ХАЛҚЫН-ГОЛ ШАЙҚАСЫНЫҢ ҚАҺАРМАНЫ


Шеттегі Қазақ батыры

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына сан жылдың жүзі толды. Батыс саясаткерлері өткен-кеткенді қазбалап, бәзбір оқиғаларға саяси рең беріп те қойды. Мысалы, Польша елі «сұм фашистердің соққысына алғаш ұшыраған біз едік» деді. Онымен қоймай, «мына жақта Гитлермен алысып жатқанда, Сталин арқамыздан қанжар қадады» деп салды.

Қысқасы, Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы басталыпты. Еуропа  солай дейді. Бірақ фашистік Германияның одақтасы – жапон милитаристері 1935 жылы Қытайдың шығыс бөлігін басып алып, Ішкі Моңғолияны өзіне қаратты. Ол аздай, Кеңес одағының шекарасын қайта-қайта түртпектеп мазасын алды. Сасқалақтаған Кеңес елі 1936 жылдың 12 наурызы күні КСРО Қорғаныс Халық Комиссары К.Е.Ворошиловтың бұйрығымен 57-ші арнаулы корпусты күшейтіп, Халқын-гол маңына әкеліп орналастырды. Моңғол жағы болса, «Сіз бастаңыз, біз қостайық» дегендей, шағын армиясын ол да алып келді. Осылай бір шайқастың басталары анық болды.

Жапондар шекараға келіп қалған Кеңес-Моңғол әскерін сарылтып күттіріп қоймай, 1939 жылдың 11 мамыры күні соғысты бастап кеп жіберді. Халқын-гол шайқасының қос қапталы 80 шақырымға, майданның алғы шебінен артқы тылына дейін 25 шақырымға созылып жатты.

Мамырдың 11-інде басталған соғыс осы айдың 31-іне дейін жалғасты. Жиырма күннің ішінде самурайлардың беті қайтты. Олар сәл ентігін басып алып, шілденің 2-сі күні шешуші шайқасқа кірісті. Соғыс қыркүйек айының ортасына дейін жалғасты. Екі ай жарымға созылған ұрыста жапондар 50 мың адам, 660 ұшақ, 175 зеңбірек, 340 шақты пулеметінен айырылып, тура қыркүйектің 16-сы күні жеңілгені туралы актіге қол қойды.

КСРО Жоғары Кеңесінің  Жарлығымен Халқын-гол соғысына қатысып, ерлік көрсеткен  Қызыл Армияның 17068 офицері һәм жауынгерлеріне орден, медаль берілді. 73 адам «Кеңес Одағы Батыры» атағына ие болды. Ұшқыштар – Я.В.Смушкевич, Г.П.Кравченко, С.И.Грицевец екі мәрте батыр атанды.

Жауын жеңіп, көңілі орныққан Моңғол үкіметі де қарап қалмай, Мемлекеттік Кіші Құрылтайдың шешімімен Моңғол Халық Армиясының 726 офицер һәм жауынгерлеріне, Қызыл Армияның 326 жауынгеріне «Майдангерлік Қызыл Ту» орденін табыстапты. Оның сыртында 14 адамға «Моңғолияның Халық Батыры» атағын берген. Осы он төрт адамның екеуі – орыс, біреуі – қазақ. Екі орыстың бірі – атақты қолбасшы Г.К.Жуков болса, екіншісі – И.И.Федюнинский. Ал батыр қазақтың аты-жөні – Ікей Мизамұлы.

Батыр қазақ кім?

Батыр Ікей Мизамұлы туралы жаңа мәліметке қол жеткіздік. 2009 жылы Моңғол елінде Халқын-гол шайқасының 70 жылдығы кеңінен аталып өтті. Тіпті Ресей Федерациясының Үкімет басшысы В.Путиннің өзі барып, қол соғып, құттықтап қайтты.

Біз өз тарапымыздан аталмыш елдің Архив және тарих зерттеу орталығына электронды хат жолдаған едік. Олар Ікей марқұм туралы мұрағат мәліметтерін жіберді. Осындағы деректерге қарағанда, батыр ағамыз 1911 жылы Бай-өлке аймағының Делүн сумын жерінде туыпты.  13 жасқа дейін ауқатты ағайынның мал-жанына қарайласып жүріп, 1926 жылы орыс саудагерлері орнатқан қойдың жүнін жуатын орында 3 жыл жұмыс істеген көрінеді. Әбден буыны қатып, бұғанасы бекіген соң, 17 жасында қара танып, қалам ұстапты. 1931 жылы Қобда аймақ орталығында ашылған қазақша оқытатын мектепте білімін толықтырып, 1932 жылы Ұлан-батыр қаласындағы Әскери жоғары оқу орнына барған. 1934 жылы көктемде оқуын тәмәмдап, офицер шенін алған. Халық әскерінің 1-ші дивизиясы 2-ші полкінде взвод командирі қызметіне тағайындалған.

