныштан аздап қоқиланып та кеткен шығармын. Проректор түсін суытып: «Сен неғылған адамсың, басқа ел оқуға түсе алмай жүрсе, сен мамандық таңдайсың, бұл не деген бассыздық», –  деп айғайласын. «Мұндай болса, ректор кетпей тұрғанда қайта кіріп, мәселені шешіп алайық» деп, есікке қарай жүгірдім. «Тоқта-а-а!» деп айғай салды: «Жаман-жақсы болсын, мен бірінші проректормын. Менің бір ауыз уәжімді көтермейтін неткен бейшара адамсың» дегенде, сорлы басым өзім ұялып қалдым. «Ертең келерсің» деп шығарып жіберді.

Ертеңіне келдім, қабылдамады. Бүрсігүні келдім, тағы сол. Сандалтып жүргізіп қойды. Бір күні өзім оқитын геолог-инженер факультетінен іздеп жатыр деген хабар жетті.  Барсам, армия қатарына шақырған қағаз келіп тұр. Одан құтылу деген жоқ. Не істейін. Орталық партияның үні, елдегі бірінші газет – «Үнэнде» журналшы Жамса деген таныс моңғол аға бар еді, жүгіріп сонда бардым. Бәрін айттым.

«Әскери куәлігің қайда?». «Өзімде». «Шақыру қағазың қайда?». «Мінеки». Қолымдағы бар-жоқ қағаздарымды Жамса ағам папкасына салып алып, әскери комиссариаттың  бастығы Сосыр деген генералға кетті. Екеуі ауылдас  әрі армияда бірге болыпты. «Сен, – деді Жамса ағай, – университетке де барма, әскери комиссариатқа да көрінбе». Содан тас бүркеніп, жасырынып жаттым.

– Содан не болды?

–  Не болушы еді, денсаулығында ақау бар, әскер қатарына жарамайды деген қағаз істеп берді. Қағазымды қойныма салып алып, аяңдап университетке келдім. Геология-минералогия ғылымдарының докторы Лхагва-сүрен деген профессор бар еді, алдымнан сол шықты да, «Ей, қазақ әскерден қашып жүрсің бе, енді сотталасың» деп масайрап тұр. «Ойбай-ау, ондай жаман сөз айтпаңыз, қашып нем бар, денсаулығым жарамай қалды, ұят болды» деп, қолымдағы қағазды көрсеттім. Оқып көрді. «Мынаны қара, генералдың өзі қол қойыпты» деп, таң-тамаша болды да қалды. Дүниені жаңғырықтырып, қарқ-қарқ күліп мен тұрмын…

– Әлгі «Ломоносов» қайда қалды?

–  Енді не істер екен деп манағы тағдырым қолында тұрған проректорға келдім. Келсем, менің қамқоршым ректорым алыс сапардан әлі оралмапты. Барлық шешім бірінші проректордың қолында. Содан ойландым: «Ей, Қаржаубай мүйіз сұрайым деп жүріп, құлақтан айырылып қалма. Ломоносовың көзден бұлбұл ұшқан екен. Болмаса, осы университет ішіндегі кез келген гуманитарлық оқуға ауысу жағын қамда». Бұрынғы жалын жоқ, ілдебайлап проректорға да жеттім-ау. Мені көрді де: «Мәскеуге жібере алмаймын, оқығың келсе, университеттің «моңғол тілі» мамандығына оқы. Оқымасаң, жолың анау», –  деп есікті көрсетті. Намыстанып кеттім. «Өте жақсы оқымасам, атым өшсін»  деп, жылап жібердім.

– Дұрыс, Қаржеке! «Моңғол тілі» мамандығын оқып жүрсіз. Ал енді көне түркі жазуын зерттеуге не себеп?

