ҚАЙРАТТЫҢ ҚАБІРІ ҚАЛАЙ ТАБЫЛДЫ?



Кеңес Одағының қабырғасын қақыратқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков тірі жүрсе, биыл қырықтың қырқасына шығып, нағыз толысқан жігіт ағасы атанар еді. Тағдыр жас жігіттің пешенесіне бар болғаны жиырма бір жыл өмір сүру жазғанымен, мәңгілік ғұмыр сыйлапты. Бүгінде ол дүниеден өткен Семей қаласындағы зиратының басына арнайы белгі тұрғызылып, ел тағзым ететін ескерткіш қойылып, Комсомол кентіндегі нөмірі отыз үшінші қазақ мектебіне, қаланың орталық көшесінің біріне есімі берілген.

Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайраттың Семей қаласына келгені өте құпия ұсталды. Алаш азаматтары ақиқатты тек, ол өмірден өткен соң ғана естіді. Бұл «қазақ ұлтшылдығы» жоққа шығарылып, демократияның жылымық жылуы сезіле бастаған шақ болатын. Бірақ Қайраттың әкесі Ноғайбай ақсақал Семейге бірнеше рет келіп, абақты басшыларынан, ішкі істер басқармасының бастығы, прокуратурадан баласының қайда жерленгені жөнінде еш ақпарат ала алмады. Амалы таусылған азамат жер-жерде қазақ мүддесінің жоқтаушысы рөлінде таныла бастаған жергілікті «Қазақ тілі» қоғамына барады.

«Әбден қажып, барар жер, басар тауы қалмаған азамат көзінен жасы аға отырып, барлық көрген қиындығын айтып, тым болмаса баласының қабірін тауып алсам деген ниетін айтты. Адамның көз жасын көру, қайғысына ортақтаспау – мен үшін жат дүние, осының бәріне кінәлі адамдай қысылдым, – дейді он сегіз жыл бұрын Қайраттың әкесі Ноғайбай ақсақалды жолықтырған Аман Исабекұлы. Бұл іске тек жергілікті «Қазақ тілі» қоғамы араласқаннан кейін ғана тоң жібіп, сең қозғалды. Тас қабырға демесеңіз, түрменің де көзі мен құлағы бар.

Ешкім білмесін деп артында сұрауы жоқ жандай, нөмірленіп қара жерге жасырылған азамат жайлы алғашқы мәлімет табылды. Бастамашыл топқа Аман Исабекұлының жақсы танысы, сол жылдардағы тергеу изоляторының саяси істер жөніндегі орынбасары Сайлау Қасымханов көмектеседі. С. Қасымхановтың айтуына қарағанда, арнаулы орындардан зираттың қайда екенін ешкімге айтпау жөнінде нұсқау болған. Сондықтан оны жерлеуге түрме қызметкері Шмидт басқарған ұлты қазақ емес екі-үш адам қатысыпты. Көп ұзамай Қайраттың қайда жерленгенін нақтылы білетін жалғыз жан – Шмидт табылып, байланысқа шығарудың реті келеді.

Ол ақпаратты телефонсыз, тек оңаша жерде ғана айтуға келіседі. Түрме қызметкерінің сөзіне қарағанда, Рысқұлбеков нөмірсіз, қаланың Знаменка тас жолы деп аталатын мұсылман зиратының бір шетіне жерленген, бұл жөнінде жоғары жақтан ерекше тапсырма беріліпті. «Қайратты өз қолымен жерлеген Шмидтке тағы да үлкен өтініш жасап, оның зиратын көрсетуді сұрадым» дейді Аман Исабекұлы. «Шын мәнінде, ешқандай белгісі жоқ елеусіздеу жерленген жерді түрме қызметкерінен басқа біреудің білуі мүмкін емес еді. Ол «іздеген адамдарың мына жерде жатыр» деп кішкентай шұңқырды көрсеткенде, таң қалдым» дейді Қайраттың қабірін алғаш көрген Аман аға.