Күзде орталық өлкелерде етек алған ламалар көтерілісін тізгіндеуге қатысқан. Көрсеткен ерлік пен ептілігі үшін орден алған. Осы сапарында қалқа моңғолдың Должын дейтін ару қызын қатындыққа алған. Адам сияқты отау көтеріп, шаңырақ құрған. 1939 жылы қайтыс болғанға дейін тату-тәтті өмір сүрген. Бірақ заты басқа жеңгеміз қазақтан құрсақ көтермепті. Артында іліп алар тұяқ қалмады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Халқын-гол шайқасы басталған 1939 жылдың мамыр айында Ікей соғысқа өзі сұранып өтініш жазған. Жарықтықтың көне ұйғыр қарпімен жазған ирек хаты архивте әлі бар екен. «Ел басына күн туғанда, еңку-еңку жер шалған қазақтың баласы едім, жапырайған жапонның жағасынан бір алып көрейін» депті. Ікеңнің арман-арызын қабыл еткен басшылар оны 6-шы Тамсық дивизиясының 17-ші атты полкының 4-ші сумынына (рота) командир етіп тағайындайды. Бұл дивизия әне-міне соғысқа кіреміз деп, ентелеп дайын тұрған.

Қысқасы, мамыр айында атойлап ұрысқа кірген. Жаудың бетін қайтарған. Келесі шілде айында басталған екінші зор майданға тағы да қол бастап шыққан. Шілденің 3-і күні Баян-саған шайқасында асқан ерлік көрсеткен. Қолбасшылар оны «Қыран Бүркіт» деп мақтапты. («Біздің биік арыстар». Өлгей қаласы, 1980, 7-8 бет).

Әбден еті қызып, қаны қарайған Ікей батыр шілденің 24-і күні болған кезекті шабуылда ротасын бастап, самурайлардың шебін бұзып кіріп, тас-талқан етеді. Ақыры қасында бірге жүрген көмекшісі орыс Иванов және  бірнеше жауынгер жолдастарымен бірге зеңбіректің дөп тиген оғынан қаза табады.

Ікей марқұм Моңғолияда қазақ атаулыдан тұңғыш армия қатарына шақырылған алғашқы азаматтардың бірі екен. Екінші бір есте боларлық дүние, Халқын-гол соғысына екі қазақ қатысыпты. Бірі осы – Ікей Мизамұлы, екіншісі – Жайсанып Мүдәрісұлы. Ікей «Моңғолдың Халық Батыры» болды. Жайсанып алғашқы генерал атанды.

Ікейдің суреті  сақталмаған

Ікей Мизамұлының бірде-бір фотосуреті сақталмаған. Көпшілікке белгілі бейнесі өзі өлгеннен кейін қолдан сызылған. Бір қызығы, сызған адам Ікейді өмірі көрмеген. Бұл әңгімені өз басым 1983 жылы Халқын-гол шайқасына қатысқан ардагер, бертінде Халық жазушысы атағын алған қаламгер С.Тарба дейтін ақсақалдың аузынан естіген едім.

Ол заманда қазақтар суретке түсуден қатты қорқатын. Өйткені, о дүниеге барғанда Алла тағала «мына суретіңе жан кіргіз дейді» деп қорқатын. Ікей де осындай ата-баба дәстүрінен асып кете алмапты. Суретке түспейтін болған.

Содан күллі моңғолдың көсемі Д.Сүхе-батордың жесірі Янжыма дейтін әйел Ікейдің жесірі Должынды шақырып алып, «Мына суретшіге байың Ікейдің түр-келбеті қандай болғанын айт, суретін салсын!» деп бұйрық берген. Әйел айтып отырған, суретші салып шыққан. Сурет Ікей Мизамұлының нақ өзі болып шыға келген. Жоғарыдағы жазушы С.Тарбаның  естелігінде: «Мен Ікейдің қолында жауынгерлік борышымды өтеген адаммын. Оны жеті қараңғы түнде көрсем танимын. Мына суреті өзінен айнымайды. Егер батыр тірі болып, суретін салар болса, дәл мұндай ұқсамауы да мүмкін еді», –

Бекен Қайратұлы

Advertisements

Жайсанып Мүдәрісұлы


ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ГЕНЕРАЛДАРЫ

Атақты ұшқыш, жалынды әскери қайраткер Жайсанып (Зайсанов) Мүдәрісұлының да тағдыры сан қилы. Марқұмның  басына қойған  құлыптаста туған жылы «1910» деп жазылыпты. Туған жері  –  Зайсан өңірі. 1925 жылдары Зайсан жақтан Монғол еліне өтіп кеткен. Содан 1932 жылы Монғол елі атынан Кеңес елінің Орынбор қаласындағы әуе күштері училищесіне оқуға барады. Әрине, оған жас азаматтың орыс тілін жақсы білетіндігі себеп болғаны сөзсіз.  Оқуын бітірген соң, 1937-1939 жылдары өзі оқыған Орынбордағы ұшқыштар училищесінде ұстаз болып қалып қояды.

Бірақ 1939 жылдың басында Моңғол елі кері шақырып алады. Себебі, 1938 жылы 1 желтоқсан күні Монғол армиясының тарихында тұңғыш рет әуе күштерінің күшейтілген полкі құрылған болатын. Соған тәжірибелі басшы қажет еді. Әрі Халкин-гол маңында Жапон миллитаристерінің шабуылдау қаупі төніп келе жатты. 1939 жылы  Халкин-голда КСРО мен Монғолия қарулы күштері бірлесіп, жапондарға соққы берді. Соғысқа өз полкын бастап, полковник Жайсанып та қатысты.