– Манағы геологым жайында қалды. Моңғол тілі мамандығын бірінші курсынан бастадым. Жыл соңында университет бойынша үлкен ғылыми конференциялар өтеді екен. Осыған «Моңғол тілінің метафорасы» деген тақырыпта баяндама жасап, екінші орын алдым. Сол екі ортада бірінші проректор Ж.Батмунке ректор болып шыға келді. Қорытынды жиынға ректордың өзі келіп, марапаттарды тапсырды. Бір заманда «Сартқожаның Қаржаубайы екінші орын» деп жариялады. Ректор «Бұл әлгі тентек Қаржаубай ғой, сабақ қалай?»  деді. Тісімді шықырлатып тұрып, «Өте жақсы» деп саңқ еткіздім. Басын шайқап, «Жігіт екенсің!»  деді ректор.

Жыл сайын әртүрлі тақырыптар бойынша баяндамалар жасап, бірінші орыннан түспедім. Бесінші курста оқитын жылы Қызылорда институтының профессоры Ә.Қоңыратбаевқа хат жазып жібердім. Осы хат кейін Қоңыратбаевтың 10 томдығына кіріпті. Хатта аспирантурада оқуға жәрдемдесіңіз дегем. Ол кісі біздің ректордың атына жауап жазыпты. Оны мен білмеймін…

Менің диплом жұмысым «Тұй-ұқұқ ескерткішінің тілі» деген тақырыпта жазылды.

– Бұған дейін көне түркі жазуынан хабарыңыз болды ғой?

– 1965 жылы «Білім және еңбек» журналына Ғұбайдолла Айдаровтың  «Күлтегін деген кім?» дейтін мақаласы шықты. Осында көне түркі жазуының әліппесі беріліпті. Осыны жаттап алдым. Әрі байырғы түркі ескерткіштері туралы жақсы мәлімет берілген екен. Барлығы Моңғол даласында дейді. Осы мені қатты ойландырды.

Университетте баяндамалар жасап таныла бастаған екінші курстағы кезімде аса ірі полиглот ғалым, профессор Чой. Лувсанжав деген 12 тіл білетін ғұлама адам бір күні мені шақырып алып: «Сен ғылымға бейімі бар бала екенсің, әмбе қазақсың, моңғол тілін зерттеп жүрсің, көне түркіні білесің бе?», – деді. «Әрпін білемін». «Жаз» деді. Жаздым. «Қандай кітап оқуды білесің бе?». «Жоқ». «Қандай сөздік қолдануды білесің бе?». «Жоқ».

Әлгі кісі айтты: «Балам, мына моңғол даласындағы барлық ескі жазулар- сенің ата-бабаңның жазуы. Сен моңғол тілін зерттеп әуре болма. Онсыз да өзіміз зерттейміз. Көне түркімен жағалас!». Оның жолын білмейтінімді айтып едім, «Өзім көмектесем» деді. «Екі күннен соң кел» деді. Бардым. Үстелінің үстіне мен көрмеген кітаптарды үйіп қойыпты. В.В.Радлов, С.С.Малов, А.Н.Бернштам, Н.А.Батманов, В.В.Бартольдтың еңбектері және көне түркі сөздігі тұрды. «Ал, Қаржаубай, осы кітаптарды оқисың. Бір жылға өз атыма жаздырып алдым. Дақ түсіруге болмайды. Келер жылы дәл осы күні маған емтихан тапсырасың» деді.

Кітаптар орысша. Оны түсінбеймін. Енді не істеу керек? Орыс тілін үйренуге кірістім.  Қағазды тілдей-тілдей етіп жапырақтап алып, әрбіріне 30-40 орыс сөздерін жазып, сабақтан тыс уақыттарда бір қалтамнан алып, оқығанымды екінші қалтама салып жаттай бастадым. Сөздік қорым көбейіп қалды. Енді грамматика керек. Авторы Пулкина деген орыс тілін үйренушілерге арналған оқулық болушы еді, сонымен аюдай алыстым.  3-4 ай дегенде бұлдыр-салдыр түсінетін болдым. Өзім білетін  Ғ.Айдаровтың әліппесі көп көмектесті.

