Ұйғыр дегеніміз кімдер?


Егер кейбір деректерге сенетін болсақ ұйғыр деген Орталық Азияның дамуына зор үлес қосқан үлкен тайпа. Солай ма? Оқуды жалғастыру

Advertisements

Зайсан – Зайсан өңірінің тарихынан


Ығына алған Алтай мен Тарбағатай,

Қол созған шығысыңнан ұлы Қытай.

Көл болып асау
Ертіс кідіріпті,

Кетуге сені
тастап қимағандай.

Биыл Шығыс
Қазақстан облысының Зайсан ауданының 80 жылдығы, аудан орталығы Зайсан
қаласының 140 жылдығы аталып өтілді. Осыған байланысты сол кезеңдерде ел
іргесін бекемдеу үшін ата-бабаларымыз қандай күй кешкенін де еске алу орынды.
Қазақи дыбыстануы «Жайсаң» атауы географиялық кеңістік тұрғысынан жанға жайлы,
тұрмысқа қолайлы, шұрайлы да нулы кең алқап дегенге саяды. Бұл сөз адамның жеке
тұлғасына қатысты оның тектілік, біліктілік дәрежесінің жоғары екенін көрсетеді
(қасқа мен жайсаң). Адамның мінезінің жайдарылығы мен ақылының кемелділігін
«жаны жайсаң» деп сипаттайды. Ақиқатты өзімізден емес, басқадан іздеп үйренген
ғалымдарымыздың пайымдауынша «зайсан» моңғол тілінде әскери-әкімшілік лауазым.
Бұл өлке сондай әскери-әкімшілік аймағы болғандықтан, осындай атау қалыптасқан
деп есептейді. Орыс тіліне бейімділігіне байланысты «жайсаң» емес, «зайсан»
сөзі ресми қолданыс тапқан. Зайсан аталатын кең өлкенің бір бөлігі ғана қазіргі
осы аттас әкімшілік ауданға қарайды. Алтай жоталары, Тарбағатай-Сауыр таулары,
Шар-Көкпекті шоқыларымен шектесетін кең атраб «Зайсан қазан шұңқыры» аталады,
оның нақ ортасында Зайсан көлі орналасқан. Физикалық география тұрғысынан бұл
алқап Ертіс өзенінің бассеинін қалыптастыратын Нарым, Бұқтырма, Күршім, Қалжыр,
Көкпекті, Бөкен, Кендірлік, Үлкен Ұласты өзендерінің арна-сағаларымен қоса
қарастырылады. Кезінде өлкенің солтүстігі Ресейге, оңтүстігі Қытайға тиесілі
болды. Орыстар қазақ пен жоңғар соғысып жатқан кезде Ертісті бойлай бекініс
салса, Қытай Жоңғар мемлекетін жойып, оған қарасты жерлерді түгелдей өзінікі
деп есептеді. Екі империя шекарасын айқындау үшін 1860 ж. Пекин келісіміне қол
қойып, шекара сызығын 1864 ж. Шәуешекте айқындауға тоқтам жасады. Дүнген-ұйғыр
көтерілісі салдарынан бұл шешім аяқсыз қалды. Көтерілісті басуға Қытайдың өз
мүмкіндігі болмай, Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Жетісу
генерал-губернаторы Г.А.Колпаковский бастаған орыс әскері Қытай шебінде
тұрақтап қалып қойып, тек қана 1881 ж. Санкт-Петербург келісімі бойынша Іле
аймағынан шығып, қарымтасына Зайсан өлкесінің Қара Ертіс аңғарын алды. Бұл
жағдай 1884 ж. Шәуешек протоколымен заңдастырылған. Іс жүзінде оған дейін-ақ
Ресей өз мүддесін ойдағыдай орындап үлгірген болатын. 1868 ж. Зайсан приставы
құрылып, Зайсан қаласының іргесі қаланды. Өлкені әскери-саяси тұрғыдан игеріп,
енді шаруашылық жолмен басқарып, ішкі өлкеден жаппай қоныс аударуды іске асыру
үшін 1891-1895 жылдары Семей мен Өскемен қатарлы Зайсан да уез санатына
қосылды. Бұл тарихи кезеңде жергілікті халық – ата-бабаларымыз қандай күйде
еді, болған уақиғаларда олардың рөлі, іс-әрекеттері қай шамада болды деген
сауалдарға жауап бар ма? Есіміз кіре бастағалы әртүрлі басылымдарды оқып,
өлкетану-тарихи мұражайларды аралап, ешбір тұжырымды деректер ала алмадық. Бар
болғаны иен жатқан кең сахараны Г.Е. Грумм-Гржимайло, К.Струве, Г.Н.Потанин,
Н.М.Пржевальский деген саяхатшылар ашып, зерттеп, орыстың қажетіне жаратыпты.
Бұл өлкеде олар бірлі-жарым моңғол тектілерді ұшыратса, оларды тәптіштеп жазып,
қазақтар жайында ләм-мим демейді. Сол кездегі Ресейдің ресми деректері бойынша
Зайсан приставының тұрғындары 109387 адам болыпты, оның 104811-і қазақ екен. Ол
кездегі демографиялық өлшем бойынша бұл өте көп сан. Осы қазақтар қалайша жиһангер
зерттеушілердің назарына ілінбеген? Қазіргі қалам тартып, елдің көзін ашып
жүрміз деген азаматтардың бұл деректерге қосқан жаңалықтары аталған
саяхатшыларға жолсерік болған адамдарды анықтап, оларды «батыр» деп дәріптеуден
асқан жоқ. Екінің бірі жер сырын біліп, жол бастаушы бола алмайтыны рас болса
да, оның бәрі бірдей батыр болмаған шығар. Ол замандағы елі үшін қан майданға
шыққан нағыз батырлар кімдер еді, ел қамын ойлайтын көсем, кемеңгерлер болды
ма, жалпы қалың бұқара халықтың хал-ахуалы қалай еді? Қазақ тарихында Қазақ
хандығының құрылуы, оның ар жағындағы Шыңғысхан, Алтын Орда дәуірі, одан бергі
Жоңғар басқыншылығы, Ресейге бодан болуы кеңінен зерттелсе де, еліміздің
шығысындағы бір түкпірі Зайсан өлкесіне қатысты деректер нақтыланбай, оның орыс
пен қытайдың өзара бөлісуіне ұшырауының себептері мен салдары бүркемеленіп
келеді. Шыңғысханның Қытай, Орта Азия, Европаға жорықтарын моңғол тарихнамасы
қорғану мақсатындағы мәжбүрліктен туған әрекет ретінде сипаттайды. Қытайға
жасалған жорық осындай қауіптің алдын алудың нақты қадамы, ал Орта Азияға
жорықтың себебі Отырардың билеушісі Қайырхан Иланшықтың төңірегіне топтасқан
керейдің Тұғырыл Уаң ханының ұрпақтарының арандату әрекетімен Шыңғыстың сауда
керуендерін жойып, елшілерін өлтіргеніне жауап ретінде, ал орыс шебіне ойран
салуы сол жаққа барып паналаған қауіпті жауы меркіттерді жою үшін болған деп
баяндалады. Сол кезге дейінгі азиялық көшпенділердің хандықтары бір ғана
ру-тайпа көлемінде болса, Шыңғыс хандық құрғаннан бастап бір ханға бірнеше
ру-тайпалар бағынатын болды. Бұл бағыттағы алғашқы қадам – бір-бірімен бітіспес
жау болып келген моңғолдар мен татарлардың Темучиннің қол астында біте қайнасып
татар-моңғол хандығының құрылуы, оған бірте-бірте Керей, Найман, Жалайыр, т.б.
рулардың қосылуы болды. Шыңғысхан империясының ұлыстарға бөлінуі, қазақ рулары
кірген Жошы, Шағатай ұлыстарында түркі тілі мен ислам дінінің үстемдік алуы
қазақ руларының топтасып, кейін қазақ ұлтының қалыптасуына игі әсер етті. Осы
ұлыстар заманында, Алтын Орда дәуірінде, кейін Қазақ хандығы тұсындағы Зайсан
өңірінің тұрғындары туралы нақты тарихи жазба дәлелдер жоқ. Тек қана, Мұрат
Сәбитұлы Мұқановтың Ертісті жағалай Керей тайпалары қоныстанған деген деректері
бар. Бұл тақырыпты тереңірек зерделеген атақты тарихшы Нығымет Мыңжан да осылайша
пайымдайды. Ескеруге тұрарлық жай – қазақ тарихын қарастырғанда елге тараған
аңыздарды, жыр-дастандарды ескеру де керек. Әрине, оларды тарих ғылымы
тұрғысынан басқа сабақтас дәлелденген уақиғаларымен салыстыра зерттеу қажет.
Жазба деректерді оны кім, кай уақытта, не себепті жазғанын пайымдамай қабылдай
салу дұрыс емес. Кей жағдайда басқа ұлт өкілдері біздегі жер-су, адам аттарын
бұрмалап, бөтен бір пиғылдың ықпалымен жаза салады. Одан гөрі тарих сынынан
өткен, өз топырағымыздан шыққан ой-өрісі кең ақын жыршылардан қалған нақтылы
уақиғаларға арналған жыр-толғау, дастандардың мәліметтері құндырақ. Қазақ
хандығы құрылып, қазақ ұлты қалыптасқан кезде алғашқы хандар Керей, Жәнібек
және олардың мұрагерлерінің Ақ Орда, Мауеренахр, Моғолстанмен арадағы уақиғалар
орын алған Жетісу, Сыр, Еділ, Жайық бойы мен Батыс Сібір өлкелеріне
тарихшылардың назары негізінен солай ауып, Алтай-Сауыр төңірегіндегі уақиғалар
оншама ескерілмеген сияқты. Аңыздар мен жыр-дастандарға сүйенсек, ол кезде
қазақтың Керей, моңғолдың Торғауыт рулары бұл өлкеде аралас қоныстанып, бірде
жауласып, бірде ымыраға келіп, қатар өмір сүрген. Кейін Жоңғар хандығы құрылып,
оның басқыншылық саясаты үстемдік алған сәтте ең бірінші соққы көрген көршілері
Керейлер болды. Бұл алапат соғыс айтылып-жазылып жүргендей бір күнде аяқ
астынан, кенеттен болған жоқ. Керейлердің қауіпті дұрыс болжағандары бас-аяғын
жиып, Алтайдан батысқа ығыса бастады. Бұрынғыдай барымталасқан жай қақтығыс деп
бағалап, бейқамдыққа салынғандар ауыр қырғынға ұшырады. Бұл апаттың ең ауыр
кезеңі Ақтабан-Шұбырындыда Керейлердің бір бөлігі бүтіндей жұбын жазбай, ал
кейбірінің қырғыннан қалған шағын топтары Сыр бойы мен Қаратаудан бірақ шықты.
Бұл кезде Алтай-Сауыр алқабы тұтастай жоңғар иелігінде қалды. Ұзаққа созылған
соғыс қазақтың жеңісімен аяқталып, Қытай Жоңғар хандығын жойғаннан кейін бұл
өлкеге бұрынғы иелерінің қайта қоныстануы да ауыр қиындықпен өтті. Жоңғар
хандығы жойылғанымен оның халқы толық жойылған жоқ. Ежен патшалығының
моңғолдармен ғасырлар бойы қалыптасқан ара қатынасы саяси икемділікпен
жүргізіліп, сыртқы Халха моңғол, империя аймағындағы ішкі моңғол жағдайларымен
тепе-теңдікті сақтай отырып жүргізілді. Қытай тіпті де Алтайды бір
көшпенділерден босатып, екіншісіне беру ниетінде болған жоқ. Керісінше, олардың
арасындағы қайшылықтардың туындауын жақтап, олардың бірде біреуін, бірде
екіншісін қолдап отыратын саясат ұстады. Жауға қарсы бас қосуы ұзаққа созылған
қазақ жасақтарының жоңғармен соғыс аяқталған кезде тарап кетуі өте жылдам
болды. Әр ру жаудан босаған жерге тезірек қоныстануға асықты. Осы себептер
Алтай-Сауырдың қазаққа қайтарылуын тым қиындатып жіберді. Оның оңды шешімін
табу үшін үлкен жігер, әскери күш, экономикалық-шаруашылық шаралар, икемді
саясат пен епті дипломатиялық амалдар қажет болды. Осының бәрін ұйымдастырып,
оңды нәтижесін қамтамасыз ету Жәнібек Бердәулетұлының басшылығымен іске асты.
Жәнібек Абақ Керейдің Жәнтекей руынан. Жәнтекейдің Сүйінбай, Сүйіндік,
Сүйіншәлі үш ұлы «үш Жәнтекей» аталады. Сүйіндіктен Қалеке мен Алты. Алтының үш
әйелінен 15 ұлы 13 ауыл болып тұрғанда Жоңғарлар түгел қырып кеткен екен. 14-ші
ұлы 9 жасар Есназарды тірі қалдырып, мал айдатыпты, ал жөргектегі 15-ші ұлы
Сарыны әйелдер жасырып, алып қалыпты. Ол ер жетіп, Бердәулет пен Кірдәулет атты
екі ұлы болады. Бердәулеттің екінші әйелі Үйсін Досымбек батырдың қызы
Қадишадан Жәнібек 1714 жылы Сыр мен Шудың арасында Қаратауда туыпты. Бердәулет
Шақшақ Жәнібекке баламның атын қойыңыз деп өтінгенде, сәбидің болмысына көңілі
толған атақты батыр өзінің атын қойыпты. Жәнібекті қаз дауысты Қазыбектің жиені
делінетіні Бердәулеттің бірінші әйелі (кейбір мәліметтерде шешесі) Ұлболсын
Қазыбектің әкесінің інісі Тыныбек бидің қызы. Жәнібек Қазыбекті нағашы ата
дейді екен. Жәнібектің ұрпақтары ретінде Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин
аталады. Абайдың атасы Өскенбайдың әкесі – Ырғызбай, ал анасы – Жәнібектің
қарындасы Ермек. Ыбырайдың әкесі Алтынсары Балқожаның бәйбішесі Жәнібектің қызы
Әйменнен туады. Жәнібек ерекше ерлігі, сайыскерлігімен талай жекпе-жекте
Жоңғардың ең бір атақты батырларын жеңіп, даңқы бүкіл қазаққа тарап, есімі Абақ
Керейдің ұранына айналды. Соғыс өнерінің қыр-сырына жетік қолбасы болды.
Шешендігі, суырып салма ақындығы өз алдына, шырғалдаңы қыйын даулы істерге әділ
үкім айтып, ел билігін ұстаған дара тұлға ретінде танылды. Сыр бойына ауғанда
азып-тозып, өз арасында да, көршілес рулармен де береке-бірлігі азайып, ол
жақта да тұрақтамай Тобыл, Ор, Торғай өзендеріне дейін бытырап, тарыдай
шашылған Абақ Керейлер енді Жәнібектің басшылығымен топтасып Орта жүзде, бүкіл
қазақта ұйымдасқан ықпалды қауымға айналды. Жәнібек соңына ерген іргелі елі бар