Жайсанып Мүдәрісұлы  1942 жылдың 15 қазанында Монғолия Үкімет басшысының № 00182 бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 1944 жылдың сәуір айында Ұлы Құрылтайдың № 22 жарлығымен оған генерал-мойор шені берілді.

1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Кеңес одағы  Жапонияға қарсы жедел түрде  соғыс жариялады. Оған Монғолия да қатысты. Осы жорықта Жайсанып басқарған Монғол елінің ұшқыштары жапондарға қарсы әжептәуір соғысқан сыңайлы. Мысалы, архивте сақталған жорық жазбаларының бірінде «Мүгден әуежайын басып алдық. «Супер» маркалы   49 ұшақты, «Дюблестник» типтегі 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші –  генерал-майор М. Зайсанов» деп қол қойылған.

Жапония жеңілгеннен кейін орыс-монғолдың бір топ генералдарымен бірге Жайсанып Мүдәрісұлын Бас қолбасшы И.В.Сталин Мәскеуде қабылдаған. Өз қолымен Кеңес Одағының «Қызыл Ту» орденін тапсырған. Осы оқиға жайында ертеректе Жайсаныптың өз аузынан жазып алған, бүгіндері Ұлан-батыр қаласында аман-есен тұрып жатқан академик-ғалым, жазушы-журналист Ислам Қабышұлы  1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Аймағым – алтын ордам» атты естеліктер жинағында былай деп еске алыпты: «… орден тапсырып тұрып И.В.Сталин: – Құрметті генерал, сіз қай ұлттан боласыз? – депті. Жайсанып: «Мен қазақпын, жолдас Бас қолбасшы!»-дейді  таза орыс тілінде. Сонда И.В.Сталин: – Сізді мен сырттай 1939 жылдан бері білемін, аз халықтың үлкен жүректі азаматы екенсіз, құттықтаймын!».

Мемлекет басшысы маршал Х. Чойбалсанның 1948 жылғы 28 маусымдағы бұйрығымен генерал Жайсанып КСРО Әуе күштері академиясына оқуға жіберіліпті. Одан кейінгі өмірі күңгірт. 1953 жылы біржола тұрып қалу үшін Алматыға ат басын бұрған көрінеді. Оған сол тұстағы жағдай сай болмаған. 1965 жылы дүниеден өткен.

Бекен Қайратұлы

Дәлелхан Сүгірбайұлы


ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ГЕНЕРАЛДАРЫ

Қазақ жұртының жалынды азаматтарының бірі – Дәлелхан Сүгірбаевтың өмір тарихы әрқилы. 1906 жылы Монғолия жерінде дүниеге келген. 1921 жылы қызылдардан жеңіліп, Қобда өлкесіне ауып барған  Бакич бастаған ақ гвардияшылардың қолына түсіп,  ағасы Дөрбетхан, інісі Мұқамен бірге ату жазасына үкім етіледі. Үкім орындалып жатқанда ғайыптың күшімен қашып құтылады. Ағасы мен бауыры оққа ұшады. Содан 1921 жылы Монғол елінде төңкеріс орнап, жаңа үкімет құрылғанда оны қолдаушылар қатарында болады. 1928 жылы Ұлан-батыр қаласында өткен кезекті Құрылтайға барып қатысады. Құрылтайда байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу мәселесі сөз болады. Содан секем алған Дәлелхан бір түнде қашып, Қытай еліне өтіп кетеді.

1940 жылы басталған Алтай қазақтарының көтерілісіне ниеттес болады. Сол үшін қамауға алынған сияқты. Жазушы, марқұм Жақсылық Сәмитұлының 2000 жылы Алматыда жарық көрген «Қытайдағы қазақтар» атты еңбегінің 114-бетінде: «1941 жылы 10 қазан күні Д. Сүгірбаев тұтқындалды. Бір-ақ түнде жоғалып кетті», – депті. Ал түркиялық зиялы ақсақал Дәлелхан Жаналтайдың  естеліктерінде: «1942 жылы Сарысүмбедегі Совет консулы Дәлелханды ұрлап әкетті. Қол-аяғын байлап жүк машинаға тиеп, Жеменай шекарасы арқылы Алматыға апарды», – деп жазады (Қилы заман, қиын күндер.  – Алматы, 2000. 55-бет).

Кеңес елі Д. Сүгірбаевты Алматыда оқытып-тоқытып, 1944 жылы Ресей арқылы Монғолияның батысындағы Бай-өлке аймағына жеткізіп, одан ары Оспан бастаған көтерілісшілерге қосады. Осы жылы Алтай қазақтарының «Уақытша төңкерісшіл үкіметі» орнап, ондағы партизандар қолбасшысы болып Д. Сүгірбаев тағайындалады. 1945 жылы үш аймақ көтерілісінен пайда болған Шығыс Түркістан республикасының ұлттық армиясы атты әскерінің қолбасшысына тағайындалып, мемлекет басшысы Әлихан төренің жарлығымен генерал-майор шенін алады. 1947  жылдың ақпан айында Алтай аймағының генерал-губернаторы болады. Жоғарыдағы Дәлелхан Жаналтай қария өзінің естелік жазбаларында сол кездегі атау бойынша «генерал Сүгірбаев» деп жазыпты.