Жыл уағында айтқан күні ұстазыма бардым. Жақсы адам еді жарықтық, «Келіп қалдың ба?»  деп күлді. С. Маловтың кітабын ашып қойды да, сұрақты қарша боратты. Кәдімгідей, тоқтамай 2 сағат емтихан алды. «Менің білерім осы. Енді қалғанын өзің іздеп тап, жолың болсын» деді. Қолымнан жетелеп алып кітапхананың бас директорына әкелді. Барлық кітаптарды оқу бітіргенге дейін үйде ұстауға ұлықсат алып берді. «Жақсыдан – шарапат» деген осы шығар…

Диплом жұмысын «Тұй-ұқұқ ешкерткішінің тілі» деген тақырыпта  қорғадыңыз…

– «Тұй-ұқұқ» ескерткішінің басына барып, көне жазуды бірнеше рет көшірдім. Содан 1973 жылы Моңғол Ғылым академиясының ұйымдастыруымен социалистік жүйе елдері археологтарының «Көшпелі өркениеттің ролі» атты халықаралық үлкен конференциясы Ұлан-Батырда өтетін болды. Қазақстаннан атақты ғалым Әлкей Марғүлан келе жатыр деген соң,  аңдып жүріп әуежайға бардым. Небір қасқалар мен жайсаңдар күтіп алды. Арасында шапқылап мен жүрмін. Бес жұлдызды «Ұлан-Батыр» қонақ үйіне келіп орналасты. Жанында түрікменнің Атағараев деген ғалымы бар. Екеуінің асай-мүсейлерін тасып зыр жүгіремін. Бір апта бірге болдым.

Қорғағалы жатқан диплом жұмысым жайлы ақыл, кеңес сұрадым. Кетерінде «Маған ерекшелеп не айтасыз?» дедім. «Сен бақытты қазақсың. Осы ескерткіштерді көруді бізге бұйыртпай тұр. Әрбір барғаныңда ерінбей қайта-қайта көшіре бер, көшіре бер», –  деп тапсырды. Ұшаққа отырғызып жібердім. Келе жатып ойлап қоям: «Әлекең алжыған шығар, онсыз да сан рет қайталап көшіріп алдым, қайта-қайта көшіргенде май шыға ма?». Бір күні барып тағы көшіріп келдім. Отырдым да алғашқы екі көшірмені салғастырып көрсем, тіпті біріне-бірі ұқсамайды. Таң қалдым. Жынданған шығармын. Қайта барып көшіріп келсем, оным тағы бөлек. Содан алтыншы, жетінші рет көшіргендерім бір-біріне ұқсай бастады. Адамның көзі үйрену керек екен. Дағдылану қажет екен.

Әлекеңнің бір ауыз сөзі маған өмірлік сабақ болды. Артынан басқадай жазуларды көшіргенде көп септігі тиді.

Содан диплом қорғайтын болдым. Алғашқы күні кезегім келіп тұрып, кіре алмадым. Екінші күні де солай болды. «Әлі кіретін болған жоқсың» дейді. Үшінші күні университеттің ректоры бар, Ғылым академиясынан адамдар бар, оған газет тілшілері еріп алған – он бес адам сау етіп жетіп келді. Менің тақырыбым бұған дейін тың дүние еді. Осыларға көрсету үшін күттірген болуы керек. Маған «кірсін» деген бұйрық келді. Ғылыми жетекшім Моңғолия Ғылым Акедемиясының академигі, атақты лексикограф, Ленинград университетінің түлегі, әрі түркітанушы Лувсан-дэндэв деген еді, оны да шақыртып алды.

Комиссия хатшысы «20 минут сөйлейсің» деп уақыт кесіп берді. Сөйледім. Артынан жетекшім сөйледі. Бәрі дән риза. Ректор өзі шығып сөйледі. «Мен бұл баланы жақсы білемін. Ломоносовқа кетем дегенде, жібермей алып қалғам. Осыным дұрыс болған екен. Болашақ түркітанушы дайындап тастаппыз. Қазақстанның Қызылордадағы жоғары оқу орнынан келген хат бар. Осыны табыс етейін. Ғылым акедемиясына жұмысқа орналассын. Аспирантурасын солар шешсін» деп, хатты тапсырды. Ғылым академиясына жұмысқа баратын  болдым, әлгі арада.

–  Бірақ барған жоқсыз ғой. Оған не себеп болды?