сол кездегі атақты қолбасылардың бірі ретінде хан ордасындағы мәртебелі
жиындарда Абылайдың оң тізесінен орын алды. Абылай қосынында Қабанбай, Бөгенбай
бастаған Орта жүз жасақтары Жоңғарды қазақ даласынан ығыстыра бастаған тұста
Абақ Керей ауылдары Солтүстік батыста Орға дейін шашырай қоныстанған еді. Бұл
жерде де олардың тіршілігі баянды болмады. 1740 жылдары Орск қамалындағы орыс
әскерлерінің шабуылына ұшырап, қырғын көрді. Мылтықты жауға амалдары болмай,
сүйтседе олардың қамалдарын өртеп, Есіл, Нұра, Сарысуға қарай үдере көшті. Бұл
жерді Ашамайлы Керейлермен селбесіп он шақты жыл мекен етті. 1750 жылдары Абақ
Керей Ашамайлы Керейден бөлініп Қарқаралыны бетке алып, одан асып Доғалаң,
Көксала, Бақанас тауларында екі жылдай тұрақтады. Жәнібектің абыройы асып,
бүкіл Абақ Керейді топтастырып, жеке-дара қолбасшысы болып танылғаны осы кез
болса керек. Бұл мезгіл қазақ-жоңғар соғысының ең шешуші кезеңі, Жәнібектің
бүкіл қазақ қоғамына сол кездегі атақты батырлар қатарына еніп, танылған шағы.
Оның қол астындағы ел енді соғыс жағдайына байланысты Шыңғыс тауынан асып,
Қалба тауын негіз етіп Қызылсу, Шар өзендері бойында шоғырланып, бір шеті
Ертіске құлай, екінші қанаты Көкпекті, Ақсуаттан Аягөзге дейін қоныстанды.
Жәнібек өзі әскери қосындарымен Аягөз маңында болды. Оның ауылы ол кезде ел
тізгінін ұстаған тұлғалы азаматтардың бас қосатын ордасындай дәрежеде еді.
Мұнда бірнеше мәртебе Абылай хан да болған. Ол 1757ж. 7-шілдеде осы Аягөз
бойында Мамырсу Байпақбұлақ деген жерде қытайдың елшілерімен кездескен екен.
Бұл шамада Абақ Керейдің әр руы жарты ғасырға созылған ұзақ соғыста аттың жалы
түйенің қомында жаңа ұрпағын өсіріп, жорықтарда қол бастап ерлігімен еліне
тұлға болған батырларының соңынан ерген қуатты қауымға айналған еді. Сол
кездегі әрқайсысы өз руының ұраны болған батырлар: 1. Жәнтекейде – Шақабай
Есентайұлы 1688ж. туған, 1778ж. Ақсуатта қайтыс болған. 2. Жәдікте – Жантай
Тілекеұлы 1700ж. туған, 1770ж. Көкпекттіде қайтыс болған. 3. Шерушіде – Байтайлақ
Құттымбетұлы 1691ж. туған, 1760ж. Ақсуатта қайтыс болған. 4. Қарақаста –
Қаптағай Түгенбайұлы 1700ж. туған, 1760ж. Зайсанда қайтыс болған. 5. Молқыда –
Машан Арықбайұлы 1680ж. туған, 1759ж. Зайсанда қайтыс болған. 6. Ителіде –
Бұқарбай Елтоқұлы 1690ж. туған, 1760ж. Зайсанда қайтыс болған. 7. Меркітте –
Құлсары. 8. Шыбарайғырда – Қожаберген Жәнібекұлы 1663ж. туған, 1762ж. Қалба
тауында қайтыс болған. 9. Сарбаста – Сартоқой 1725ж. қайтыс болған. 10.
Жастабанда – Жобалай Бейсейітұлы 1700ж. туған, 1770ж. Бақанаста қайтыс болған.
11. Көнсадақта – Жабай 1748ж. Есіл бойында қайтыс болған. 12. Құлтайболатта –
Шимойын ұран болып та, ру аты ретінде де аталады. Бұл рудың тізгінін ұстаған
атақты Биқадам би. Жәнібектің өзі 1792ж. 78 жасында қазіргі Жарма ауданының орталығы
Георгиевкадан Зайсан бағытында Николаевкаға жетпей бұрынғы Октябрь совхозының
жерінде Ортабұлақ деген жерде, ескі атауы Әулиебұлақ екен, қайтыс болған. Оның
зиратын 1970ж. ұлтжанды азамат Әшімбек Бектасов тауып, қоршап, ескерткіш тақта
орнатқан. Бірақ тақтада «Шақшақ Жәнібек» деп қате жіберілген. Бұл қатені
Зайсанның тумасы, тарихшы Ахмет Тоқтабай түзетіп, ол жерде жатқан Шақшақ
Жәнібек емес, керей Бердәулетұлы Жәнібек екенін дәлелдеп берді. Қазақстан
тәуелсіздік алып, Қытайдан Абақ Керей тарихынан мәліметтері мол азаматтар
келіп, зираттың Жәнібектікі екенін растап, батырды еске алу жөнінде біршама
игілікті шаралар өткізді. 2006ж. 9 маусымда Алматыда Жәнібек туралы ғылыми
конференция өткізілді. 2009ж. кең көлемді еске алу шаралары Жарма ауданында, Семей,
Өскемен қалаларында атқарылды. Осы жылдың қыркүйек айында батырдың зиратына
оның аруағын асқақтататындай мүсіні, аңыз бойынша киесі болған қос бөрі
бейнеленген ескерткіш қойылды. Бұл Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына
басшылыққа келгеннен бергі аз уақыт ішінде елдің еңсесін, ұлттың рухын көтеруге
бағытталған игі істердің бірі болды. Жоңғар соғысы аяқталғанда елдің басты
қам-қаракеті әрбір рудың жер иеленуі еді. Ортақ жауға бірлесіп қарсы тұрған
ынтымағы жарасқан қауымның ата қонысына орналасу кезінде берекесі бұзыла
бастады. Жоңғар басқыншылығы кезінде Ертісті бойлай және басқа да стратегиялық
маңызды жерлерде әскери қамалдарын орнықтырып үлгірген Ресей қазақтың жер
мәселесін де ұшықтырып жіберді. Бұл уақытта Абылайдың барлық амал-айласы, ұйымдастыру
күш жігері осы мәселені шешуге бағытталды.Соғыс кезінде ханның жарлығы шұғыл
орындалып отырған болса, ендігі уақытта сөз бұйдалыққа, кедергілерге тап болды.
Бұл хан билігін, мемлекет қуатын әлсіретіп, Ресейдің отаршылық саясатының
орындалуын жеңілдетті. Ел ауызындағы аңыздар бойынша жерге орналастыруды
бастаған сәтте Абылай Қабанбайға «Сіздің еңбегіңіз ерекше, таңдаған жеріңізден
қоныс алыңыз» деген екен. Оған батыр «Жер мал үшін керек қой, жылқыларымды
жіберейін, тоқтаған жерін алайын» депті. Қабанбайдың жылқылары Алакөл– Барлыққа
жетіп тоқтаған көрінеді, содан бұл жерге Найманның Қаракерей руы орын теуіпті.
Арғын рулары Арқадан Оңтүстік Шығысқа жылжып, Қарқаралы, Баяннан асып, Шыңғыс
тауларына жеткен шақта наймандардың қарсылығына ұшырап, мәселені реттеуге
Көкшетаудан Абылай келген екен. Ел жақсылары ымыраласып, ханның билігіне
жүгінгенде, барлығы бірге жүріп өтіп, нақты келісімге келмек болады. Жолға
шыққанда ханның жанында оның ұйғарымымен әр рудан аз ғана ақылшылар қосылып,
тоқтаған сайын кезектесіп ауысып, ал соңынан қалың шоғыр ілесіп аттаныпты.
Уәделестік бойынша хан жүріп өткен жолдың атқа мінер жағы Арғынның, қамшылар
жағы Найманның үлесіне тиетін болыпты. Бұл топ Шар өзенінен өткен кезде қатары
сиреп қалған көрінеді. Шабарман ханға Наймандардың Шардан өтпей, өзен
жағасындағы талдан сойыл жонып жатқанын жеткізіпті. Қазақтар ол кезде өзара
қақтығыста найза, садақ жұмсамай, сойыл қолданатын көрінеді. Мәселені түсінген
Абылай кейін бұрылыпты. Оның қайтқан жері қазіргі Қанай (Канайка) тұсы болса
керек. Ертеректе жергілікті басылымдардан Абылай Ертістен өтіп, Аблакеткадан
қайтқан, сондықтан ол жер Абылай қайтқан (кеткен) жер ретінде осылай аталған
дегенді оқыған едім. Негізінде, Абылайкит деген Жоңғар билеушісінің қонысы
болып, жер атауы осылай аталыпты. Осындай шиеленіскен уақиғаларға Жәнібек
араласпай, Ортабұлақта жата берген көрінеді. Оның түпкі мақсаты – қазақтың
іргесін кеңітіп, елін Алтай-Сауырға қайта қоныстандыру болды. Ол үшін үлкен
тыянақты дайындық керек еді. Қазақтың ішкі жағдайын ескеріп, орыстың жүргізіп
отырған отаршылық пиғылы мен әскери мүмкіндігін білумен қатар, Абылайдың
елшілігін бастап Бежінге барып қайтқанда Қытайдың саясаты мен жағдайын түсінген
Жәнібек елінің күш қуатын нығайтып, жан-жақты дайындалу керек екенін пайымдап,
соны іске асыру жолында нақты ұйымдастыру, саяси- дипломатиялық әрекеттерді
жоспарлады. Керейдің ел ұстаған, қол бастаған Самырат, Сәмембет, Жабай қатарлы
батырлары жоңғар соғысында батыс өлкеде қаза болса, олардың орнын басқан
Шақабай, Жантай, Байтайлақ, Қожаберген батырларға Жарма, Көкпекті, Ақсуаттан
топырақ бұйырды. Ел шығысқа Тарбағатай, Зайсан өңіріне жылжығанда Бұқарбай,
Машан, Қаптағай сынды батырлар қайтыс болды. Осындай өтпелі кезеңде ел тізгінін
ұстап, ұлы жорықтарды бастайтын жаңа буын жас ұрпақты қалыптастыру да
Жәнібектің үлесіне тиді. Бұл істің шешімін табудың жолдарын қарастыру кезінде
ел іргесін түрткілеген көрші рулардың ұсақ әрекеттері мен тезірек Алтайға
жетуге асыққан Қотырақ қатарлы қызу қанды батырлардың қимылдарын да салқын
қандылықпен тоқтата білді. Жәнібек туралы қаншама жыр дастандар жазылғанымен
оның қазақ халқының тарихындағы рөлін толық ашып көрсететін арнайы зерттеулер
жоқ. Жыр-дастандарға арқау болған оның жекпе-жектері мен ерліктері қандай
мақтауға болса да лайықты. Бірақта, оның ел іргесін бекітуге, халықтың
береке-бірлігіне ұйытқы болып, Абылайдың төңірегіне топтарстыруға, әскери
жасақтар құрып, соған байланысты барлық ұйымдастыру, басқару шараларын іске
асырып, ұрыс даласында нақты стратегиялық, тактикалық әрекеттерді жедел шешіп,
тек соғыс жағдайында ғана емес, сол кездегі дипломатиялық, саяси істердегі
белсенділігіне нақты баға беру әрине тиісті мамандығы бар зерттеушілердің
атқаратын жұмысы. Мұндай байсалды тұжырымдар болмаған соң Жәнібектің абырой
беделі жеке бір уақиғалардың нәтижесі ретінде баяндалады. Мысалы, ол Абылай
ханмен бір қысылтаяңда кездейсоқ кезігеді, ханға ұтымды уәж айтып, оң тізесінен
орын алады. Тіпті бұл тақырыпта қалам тартып жүрген қазіргі авторлардың да
өткен ғасырда ауыз әдебиетінің дәстүрімен жазылған жыр-дастандардың деңгейінен
ұзамағаны байқалады. Жәнібектің жүректілігін көрсету үшін оны бірде Қабанбай,
бірде Абылай қабырдың ағашын отын етуге жұмсағанын, жыланның басын тісімен
қырқып тастағанын, осыған ұқсас басқа батырлар туралы да айтылатын уақиғалар
төңірегін шиырлай береді. Жекпе-жектегі сайыскерлігі, сөз тапқыр шешендігі,
билік айтқандағы әділдігі, ел басқарудағы көрегендігі, соғыста олжа алмайтын
мәрттігі, осындай аса биік қасиеттері жоғарыда айтылғандай эпизодтардың
тасасында қалып жатады. Жәнібек туралы жазу үшін, оның қазақ тарихындағы
көрнекті саяси-қоғам қайраткері, қарулы жасақтарды ұйымдастырып, сол кездегі
әскери стратегиялық-тактикалық істерді жетілдіруші, Абылай заманындағы
Қабанбай, Бөгенбай қатарлы қолбасы, Қазыбек би қатарлы ел бірлігінің ұйтқысы
ретіндегі бейнесін тарихи деректер мен құжаттар негізінде суреттей алатын,
әдеби талантымен қатар терең білімді қаламгер болу керек. Жоңғармен соғыс
аяқталып, қазақтың біріккен қосынының тарап, әр ру өз мүддесін күйттеп кеткен
жағдайда, Алтай-Сауырдың Ресей мен Қытайдың мемлекеттік саясатына тартылуына
байланысты бұл өлкеде қоныстану үшін Жәнібек бастаған Абақ Керей қауымы
бірқатар түйінді мәселелерді шешуі қажет болды. Біріншіден, бұрынғыдай
бытыраңқы рулардың жай ғана жиынтығы болмай, сол кездегі қазақтың психологиясы,
салт-санасы мен менталитетіне негізделген идеология арқылы бір орталыққа
топтасқан қауымға айналды. Рулардың саны он екіге жеткізіліп, олар бір атадан
тараған қаны бір туысқандар деген қағида насихатталды. Бұрын Найман мен Керейге
теңдес, бірақ Шыңғысханның қырғынынан азайып, тозып кеткен Меркіт руын қатарына
алып, Жастабанмен қоныстас болып келген Сарыбас әулеттерін және Найманнан
қосылған Құлтайболатты (Шимойын деп те аталады) жеке рулар ретінде қарастырып,
ноқта ағасы Ителі руы деп бекітілді. Екіншіден, елдің басқару жүйесінің
тұрақтылығы, руаралық қайшылықтарға тосқауыл болу үшін билікті бейтарап тұлға
хан тұқымы төреге беруге шешім қабылданды. «Төресіз ел, төбесіз жер болмайды»
деп, Тауасар би бастаған 17 адам Түркістанға Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіздің
ордасына оның бір баласын сұрауға аттанады. Әбілпейіздің кіші әйелі қырғыз ханы
Орманбеттің қызы Тұмар ханымды үш ұлы Көгедай, Сәмен және Жабағыны 2 құл, 1
күңі, күтуші, қызметкерлері, қожа-молдаларымен 17 үйлі ауыл Абақ Керейге көшіп
келеді. Келесі 1785 жылы Көкпектіде салтанатты түрде 12 жасар Көгедайды төре
сайлайды. 1790 жылы күзде Көгедайды алып керейдің ел басқарған атақты адамдары
Барлыбай, Шұбаш, Байқан, Жанторы, т.б. бір керуен болып, Қобданы басып, Бежинге
барып, Қытайдың патшасынан Көгедайға гуң мәртебесін алып, 1791 жылы оралды.
Көгедай осыдан кейін 39 жылдай негізінен Зайсан өңірінде тұрақтанып, Абақ
Керейді басқарып, бұл өлкеде елдің қоныстануында, осы бағытта Қытаймен арадағы
қатынастарды реттеуде елеулі рөл атқарды. Үшіншіден, бұл қауымдастықтың басқару
жүйесінің, іс-әрекеті мен тұрмыс тіршілігінің құқықтық қалыптамалары
заңдастырылған қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, Жеті жарғы заңдары мен шариғат
қағидаларына негізделген «Абақ Керей ережесі» бекітілді. Бұл ережеде отбасының,
үйлену, некеге отырудан бастап, әлеуметтік қарым-қатынастар, қылмысты істерді
шешу жолдары түгел қамтылды. Елтірінің дауынан ердің құнына дейін алаштың ойына
орнығып, қанына сіңген, көкірегіне жазылған ежелгі дәстүрлі дағды, заң
жосындары негізінде шешімін тауып отырды. Керейдің негізгі шоғыры Қалба,
Қызылсу, Шар төңірегінде ірге теуіп, бас-аяғын жиып, күнделікті тұрмыс қамын
күйттеп, басшысын сайлап, көршілерімен қатынастарын реттеп, сол заманның
талап-үрдістеріне сай тіршіліктерін құрды. Мал басы өсіп, төбесі көрініп тұрған
ата-қоныстары Алтай-Сауырды аңсай берді. Жоңғар хандығы тарихи деректер бойынша
1757 жылы жойылды деп есептеледі. Бұған дейін-ақ Түкібай, Бәйімбет батырлар
жылқыларын тебіндетіп, Сауырға жол салған екен. Олардың ізін ала ол жаққа
Жәнтекейдің бірер ауылы қоныстана бастаған көрінеді. Бұл кезде Сауырдың ресми
иесі Торғауыт уаңына Меркіттің ел басшыларының бірі Бесік Көкшеұлы сый-сияпат
беріп, Сауырдан қоныс алады. Іргесі сөгіле бастаған, түтіні сиреп, мал басы
жұтаңдаған жоңғарлықтарға бірде сауғалап, қалап, бірде тізе батырып, араласа
қоныстанып, Сауырдың Мұзтауына, Жазық көл жағасы мен Көксеңгір бойынан Ертіске
дейін ентелей ене бастады. Бұндай қалмақпен қоныстас болған жұрт Шұбар Керей
атанған. Бұл кезде Жәнібек батыр жұртымен Батыс Қалбадан жылжымай, ел іргесін
берік ұстап, сақтап отырды. 1760 жылы Қотырақ батыр Қалбадан Жәнтекей
ауылдарының үлкен шоғырын бастап Ертісті өрлеп көше бастады. Бұлармен қатар
Бұқарбай бастаған Ителілер, Қожаберген бастаған Шұбарайғырлар жылжи-жылжи
Кішкене тау, Маңыраққа жетіп тоқтады. Кейіннен Маңырақ тауы, Үйдене өзені бойын
Меркіттер мекен етіп, оған қоныстас болып Жастабан руы орналасты. Көп ұзамай
Кендірлік бойы мен Сартеректе Самырат руы мен Сәмембеттің Түкібай ауылдары,
Көктал, Майшілік пен Қуталда Ителі руы қоныстанды. Бұл кезде Жоңғар хандығы
жойылып, бүкіл аймақ Қытайға қарасты жер болып есептелді. Сондықтан Бежинмен
арадағы дипломатиялық қатынастарды реттеу, Көгедайды Абақ Керейдің билеушісі
және Ежен патшасының гуң дәрежесіндегі өкілділігін заңдастыру Алтай-Сауыр
өлкесіне қайта қоныстануға жол ашты. Бұл әрекеттерге кедергі болатын
баспалдақтарды айналып өтіп, Керей жұрты Қытайдың орталық билігімен ғана
есептесетіндей тоқтамға қол жеткізді. Бежин жағы да Абақ Керейдің ішкі істеріне
араласпай, мемлекет шекарасының амандығы мен батыс іргесінің тыныштығына баса
назар аударды. 1757 жылдан бастап бұрынғы Жоңғар хандығына қараған жерлер енді
Синь-Цзян (жаңа жер, жаңа өлке) деп аталатын болды. Қазақтар оны Шыңжаң дейді.
Көгедайдың Қытайға елшілігінен кейін, алды-артын бағдарлап алған керейлер
Ертісті өрлей Өр Алтайға жылжи түсті.Ентелей келіп қоныстана бастаған
қазақтарға сол жерді мекендеп отырған торғауыт, уранхайлар аса қарсылық жасай
алмады. Келгендер де ірі қақтығыстарға бармай, сәтті жағдайларды қалт жібермей,
алдымен малын отарлатып, кейін ауылдарын қоныстандырып, ілгерілей берді. Бұл
жөнінде қалмақтар «Қазақтың малын жайғаны – жерді алғаны» дейтін болған екен.
1792 жылы Ер Жәнібек қайтыс болып, оның қазасын ел іргесі бұзылмауы үшін үш жыл
өткен соң ғана жариялап, үш жүзге сауын айтып, асын беріп, зираты тұрғызылды.
Бұл кезде Абақ Керей Тарбағатай мен Сауырдан асып Алтайға қоныстана
бастаған-ды. Өлкенің орталығы Сауыр болып, ел тізгінін толық қолына алған
Көгедай сонда қоныстанды. Өзі тікелей Керейдің ең үлкен руы Жәнтекейге, інілері
Сәмен мен Жабағы басқа руларға төрелік етті. Жәнтекей саны жағынан Абақ
Керейдің 70%-дайы екен. «Жәнтекей ауса Абақ Керейге симайды, 12 Абақ Керей
Жәнтекейге сіңіп кетеді» дейді екен. Көгедай билік құрған кез сәтті болып, ел
іргесі бекіп, мал-басы өсті. Зайсан ауданындағы Көгедай мекен еткен жер осы
күнге дейін оның атымен аталады. Сауыр тауында Сәмен мен Жабағының аттарымен
аталатын жерлер бар. Көгедай 1824 жылы қайтыс болды. Өліміне себеп болған
жағдай Найманның төресі Қамбардың арандатуымен жылқысын айдап кеткен
барымташыларды өзі қуып барғанда тізесіне тиген шоқпардан аттан құлап, айға
жетпей бақилық болады. Найман жағы айыпты болып, Көгедай үшін жеті адамның
құнын төлеп бітіседі. Көгедайдан кейін оның мұрагері болған 17 жастағы ұлы
Жанғазы, Ажы төре атанған, 44 жыл билік құрды. Бұл кезеңде әртүрлі шиеленіскен
уақиғалар көп болды. Төренің ру басыларымен де, қара халықпен де арасы жақсы
болмады. 1863 жылы Абақ Керей құрылтайы болып, оның шешімі бойынша төре төлеңгіттерін
басы-байлықта ұстамайтын, еркін шектемейтін болды. Төлеңгіт төренің маңында
қаламын, немесе шыққан руыма қосыламын десе өз қалауы болды. Рулардың
тыныс-тіршілігіне байланысты ішкі мәселелерді шешу үшін 4 би сайланатын болып,
гуң тек қана сыртқы саясат, негізінен қытай үкіметімен қатынасты мәселелерді
шешетін болды. Осылайша «төрт би-төре» деп аталған басқару жүйесі қалыптасты.
Төрт бидің екеуі Жәнтекей, екеуі Жәдік руынан сайланатын болды. Бұл екі рудан
кейін саны мол, Жәдікпен деңгейлес Шеруші руы еді. Шежіре бойынша осы үш ру бір
атаның балалары саналады. Шеруші жағы бір би Жәдіктен, бір би бізден болсын деп
талап қойды, Ақтай ру билігіне келгенде дау өршіп, оның ұлы Жылқышының тұсында
тіпті асқынып кетті. Бұның соңы кейін Абақ Керейдің бір бөлігі Шерушілердің
бастауымен Алтайдың Қытай бетінен Моңғолия жағына кетуіне себеп болды. Ажы
гуңның Қытай үкіметі алдында беделінің төмендеуіне тағы бір себеп 1865 жылы
Сауырды шарпыған «қызыл аяқтар ылаңы» аталған дүнгендердің көтерілісі болды.
Бүлік бастағандар азық-түлік, ат-көлік сұраған талаптарын орындамағаны үшін Ажы
төренің үзеңгісіне у жағып, қастықпен өлтіреді. Бұдан кейін 1868 жылдан 1890
жылға дейін Ажының ұлы Қасымхан мұрагерлікпен гуң болды. Оның тұсында Ресей мен
Қытай арасында шекара сызығы түпкілікті айқындалып, 1883 жылы қазақтарға
шекараның қай жағына қоныстануды таңдауына бір жыл мерзім берілді. Сауырдың
Ресейге қараған жағы қонысқа, малға жайлы болса да, көптеген ауылдар қытайға
тиісті территорияға көшін кетті. 1890 жылы Қасымхан қайтыс болып, Сауырда
Сарышоқы аталатын өз қыстауында жерленді. Қасымханнан кейін оның орнына
тағайындалған ұлы Жеңісхан қазіргі қытайдың Жеменей ауданында қоныстанып, сол
беттегі қазақтарға төрелік етті. Бергі Зайсан өңіріндегі Көгедай ұрпақтарының
төрелігі осымен тоқтап, Ресейдің басқару жүйесі орнықты. 1890 жылдары құрылған
Зайсан уезіндегі қазіргі Зайсан ауданының жерінде Кендірлік, Маңырақ, Қара
Ертіс және Шілікті болыстары болды. Осы кездегі Зайсан әкімшілік ауданы
солтүстігінде Қара Ертіс пен Зайсан көліне тіреледі, екінші жағы – заңгар
таулар Сауыр, Сайқан, Маңырақ, Кішкене тау. Елімізге құтты мекен бұл өлкенің
асты да, үсті де байлыққа толы, қойнауындағы қазына қорлары қатарында 19 ғасыр
ортасында өндіріле бастаған Кендірлік (Қара үңгір) көмір кені, жанғыш сланец,
мұнай, алтыннан бастап әртүрлі минеральді шикізаттардың мол қоры бар. Оның
жануарлары мен өсімдіктер дүниесі халқымыздың ырыс-берекесі,
тұрмыс-тіршілігінің өзегі. Бұл өлкеде Сауыр тауының орны ерекше. Алтай,
Тарбағатай, Ертіс атаулары туралы зерттеулер біршама болса, Сауыр туралы көп
сөз қозғалмайды. Біздегі географиялық атаулардың төркінін моңгол тілінен
іздейтін әдет бойынша Сауыр мен Тарбағатай атаулары тақілеттес, бұл өлкеде кең
тараған аң суырдың қазақ және моңғол тіліндегі баламалары деп пайымдайды.
Тарихи деректерді тереңірек талдаған зерттеушілердің пікірі бойынша Сауыр атауы
моңғолдар бұл жаққа келген 13 ғасырдан көп бұрын қалыптасқан. Сауырды 6
ғасырдың өзінде түркі тектес Телі тайпасы мекен еткен, содан телі атауы Ителі
руының атында сақталған деген пікір бар.Сондықтан ерте заманнан Сауыр
Керейлердің мекені болғанына оның атының кісі есімдері ретінде сақталғаны дәлел
болады. Керейдің атақты Тұғырыл Уаң ханы Шыңғысханмен сыйластығы жарасқан
кезінде өзінің немересі Сауыр бикені Тимучиннің үлкен ұлына, оның қызы Хочун
бикені баласы Сенкунның ұлына атастырмақ болғаны туралы жазба-деректер бар
(Рашид-ад дин «Жамиғат ат тауарих»). Бұл тау қара Сауыр деп те аталады. Себебі
қыста қардың аз болуынан емес, оны қасиет тұтқандықтан болса керек. «Қара» сөзінің
ауыспалы мағынасы – ұлы, қасиетті (мысалы, қара шаңырақ). Түрколог ғалымдардың
пікірінше «қара» сөзінің көне түркіше баламасы «кере» екен. Керей ру аты осы
кере сөзінен деген пікір бар. Оны адамдарының түрінің қаралығымен түсіндіреді.
Бірақ та, керейлердің түсі қара емес, аққұба-сары, оның ең көп санды Жәнтекей
руының Сүйінбайынан тарайтын Самырат, Сәмембет, Құтты, Бөкес, Төлеке өңдері
сары, көздері көк болғандықтан «бес орыс» атанған. Рудың «керей» аты адам
түсіне байланысты емес, атақ-дәрежесіне негізделсе керек. Сауырды аса бір
ерекшелендіріп тұрған Мұзтау. Оның ең биік нүктесі қытай жағында теңіз
деңгейінен 3835м, біздегі Маңырақ шыңы 3816м биіктікте. Мұзтау жоталары
бөктерін есептемегенде 55-60км созылады. Оның оңтүстік-шығысқа бұрыла біткен
бөлігі қытайға қарайды да, батыс бөлігінің солтүстік жотасы Қазақстан жерінде.
Бізге қарасты Мұзтауда он мұздақ орналасқан. Мұздақтардың ұшар басы нығыздалған
аппақ қар (фирна), төменгі жағы мұз. Ең үлкен мұздақ Қосайрық үш сайды, негізгі
және екі қосалқы, алып жатыр. Екіншісі, Дара, жадағайлау орналасқан. Бұл
мұздақтардан еріген су Қосайрық бұлақ пен Дара өзені қосылып, Ертіске құятын
Үлкен Ұласты аталады. Зайсан өңірінің тарихы мен географиялық ерекшеліктеріне
қатысты осы деректерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім. Бұлардың көбі ел
жадында сақталып, ескі көз қариялардың айтуы бойынша баяндалып отыр. Уақытында
жазылмай, кей жағдайлар ұмытыла бастапты. Бұларға қосымша қазіргі жазба
деректер пайдаланылды.
ЕрСаин: Тілеуберді Сайдулдин, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым
академиясының академигі, Зайсан ауданының құрметті азаматы