Алтай қазақтарының ардагер ұланы, генерал Дәлелхан Сүгірбаев 1949 жыл ұшақ  апатынан қаза тапты.

Ховдангол баласы.

ЕРЕКШЕ ТАРИХИ ДӘУІР ЖӘНЕ ҚАЛИБЕК ХАКИМ РАЙЫМБЕКҰЛЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ РУХЫ


XX ғасырдың 30-40 жылдары жалпы адамзат тарихында екінші дүниежүзілік соғыс алапатының орын алуымен ерекшеленсе, қазақ тарихында ол жылдар ұлттық қырғынға ұшырап қансыраған трагедиялармен есте қалды. Сол дәуірге байыптап көз жіберіп қарайтын болсақ, қазақ тарихында болған ерекше оқиғалардың себеп-салдарының бір-бірімен байланысып жатқанын айқын байқаймыз.

XX ғасырдың 31-32 жылдары Қазақстанда қолдан жасалған аштықтан миллиондаған адам қырылып, жүз мыңдаған адам жан сауғалап шетелдерге босып кетті. Солардың көбі Қытай шекарасын асып Шыңжаңдағы қазақ қандастарын паналады. Арғы беттегі ағайындар олардан Кеңес Одағының күштеп құрған социалисттік жүйесінің қазаққа қырғын болып тигенін алғаш аңғарды. Содан көп өткен жоқ, 1937-1938 жылдары Кеңестік Қазақстанда халқымыздың саяси және мәдени лидерлерін – Алаш Орда өкілдерін аяусыз жаныштаған жан түршігерлік оқиға орын алды. Бұл қырғыннан бақытына жарасай қашып құтылған алашшылар Райымхан Марсеков, Зият Шәкәрімұлы, Ғазез Қалманов, Қамбар Шабданов, Ғазез Зейнков, Сәлім Жанаров қатарлы қайраткерлер Шыңжаңдағы қазақтардың арасына барып жасырында. Жоқ, олар онда жай ғана жасырынып жатқан жоқ, керісінше қазақтың білім беру мәдениет және ақпарат баспасөз саласында ұлтымыздың саяси және мәдени ағарту істеріне белсене араласып, елді өркениетке бастады.

Бұл оқиға да арғы беттегі қазақтарға Кеңес Компартиясының және оның құрған социалистік қоғамының не екендігін және оның қазақ өміріне не әкелетінін терең түсіндіргендей болды. Сондықтан арғы беттегі елге, әсіресе, жоғары жік өкілдері мен зиялылар қауымына Компартия, социалистік қоғам деген олардың адам ретінде өмір сүруіне қауіп төндіретін дүлей жойқын күш болып көрінді.

Ал Қытайдың миллитаристік әкімшілік билігіндегі Шынжан үкіметінің жүргізіп отырған саясаты қандай еді? Ондағы қазақтардың әлеуметтік хал-жайы қандай күйде еді? Енді осы мәселеге де көз жіберіп көрейік.