– Менен кейін бірге оқыған, курстас досым Қуанған деген азамат қорғауға шықты. Моңғол тілін жақсы біледі. Бірақ өте бір акцентпен сөйлейтін. Оның үстіне ғылыми жұмысының сыртқы мұқабасына бадырайтып тұрып «Жұмаханұлы Қуанған» деп жазып қойыпты. Декан тұрды да, әлгіге шүйліге кетсін. «Сен неге  «ұлы» деп жазасың, қайдан шыққан ұлтшылсың»  деп тықсырып әкетті. Қуанған тумысы момын жігіт еді, үнсіз қалды. Қорғаушыға қатысты студенттердің де пікір айтуға құқығы бар болатын. Соны алға ұстап, артқы жақта студенттер арасында отырған мен келіп екеуінің арасына киліктім. «Неге жазбайды, жазуға тиіс, мысалы Никита Хрущевтің атын моңғолша жазғанда, «ев» дегенін  тастамай жазады емес пе?» деп, Совет елінің басшысын ұстай жығылдым. Декан түтігіп кетті.

Осы оқиғаны аяқсыз қалдырмай, мені жамандап Ғылым академиясына арыз түсірген. Оның үстіне мені жұмысқа қабылдайтын адам танысы болу керек, айналып Бай-өлкеме келдім. Орта мектепке мұғалім болдым. Қыс өтті. Көктемде Ғылым академиясынан маған  «тез жетсін» деген хат келді. Барсам, баяғыда бұйрығым шығып қойыпты. Осылай бір жола түркіні зерттеуге ойыстым. Үзбей,  23 маусым  дала кездім.

Олжас Сүлейменовпен кезігіп, ол кісіні Тоныкөк ескерткішіне ертіп барған кезіңіз осы шамада ғой?

–  Бір күні жұмыста отырсам, Жазушылар одағы шақырып жатыр деген хабар келді. Барсам, Олжас келіпті. Қасында Сібірдің нивх халықтарынан шыққан жазушы В.Санги және екі мажар жазушысы бар екен. Олжекең түркі жазуларын көргісі келген екен, мені жолбасшылыққа барасың деп қосып жіберді.

Олжекеңде қазақша жоқ. Анда-санда «айналайын» деп басымнан бір сипап қояды. Менің орысшам шамалы. Екеуміз бұлдыр-салдыр түсінісеміз. Тұй-ұқұқ ескерткішіне тартып келеміз. Жолай дөңестеу жерге Олжекең тоқтады. Төбенің басына шығып тұрып, тебіренді. «Мынау менің бабаларым жортқан жон. Ана қаптаған қалың қарағай Тұй-ұқұқтың жер қайысқан сарбазы. Арғымақтар ауыздығымен алысқан дала. Тебінгісі тер қатып, ата жаумен шайнасқан, қайран менің бабаларым…», –  деп, күңіренді дерсің. Керемет әсерлендім, көзімнен жас ыршып кетті.

Одан кейін Тұй-ұқұқтың тасын құшақтап сүйді. Қарап тұрдым. Көне түркіше бір-екі жолын баптап оқып шықты. Оны орысша аударып айтты. «Бұл – менің бабаларым сөзі» деді. «Ей, Санги, сенің бабаларыңда осындай бар ма?» – деп сұрады. Ана кісі басын шайқады. Венгрлерден сұрады. Олар «жоқ» деді. «Біз екеуімізде бар» деп, мені көрсетті. Тұрып-тұрып, «Тастың мына жерлері неге бүлініп қалған» деді қабық шытып.

– Алдында, сіз көшіріп жүрген кезде бүтін бе еді?

–  Бүп-бүтін болатын. Төрт жыл бұрын ескерткіштен 4-5 шақырым жерге Кеңес елінің дивизиясы орналасқан болатын. Еріккен солдаттар тасты  нысана қылып атып бүлдіріп тастаған. Олжекең соны сұрап тұр. «Сіздің орыс солдаттар атып тастаған» дедім, жұлып алғандай. Намысшыл адам екен, күреңітіп кетті. Барды да, дивизияны аяғынан тік тұрғызды. Генералдардың екі аяғын бір етікке тыққандай болды. Содан бастап атқыштар сап тиылды.