«Әдетте жерленген адамның үстіне топырақ үйіліп жататын. Мен сенімсіздік таныттым. Бізбен ілесіп барған Сайлау Қасымханов болса, «Абеке, оны ешкім таппасын деп, әдейі осылай жерлеген. Байқайсыз ба, жер қазылып, мәйіт қойылған соң, үстіне жұқа тақтай ғана жабылған. Кейін тақтай шіріп, топырақ ішке құлаған» – деді. Шмидт оны растады. Бірақ «бұл жерді мен сізге көрсеткен жоқпын. Мен айтты деп ешкімге айтпаңыз» деп қатты тапсырды.
Айналасында кірпіш қаланған зираттар ортасындағы аядай шұңқырға байыптап қарасам, шын мәнінде, кісі жерленген жер екен. Кезінде қабірдің ішінен шыққан топырақты да қайтадан дұрыстап үймегендіктен, қабірдің айналасында дөмпек-дөмпек болып қалып қойыпты.

Әлгілерді дұрыстап, қабірдің үстіне үйіп, айналасын кірпішпен қоршап кеттік. Кейін Семейдің іскер азаматтарының көмегімен қоршап, мрамордан тас қойып, оған «әкімшілдік-әміршілдік заманның құрбаны Қайрат Рысқұлбеков» және марқұмның «Еркек тоқты – құрбандық, атам десең атыңдар» деген бір шумақ өлеңі жазылды дейді Қайраттың зиратын табуға ат салысқан азамат Аман ағамыз. Зират тұрғызылып, басына арнайы белгі қойылған соң, Семейдегі қала әкімшілігі қолдау танытып, Қайраттың ата-анасына хабар беріледі. Бұл кезде Желтоқсан оқиғасының болғанына үш-төрт жыл өтіп кеткен еді. Жамбылдан Қайраттың ата-анасы, ағайын-туғаны, барлығы он бес адам келеді.

Олардың келуіне байланысты зират басында митинг өткізу жоспарланады. Батырдың аруағын құрмет тұтқан Семей жастары арнайы шақырылған автобустарға отырмай, көк байрағын желбіретіп, зират басына жаяу аттанады. Қорлық пен намыстан, баласына деген сағыныштан шерменде болған ананың аңыраған зарлы жоқтауы, сол күні зират басына жиналған мыңдаған семейліктің әлі құлағында … Бұл батырдың аруағы бір аунап түскен күн болды. Күні бүгінге дейін Семей жұртшылығы қазақтың батыр ұлына тағзым етіп келеді.

«Менің Қайратым…» немесе батырдың ескерткішін анасы қалай бағалады?
Жыл сайын семейліктер он жетінші желтоқсан – Жаңғыру күні Қазақстан халықтары кіші ассамблеясының Достық үйі алдына Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішінің жанына жиналып, митинг өткізуді дәстүрге айналдырған. Оған қаланың мыңдаған жастары қатысады.

Қайраттың өр тұлғасы, оны көтеріп тұрған мәрмәр тасқа қашалып жазылған қаһармандыққа толы өлең өрім, жүректі еріксіз тебірентіп, намысыңды қайрайды. Батырдың қайталанбас тұлғасын, бар болмысын, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың мәнін танытатын мазмұны терең ескерткішті осыдан төрт жыл бұрын талантты мүсінші, Қазақстан Мүсіншілер одағының мүшесі Мұратбек Жанболатов дүниеге әкелді.

Осыған дейін өзге жұмыстарын айтпағанда Шәкәрім қажының еліміздегі тұңғыш, әрі жалғыз, сұлу да, ойлы мүсінінің авторы ретінде танымал Мұратбек ағамызға Қайраттың ескерткішін жасау тапсырылғанда іштей толғаныста жүргенін айтқан еді. Өкінішке қарай, талантты жанның ғұмыры қысқа болды, таяуда Мұртбек ағамыз зайыбы және інісімен көлік апатынан қаза тапты. Өзі туралы айтуға өте сараң, болмысы қарапайым мүсінші осыдан дәл бір ай бұрын Қайраттың ескерткіші қалай дүниеге келгені жайлы үлкен тебіреніспен сыр шерткен еді.