1912 жылы Қытайда республикалық (Миньго) үкіметі құрылғаннан кейін қытайдың провинцияларын басқарған генерал-губернаторларда салыстармалы түрде дербес билік жүргізу кұқығы болды. 1933 жылы Үрімжіде төңкеріс арқылы Шыңжаңның билігін қолына алған милитарист ІІІың Шысай (Шэн Шицай) асқан қулықпен өте сұркия саясат жүргізді. Ол билікке келген алғашқы жылдарда Кеңес Одағымен ынтымақтасу, Шыңжаңды дамыту – деген бағдарламасын жариялап, Кеңес Одағымен өзара қарым-қатынасын жақсарты. Сол арқылы Кеңес Одағынан әскери қару-жарақ алып өзінің қарулы күштерін жабдықтап, билік орнын бекемдеді. Тіпті, КеңесОдағының Қызыл армиясының көмегі арқылы дүнген генералы Ма Жүңиңның (Ма Чжунин) жасаған сұрапыл шабуылдарын талқандады. Әрине, Сталинның Шың Шысайге қайтарымсыз көмек көрсетпейтіні анық. Оның көздеген мақсаты – Шынжаң өлкесін өзінің ықпалында ұстау еді. Сондықтан Кенес Одағы Шын Шысайге көмекке жібергеп «Қызыл 8 полк» армиясы Шынжаңның шығысындағы бірінші қақпа қала – Құмылға (Хамиға) барып орналсты. Сонымен қатар «көмекке» жіберілгеп эконмика, құрылыс, байланыс коммуникациясы, ақпарат және әскери мамандары Үрімжі қаласына шоғырланған-ды. Олар онда ерекше миссия орындады. Олар КГБ-ның берген тізімдігі бойынша Шың Шысайдың қолы арқылы Алаш Ордасының Шынжаңға кашып барып оқу-ағарту ісімен шұғылданып жүрген өкілдерін тұтқындап, кері қайтару немесе оларды сол жерде көзін жою міндетін атқарды. Шын Шысай бұл іске келгенде өте белсенділік танытты. Ол 1938-1940 жылдары Қазақстаннан қашып барған алашшыларды ғана емес, Алаш идеясын қабылдаған, ұлттық теңдік пен еркіндікті аңсаған, азаттықты көксеген, үкімттің зұлымдық саясатына қарсы болған қазақтың мәдени және қоғам кайраткерлерін, Шынжаңда прогресті, дамуды жақтайтын әр ұлт өкілдерін де әртүрлі сылтаумен тұтқындап түрмеге тоғыту әрекетін үрейлі түрде жүргізді. Соның ішінде белгілі абыз ақын Ақыт Ұлымжыұлы. алашшыл жауынгер ақын Таңжарық Жолдыұлы, ұлт жанды саяси тұлға Шынжаң коғам кауіпсіздің басқармасының бастығының орынбасары Әбеу Құдышұлы қатарлы халқымыздың қалаулы, беделді азаматтары болды. Ақыт Үлімжінұлын түрмеде қинап өлтірсе, Әбеу Құдышұлын зынданға тірідей тастап өлтірді. Таңжарық Жорлдыұлына өкпе туберкулез вирусын жұқтырып жіберді. Шын Шысай үкіметі өзінің бүл әрекетінің халықтық қарсылыққа тап болатынын біліп, қазақтарға он мың сайгүлік және қолдарындағы аңшылық мылтықтарын үкіметке тапсыруға жарлық шығарды. Егер қазақтың мініс аты мен қолындағы қаруын жиып алсақ, олар бас көтеріп қарсылық көрсете алмайды деп ойлады. Сонымен қазақтың ауылдарын аралап, үйлерін тіміскілеген үкімет әскерлері елдің шырқын бұзып ашуын келтірді. Бүндай зұлымдыққа енді төзіп тұруға мүмкін болмады. Сонымен 1940 жылы Алтай аймағының Көктоғай ауданында Рысхан Ноғайбайұлы, Өсімхан Иманбайұлы бастаған қазақ шаруаларының үкіметке қарсы карулы көтеріліске шықты.

1941 жылы фашистік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасағаны белгілі. 1942 жылы Шынжаң генерал-губернаторы Шың Шысай бұл соғыста Кеңес Одағы жеңіледі деп жорып, өзінің соған дейін ұстанған саясатынан үзілді-кесілді бет бұрып, Кеңес Одағына, Компартияға қарсы екендігін, Гоминьдаң үкіметін қолдайтындығын жариялады. Сондай-ақ ол Шынжаңдағы Кеңес Одағының Қызыл армиясын және әр саладағы мамандарын күштеп еліне қайтарды. Сонымен бірге Гоминьдаң партиясының шенеуліктері мен әскерилерін Шынжаңға шұбыратып енгізді. Оларға ілесе АҚШ пен Ұлыбританияның дипломаттары мен жансыздары да Шыңжаңі а келіп эрекет жасай бастады. Шынжаңның саяси жағдайындағы бүл өзгеріс, Кеңес Одағына тиымсыз жаққа дамыды. Сондықтан Сталин Шың Шысай үкіметі мен Гоминьдан билігін жоне оларды қолдайтын АҚШ пен Ұлыбритания күштерін Шынжаңнан қуып шығып, Шынжаңды буферлік аймаққа айналдыруды қарастырды. Сөйтіп Шынжаңда алып державалардың арпалысы басталып кетті.

Осы кездегі қазақ шаруаларының Шың Шысай үкіметіне қарсы қарулы көтерілстері әр аудандарда стихиялы түрде орын алған болатын. Солардың ішінде Шынжаң провинциясының орталығы Үрімжі қаласына жақын аудан – Сауандағы қазақ халкының қарулы көтерілісіне Қалибек Хаким Райымбекұлы қолбасшылық жасады.

Қалибек Хаким Райымбекұлы қазақ халқы қатты жәбірленгенде, езілгенде, кінәсіз қырғынға ұшырай бастағанда ұлттық намыспен кеуде керіп алға шығып, қол бастап жауға шапқан батыр тұлға. Оның ол кездегі көздеген мақсаты – елінің ел қатарлы өмір сүруі мен дамуы үшін, ұлттық теңдік пен еркіндікке қол жеткізу үшін күресу болды. Оның бойында осындай ұлы қасиеттің болуы әсте кездейсоқ құбылыс емес еді.