КЕРЕЙЛЕР жайлы тарих жазбаларынан.


Керей – Қазақ құрамындағы көне тайпалардың бірі – Керей елінің де тарих көшінде белгілі бола бастаған кездеріндегі ғұмыр кешкен ата жұрты – сонау замандарда бірсыпыра түрк халықтарының қасиетті қонысы атанып, ғажайып ата жазу мұрағаттарымыз мәңгілікке қашалып, жазылып қалған, қазіргі моңғол даласы және оған іргелес жатқан байтақ аймақты қамтитын құтты мекеннің бір тұсы – Орхон, Оңғын, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің құйқалы алқабы еді. Керей атауының шығуы туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірақ солардың арасында Орхон-енесай жазуларының білгір зерттеушісі, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлының апталығымызға ұсынған қолжазбасындағы Керлін (Керулен) өзені және ол өз басын алатын Кентай тауына қатысты пікір көңілге қонымды көрінеді. Онда қазақ ғалымы көне түрк жазуларында (Мойын шор ескерткіші, VIII ғ) бұл қоныс жер аты «Кейре» түрінде көрініс бергендігін айтады. Ал Керлін алқабы ежелден керейлердің түп-тегі Тоғыз байырқулар қоныстанып келе жатқан төл мекен. Олар бірде «тоғыз байырқу», бірде «тоғыз оғұз», бірде «тоғыз керейлік» деп атала жүріп, ғасырлар өте келе «керейлер» боп өзгерген секілді. Бұл бағамдау Керей шежіресінде бұрыннан айтылып жүретін өзен атына қатысты әңгіме сарынын да пысықтағандай болады. Қытайда тұратынқазақ оқымыстыларының кейінгі кездерде бірсыпыра көне қытай жазбаларынқазақша сөйлете бастауы халқымыздың тарихына қатысты көптеген құнды деректерге жолықтырғанын бұрын да айтқан едік. Сол жазбаларда керей атауына да қатысты сәттер кездеседі. Мәселен, «Сүй патшалығының тарихында» Шеп тайпасының көсемі Керін Еркіннің Шығыс Түрк қағандығының үстемдігіне қарсы шыққаны туралы дерек бар. «Таң патшалығының көне тарихы» жазбасында сол Керіннің баласы Хылейдің де қаған болғандығы айтылады. Яғни осылардағы Керін мен Хылей «Керей» деген атау болуы да мүмкін деген топшылау ортаға тартылады. Аудармашылар бұл жазбалардан Шеп тайпасымен бірге Сеп, Байлау, Қойлау секілді тайпалар атауының да ізін бағамдағандай болды. Бір қызығы, Алтай аймағыгда ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен керей Мәмидің шежіресінде де осыған үндесетін тұстар бар. Ол шежіреде Керей ұлысының арғы тегі Шеп, Сеп, Байлау, Қойлау, Елдей, Көлдей, Изен, Жусан секілді тайпалардан таралады делінеді. Бұлардың Шеп, Септен басқасының бәрі қазір Керей-Уақ шежіресінде кездесетін ата-тектер… Академик Ә.Марғұлан керейлер мен үңгіттердің (уақтардың) моңғол дәуіріне дейін мәдениеті жоғары болғаны, көне түрк жазуларын пайдаланғандығы жөнінде өзінің «Таңбалы тас жазуы» еңбегінде былай дейді: «Алтай, Жоңғар даласында, Еңесайда орхон жазуы бар құлпытастар жиі кездеседі. Олардың көбін жазған керей мен үңгіттер. Моңғол дәуіріне дейін бұлар және наймандар тегіс несториан дінін қабыл еткен елдер. Бұл әсіресе олардың крест таңбасынан ашық көрінеді… бұл таңба қазақ керейлерінде осы күнге дейін сақталған. Мұндай крест таңбасы бар құлпытастар (орхон жазулы) Енесай даласында көп…» Шыңғыс хан заманы туралы теңдесі жоқ жылнама түзіп кеткен Рәшид-әд-Дин еңбегінен сол кезеңдерде Керей мемлекетінің құрамында Керейт, Қырқын, Қоңқайт (Тоңқат), Сақайт, Тобаут, Албат, Қарақин секілді тайпалар болғанын білеміз. Бұлардағы сөз соңындағы «т» әрпі әдетте көптік жалғауды білдіреді. М.Тынышбайұлы осындағы Сақайттан бүгінгі сақаларды (якуттарды), тубауттардан туба жұрттарының атауын көріп, оларды бір кездегі ірі Керей мемлекетінен бөлшектенген елдер болуы кәміл деген болжамды ортаға тартады. Бұл пікірді профессор С.Аманжоловтың «Тоңқатты» тубалардың құрамындағы «Тоңқат», Орхон-Енесай жазбаларында «Құрыққан» түрінде кездесетін «Қарақинді» якуттың қазіргі «Құрыққан» тайпасымен байланыстыруы одан әрі дамытады. Ал Керей мемлекетінің кезінде ірі де айбынды ел болғанына тарихта дәлел жеткілікті. Кей мемлекеттер бойынша Х ғасырда керейлер 900 мыңға жуық болған. Моңғол билігіне дейін Керейді Марғұзған, Құршақұз, Бұйрық, Гөрхан, Уаң хан сияқты хандар билеген. Уаңның өз аты Торы (Тұғырыл). Ол өз кезінде Қытайдың Алтан ұлысына татар тайпаларын жеңуге көмектескені үшін қытай әміршісінен Уаң хан (бір елдің ханы) лауазымын алған. Уаң ханның (Он ханның) осы есімі кезінде керейлердің несториан дінін ұстағанына қатысты Еуропаға «керейлердің королі Иоан поп» деген атаумен де жеткен екен. Шыңғыс хан моңғол жұрттарының басын құрап, жас мемлекетінің шаңырағын алғаш көтерген кезде, ол өз әкесінің анда-досы Уаң ханның көмегіне арқа сүйеді. Онымен бірге наймандарға қарсы соғысқа қатысты. Алайда кейіннен екеуінің арасында алауыздық туып, оның ақыры Шыңғыс ханның Керей мемлекетін жойып жіберуіне әкеліп соқты. Осы аласапыраннан кейін керейлердің бір бөлігі қонсылас наймандарға ығысып, Батыс Алтай мен Зайсан, Ертіс алқабына ауды. Ал атажұртта қалған бөлігі Шыңғыс хан қарауына өтіп, кейін жаулап алынған найман, меркіттермен бірге оның жорығына қатысып, Шыңғыс ханның жер қайысқан қолының басты күштерінің біріне айналды. Тарихшылар бүгінде Қазақстанның теріскейін жайлаған керейлер сол Керей мемлекеті күйрегеннен кейін Ертісті бойлап солтүстікке қарай ығысқан бөліктен тараған ұрпақтар екенін айтады. Олар туралы «Сібір жылнамаларында» бірқыдыру деректер бар. Ол бойынша Уаң ханның Тайбұға деген тұқымы Шыңғыстың әмірімен Ертіс, Өб бойындағы жұрттарды бағындырған әскерге басшы болып, кейіннен сол жерлерді Моңғол империясы ханының рұқсатымен өз иелігіне алған. Бұл жерде Шыңғыс ханның байтақ империясының теріскей шетіне әуелден аралас-құралас, құдандалы хан ордасының мұрагерін қою арқылы, олармен қайтадан дұрыс қарым-қатынас орнатуға құлықты болғанын көреміз. Әрі оның бұл орайда Уаң хан ұрпағының өз атамекендерінен жырақтай бергенін де мақұл көргені анық. Тайбұға Ібір-Сібір аймағын өз иелігіне алғаннан кейін Тобылдың бір сағасы Тұра өзеніне Төмен өзені құяр тұсқа Шыңғы (Шымға) деген қала салады (ол қазіргі Төмен қаласының іргесі). Тайбұға тұқымы бұл өңірде 15-ғасырдың соңғы ширегіне дейін билік жүргізді. Шайбан әулетінен шыққан Махмұд ханның баласы, Қажы Мұхаммед ханның немересі, Дешті Қыпшақ даоласын қазақ хандары билеуіне байланысты шеттетіліп қалғасын Ібір-Сібірге жеткен Ибақ хан (Абақ хан) сол кезде Сібір бегі болып отырған Марды екі ұлымен қоса өлтіріп, тағына отырды. Арада көп ұзаммай Тайбұға ұрпағы оны өлтіріп, билікті өз қолдарына қайта алады. Алайда тағы жетпіс жылдай уақыт өткенде, бұл кезде Сібір хандығы аталған мемлекет басына Ибақ ханның немересі Көшім хан келеді. Ол бүкіл Тайбұға әулетін қылыш астынан өткізіп қырғынға ұшыратты. Дегенмен, сол қасаптан Сейтек деген бір бала аман қалып, ол 16-ғасырдың соңғы ширегінде Сібір хандығының билігіне қайта оралғанымен, бектің ғұмыры қысқа болады. Жошы әулетінің бір ұрпағы Ораз-Мұхаммед сұлтан, қыдырғали би Жалаиримен бірге саясатта жүргенде, оларды Сібірді дендеп жаулай бастаған орыс әскері опасыздықпен алдап тұтқынға түсіріп, Мәскеуге жөнелтті… XVII ғасырда Ресейдің ашкөз отаршылдығының күшейе түсуі Тобыл, Тұра, Өб бойын жайлаған керейлердің Солтүстік Қазақстан өңіріне қарай қоныс аударуына мәжбүр етті. М.Тынышбайұлы керейлердің Шыңғыс ханға мойынсұнбаған бір бөлігі меркіттермен бірге Торғай даласына дейін ығысқан еді, бүгіндері Кіші жүздің Жетіруы құрамында Керейт тайпасы сол босқындардың ұрпағы болуы кәміл дегенді айтады. Ақсақ Темір жорықтары туралы жазбалардан сол кезде Керейлердің Қара Ертістен Алакөлге дейінгі аймақты мекендегенін де көреміз. Тарихтан жоңғарлардың XV ғасырдың басынан қуатты күшке айнала бастағаны белгілі. Осы шамада олар Балқаш, Алакөл аймағындағы керейлерді қатты бір соққыға душар етіп, жан-жаққа тағы ыдыратып жібергенге ұқсайды. Керейлердің бір тобы XV ғасырдың аяғы мен 16-ғасырдың басында Жошы тұқымы – Мауереннахр мен Хорасанда билік жүргізген Мұхаммед Шайбани ханның жорықтарына да қатысқан. Өз тарихында қилы-қилы дәуірлер мен аласапыран замандарды бастан өткерген көне Керей елі кейіннен қазақ халқын құрауға атсалысқан белді тайпалардың біріне айналды. Керейлер сондай-ақ өзбек халқының құрамында да бар. Кенегес тайпасының екі рулы Абақлы мен Ашамайлы деп аталады. Ол Қарақалпақтың Қоңырат деген үлкен арысына енетін рулардың да бірінің аты. Керей рулары тубалардың, Қырым татарларының, башқұрттардың да құрамында кездеседі. Дені қазақ ішінде қалған Керей елі қария сөздер бойынша Абақ және Ашамайлы болып екіге бөлінеді. Қазақ шежіресіндегі бұл ру аттарының шығу тегін тергеген тұстарына үңілсек, Абақты Керейдің Ақылбай атты ұрпағының бәйбішесінің аты еді деген түсіндірмеге жолығамыз. Оның есімі әуелі Аппақ екен, келе-келе Абаққа айналған. Қазір «12 ата Абақ» деп жүрген бірлестік әу баста сол Абақ бәйбішенің өзі тәрбиелеген он екі немересінен өрбіген делінеді. Ал Ашамайлының әуелгі аты Ғали екен (енді бір шежіреде Ақберді), әкесі ашамайға мінгізіп барып келіншек алып бергендіктен Ашамайлы атаныпты делінеді. Шежіреде Абақты Ашаммайлыдан әкеліп тарқататын нұсқалар да бар. Зерттеушілер бұл ру аттарын олардың таңбаларына қатысты өрбіген атау болуы керек деген пікірге ден қояды. Ашамай – қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бойынша «балаға арналып, екі қасының жоғарғы ұшы айқастырылып жасалған ер». Ру таңбасындағы «Х» әрпіне ұқсас белгі соны көрсетеді. Ал «абақ» – қасқыр, түлкі секілді аңдарды ұстауға арналған көне құралдың аты. Ол аң сиятындай екі бөліктен тұрады. Аң ішкі бөлікте жатқан етке ұмтылып кірген кезде, жоғары қарай көтеріліп тұрған сырғыма есік сарт етіп төмен түсіп жабылып қалады (Қ.Салғарұлы). осы «абақ» сөзінен түрме мағынасын білдіретін «абақты» сөзі шыққан. Сондай-ақ ғалымдар арасында «ашамай» таңбаны керейлердің баяғыдан несториан дінін ұстанған кезінен қалған бір беогі деп – «крест» таңбасынан, ал «абақ» сөзін түрк-моңғол тілдеріндегі «қандас туыстар одағы» деген мағынаны білдіретін – «обақ», «обох» сөздерінен тарқататын топшылаулар да бар. Керей еліне қатысты ата-тек мәліметтерінің бірсыпырасы Сегіз сері Баһрамұлының шежіресінде жинақталған. Бүгіндері Қазақстан Республикасы ғылым академиясының қолжазба қорында сақталған бұл шежірені әу баста XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында ғұмыр кешкен көшебе Дәулен батыр Таузарұлы жинастырған екен. Одан кейін оны баласы Толыбай, немере туысы Шәукер мырза, ұрпақтары Шақшақ би сияқты біраз сауатты кісілер толықтырған. Олардан Сегіз сері жазып алып, кейінгі ізбасарларының дамытуымен бізге жеткен Абақ керейдің қоныстанған мекен тұрағы Алтай айналасы, Моңғолияда Қобда өлкесі, Баян-Өлке аймағы, Қытайда Қаба өзені, Қара Ертістің басы, Сауыр тауының күңгейі, Үліңгір көлі маңайы. Олардың қалың ұйысқан жерлері шетте болғандықтан, біз Абақ керей туралы толық шежірелік мәліметтерде ілкіде мұқтаждық көріп отырған едік. Алайда Моңғолияда тұратын авторымыз Қ.Сартқожаұлы Баян-Өлкеде 1991 жылы басылып шыққан Абақ керей шежіресін ала келіп, біраз жыртығымызды жамап кетті. Бүгінгі тізбе-кесте де Р.Шынай деген азамат құрастырған осы жинақтағы және бұрыннан да қолда бар моңғолиялық қазақ ғалымы И.Қабышұлының «Керейлер керуені» атты кітабындағы мәліметтер негізінде жасалды. Абақ шежіресін кестеге түсіру үстінде біз Шәкерім қажаның он екі ата Абақты – Жантікей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Шеруші, Ителі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарбас, Қарақас, Көнсадақ деп бөлгені дұрыс болуы керек деген ойға келдік. Біраз мәліметтерде он екі атаның бірі – Шимойын руы деп аталып жатады. Алайда тізбелеу үстінде біз Шимойын Абақтан емес, Ашамайлының Сибанынан тарайтын деп айтуының да бекер еместігіне ден қойған едік. Сегіз сеті шежіресі оны Балғанның Сибаына жатқызады. Осы соңғы шежіреде 19-ғасырдың басында Керей, Уақтың басым көпшілігі орыстан үркіп Алтай, Шәуешекке көшкенде, Шимойын керейлердің едәуір бөлігі солармен бірге өткені айтылады. Демек, Шимойынның Абаққа, Ашамайлыға да қатысы бар болуының бір төркіні осында. Қалың Абақтың арасында тұрғаннан кейін ол бірте-бірте сол қауымдастықтың бір баласы секілді болып кеткен. Алайда ата-текті тарқатқан шежіре желісіне сыналап кіре алмаған. Абақ керейдің қрамындағы Меркіт руы – ілгерідегі көне Меркіт тайпасынан жеткен бір сынық. Меркіт елі туралы алғашқы мәліметтер Қытайды билеген Лияу әулетінің жазба жылнамаларында бар. Рәшид-әд-Дин жылнамасынан оның ұдайы моңғол жұртымен, әсіресе Шыңғыс ханмен көп жауласқан тайпа болғанын көреміз. Олар бірде жас Темүжинді тұтқынға алса, енді бірде бәйбішесі Бөртені тартып алып кетеді. Темүжин араға керейдің Уаң ханын салып жүріп, бәйбішесін әзер қайтарып алады. Сол жолы Бөрте үйіне қайтып келе жатқанда, жолшыбай тұңғышы Жошыны босанады. Ол кезе меркіттердің көсемі Тоқтабек деген адам екен. Оның алты ұлы болыпты. Жылнамада сол алтауының тұңғышы Тоғыздың керейлермен соғыс кезінде, қалғандарының Шыңғыс ханмен өткен әлденеше шайқастарда көз жұмғаны айтылады. Жауынгер, бүлікшіл меркіт жұрты Шыңғыс ханға әлденеше рет қарсы көтерілген алайда бұның түбі олардың түгел дерлік қрып кетуіне де әкеп соққан еді. Шыңғыс хан меркіттердің «арба дөңгелегінен бойы асқандарының бәрін қыруға» жарлық берген екен деген деректер де бар. Меркіттердің аман қалған аз тобы керейлерге қосылып, кейін олардың бір атасы ретінде сіңісіп кетті.