Қайраттың зиратындағы мәрмәр тасқа бейнесі түскеннен бастап, образын қалай жасасам деген ой оның санасын босатпаған. Мүсінші әр жылдары баласының Семейдегі зиратына зиярат етіп келген анасын сырттай бақылаған, бірде жанына барып Қайраттың ескерткішін жасау ойында бар екенін айтқан. Дәметкен шешеміз мұндай ұсыныстардың талайын естіп, жобаларды да көрсе керек. «Қарағым, қалай болғанда да балам өзіне ұқсасын» деген лебізін білдіреді. «Мен Қайраттың анасынан айнымайтын кішкентай суретін жан қалтамнан тастамадым, образын өлеңдерінен іздедім.

Қаланың сол кездегі әкімі тарапынан ұсыныс түскенде, болашақ ескерткіштің эскизі дайын болатын» дейді мүсінші. «Бірақ қаржы тапшылығы ескерткішке қажетті материалдарды алуға кедергі келтіреді. Желтоқсан оқиғасының он төрт жылдығы жақындап қалған, сол кезде қалаға Қайрат Тұрлықанов әкім болып тағайындалды. Көп ұзамай жаңа әкімнің қабылдауында болып, қолбайлау болып отырған жағдайды айттым. Қайрат бауырымыз қайрат қылып, қысқа мерзімде бар мәселемізді шешіп берді. Ескерткіш ашылатын сәт те келді.

Оның қарсаңында қалаға анасының, бауырларының келгенін естідім. Түнімен анасы не айтар екен деп қобалжып ұйықтай алмадым. Шын мәнінде, маған сол сәтте анасынан басқа адамның бағасы керек емес еді. Ертеңінде елден бірнеше сағат бұрын ескерткіштің қасына барып алдым. Ашылу салтанатына жиналған жұртта есеп жоқ. Көп ұзамай ескерткіштің жамылғысы да шешілді, елдің бәрінің көзі сонда болғаны сөзсіз. Тек мен ғана Қайраттың анасынан көзімді ала алмадым. Дәметкен апайдың «құлыным, ұлым» деген зарлы дауысынан кейін, көзімнен жас ытқып кетті….

Кейін, апай мені шақырып алып алғысын айтты. «Ұлымның дәл өзі екен» деді, ұйқысыз түндер мен мазасыз күндердің текке өтпегенін түсіндім»…

Содан бері Семей қаласында қаһармандық батылдықтың белгісі іспеттес Қайраттың ескерткіші жанында Желтоқсан оқиғасы қарсаңында митингі өтіп, жыл он екі ай сайын жаңа шаңырақ көтерген жас жұбайлар, мерекелік шараларда мектеп оқушылары, қарапайым жұртшылық тағзым етеді. Желтоқсанның жазықсыз құрбаны Қайрат Рысқұлбековке тағзым, батырдың мәңгілік бейнесін дүниеге әкелген, сол арқылы мыңдаған қазақ жастарының рухын сомдаған талантты мүсінші Мұратбек Жанболатовқа тағзым.

«Айқын» газеті, №234 (686), 14.12.2006ж.