Қалибек Райымбекүлы 1908 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағындағы Майлы-Жайыр өңірінде жоғары жік отбасында дүниеге келеді. Райымбектің әкесі Қожалық алты ұл көрген адам. Оның бесінші ұлы Райымбек. Райымбектен туған үш ұл – Әділбек, Қалибек және Ілияс 1935 жылы Тарбағатайдан шығысқа қарай көшіп, Еренқабырға тауының бөктеріндегі Сауан ауданы жеріндегі Қызылөзен өңірін мекендейді. Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» дерегіне негізделсек, әкесі Қалибек сол жылы, яғни 27 жасынан бастап елін-жұртын қорғау үшін қоғамдық қызметке белсене араласа бастайды. Сол барыста ол Үрімжіден «он сегіз айлық саяси курс» және қысқа мерізімдік курстар оқып, саяси-әскери білім алады. Бұны Қалибек Хакимның өзі: «Қытай мені өзіне баулыды. Маған қарсыласқанмен соғысуды үйретті. Бір керегі болар деп оны үйрене бердім» (аталған кітап, 30 бет) – деп түсірдіреді. Бізше, ол үйренулер Қалибек Хакимның сол кездегі коғамдық саяси жағдайды терең түсінуіне және оның ұлттық сана-сезімінің өсуі мен дүниетанымының қалыптасуына айтарлықтай әскер еткен. Өйткені оның қоғамдық іс-қимылдарынан оның ұлттық теңдік пен еркіндіке қол жеткізуді мақсат тұтқаны айқын байқалады. Сондықтан болар, 1941 жылдардың басында Қалибек Райымбекұлы Манас пен Ерентауы бөктеріндегі қазақтардың үкрдай (болсы) жэне колбасшысы болып танылады. Сондай-ақ сол өңірдегі жергілікті қытай билігіне қарсы партизандық соғыс жүргізді.

Сол қезде гоминьдандық Шын Шысай үкіметіне карсы көгерілістер Алтай мен Іле аймақтарында пәрменді жүріліп жатқан. Бірақ әр аймақ пен аудандар арасында ұйымдық емес, ақмақтық байланыстардың болмағандығы тарихи деректерден байқалады: «Ол кезде Алтай жақтағы Оспан батыр жетекшілік еткен көтерілістің дүбірі естіле бастаған-ды. Қытайлар оларды «құйыршықтар», «бандылар» деп қаралайтын. Бірақ қазақ халқының көбі Ноғайбай мен Рысхан, Есімхан мен Ақтеке және Сүлеймен мен Мұса мергендер сияқты Алтай керейінің үлкен тұлғалары бастап, Оспан Исламұлы жалғастырған көтерілістің ұлт-азаттықты армандаған арпалыс екенін білетін-ді» (аталған еңбек, 17 бет); «Құлжа жақтан ешбір хабар ала алмай тұрмыз. Әнеу күні келгендер із-тозын білдірмей кетті. «Артымызда мың әскер бар, Құлжада Түркістан үкіметі құрылды» депті, рас па өтірік пе?» (аталған еңбек, 33 бет). Алайда бір нәрсе анық, ол кезде мейлі Алтайда, әлде Сауанда болсын Шынжаңның кертарпа билігіне қарсы карулы көтерісшілердін соғысы жеңетен жеңіске жетіп отырған еді.

Алайда Шынжаңда кең етек алған әр ұлт халықтардың үкіметке қарсылық күресін Кеңес Одағы өз мүддесіне ұғымды пайдаланды. Атап айтқанда, Кеңес Одағының ұйымдастыруы және қаруландыруымен 1944 жылдың жазында «Үш аймақ революциясы» Іленің Нылқы ауданынан басталып, сол жылдың 7 қараша күні, яғни Қазан төңкерісінің жеңіске жеткен күні Құлжа қаласындағы Гоминьдаң органдарына жаппай шабуыл жасап, қарашаның 12 күні Құлжа қаласын гоминьдандықтардан толық азат етіп, «Шығыс Түркістан Республикасы уақытша үкіметін» құрды. Үкімет төрағасы Өзбек Әлихан төре, оның орынбасары ұйғыр Әшімбек қожа болды. 16 адамнан тұратын үкімет мүшесіне қазақтан тек бір ғана адам – Әбілқайыр төре қатыстырылды.

1945 жылы наурыз айына дейін Іле аймағының 11 ауданы тегіс гоминьдаңдық қытай билеушілерінен азат етілді. Сәуірдің 8 күні ШТР уақытша үкіметі Ұлттық армиясы құрылды. Армия қосының негізін қазақтар құрады. Оған үйғыр, татар, өзбек, қырғыз, моңғол, дүнген, сібе (сибо), дағүр, т.б. халықтардың жастары тартылды. 1945 жылы мамырда Ұлттық армия Солтүстік, Орта және Оңтүстік бағыттар бойынша гоминьдаңдық күштерге жорық жасады. Солтүстік бағыттағы армия 1945 жылдың мамыр-тамыз айларында Тарбағатай аймағыың Гоминьдан билігін толық жойды. Содан соң олар Тарбағатайдан Алтайға жорық жасап, 1945 жылы қыркүйек айында бүкіл Алтай аймағын да гоминьдандық билеп-төстеушілерден толық азат етті.