Турк тектес қалықтар (слайдшоу)


This slideshow requires JavaScript.

КЕРЕЙ ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ ОРДАСЫНА ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ


Орта ғасырда Орта Азияда орын алған оқиғалар тізбегі күллі адамзаттың назарын әлі күні өзіне аударумен келеді. Осы өлкеде V – VIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі-әскери мемлекеттер Қырғыз, Ұйғыр, Түркі қағанаттарының жалғасы Керей, Найман, Қоңырат, Меркіт, Оңғыт (Уақ), Татар, Монғол, Жалайыр тайпалары хақында орта ғасыр тарихшылары көп жазған. Әсіресе, ұлы қаған Шыңғыстың өмір, тарихына қатысты материалдарда аталмыш тайпалар туралы қайткен күнде айтылады. Қытайдың көне деректерінде, Еуропа саяхатшыларының жол жазбаларында айтылған һәм жазылған.

Осы кезеңде өмір сүрген жеке тұлғалар арасындағы танымал адамдардың бірі – Керей Тұғырыл хан. Екі жыл бұрын монғол  археологтары  Тұғырыл хан ту тіккен Тула өзенінің бойындағы ескі хан ордасына кешенді түрде қазба жұмыстарын жүргізіп,  толыққанды зерттеуді бастады. Хан ордасы ел астанасы Ұлан-батырдан 30 шақырым жерде орналасқан. Аспалы шыңдай асқақ Боғда тауының етегінде. 1204 жылы Керей хандығы құлағаннан соң Шыңғыс орда құруына байланысты  тарихта «Шыңғыстың ІІІ ордасы» деп те аталады.

Осындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарағанда  хан ордасының сәулеттік құрлымы аса шебер салынған көрінеді. Әсіресе қазба жұмысы барысында табылған заттар Тұғырыл ханның  батыстағы Еуропа және шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланғанын дәлелдеуде.  Хан сарайының ортаңғы бөлігі 15х35 метр алаңды алып жатыр. Төрт үлкен бағана тіреудің сұлбасы сақталған. Биіктігі 6-7 метр шамасында.

Құрлыстың архитехтурасы шығыс үлгісінің мәнерінде жасалған. Жоғары шатырдан аққан суды пайдаланатын канализация жүйесінің сорабы жақсы сақталған. Сарайдың ішкі жағының төбесі шығыстық мәнер бойынша безендірілген. Дала аңдарының бейнесі көркем түрде нақышталып қабырғаларға қашалған. Айдаһар, мешін, пілдің  мүсіндері, гүлдердің әсем оюлары  бейнеленген заттар көптеп табылып жатыр. Бұл ою-өрнектер стилдік жағынан Үнді-қытай зергерлерінің қолынан шыққан туынды деген тоқтам жасалуда. Бұл заттар Тұғырыл ханның будда мәдениетінің ошағы болған елдермен де  сауда-саттық, барыс-келіс, қарым-қатынаста болғанын айғақтап отыр.

Бұлардан басқа қазба жұмысы барысында табылған тағы басқа дүниелер зерттеушілердің назарын ерекше аударған көрінеді.  Атап айтқанда,  шығыстық жыл санаудың дәстүрлі 12 жануары бейнеленген, дөңгелек формалы, ортасы тесік, алтын жалатылған «Уақыт есептегіш құрал» мен  бұдан басқа бірнеше түрлі сиынатын пұттар мүсінінің  табылуы таң қалдыруда.

Өйткені, Тұғырыл ханды бұған дейін христиан дінін ұстанған деп келдік. Ендеше христиан дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бұл заттар хан ордасында қайдан жүр. Тіпті Тұғырыл хан христиан дінін ұстанған жоқ дейтін пікірлер де айтыла бастаған көрінеді. Осы соңғы болжамның шындыққа жақын болуы да әбден мүмкін.

Тұғырыл хан деген кім?

Монғол империясының тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның  алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын  жинағанда дем беріп, демеу болған осы Тұғырыл хан дейді.