С. ҚАЖЫОСПАН. Семей.
2006-12-15

Advertisements

САҚ ТАЙПАЛАРЫ



Қазақ тарихын зерттеген тарихшы, этнограф, антрополог,археолог ғалымдардың бірсыпырасы қазақ халқының арғы тегі ерте заманда Орта Азияны мекен еткен ежелгі сақ тайпаларынан шыкқан дейді. Әйгілі ғалым А. Н. Бернштам қазақтын атын сақтармен байланыстырады. Ол: «қазақ» деген сөз ерте замандағы «каспи» және «сақ» деген екі тайпаның қосылуынан шыққан, яғни каспи – сақ, қас – сақ – қазақ болған деп тұжырымдайды. Тарихшы М. Ақынжанов қазақ деген сөз «қас» (нағыз), «сақ» (тайпа аты) деген екі сөзден «қас сақ» (нағыз сақ) дегеннен шыққан. «Қазақтар — түрік, маңғол тектес халықтың екі бұтағынан (һұн мен сақ тарауынан) құралған ежелгі халық» дейді.

Қазақ халқын қалыптастырған арғын, қыпшақ, тағы басқа тайпалар ішінде сақ деген атты қолданған рулар да бар. Мысалы, сақтоғалақ, бес-сақ, сақ құлы, бо-сақ, қар-сақ, тағы басқалар. Қазақ халқының арғы тегі болған ежелгі үйсін бірлестігінің құрамында сақ тайпаларының барлығы еліміздің ежелгі жазба деректерінде айқын айтылады. Онда: «Үйсін халқы ішінде сақ тайпалары да, ұлы иозы тайпапары да бар» дейді. Бұл тарихи фактілер қазақтың арғы тегінің бір саласы ежелгі сақ тайпалары екендігін дәлелдейді.

Еліміздің ежелгі замандағы жылнамалары мен томдарында сақ тайпалары «сәйжүң» «шижұң», «шимо», «шижа» түрінде кездеседі. Бұлар «сақ» және «сақ тайпалары» деген атаудың өз кезіндегі ханзуша дыбысталуы еді. Мутиянзының «Өмірбаян» атты еңбекте патша Жумууаң заманымыздан бұрынғы IX ғасырда батысқа сапарға шыққан жолында шимо тайпаларына және олардың көсемі Шиаңшуға кездескендігі айтылады.

Бұл аңызда айтылған шимолар Орта Азия өңірінде өмір сүрген сақ тайпалары еді. Лияң әулеті дәуірінде (VI ғасырдағы) Шұн Жи «будда деректері туралы» деген еңбегінде «Хан патшалығының тарихы, батыс өңір шежіресінен» мынандай үзінді келтіреді: сақтар «асылында ұзақ заманнан бері дұнхуаң жерін мекендеген иұншіндер еді. Кейін иозілерден шығып, Памыр тауының күнгейіне қоныс аударған». Бірақ біздің заманымызға жеткен «Хан патшалығының тарихы, Батыс өңір шежіресінде» мұндай деректер жазылмапты.

Ежелгі заманда Орта Азия өңірін мекен еткен сақ тайпалары туралы тарихи деректер сол замандағы парсы және грек авторларының жазба деректерінде сақталған. Ежелгі грек тарихшылары оларды «Азиялық скифтер»деп атаса, парсы тарихшылары оларды «сақтар» деп атаған.

Ахеменид иранның сына жазу текстерінде, онын ішінде накширостемдегі жазуында сақ тайпаларының үш тобы айтылады. Олар: хаомоварға сақтары (хаомо ішімдігін істейтін сақтар), парадария сақтары (теңіздің ар жағындағы сақтар) және тиграхауда сақтары (шошақ төбелі тымақ киетін сақтар) деп аталады. Олар өз заманында Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекен еткен.

Ол заманда «сақ» немесе «скиф» деген жалпы атпен аталған халықтың ішінде әрқайсысының өзіне тән аты бар көптеген тайпалар болған. Олардың көпшілігі көшпенді мал шаруашылығымен, бір бөлегі егіншілікпен шұғылданған.

Ерте замандағы грек авторларының суреттеуіне қарағанда, олардың көшіп қонатын көлігі екі, төрт, алты дөңгелекті арба, оған екі, үш жұп өгіз, ат немесе түйе жегілген. Осы арба күймесінің сырты сырымен, яки киізбен қапталған. Бұлар шөптің сонысы мен судың тұнығын жүзіп, малдарын оттатып, көшіп жүрген.