– Қаржеке, көк түріктер жыл басын қайсы айдан бастап есептеді екен?

– Осыны көп зерттедім. Олар ай атауларын – бірінші ай, екінші ай, үшінші ай  деп санмен атаған. Енді бірінші айы қай кезден басталады, осыны іздедім. Ғылымда «Моғойн шине ус» деп аталған ескерткіш тастағы  жазуда: «Селенга өзенін үшінші айдың 25-інде салмен кешіп өттік»  деген сөз бар. Осыны нақтылау үшін Селенга өзені қай кезде толық еріп, салмен жүретін мүмкіндік болады, соны бірнеше жыл қайталап зерттедім. Тура  алтыншы айдың (маусым)  25-терінде өзен толық мұздан арылып бітеді екен. Енді алты айдан үш айды алып таста, тура үшінші айдың 25-і емес пе. Бұл кәдімгі – Наурыз. Көк түріктер жыл басын Наурыз айынан бастап есептеген.

– Көне түркі жазуларындағы айтылған салт-дәстүрлер бүгінгі біздің тұрмысымыздан көрініс бере ме?

–  Тура біздікі. Мысалы айтайын, Күлтегіннің үйден сүйегін шығарғалы жатыр. Киіз үйдің солтүстігінен дауыс шықты дейді. Ол – қазан жақ. Онда әйелдер отырады, «Дауыс шықты» дегені – жоқтау. Жоқтау бар ма, бар. Екіншіден, жетісін, қырқын, жылдығын беру сол кезде болған. Үшінші, табаққа мүшелеп жілік салып, бас тарту көк түркілерде болған, ол бізде әлі бар. Білге қағанның кешені толық қазылды. Қаған мен қатыны Бүбу бегімнің мүсін тасының алдына жозы тас қойылған. «Дастархан тас» десе де болады. Осы тас үстінде күміс табаққа салып, он екі мүшесі жіліктеп тартылған қойдың басы шықты. Сыйлы қонаққа бас тарту бүгін бар ма, бар.

Қазіргі 38 түркі тұқымдас халықтарда бас тартатын қазақтар ғана. Көк түркілердің барлық ритуалы қазақтарда сақталған. Екінші – тілі. «Байырғы түркі алфавитінің шығу тегі» деген еңбек жазып бітірдім. Содан фонетикасын, лексикасын, сөздік қорын, ақпараттық маңызын салыстырдым, бұл тіл қыпшақ тіл тобына жатады деген қорытындыға тоқтадым.  Көк түркіге қатысты ескерткіштерде  780 түбір сөз бар екен. Осының 60 пайызы қазіргі қазақ тіліне өзгеріссіз сәйкесіп тұр.

– Сіз Ғ.Айдаровты ұстазым дейсіз, неліктен?

– Мен 1981 жылы Мәскеуге, Ленинградқа барып, желтоқсанның 4-і күні Алматыға ұшып келдім. Ғалым Ерден Қажыбек пен бүгінгі «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес және түріктанушы Аманқос Мектептегі үшеуі қарсы алды. Ертеңінде Ғылым Акедемиясына алып келді. Сол жерде Ғұбайдолла ағаймен таныстым. Қауқылдаған ақ көңіл адам екен. «Сізді іздеп келдім» дедім. Жарықтық, «мені де іздейтін адам бар екен» деп қатты қуанды. Сөйтсем, ол кісі шәкірт тәрбиелей алмадым деп ренжіп Түркіменстанға көшуге бел буып отыр екен. «Ойбай, неге көшесіз, шәкірт деген мына мен, мені қайда тастайсыз?»  дедім. Жарықтық ойланып қалды. Отбасында аса бекзат жандар екен. Бір ай бірге жұмыс жасадық. Мен кетерде: «Балам, мен ешқайда көшпейтін болдым, маған бір шәкірт жетеді. Қазақстанда қалдым», – деді.

Сол жолы Ғұбакең түркітанудың көп қыр-сырын айтып берді. Ол кісінің таспен тікелей жұмыс істейтін мүмкіндігі болмады. Болғанда керемет дүние жасауы әбден мүмкін еді.

– Қаржеке, Қазақстанға қалай келіп қалдыңыз, кімдер себепкер болды?