Атақты керей Көкеш бақсының хан Шыңғысқа қаратып айтатын:

Тәңірден суат алдың,

Тұғырылдан қуат алдың,

Найманнан хатшы алдың,

Керейден бақсы алдың,

Қоңыраттан ақыл алдың,

Жалайырдан батыр алдың,

Меркіттен қатын алдың, – дейтін толғауында дүйім тарихтың сыры жатыр.

Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғыстан 32 жас үлкен.  Есукейдің серт байласқан досы. Себебі, Есукейдің атасы Амбығайды, Тұғырылдың атасы Марғұзды татарлар мен жүржіндер ұстап алып, Алтын елінің патшасының қолына тапсырған. Алтын ханы оларды ағаш есекке шегелеп өлтірген. Оның сыртында Тұғырылдың әкесі Құршақұз Бұйрық пен Есукейдің әкесі Қабыл дос болған.

Тұғырылдың да көрмегені жоқ. Он үш жасында татардың Ажай ханы тұтқынға түсіреді. Одан қашып шығып еліне келіп, қайырымсыз аға-інілері Тайтемір мен Бұқатемірді ығыстырып хан тағына отырады. Осылай тозған елінің аузын аққа жеткізіп, алыс-жуыққа атағы шығып дүркіреп тұрған шағында,  бір күні  жылап-еңіреп алдына  Есукей досының баласы Темужин келеді.

–    Қарағым, саған не болды? – деп, сұрайды Тұғырыл хан.

–   Хан әке, Қоңырат Дай шешеннің қызы Бөрте менің қалыңдығым еді. Соны әйелдікке әкеліп отау көтеріп едім. Тұқымы құрғыр меркіттер қатынымды тартып әкетті, – дейді, Темужин.

«Саспа, балам, – дейді, Тұғырыл хан: – Әкең жақсы адам еді, аруағы риза болсын, мына менің ұлым Сенгүн  ішімнен шықса, сен сыртымнан шыққан ұлым емессің бе. Қайда ол қаңғыған меркіттер!. Сақалынан сүйреп сабасына түсірейін!» – деп атқа қонып, Темужиннің шайқалған шаңырағын тіктеп берген екен. Осы оқиға жайлы монғолдың «Құпия шежіресінде», «Алтын шежіресінде», Рашид-ад-диннің тарихи шығармаларында айтылады.  Бұл оқиға 1180 жылы болған.

1190 жылы Тұғырыл хан, Темүжин, Жамуқа үштігі атқа қонып татар-меркітті тыныштандырады. Осы жорықта Жамуқа мен Темүжин барлық  бұқарасын сарқып жүріп 20 мың әскер әрең шығарғанда, Тұғырыл хан қиналмай-ақ  бір өзі 20 мың қолды бастап келген. Осы жолы Алтын елінің императоры Тұғырылға «Уаң хан» деген атақ береді. Бұл атақ артынан  ханның есіміне айналып кеткен жайы бар. Тегі италян жиһангер Марко Поло: «Әлемге атты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп»  дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.

Заман өте келе Тұғырыл ханда Шыңғыспен шайқасып жеңіледі. Жан сауғалап батыстағы Найман хандығына бара жатқанда шекара күзетінде тұрған қарауылдар қолынан қаза табады. Өлі бастың атақты керей Тұғырыл ханның мүрдесі екенін таныған найманның Дайын ханы оны күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтады. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтау бар. Онда:

Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,

Айбатты алып хан едің,

Даңқың кеткен әлемге,

Атағы зор жан едің,

Құтлық әже өсірген,

Бұйрықтан туған дана едің…, – деген жыр жолдары бар.

Құдайдың құдіреті-ай, күллі найман аза тұтып жатса әлгі өлген ханның басы ыржың-ыржың етіп күліпті. Бұны жаман ырымға жорыған екен. Ақыры ол да рас болды.

Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Осының үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыс кіші ұлы Төле үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арық-бұқа төртеуі туған.