Сақтар көшкенде қатын-бала, үй-мүкәмалмен күймелі арбада, қонғанда киіз үйлерде отырған. Олардың қыстауларында кесектен (сабан араласқан балшық ; кірпіштен) там үйлер болған. Мал шаруашылығымен шұғылданған сақтар жылқы, қой, сиыр, түйе өсірген, егіншілікпен шұғылданушылар тары, арпа, бидай еккен. Тіпті мал шаруашылығымен шұғылданушылардың да қыстауларының маңында шағын егіншілігі болған.

Ежелгі грек авторларының деректемелерінде сақтардың бірсыпыра тайпаларының аты аталады. Олар: массагет, яксарт, дай немесе дахи, фарат, көмар, асқатағ, исседон, асси немесе аримасып, сармат, каспи, тағы басқалар.

Массагет, яксарт тайпалары: Көк теңіздің (Арал теңізінің) оңтүстік және шығыс солтүстік өңіріне, Сырдарияның оң жақ алқабына орналасқан (ерте заманда Сырдария «Яксарт» деп аталған). Дай немесе дахи тайпасы: Сырдарияның төменгі жағын, Көктеңіздің қолтығын мекендеген.

Аби тайпасы: Қаратау бойын, Сырдарияның алқабын қоныстанған. Фарат тайпасы: Талас Алатауын және Қаратаудың солтүстік, шығыс-солтүстік бөлігін мекендеген. Көмар тайпасы: Келес, Шыршық, Ангрен өзендерінің бойларында және Тянь-Шань тауларының батыс сілемдерінде болған. Асқатағ тайпасы: Шу өзені мен Талас өзенінің аралығында, қырғыз Алатауының орта етегінде тұрған.

Исседон немесе асси тайпасы: Іле өзені мен Шу өзенінің бойын, оның шығыс жағындағы Тарбағатай тауына дейін созылған алқапты мекендеген. Аримасып тайпасы: исседондардың солтүстік және шығыс солтүстік жағында, Алтайдың батыстағы сілеміне дейінгі жерлерде тұрған. Сармат тайпасы: Каспий теңізінің терістігінде, шығыста Жем өзеніне дейінгі, солтүстік Жайық өзенінің басына дейінгі жерлерде тұрған. Каспий тайпасы: Каспий теңізінің шығыс жағалауын мекендеген.

Памир-Алтай тауларының солтүстік шекараларынан бастап, Тянь-Шань тауларын басып өтіп, шығыс солтүстікте Алтайдың батыс сілемдеріне дейінгі, солтүстікке Балқаш көліне және Шу өзенінің аяғына дейінгі, батыста Талас өзенінің оң жағалауына дейінгі жерлерді қоныстанған. Асқатағ, исседон, аримасып сынды сақ тайпалары «тигра хауда сақтары» (шошақ төбелі сақтар) немесе (шошақ төбелі тымақ киетін сақтар) деп аталған.

Жетісу алқабы осы «шошақ төбелі сақтардың» орналасқан жерінің орталығы болған. Осы бір бағзы заманның деректемесіндегі «шошақ төбелі сақ» деген атау күні кешеге дейін қазақ халқының өздерін «шошақ төбелі қазақпыз» деп келгенін еріксіз еске түсіреді. Іле өзені мен Шу өзенінің алқабынан Тарбағатай тауына дейінгі жерлерді мекен еткен сақ тайпаларын ежелгі грек авторлары «исседон» яки «асси» деп атаған.