Орта бағыттағы Ұлттық армия 1945 жылы кыркүйектің 5-12 күндері сұрапыл соғыс арқылы Шиху және Жың аудандарындағы жаудың шоғырлы күштерін жойды. Қыркүйектің 16 күні Сауап ауданын шабуылмен алды. Гоминьданның әскерлері шегіне қашып, Үрімжіге 140 шақырым жердегі Манас өзенінің шығысына өтіп бекінді. Соғыс кенеттен тоқтатылды. Сонымен Манас өзеннің батыс солтүстігіндегі үш аймақ (Іле, Тарбағатай және Алтай) біртұтас Шығыс Түркістан Республиқасы үкіметінің басқаруына өтті. Осы арада атап айтуымыз керек. Ұлттық армия Алтай аймағын және Сауан ауданын гоминьдандық қытай билеушілерінен азат етуде Оспан Исламұлы мен Қалибек Райымбекұлының сіңірген еңбегі зор болды. Сондықтан Шығыс Түркістан уақытша үкіметі оларды «Халық қаһарманы» және басқа да медалдарымен марапаттап Оспан Исламұлын Алтай аймағының уәлиі (губернаторы) Қалибек Райымбекұлын Сауан ауданың әкімі міндетіне тағайындады.

Бірақ сол кезде азаттық үшін күрескендерге түсініксіз болғаны – Құлжадағы Шығыс Түркістан Республикасы үкіметі мен Үрімжідегі Гоминьдан үкіметінің соғыстытоқтатып бейбіт келіссөз жүргізуге келісуі болды. Іс жүзінде Шығыс Түркістан Республикасының тағдыры алып державалардың 1945 жылы ақпан айында өткізген «Ялта конференциясында» жасалған саяси саудада және сол жылы 14 тамызда Қытай мен КСРО Сыртқы істер министрлері қол койған «Қытай-КСРО достық одақтастық шартында» шешіліп қойған болатын. Аталмыш шартта: «Екі ел бір-бірінің тәуелсіздігіне және территориялық тұтастығына құрмет етеді, ішкі саясаттарына қол сұқпайды» деп көрсетілген («Қытайдың дипломатиялық тұтас тарихы» Пекин, 1996, 61 бет). Сол бойынша Кеңес Одағы өзі Құлжада құрғызған «Шығыс Түркістан Республикасының» атын да, затын да өзгертіп, оны Шынжаңның жергілікті бір әкімшілігі ретінде «Үш аймақ үкіметіне» айналдырды және оларды Гоминьдан үкіметімен бір мәмілеге келуге мәжбүрледі. Сонымен екі жақ келіссөз арқылы 1946 жылдың каңтарында «Он бір тармақты бітімге» қол қойды. Осы бітім негізінде Шынжаң өлкелік (провинциялық) біріккен (Коалициялық) үкімет құрылды. Үкімет құрамы 25 адамнан жасақталды, оның 8 адамы Үш аймақ өкілдерінен сайланды. Солардың арасынан Ахметжан Қасыми үкімет төрағасының орынбасары болды. Бірақ гоминьдандықтар мен үш аймақтықтар арасында жартылай әшкере түрде саяси күрестер жүріп жатты. Соған қарамастан «Үш аймақ үкіметі» өз территориясына дербес билік жүргізіп тұрды.

Бірақ Құлжада құрылған аталмыш ұлттық әкімшіліктің Кеңес Одағының ойыншығына айналуы Қалибек Хаким сияқты адамдарды ойландырады. Тіпті үрейлендіреді. Қалибек Хаким өзінің хатшысы Жабағытайды Құлжаға барып, саяси жағдайды барлап келуге жібереді. Ол қайтып келіп Құлжада орыстардың өктемдігінің жүріп тұрғанын мәлімдейді. Содан ол Кеңес Одағы үш аймақ үкіметі арқылы елге Қызыл билік орнатады. қазақстандықтардың бастан кешкен аштығы мен қырғыны біздің басымызға да келеді деген ой қорқытып ендігі жерде Үш аймақ үкіметіне қарсы күресуге бел байлайды. Бұл кезде Оспан Исламұлы Үрімжідегі гоминьдандықтардың қаруландырып қолдауымен Алтайда Үш аймақ үкіметіне қарсы соғысын бастап кеткен еді. 1947 жылы Қалибек Хаким Гоминьдан Шынжаң әскери окургінің қолбасшысы Сүң Шилянмен кездесіп, оның қолдауына ие болып, келісім-шарт жасайды да, жасақтарын бастап соғысқа аттанып кете барды.

Сол кезде Қытайдың ішкі өлкелерінде Гоминьдан мен Компартия карулы күштері арасында Азаматтық соғыс қиян-кескі жүріп жатқан еді. Шыңжандағы қазақ қоғамында Гоминьдан үкіметі колдаған Оспан мен Қалибек Хаким қарулы күштері мен Кеңес Одағы және Қытай Компартиясы қолдаған генерал Дәлелхан Сүтірбаев бастаған Үш аймақ ұлттық армиясы арасында соғыс қатар жүріп жатты. Хасан Оралтайдың сөзімен айтқанда: соғыс «бұл жолы орыс айдап әкеліп арандатып отырған, өзінің туыс казақтары мен қаны бір, діні бір үйғыр туысқандар» арасында болды. Әрине, бұл тарихи өкініш!