Аманжол АЛТАЙ

Керейлер керуені


Керейлер керуені –кешеден бүгінге дейін
Әлем халқы, әсіресе кешегі өзінің тарихын түгендеуде. Ресесй Президенті В. В.Путин орыс тарихын қайтадан жазып шығу міндетін қойды. Қазақ тарихы да ақырындап болса да бүтінделіп, ақтаңдақтар айқындалып келеді. Қазақ тарихының ажырамас бөлігі-жалпы қазақ халқын құрайтын жеке рулар тарихы. Осы ретте айта кетер бір жайт-қазақ тарихын нақты жүйелеуде күні бүгінге дейін жете ескерілмей келе жатқан жағдайлардың бірі – қазақ руларының миграциялық хронологиясы (қашан, қай жерде көшіп-қонып жүргендігі). Мұның саяси — экономикалық түрлі факторларға тәуелді екендігі белгілі. Болашақ тарихшылар мұны ескерері анық. Әйтпесе «менің аталарым жаумен соғысып жатқанда, сенің аталарың шетелге қашып кеткен»,- деп, сексен жылдық сұр бетон үйдің терезесінен шексіз даладай ұлы тарихқа болжаусыз болжам жасап ұсынатын сыңарезу көркөкіректер мен «е, шынында да менің аталарым қашып кеткен екен ғой»,- деп қасиетті бабасына іштей нали отырып бас шұлғитын бүрсіз табан, жалтақ сезімділер қазіргі күні жетіп артылады. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ»,- деп Президент Н.Ә. Назарбаев айтқанындай, қазіргі Қазақстан шекарасынан тысқары өмір сүрген қазақтың, солардың үлкен бір бөлігі Абақ керейдің бүгінге дейін тарихи жүріп өткен жолында бостандық аңсаған өрлік пен ерліктен басқа ешқандай ұятты қадам болған емес. Ұрпақ қамы үшін, азаттық туы тігілген түп отаны үшін жат ел жамбасына басқан ата мекенін, ата-баба, өрен-жаранының сүйегі жатқан қасиетті өлкесін, қайта айналмас өмірінің қуаныш-қайғысына куә елі мен жұртын тәркі ету де сол ерлік пен өрлік емес пе?! Жат елде «сен отансызсың!» деген маңдайға ұрғандай ауыр сөзге шамырқанып намысқа қамшы басып, отанына келгенде кейбір таяздардың «сен кірмесің, оралмансың!» дейтін көкіректен нұқыған жат пейіліне іштей назаланса да да, «Қазақ отаным аман болсын!»,- деп түңіле отығып, түтінін нық түзеп жатқан мұндағы ағайын мен «мен отансыз емеспін, мені жоқтайтын ұлы отан Қазақстаным, көшсем өрісім мен қонысым, қалсам қара мекенім бар!» деген ниеттегі ондағы ағайынға бірлік пен береке тілейік!Сонымен ендігі кезекте «көшпенді қазақ могикандарының соңғы тұяғы» керейлер қашан, қай өлкелерде көшіп-қонып жүрген деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.Тарихи деректерде керейлер (керейттер) Шыңғыс заманына дейін қазіргі Мұңғылияның Хаңғай тауын мекендеген, бір миллионға жуық халқы бар жеке ірі хандық құрған, христиан дінінің көне тармағы несториандықты ұстанған делінеді. Бұған дәлел ретінде керейдің «абақ» және «ашамай» таңбаларындағы кірешті ұсынады. Күні бүгінге дейін керей әйелдерінің абайсызда төгілген сүттен алып маңдай мен иыққа саусақпен тигізуі сияқты мысалдарға қарап бұған сенуге болады. Олар керейден шыққан деп меншіктеп алмағанның өзінде Күлтегін мен Тоныкөк, Білге қағандардың ұстындары жатқан Қаңғай тауларында ең көп ғұмыр кешкендер-керейлер емес пе? Темужин (1206 жылдан-Шыңғыс хан) керейдің Тұғырыл ханының әкесі Есукеймен ежелгі достығын, керей әскерінің күшін әкесі өлген соң бытырап кеткен мұңғыл тайпаларын біріктіруге ұтымды пайдаланады. Кейіннен Керейт хандығына қарсы соғысып, 1203 жылы қирата жеңеді. Керейт елінің бөлінген бір тобы кейіннен Кіші жүздің жетіруына біріктірілген. Кіші жүз керейіттері 1203 жылы талқандалған ежелгі керейдің бір бөлігі екендігіне дәлелі: қазіргі Кіші жүз керейіттерінің рулық құрамында Едік, Жартай, Ашамайлы, Жастабақ, Шайкөз, Сарман, Обаған атауларының болуы дейміз. Едік-Жәдікті, Жартай- Жәдік құрамындағы Жантайды, Жастабақ-Абақ құрамындағы Жастабанды меңзейтіндей. Ашамайлы – керейдің бір тайпасы. Орта жүз ішіндегі уақты кейде уақ-керей деп бір атаға туыстырады. Ауызша шежіреде Уақ деген кісі Абақтың қайынағасы екен деп те айтылады. немесе «қойдай керей, қозыдай уақ» деп туыстық, әрі сандық шамасын атайды. Уақ құрамында шайгөз, сарман рулары бар. Обаған-уақтардың көбірек шоғырланған мекені. Керейіт — 800 жыл бұрынғы керейдің бір жұрнағы екендігі анық. Керейіт ішінде бұл рулардың болуы- баяғы Керей хандығының құрамында уақ руларының болғандығын көрсетеді.Керейлер Шыңғыс хан жаулаушылығынан кейін мұңғыл әскерінің құрамын арттырып, қуатын толықтырады. Мұңғыл армиясы қатарында әлемді жаулауға аттанады. Мұңғыл ақсүйектерінің біршамасы керей қыздарына үйленуінен (Шыңғыс, Жошы, Орда-Ежен т.б.) керей ақсүйектерінің Шыңғыс ордасында біршама ықпалы болғандығын аңғарамыз. Тарихшы Мұхаметжан Тынышпаев Н.Аристовтың дерегіне сүйеніп, керейлерді 1301-жылға дейін Өгедей және оның ұлы Хайду ханның қарамағында Қара Ертістің жоғарғы жағында болғандығын айтады. Ақсақ Темірдің заманында (1370—1400 жылдары) Қара Ертістен Еренқабырға (қазіргі Алатау) тауларын мекендеді деп көрсетеді. Аталған өлкелер мен Жетісуда Шыңғыстың ұлы Шағатай ұрпақтары билік құрған Моғолстан хандығының және Арқадағы Қыпшақ бірлестігінің құрамында да керей рулары болған. Абақ керейді кей шежірелерде Ұлы жүздегі Абақ, Тараққа негіздеп, Ұлы жүздің бір бұтағы етіп, немесе Ұлы жүзге жиен етіп тарататыны бар. Мұның негізінде керейлердің қазіргі Ұлы жүз руларымен қанаттас Шағатай (кейіннен Моғолстан) ұлысы құрамында ғасырлар бойы көшіп-қонғанына байланысты болса керек деген ойдамыз. Сонымен қатар, Жетісу қазақтары мен Абақ керейлердің салт-дәстүрлері мен тілдік ерекшеліктері, ән-күйінде аса көп ұқсастықтардың бар екендігін аңғару үшін кәсіби этнограф немесе филолог, әлде музыкатанушы болудың қажеті жоқ.(А.Ж) Шамамен 1456—1470 жылдары құрылған Қазақ хандығының құралып, нығаюына керейлер де үлес қосады. Мұңғыл текті ойрат тайпаларының күшейіп, көршілеріне басқыншылық саясат жүргізуі салдарынан керейлер Алтайдан батысқа ығысады. Төрт ойратты (торғауыт, хошууд, чорұс, дөрбет) біріктірген Батыр хунтайж 1634 жылы Жоңғар (мұңғылша «зүуіңғар»-сол қанат) хандығын құрады. Бұған дейін 1627—28 жылдары қазіргі Қобда, Баян-Өлгий өлкесінен батысқа түп қотарыла көшкен торғауыт, дөрбет т.б. ойраттар «қалмақ» атауымен Еділ-Жайыққа қоныс аударады және ондағы ноғайларға т.б. халықтарға қысым көрсете бастады. Нәтижесінде Ресей патшалығының қолдауымен Қалмақ хандығы құрылды. Енді ойраттар қазақты екі бүйірден бірдей қысу мүмкіндігіне ие болды. Ең ауыр тиген шапқыншылық Цевенарыбдын тұсындағы 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыдан» соң керейлер Алтай, Тарбағатайдан Сырға ауады, одан Орға (қазіргі Орынбор өлкесі) қарай өрлейді. «Ақтабан шұбырындыда» қалың қазақтан бөлініп қалғанбыз, содан бері шет жайлап жүрміз»,- деген түсініктің еш негізі жоқ. Қиян-кескі соғыстарға керей сарбаздары Қабанбай батыр қолы құрамында қатысады. Кейін жазылған тарихи романдарда және Шыңжаң баспаларынан шыққан Қабанбай туралы халық жырлары жинақтарында бұл турасында көп айтылады. 1755—56 жылдары ежелгі Мұңғыл империясының соңғы азат тұяғы Жоңғар хандығын Мәнжі қытай толық қиратқан соң керейлер ежелгі қара мекенге, шығысқа бағыт алғандығы белгілі. Торғай жазығынан сонау Алтайға дейінгі аралықтағы көптеген жер-су атауларының керей руларына қатыстылығы осыған дәлел бола алады. Мысалы: Жәнтекей, Ботағара, Тасбике, Байғара, Киікбай, Жабай т.б. Арқадан атамекен Алтай сілемдеріне жету – ондаған жылдың жүзінде жүзеге асты. Керейдің Ордың Қарағашы дейтін жеріне дейін барғандығын қариялар айтатын. (Жәдік Бейсембі бидің баласы Қара Оспанның киіз үйінің есігі Ордың қарағашынан жасалғандығын, оның мәдениет төңкерісіне дейін болғанын ұрпақтары жазып қалдырған). Алтайға бет алған Орта жүз руларымен бірге Кіші жүз руларының да болғандығын әйгілі жазушы, ғұлама қайраткер Ә.Кекілбаев 2006 жылы маусымда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген зерттеу мақаласында жазған болатын. Тарихи деректерге сүйене отырып, олардың кейбірі Қытай асқандығын, кейбірі Сарыарқада қалып қойғандығын айтады. Кейбірі ере барып керейге сіңіп кеткен. Шеруші ішіндегі жағалбай осыған мысал бола алады. Арқадағы алты болыс тама-табын да осыған мысал болады.1771 жылы баяғы Еділ-Жайыққа үдере көшкен тынымсыз жауынгер торғауыт қалмақтың кейіннен Ресей қойған талаптарға көнгісі келмеген 30 мың түтіні қазақ жерінің дәл ортасымен Шыңжаңға бет алады. Тарихта «Абылайдың шаңды жорығы» аталған, жол-жөнекей қазақтармен болған соғыс-қақтығыстарда көбі қырғын тауып, азғана бөлігі ежелгі мекеніне жеткен қалмақтар осындағыларымен қосылып, ес жиған соң шүйгін мекенге біраз жылдар жүзінде дендеп ене бастаған қазақтарға барынша қарсылық көрсеткен. Солардың бірі –Дөрбеттің Сәйін нояны керейді, әсіресе жәнтекей-есағасы руын қапияда шауып, көп адамын тұтқындап алып кетеді. Ұбсыдағы қотындар құрамында – сол шабындыға ұшыраған қазақтардың жұрнағы бар делінеді. Абақ керей тайпасы Абылай хан мен Қазыбек билер, Жәнібек батырлар заманында Қытай империясы ықпалындағы Алтай аймағына қоныс аударған және оның өзі оңайлықпен дереу жүзеге аспаған. Абылай ханның атамекен Алтайды, Тарбағатайды қазақтарға қайтаруға көп күш салғандығы тарихи еңбектерде көрініс тапқан. Абылайдың дәуірлеп тұрған заманында керей-найманның үлкен бір бөлігінің Қытай бетке аууына барынша мүдделі болғандығы туралы көптеген халық жырлары мен Ресей, Қытай мемлекеттерінің мұрағат деректері сақталып бізге жетті. Демек, Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың?» атты тепсіну толғауы керейдің бұл көшіне арналмағаны анық. Өйткені, керей Алтайға Сырдан емес, Арқадан асты емес пе? Тарихшы-әдебиетші Мұхтар Мағауиннің дәлелдеуінше, бұл тепсіну Сәдір деген адамға айтылса керек. Сол кезеңдегі Орта жүз рубасыларының өзі орыс бағытындағы және қытай бағытындағы екі партияға бөлінгенге ұқсайды. Абақты билеген Ер Жәнібек орыс бодамына барынша қарсы болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз шежіресінде «Ер Жәнібек орысқа елімді бодан болдырмаймын деп Алтайға асты» деп көрсетеді. 1767 жылдан бастап Мәнжі-Шың үкіметі қазақтарға көшіп-қонуға рұқсат береді. Осынау қоныс аударудың өзі 100 жылдан астам уақытты қамтыды, яғни Меркіт руы 1890 жылы ғана Шыңжаңға өтеді. Ғасырға ұласқан ұлы көшке мұрындық болған батыр әрі шешен Бердәулетұлы Жәнібек (1714—1798) қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Шар өзені бойында жерленген.Алтайға жеткен керейлер Әз-Тәукеден тарайтын Болат ханнан туған Орта жүз ханы Әбілмәмбет баласы Әбілпейіз сұлтаннан өздеріне төре қылып алуға бір баласын сұрайды. Қазыбекұлы Тауасар би бастаған керей жақсылары қырғыз сүйекті Тұмар ханымды үш баласы Көгедай, Сәмен, Жабақпен қосып, керей ішіне 1783 жылы көшіріп әкеледі. Олармен бірге бірнеше үй төре, қожа, қырғызды ерте келеді. «Төре, қожа-түбі бір»,- деп керей ішінде айтылатыны осыдан қалған. 1788 жылы керейлер қытай үкіметіне заңды түрде бағынып, алым-салық төлей бастады. Он бес жасар Көгедай гүң (мәнжілік шеннің бұдан кіші үкірдай, залың, зәңгі, күнде, мошқа қатарлы түрлері бар.) шенімен абақ керейге билік жүргізді және кейінірек онекі ата абақ керейге төрт би тағайындап, (солар арқылы төрт орын) мирасқорлық жолмен он екі руды басқарды. Төрт орынға жәнтекей руынан Жұртбай, Топан, жәдік руынан Бейсембі (әйгілі күйші), Құлыбектер отырды. Кейіннен төрт орынға тең дәрежелі бесінші орынды шеруші, Көбеген баласы Ақтай иемденді.1864 жылғы 25 қыркүйекке дейін жоңғардан босаған Алтай, Тарбағатай, Іле өңіріне қайта қоныстанып, қыстап-жайлап келген қазақтардың ықтиярынсыз, Ресей мен Мәнжі-шың үкіметі «Шәуешек келісімі» бойынша аталған тұтас өлкені екіге бөліп алды. Қара мекенінде отырып-ақ қазіргі Қазақстан аумағындағы туыстарынан алшақтап, жат елдікке айналған, болашақ ұрпағы «қытай оралман», «мұңғұл оралман» аталған заманың әу басы тап осы күннен басталған. Алтайдың күнгей бетіндегі қазақтардың бір бөлігі 1864 жылдары түркінің түп мекені Батыс Мұңғылияға қоныс аударады. Алтайдың Қобда бетін, немесе қазіргі Баян-Өлгий аймағы территориясының Соғақ, Қобда өзенінің сол жақ бетін дөрбеттер, оң жақ бетін жеті хошуын ұраңқайлар, Аққол өлкесін (қазіргі Сеңгіл сұмыны) Саян тауларынан келген тывалар мекендейтін. Қазақтардың Алтай беттен Қобда бетіне асуының бірнеше себебі болды. Мәнжі қытай мемлекетінің ағылшын-француз басқыншылығына ұшырауынан сыртқы саясаттағы ықпалы нашарлауы себепті, Ресейдің осы өлкеге ықпалы арта түсті. Ресей ықпалымен Шыңжаңда дербес мұсылман мемлекеті құрылды. Қытайдағы 1860—64 жылдардағы тайпиндер көтерілісі де әсер етті. Алтай өңірінде үркін-дүрбелең мол болды. Қазаққа тән руаралық жер-суға, билікке талас та бөліне көшуге еріксіз мәжбүрледі. Әсіресе, өріс-қоныстан тарлық көріп, қанаттас жәдік руымен үнемі наразылықта болған шеруші руының билеушісі Ақтай, оның мирасқоры Жылқышы, керейдегі төрт орынның бірін билеген базарқұл ішіндегі Мамыт ұрпағы (Жұртбай-Мәми) мен Қотырақ ұрпағы арасындағы (Көбеш-Асылбек) биліктен туған наразылық жаңа қоныс табуға деген белсенділік тудырды. «Жәдік пен жәнтекей төбелессе, қарақас-молқы құн тартады»,- дегендей, аталған рулардан үнемі зорлық көрген аз рулар да да «ортақ өгізден гөрі оңаша бұзауды» жөн көрсе керек. «Төресіз ел- төбесіз жер болмас»,- деп Сәмен баласы Қожамжар (Өжеке) төре де Қобда беттегі елді билемек ішкі дәмемен өзіне қарасты төлеңгіт елі ителімен бірге асқан. Бірақ Қобда қазағы төреге соншалықты бағынбаған. 1869 жылы Ресей-Қытай арасында «Қобда келісімі» жасалынды. Осындағы ұраңқай мен дөрбеттер, тывалармен аңдысып, арбасып жүріп, ішкерілеп дендеп ене берген қазақ түркілері баяғы бабаларының мекеніне заңды түрде қоныстануға 1912 жылы қарашаның 23-інде қол жеткізді. 1912—13 жылғы Ресей қалмағынан шыққан диверсант Дамбийжанцанның (Жа-лама) қырғыны салдарынан Қобда беті елінің бір жартысы Алтайға ауды. Бір бөлігі Ресей асып, қайта оралды. 1930—1932 жылдары Мұңғылия қазақтарының үлкен бөлігі үкімет саясаты әсерінен қытай асып, қайта оралды. 1938 жылғы «эсэргүү ұстау» кампаниясының салдарынан мыңнан астам адам жазықсыз атылып, ішкері жер аударылып, жазаланды және көбі өлі-тірісі белгісіз, хабарсыз кетті. 1939 жылдан бастап Мұңғылиядағы қазақтар әскерге алына бастады. 1938 жылға дейін әкімшілік бірлігі «хошуын» аталса, 1938 жылдан хошуындар бөлініп, сұмындар орнады. 1940 жылы тамызда Баян-Өлгей қазақ аймағы құрылды. 1965 жылдан бастап, Баян-Өлгей аймағында 12 сұмын болды. Көршілес Қобда аймағының Қобда сұмынының басым бөлігі, Буянт сұмынының жартысына жуығы қазақтар болды және Эрдэнэбүрэн, Бұлғын сұмындары мен Қобда қаласында мыңдаған қазақтар өмір сүрді. Қазақтар 1940–жылдардан бастап Мұңғұлияның ішкі өлкелеріне барып тіршілік ете бастады. Жастар әр түрлі себептермен батыс өңірден кетіп қалған соң, көбісі ішкі өлкелерде қалып қоятын. Ең көп шоғырланған өлкелер: Ұланбатыр маңы, Селеңгі, Кентай аймақтары мен Ұланбатыр, Дарқын, Ердінті қалалары болатын. Мұңғылия қазақтарын Қобда бетке келу мерзіміне қарай бірнеше топқа бөлуге болады.1. ХІХ ғасырдың екінші жартысында келген алғашқы толқын өкілдері. Бұл толқынға жататын қазақтар Жалама айдаған жылдары, МХРП саясатына байланысты туындаған дүрбелең жылдары Ресей, Қытай ауып барғанымен, үйренген өлкесіне қайта оралды.2. Жоғарыдағы оқиғаларға байланысты ауып барғандармен ере келіп мекендеп қалғандар. Бұл үдеріс Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық күрес жылдарына дейін жалғасты.3. Аздаған бөлігін Кеңестер Одағынан 1916—1937 жылдар арасындағы сан қилы төңкерістер, реформалар мен зұлматтар салдарынан еріксіз туған жерінен босқан қазақтар құрайды. Олардың барлығы дерлік найманның түрлі руларына жатады және араларында қазақтың өзге руларынан да адамдар болғанымен, сақтық үшін кезінде өздерін «найманмын» деп айта салатын еді. Өйткені, қарапайым қобда керейі (Өр Алтай керейі солтүстік беттегі керейлерді осылай атайды) қазақ ретінде керей, найман, уақты ғана біледі.Мұңғылиядағы қазақтар ХХ ғасырдың ортасынан бастап географиялық, мәдени-тұрмыстық факторларға байланысты сырттай қарағанда үш түрлі сипатқа бөліне бастады. 1. Баян-Өлгий қазақтары. Дербес әкімшілік бірлігінің, рухани құндылықтарды сақтауға деген көптеген мүмкіндіктің болуы нәтижесінде олар әлемдегі қаймағы бұзылмаған қазақи ортаның бірі ретінде сақталды және танылды. Осы әкімшілік дербестіктің арқасында олар күллі қазақтың кіндік отаны Қазақстанмен байланыс желісін үзбей, ұлттық білім беру жүйесін Мұңғылияның жалпы білім беру жүйесімен тиімді ықпалдастыруының, ғылым-білімге деген құштарлықтың арқасында жарты ғасыр ішінде рухани салада үлкен әлеуетке қол жеткізе алды деуге әбден болады. Олардың арасында өзге халықтармен қан араластыру үлесі өте аз.2. Қобда қазақтары. Балаларын ана тілінде оқытуға толық мүмкіндігі болмағанымен Баян-Өлгейге іргелес жатқандықтан қазақы қалыптан аса қол үзе қоймаған, керісінше кейбір көне салт-сана жұрнақтары жақсы сақталған, Бұйынты өзені бойындағылары қоңсылас сарттардың үлгісімен ішінара қауын-қарбыз өсірумен шұғылданатын қазақтар. Өзге ұлттармен аз мөлшерде аралас некеге отыру байқалады. 3. Ішкі жақ қазақтары. (Өлгей қазақтары Қобда мен Ұбсыдан өзге жерге кеткен қазақтарды осылай атайды) Ұланбатыр, Чандығын, Налайхан сияқты кейбір қалалар мен кенттерде тұтаса қоныстанып, қазақ сыныптарын ашуға, кейіннен мешіт тұрғызуға мүмкіндігі болғанымен, көбінесе бытырау-тарау жүріп, тілі мұңғылша шыққандықтан, әрі Баян-Өлгийден өте алыс, 1500—2000 км қашықтықта жатқандықтан ұлттық бет-бейнесі жыл өткен сайын сұйылып, мұңғылданып бара жатқан қазақтар. Бүгінгі күні аралас неке үрдісі қалыптаса бастады. 1991 жылы Мұңғылиядағы 150 мың қазақтың алдыңғы легі Қазақстанға қоныс аударды және бір құптарлығы- Қазақстанға үдере көшкендердің алғашқы легі екінші, үшінші бөлікте сипатталған қазақтар болатын. Қазірде бұлардың тілі таза «қазақстандық акцентте» шықты және еті тірілігімен, ортаға тез бейімделгіштігімен ерекшеленді. Тілі мен менталитетіндегі өзіндік аздаған өзгешеліктеріне қарап өлгейлік қазақ ішкі жақтық ағайынды оңай ажыратады. Мұңғылиядан Қазақстанға көшіп келген қазақтар немесе, қазіргі құлақсіңді атауы — «маңғолдар» Қазақстанның негізінен Ақмола, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарында, Алматы мен Астанада шоғырланған. Елеулі бөлігі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында өмір сүруде. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын сулайсың, соның сөзін сөйлейсің»,-дегендей, бір Өлгейдің шұңқырынан шығып, байтақ Қазақстанға тарыдай шашыраған ағайынның ұстанған өмір салты мен тіл ауаны бүгіндері сан алуан. Кейбір елді мекендерде тұтаса отырғандары ежелгі салт-дәстүрді жергілікті салт-дәстүрмен байыта отырып өмір сүрсе, кейбір қалалар мен селолардағы ағайынның жас ұрпағы қазақша екі ауыз сөз қайыра алмайтын халге жетіп орыстанғанын, баласы тұрғой мұнда келгенде оң-солын еркін аңғаратын жаста келгендердің өзі тілін бұрап, «оңа бастағанын» мұндағы орыс рухының үстемдігі мәжбүрлегендімен ғана ақтап аламыз. Қазақстандағы мұңғылдан келген қазақ шамамен 60 мыңнан астам, асырып айтса 70 мың болар. Ақмола облысының Еркіншілік, Макинск, Шортанды, Ақкөл, Елтай, Қоянды, Ағадыр (Водопьяновка), Чаглинка, Жолымбет, Павлодар облысының Майқайың, Екібастұз, Ақсу, Қалқаман, Қарағанды облысының Ақтау, Теміртау, Жәйрем, Алматы облысының Ұзынағаш, Есік елді-мекендерінде көбірек топтасқан.Мұңғылия қазағының рулық құрамының негізін Абақ керей рулары құраса да, уақтар мен наймандар да біршама баршылық. Сонымен бірге қожалар мен төрелер, қазақтанған өзбектер (сарттар), ұйғырлар, түрлі саяси науқандар кезінде Қазақстаннан ауған аз үйлі арғындар, қазақтанған татарлар (ноғайлар), азғана дүңгендер бар. Керей руларының Мұңғылияда ең көбірек тарағаны: шеруші, жәнтекей, молқы, қарақас, жәдік, шыбарайғыр, ителі рулары.