Ежелгі грек тарихшыларының айтуына қарағанда, сақтар өте батыр жауынгер, «қасқа қатал, досқа адал» халық болған. Олар қастасқан жауын аямаған. Соғыста өлтірген жауларының бас сүйегін ішімдік ішетін ыдыс еткен. Жауларының жон терісінен шылбыр жасаған. Олар батыр жауынгерді ардақтап құрмет еткен. Жыл сайын үлкен мерекелер жасалып, бұл мерекедегі ортадағы ортақ ыдыстан тек жауды өлтірген жауынгерлер ғана ішімдік іше алатын болған. Сақ деп аталатын тайпалардың әрқайсысының өз алдына ханы болған.

Хандардың әмірі күшті еді. Хан қаза болса, оның өлігін арбаға салып ел аралатқан. Ханның өлігін көргенде бұқара қатты қайғырып, өз құлағын қанатып, шашын жұлып, бетін жыртып, көзін тырнаған. Сол қолын оқпен тесетін болған. Қаза болған хан үлкен қорғандарға жерленген, өлікпен бірге алтын, күміс, ыдыс жабдықтарды және сойылған аттарды бірге көмген. Тіпті ханның ханымы мен қызметкерін де өлтіріп, онымен бірге жерлейтін болған.

Ежелгі заман тарихшыларының деректемелеріне қарағанда, б. ж. с. дейінгі VII-IV ғасырларда сақ тайпалары өз атырабындағы мәдениетті елдермен – Ассириямен, Мидиямен қарым-қатынас жасап отырған. Заманымызға дейінгі VI ғасырда сол замандағы әлемге әйгілі ірі елдердің бірі Парсымен қарым-қатынаста болған.

Сол кездегі ірі тарихи оқиғаларға қатынасып отырған. Заманымызға дейінгі 529-558 жылдарда патшалық еткен Парсы патшасы Кир сақтармен соғыс одағын жасасқан. Ол Лидия патшасы Крезбен соғысқанда сақтардан көмек алған. Бірақ Кир патша бұл одақты місе тұтпай, сақ-массагеттерді кіріптарлыққа түсіру үшін оларға шапқыншылық жасап, жаулап алу жорығын жүргізген.

Осы сәтте сақтар жұмыла аттанып Парсы патшасы Кирдің шапқыншылығына қиянкескі карсылық көрсетіп, оның жорығын жеңіліске ұшыратқан. Осының нәтижесінде Парсы патшасының шапқыншы әскерлері тас-талқан болып, Кир патша соғыста өлген. Осы қиянкескі шайқас жөнінде ежелгі грек тарихшысы Геродот былай дейді: «Массагеттердің әйел патшасы Томирис шайқаста парсыларды жеңгеннең кейін, жарғақ тұлыпка қан толтырып, оның ішіне парсы патшасы Кирдің басын салып, «аңсағаның қан еді, іш енді соны!» деп тұлыпты дарияға лақтырған.

Заманымызға дейінгі 521-486 жылдарда өмір сүрген парсы патшасы Дари 1 сақ тайпаларын өзіне бағындыру үшін үнемі жаулап алу жорығын жасап отырған. Парсы патшасының бұл шапқыншылығына сақ тайпалары ерлікпен қарсы тұрып, қажырлы күрес жүргізген. Б. ж. с. Дейінгі 981 жылы парсы патшасы Дари-1 қалың қолды

бастап сақ-массагеттерді жаулап алуға аттанған. Сақтардың кажырлы карсылық көрсетуі нәтижесінде Дари-1 жеңіліске ұшыраған. Осы соғыста туылған таңғажайып оқиғалардың бірін ежелгі грек тарихшысы Полишен былай деп суреттейді: Ширақ деген бір сақ өзінің денесін пышақпен жаралап, парсыларға қашып барып, өзін сақ бастықтарынан зорлық-қорлық көрген етіп көрсетеді. Ширақ өзінің руластарынан кек алатын кісі кейпіне кіріп, парсы әскерлерін оларға бастап барамын деп алдап, адастырып сусыз шөлге апарады.