– 2002 жылы Бай-Өлкедегі ғылыми зерттеу орталығының жұмыстарымен Ұлан-Батырға барып келіп, үйде демалып жатсам, телефон шырылдады. Көтерсем, Ақселеу Сейдімбек ағам екен. «Не істеп жатырсың» дейді. «Демалып жатырмын» деп қоям. Ахаң: «Бұл демалатын заман ба, Мырзатай мен Иманғали інің мұнда отыр, сөйлес» деп, телефонды Иманғали Тасмағамбетовке берді. Турасын айтқанда, Имекең «келіп-кетіңіз, ақылдасатын шаруа бар» деді. Бұл ақпан айының 27-ші жұлдызы еді. Үш күннен соң ұшақпен Алматыға келіп, ертеңінде пойызбен Астанаға тартып кеттім. Осылай астаналық болып шыға келдім.

Бекен Қайратұлы

ҚҰТ ТАҒДЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР


Монғолия қазақтарынан шыққан қайраткер Қашқынбай Мәлікұлы 1918 жылы туған адам. Байөлке аймақтық іс басқару орнында сақталған және қайраткер ағаның өз қолымен толтырған архив құжаттарындағы деректе Қашекең 16 жасында алғаш мектеп табалдырығын аттағаны жазылыпты. Үш сыныптық білім алғаннан кейін ел басқару ісіне араласқан. Оқытқан ұстазы – Бердіқожа Жолтаев дейтін Коминтерн өкілі ретінде Монғолия еліне 1930-шы жылдары барған Семейдің қазағы. Осы Б. Жолтаев Кеңес ұйымдарының тапсырмасымен 1940 жылдардан бастап 8 жылға жуық  Қытай елінде тыңшылық қызмет атқарған екен. Артынан Монғолияға қайта оралған тұста Кеңес ұйымдары тарапынан Жолтаевты атып тастау жөнінде бұйрық келген.

Осы тұста Ұлы Құрылтай (Парламент) төрағасының  орынбасар-хатшысы қызметін атқарып жүрген Қашекең ұстазын ату туралы үкім шыққанын естіп, оның ісін Құрылтай басқарма мүшелерінің талқысына ұсынып, Кеңес елінің елшісін көндіріп, ақтау жөніндегі шешімді шығартып алып, үкімді орындауға тиіс Қобда аймаққа тартады. Ұшақтан түсіп, тура    түрмеге барса, ұстазын 5 минут бұрын атуға алып кетіпті. Бірақ атып үлгермеген. Бердіқожа Жолтаев ағамыз  осылай бір ажалдан қалған.

Қашқынбай Мәлікұлының тағдырындағы аса елеулі оқиға – Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда Монғол елі атынан майданға көмек әкеліп, 4 ай соғыс шебінде солдаттармен бірге окопта жатып, Бас қолбасшы Сталиннің қабылдау қонақасына қатысып, көсемнің қолынан 747-ші  нөмірлі «ТТ» пистолетін сыйлыққа алуы. Бұл қару қазір Байөлке аймағының орталық мұражай қорында сақтаулы тұр.

Қашекең бұл сапары жайында 1985 жылы Жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында «Өмір өрнектері» дейтін көлемді естелік жазып қалдырған екен. Осы естеліктен үзінді келтірсек: «… 1942 жылдың күзінде мені Ұлан-батырға шақырды. Қызыл Армияға көмек апаратын топтың құрамына енгізіпті. Делегацияны маршал Х. Чойбалсын бастап жүрді. «Төңкерісшіл Монғолия» атты танк колоннасын сыйға тару үшін 300 килә таза алтын, 100 мың америка доллары, 2,5 млн моңғол ақшасы, азық-түлік, киім-кешек бар – барлығы 237 вагон дүние-мүлікті тиеп алып, 1942 жылы қараша айында жолға шықтық. 1943 жылы 12 қаңтар күні Мәскеу маңындағы Нарофоминский дейтін шағын қалашықта Монғол жұртының қаражатына жасалған 53 танкіні полковник М.Т. Леонов басқарған 112-ші танк бригадасына тапсыру рәсімі өтті. Мен қабырғасында «Бай-өлке» деген үлкен жазуы бар танкіні экипаж командирі Резковқа тапсырдым. Ол мені танкке отырғызып, ары-бері алып жүрді. Бай-өлкеліктер жинап берген азық-түлік, киім-кешекті солдаттарға үлестіріп бердім. Жиын соңында бригада командирі: – Біз бұл танкілермен Берлиннің көшесін таптаймыз, – деді».