1949 жылдың күзінде Азаматтық соғыста Компартияның Азаттық армиясы жеңіске жетіп, Шынжаңға жорық жасап келгенде Гоминьдан әскерлері жаппай өздігінен берілді. Тек оларға тізебүкпей қарсылық көрсеткен Оспан Исламұлы мен Қалибек Хаким Райымбекұлы бастаған топтар болды. Сондықтан олар Қытай Компартиясы Азаттық армиясының шабуылмен жою нысанына айналды. Осындай жағдайда Калибек Хаким қоластындағы елін бастап шетелдің мұсылман бір еліне кету шешімін қабылдады. Сонымен Қалибек Хаким бастаған көші Такламакан шөлін басып, Гималай тауын асып Кәшмирдің Сірінагер қаласына 1951 жылы жетіп тыныстады. Қалибек Хаким өзі бастаған машақатты көшке үлкен жауапкершілікпен қарады. Ел-жұртына қорған бола білді, өкшелеп қуып келіп шабуылдаған жаудың бетін қайтарып отырды, көштің соңында корғаушы болып жүрді.

Ал көш Кәшмир жеріне барған соң, Қалибек Хаким дипломатиялық жолмен өзі бастаған елді Түркияға жеткізуге құлшыныс жасады. Ол АҚШ, Қытай, Тайвань үкіметіне, Үндістан мен Түркия елдері басшыларына хаттар жазып, босқын болып жүрген қазақтардың туған елінен кетуге мәжүрлеген себептерді, елі көш барысында тартқан жапа машақаттарын түсіндіріп, енді олардың мәселесін шешудің жолдарын ұсынады. Соның нәтижесінде Түркия үкіметі қазақ босқындарын қабылдап, 1954 жылы оларды Салихлы каласына орналастырады. Қалибек Хаким Түркия Республикасының президенті Жалал Баярға қазақтар атынан барып кездесіп. Түрік елінің туысқандық қамқорлық жасағанына алғыс айтып, ризашылық білдіреді. Түркия үкіметі және шетел дипломаттарды Қалибек Хакимді Түркияға ауып барған қазақтардың көш басшысы және өкілі ретінде кабылдап мәміле жасайды. Бірақ ол өзін «қазақтың қарапайым шалымын» деп таныстырудан танбайды.

Қалибек Хаким Райымбекұлы Түркияға барғаннан кейін қазақтарды жаңа ортаға үйлестіру үшін өзі саналы түрде үлгі көрсетіп, дәстүрлі тіршілік формасын өзгертіп, өзі өмірінде істеп көрмеген сауданы кәсіп етіп тұрмыстық жағдайын жақсартады. Осының арқасында ол Меккеге жеті мәрте барып, өзінің және шайқастарда шейіт болған, көш жолында опат болған туыс-тұған, қанды көйлек жолдастары мен бала-шағасының мұсылмандық борышын өтейді.

Қалибек Хаким Райымбекұлы Түркияға «Нағыз түрік – қазақ, нағыз қазақ та – түрік» деген таныммен, қазақы болмысын, тіпті, қазақы формасын да өзгертпей барған қайсар тұлға. Сондықтан да ол кез-келген ортада айтылған қазақты кемсітетін сөздерге батыл тойтарыс жасайтын, ұлттық намысты қорғайтын ұлтшыл жан болғаны белгілі.

Қалибек Хаким Райымбекұлы өз ұлтын шексіз сүйген адам, халқының азаттығы мен теңдігін армандаған, ғұмыр бойы сол үшін күрескен тұлға. Әрине, ондай ұлы арман бір ұрпақтың күресімен іске аспайтыны белгілі. Қалибек Хаким қартайған шағында туған жері Тарбағатайды, қалың елі жатқан Қазақстанды қатты сағынады. Ол өзінің осындай сағыныш сезімін 1981 жылы Балқаш Бапинге жазған хатында бүкпесіз жеткізумен қатар, «Құдай қазақ баласына жар болсын!» деп тілеу тілеген еді. Сол тілеуі он жылдан кейін қабыл болып, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алды, дербес ел болды. Бұл күнді Қалибек Хакім көре алған жоқ. Бірақ бұл тарихи жаңалықты оның сүйікті ұлы Хасан Оралтай «Азаттық» радиосынан әлемге жар салып хабарлады. Тәуелсіздіктің арқасында Қалибек Хакімнің 100 жылдық мерей тойы бүгін Алматыда аталып өтіп жатыр.

Қалибек Хаким өмірде екі жар сүйген, сегіз бала көрген адам. Бірақ алты бірдей баласы Такламакан шөлінде, Гималай тауында жол азабынан опат болды. Өзімен бірге Түркияға аман-есен жеткені Хасан мен Білал деген екі ұлы. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, Хасан Оралтай ата жолын қуған, ұлт-азаттық күресін жаңаша формада, ақпараттық кеңістікте жалғастырғандығы баршаға мәлім. Ал екінші баласы Білалдан туған немересі Мариям тарих ғылымдарының докторы, белгілі ақын, ұстаз.

Жалпы алып қарағанда, Қалибек Хаким Райымбекұлының бүкіл қоғамдық іс-әрекеттерінен, оның идеялық ұстанымынан қазақ рухының сәулеленіп, Алаш рухының айшықталып тұрғанын байқаймыз. Ұлттық рух – ұлттық көркеюдің кепілі. Ұлттық рухымыз асқақтай берсін ағайын!