БӘРІ ДЕ КӨЗ АЛДЫМДА



Ол кездерде мен Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында тәрбие жұмысы кабинетінің меңгерушісі болып істейтінмін. Институт қызметкерлерінің басым көпшілігі орыстар, басқа ұлттардың адамдары. Ал қазақтар 5-6 адам, аз болатынбыз. Директорымыз — Калайджи деген грек.

Бір кезде: “Директор кабинетіне шақырып жатыр, шұғыл жиналыс болады, тез жиналыңыздар”, – деген бұйрық келді. Жүгіре басып жоғары қабатқа көтерілдік. Директордың қасында екі орынбасары бар, жүздері суық, қабақтары қарс жабылған. Бір сәт үн-түнсіз отырып барып ол: “Қалада шұғыл оқиғалар болып жатыр. Тәрбие жұмысының нашар жолға қойылғаны”, – деп маған қарады.

Сөйтті де: “Алаңға басбұзар, арақ ішкіш жастар жиналып, партиямыз бен үкіметіміздің шешімдеріне қарсылық білдіретін ұрандар айтып жатқан көрінеді. Ешкім ешқандай топқа қосылмасын, екі-үш адам бас қосып сөйлеспеңіздер. Институттың босағасынан аттап шығуға болмайды. Бұл — облыстық партия комитетінің бұйрығы. Нұсқауды орындамағандар жұмыстан босатылады. Сабақ аяқталысымен үйлеріңізге барыңыздар. Ешқайда бұрылушы болмаңыздар”, – деді.

Бәріміз үн-түнсіз кабинеттен шықтық. Өз орындарымызда тапжылмастан отырдық. Ептеп коридорға шығып қарасақ, өзіміздің “достарымыз” орыстар бізбен сөйлеспейді, теріс қарап, пікір алысып, сыбырмен тілдесіп жүр. Бізде үн жоқ, салымыз суға кетіп, иығымыз төмен салбырап дәл бір кінәлі адамдардай болып жүрдік.

Жұмыс аяғын асыға күтудеміз. Менің баратын жерім алаңның Фурманов көшесі жағынан өтеді. Бізге: “Автобустан түспеңіздер, алаңға барушы болмаңыздар, оған жақындау өмірлеріңізге қауіпті. Ондағылардың барлықтары баскесерлер, жазаларын алады, ешқайсысы құтылып кетпейді”, – деген.

Үйге келе салып, қараңғы түсісімен алаңның шет жағындағы адамдардың қасында тұрып, барлығын өз көзіммен көрдім. Ол күндері күн өте суық, сары аяз сақылдап тұрды. Жастардың киімдері жұқа, көбінің баскиімдері жоқ. Аязға қарылып жүрсе де жандарын шүберекке түйіп, халық бостандығы үшін қасық қандарын төгуге белдерін буғандары көрініп тұр. Сол жердегі адамдар өткен түнде балаларға өрт сөндіргіш машиналардан мұздай су шашты, жастар сонда да тараған жоқ, бірін-бірі қоршап, топтасып тұрып алды, дейді.

Көз алдымнан ешқашан кетпейтін, жүрегімді өкінішке өртейтін қанды оқиға 1986 жылдың 17 желтоқсанында болған еді. Алдында автобуспен олай-бұлай өтіп жүргенде орыстар алаңға қарап: “Мыналардың құтыруларын қараңдар, қолдарынан қой бағудан басқа ешнәрсе келмейтінін ұмытқандары ма? Нанға тойғандарын көтере алмаған ғой сірә”, деп ашықтан ашық біздерге сұстана қарап жүрді. Біздер көзімізді төмен салып, сүмірейіп, тілімізді тістеумен болдық.

Сонымен 17 желтоқсанның қызыл қанға боялған қараңғы түні күңіреніп, бүкіл алаңды басып кетті. Кейбіреулер бүгін бұлардың соңғы түні, бассыздыққа тыйым салынады деп күбірлесіп тұрды. Балам “Алматытелекомда” комсомол комитетінің хатшысы болатын. Оған: “Барлық комсомолдарыңды жинап алаңға барасыңдар, жастарды қоршап тұрасыңдар, ешқайсысы құтылып кетпесін”, деп білекке байлайтын қызыл шүберектерді үйіп-төгіп беріпті.

Оны далаға апарып көрсетпей лақтырдым да, баламды үйге отырғызып қойдым. Кешкі сағат 8-дерде алаңға бардым. Жаяу жеткенше ентігіп, екі иығымнан дем алып, өзімді ауыр сезініп, госпиталь жақтағы шетте тұрдым. Бір кезде алаңда мұңға шомған тыныштық орнады. Жастар әр жерде топтасып ақыл-кеңес құрып жүргендей болды. Содан соң жүрекке мұң ұялатып, қасіретке орап тастағандай ән басталды. Ол “Елім-ай” еді. Ән алғашқы сәтте сәл бәсеңдеу, шашыраңқы болып шықты да, бір кезде күшіне еніп, күңіреніп қоя берді. Біз көз жасымызды тыя алмай тұра бердік.

Сөйткенше болған жоқ, алаңнан үш адам бөлініп, бізге қарай жүрді. Қарасақ, үлкен қарт адам зарлап келеді, екі қолтығынан екі бала ұстап алып, алаңнан бері қарай шығарып салды. Сол-ақ екен алаңнан бір жігіт бөлініп шығып, бізге қарай жақындай түсіп: “Қазақтар, қайдасыңдар, барсыңдар ма, мыналар біздерді қырғалы жатыр ғой, еш амалдарың жоқ па?” – деді.

Сол-ақ екен, бірнеше жерде үлкен-үлкен прожекторлар жарқ етіп, алаңды жап-жарық қылып жіберді. Жүрген балалар ап-анық көрініп, бір-біріне жақындай түсіп, жан-жақтарына үрейлене қарай берді. Аспанды ауыр қара бұлт қаптап алған. Дала қараңғы, көк жүзінде жылт етер бір жұлдыз жоқ. Бүкіл әлем күңіреніп, қайғыға шомып тұрған тәрізді…

Ақ үйдің алдында үлкен жұмыс жүріп жатты. Қатқыл үнмен бұйрықтар беріле бастады. Сол жаққа бәріміз жалтақ-жалтақ қараймыз, бір сұмдықтың боларын сезгендейміз. Балалар да бәрін біліп тұр, бір-бірімен құшақтасып, қош айтысып жатқандай.

Бір кезде ойламаған жерден микрофон үні естілді. “Тараңдар, алаңды босатыңдар, түнгі 11-ден кейін көшеде тәртіп бұзып жүруге ешкімнің хақысы жоқ”, деген дауыс қайта-қайта саңқылдап тұрды. Байқағанымыз, бір де бір бала сытылып шығып кеткісі келген жоқ. Керісінше бір-біріне жақындай, жабыса түсті де, қайтадан “Елім-айды” бастап жіберді. Ел-жұрт тына қалды. Бұл ән сол жастардың ақырғы үні болды, ән үзілді.

Өйткені, Орталық Комитет үйі алдында бірнеше прожекторлар жанып, ерсілі-қарсылы сәуле түсіргенде жастардың бастары айналып, сасқалақтап, бірін-бірі іздеп таба алмай сенделіп қалды. Сол-ақ екен еңгезердей-еңгезердей солдаттар алаңға ұмтылды. Жастардың шыңғырған дауыстары естілді. Қыздарды солдаттар бұрымдарынан, шаштарынан сүйреп, тепкілеп, ұрып-соғып қанға бояп жатты. Қыз-жігіттердің жығылғандарын, құлағандарын алаңнан сүйретіп әкетіп жатты.

Енді бір сәт түрі сұсты әскери адам үстінде қысқа ғана қара күртешесі бар баланы сүйреп әкеліп, екі қолтығынан ұстап тұрды да: “Ал, тебіңдер мынаны, жабылыңдар”, деді. Сол-ақ екен, ұзын тұра солдаттар қаптап келіп, дәу етіктерімен жасөспірімді тепкілеп тастады. Алғашқы кезде ыңқылдаған дауысы шыққан бала, бір кез сылқ етіп жан тапсырғандай болды. Оны ұстап тұрған солдат: “Ладно, хватит” десе, басқалары: “Дай, еще допинаем”, деп өзеуреді.

Сыртта тұрған адамдардың да шыдамы бітті. Бәріміз: “Позор, позор, братубицы”, деп айқайладық. Оның ішінде орыстар да бар еді. Барлығымыз солдаттарға тас лақтыра бастадық. Олардың бір тобы сойылдарын алып, балағат сөздермен бізге тұра ұмтылды. Бәріміз бір жаққа қарай қашыппыз. Ол кезде Орталық музейдің ғимараты бітпеген. Бізді сонда қуып тықты, тарап кете алмай қайта келіп, алыстан қарап тұрдық. Алаңдағы жастарды қызыл қанға бояп, сойылға жығып жатты. Жастардың жан-айқайы қараңғы түнді жаңғыртты.

Біздің тарихымыз қанмен жазылған, талай батырларымыз бостандық жолында жанын пида еткен. Кеңес дәуірінде атағы жер жарған Дағыстан ақыны Расул Ғамзатов: “Нағыз азамат, ер жігіт тізесін жерге үш рет тигізеді. Бірінші рет – туған бұлағынан су ішкенде, екінші рет – сүйген қызына гүл ұсынғанда, үшінші рет – анасының ақ батасын алғанда”, деп еді. Мен: “Ей, азаматтар, тізелеріңді жерге төртінші рет тигізіңдер, тізерлей отырып, аттөбеліндей азаттық үшін жанын қиған жастардың ерлігіне бастарыңды иіңдер, жалпы қазақ халқының ерлігіне, даналығына, көрегендігіне, төзімділігіне бас ұрып, ел тәуелсіздігінің бағасын біліңдер”, дер едім.

«Егемен Қазақстан» газеті, .

Халима ӨТЕШЕВА, қарт ұстаз.

Алматы.
2006-12-11