Осы рәсімнен кейін делегацияны И.Сталин қабылдаған. Қонақасы берген. Онда Қашекең де болған. Жоғарыдағы естелігінде Сталинді суреттеп жазыпты. «Менің қазақ екенімді біліп, аса ықыласпен құшақтап көрісті» дейді. Себебі, сол тұста соғыс Мәскеуден 150 шақырым жерде жүріп жатқан. Мәскеуді қазақтар һәм қазақстандықтар қорғап қалды. Тегі Бас қолбасшы қазақтардың қадірін түсінсе керек. Қашекеңді құшақтап, Сталин фотоға түскен. «Осы фотоны түсірген адам қайтар жолда  немістердің әуе шабуылынан қаза тапты. Барлық құжаттар өртеніп кетті» деп жазыпты Қашекең. Қайраткер ағамыз майданға қазақтың ұлттық киімін киіп барған екен. Басында үкілі керей пұшпақ тымақ, үстінде ақ сеңсең қой терісінен тігілген ішік…

Жоғарыдағы 112-нші танк бригадасы туралы Монғол баспасөзінде көп жазылыпты. Моңғол елі сыйлаған 53 танктің он шақтысы 5375 шақырым жол жүріп Берлинге барған. Бір таңғаларлық жағдай: «Бай-өлке» атты  танк те  аман-есен Берлинге тұмсық тіреп тоқтаған. 16 Кеңес Одағының Батыры жаралыпты. Соғыстан кейін бригадаға Сүхе-батор есімі беріліпті.

Қашқынбай  ағаның тағдырына  Қытай көсемі Мао Цзе Дунмен де кездесіп, әңгімелесу сәті бұйырыпты. 1956 жылы Қытай компартиясының  кезекті ҮІІІ съезі өтеді. Монғол елінің делегациясы құрамында Қашекең де барған екен.

Қоғам қайраткері Қашқынбай Мәлікұлы өз дәуірінде 3 дүркін Ұлы Құрылтайға депутат болып сайланған.  Ұлы Құрылтай төрағасының  хатшысы қызметін атқарған. Қашекеңнің замандасы Абай Рамазанұлының естелігінде: «Қашекең Монғолдың төрт ұлы патшасының мөрін ұстаған адам. Ұлы Құрылтайдың хатшысы қызметін атқарып тұрғанда Құрылтай аппаратында сақтаулы Шыңғысханның мөріне, 19 ғасырда Монғолды билеген Боғда ханның мөріне, 1924 жылдан 1950 жылдарға дейін барлық құжаттарды заңдастырған  Кіші Құрылтай мөріне және өз дәуіріндегі Ұлы Құрылтай мөріне иелік жасап, әр дәуірдің тарихи құжаттарын кепілдендіріп отырған», – деп жазыпты.

40 жылдан астам Монғол елін басқарған мемлекет басшысы Ю. Цеденбал да Қашакеңді қатты құрметтейтін болған. Әркез кездесіп амандық-саулық сұрасып тұрған. Цеденбал өзінің бір естелігінде: «Мен Қашқынбай мен Оразбайды ерекше қадірлеймін. Ол екеуі үкімет бастауға лайық кемеңгер тұлғалар», – депті («Халқының адал перзенті» естеліктер жинағы. Ұлан-батыр, 2004, 79-бет).

Қашқынбай аға 1986 жылы дүниеден өтті. Артында естелік болып айтқан сөзі, атқарған еңбегі қалды. Марқұмның кіндігінен тараған ұрпақ-жұрағаты қазір Бай-өлкеде және Қарағанды облысының Осакаров ауданы мен Теміртау қаласында тұрып жатыр.

Бекен Қайратұлы