Парсының шапқыншы әскерлері шөлден қырылады. Ақырында Ширақ оларға: «Мен сендерді адастырып, қырғынға ұшыраттым, елімді аман алып қалдым, мен дегеніме жеттім. Енді қолдарыңнан келгендеріңді істей беріңдер!» — дегенді айтып, ерлік көрсетеді.

Б. ж. с. дейінгі VI ғасырдың аяғы, V ғасырдың басында болған гректер мен парсылардың соғысында сақ тайпалары парсылардың гректерге қарсы соғыстарына қатысқан. Бірақ бұл соғыс парсылардың жеңілуімен (500-499 жылдары) аяқталған.

Б. ж, с. дейінгі IV ғасырдың 30 жылдарында македониялық Александр (Ескендр Зұлқарнайын) бастаған грек әскерлері парсы патшасы Дари-111 Кодомонның әскерлерін талқандап, Орта Азияға басып кіріп, Мараканданы (Самарқанды) жаулап алып, Сырдария өңіріне қарай қаптайды. Бұған сақ тайпалары қажырлы карсылық көрсетіп, «жеңілмес жауынгер» атанып келген Александрдың шапқыншы әскерлерін ауыр жеңіліске жолықтырады. «Александрдың жорығы» атты кітапта айтылуына қарағанда, сақтар осы соғыста Александрдың санын садақтың оғымен жаралап өлтірген.

Сақ әйелдері қоғамдық өмірдің барлық салаларына, тіпті соғыс шайқастарына да ерлер мен бірдей белсене қатынасып, ерлік көрсетіп отырған. Грек авторы Ктеси: «сақ әйелдері ер-жүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетеді» дейді. Алимент Александр былай деп жазады: «Соғыс ісімен ерлерден кем шүғылданбайтын сармат әйелдерін білемін, ерлермен бірдей садақтан оқ алатын басқа да сақ әйелдерін білемін». Б. ж. с. дейінгі VI ғасырда сақ-массагеттердің Томирис деген әйел патшасы болған.

Сақтар ата-бабаларының аруақтарына, аспан жыныстарына, планеталарға, күн көзіне табынған, оған жылқы сойып құрбандық беретін болған. Ал, отырықшы сақтар жерді «ана тәңірі» деп табынған. Сақтар соғыс тәңіріне сыйынып, қылышты жерге шаншып қойып, оның үстіне сүт немесе қан құйып тәуіп еткен.

Сақтар өлген адамды өте жақсы киім кигізіп жіберген, өлікпен бірге қару-жарақ, тамақ, тағы басқа тұрмысқа керекті заттарды қойған. Кейде оның аты да бірге көмілген. Мұның үстіне топырақтан яки тастан оба үйіліп, оның төңірегіне дөңгелектеп тас калаған. Археологиялық зерттеулер осындай молалардан күміс ыдыс, тарақ, тағы басқа заттарды тапқан. Бұл заттарға аттарды ұстап тұрған көшпенді сақтардын тұрмысын бейнелейтін суреттер салынған екен.

Сақтар өздері тұтынған кұралына: кару-жарақ,ыдыс-аяқ, тағы басқа нәрселеріне малдар мен аңдардың, қошқардың, текенің, аттын, түйенің, қодастың, арыстанның аюдың суреттерін салып әшекейлеген. Қанжардың сабы, қазанның бұты, айылбас, тағы басқа нәрселер әр түрлі хайуандарға ұқсатылып жасалған.

Сақ тайпалары «нүктелі техника» деп аталатын суретшілік әдісі арқылы өздері мекендеген жерлердегі жартастарға аңшылық, малшылық тұрмысты бейнелейтін, жабайы хайуандар мен табиғат күштерін «кие» деп табынатын діни ұғымды білдіретін суреттер салған. Мұндай жартас суреттерінде қайқы мүйіз таутеке бұғы, жылқы сияқты хайуандар жиі кездеседі. Кейбіреулерінде садақ тартып тұрған адам бейнесі де бар. Бұл сияқты жартас суреттері Шинжаңның Алтай, Тянь-Шань, Тарбағатай тауларының барлық жерінен табылады. «

1969-1970 жылдары Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы Есік обасынан ежелгі замандағы Жетісу сақтарының экономикалық өмірі мен өнер-мәдениетін бейнелейтін мол мұра табылған. Бұл қабырға басын батысқа беріп шалқасынан жатқан 17-18 жастағы сақ жауынгері жерленген.

Ол басына 200-ден астам алтын әшекеймен безендірілген шошақ төбелі биік (65-70 см) тымақ киген. Бұлардың көбі барыстың, таутекенің, арқардың, аттың, құстың кескінімен өрнектелген. Бас киімнің маңдай жағы теке мүйізді қос аттың мүсінімен және ұзын екі қос жапырақпен, басқа да бедерлі шеттікпен безендірілген. Мойнына таққан бұралған алтын алқаның ұшында жолбарыс бастары бедерленген. Оның сыртына киген қызыл былғары бешпеті үш мыңға жуық алтын әшекеймен безендірілген. Оның ішінен матадан тоқылған ішкөйлек киген.

Беліне кесек алтынмен әшекейленген қайыс белбеу буынып, оң жағына ұзын темір семсер, сол жағына алтынмен әдемілеп апталған темір қанжар асынған. Бұл қабірден 30-дай ыдыс шыққан. Олардың ішіндегі күміс зеренің сыртына 26 әріптен құралған екі жол жазу жазылған. Бұл жазу «Есік жазуы» деп аталған. Зерттеген ғалымдардың айтуынша, «Есік жазуы осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз жазумен (таңбалармен) жазылған. Есік жазуы ерте замандағы Қазақстан тұрғындары бұдан 2300-2500 жыл бұрын жазу таңбаларын жасап, оларды пайдалана білгенін көрсетеді.

1983 жылы Іле Қазақ автономиялы облысының Күнес ауданындағы бір моладан шошақ төбелі тымақ киген сақтың қоладан құйылған мүсіні табылды. Бұлардың бәрі, көшпелі сақ тайпаларыныңәлеуметтік-экономикалықөмірі мен мәдениетінің даму дәрежесін бейнелейді.

Есік обасынан табылған «Есік жазуының» жұмбағы әлі шешілген жоқ. Сақ тайпаларының өз заманында қай тілде сөйлегені бізге беймәлім. Олардың тілі жөнінде нақтылы дерек жоқ. Тек ерте заманда жұңғо, грек, парсы тарихшылары жазған деректердегі жалқы есімдер, ру-тайпа аттары, жер аттары және адам аттары ғана біздің заманымызға жетіп отыр. Осындай тіл материалдарын талдау арқылы «Қазақстан территориясын біздің заманымыздан бұрынғы VI-IV ғасырларда мекендеген сақ тайпаларыныңсолтүстік тобы түркі тілдес болған да, оңтүстік тобы иран тілінде болған» деген болжам айтылады.

Қазіргі қазақ тіліне араб-парсы тілінен кірген көптеген сөздер бар. Бұлардың ішінде араб тілінен кірген сөздерді айыра тану оңай. Ал, парсы тілінен кірген сөздердің көбі мүлде танылмайтын дәрежеде сіңісіп кеткен.

Парсы тілінен қазақ тіліне тек атау сөздер ғана емес, бірсыпыра жұрнақтар да ауысқан. Олар араб-парсы тілінен ауысқан сөздермен қатар байырғы қазақ сөздеріне де жалғанып, жаңа мағына тудыра береді. Мысалы, «нар» (кер, гер, қар), «фар» (фаз),«нама» (дама, деме), «хана» (қана) жұрнақтары арқылы талапкер, жауапкер, жауынгер, қамшыгер, айлакер, сотқар, қиқар, әсемпаз, өнерпаз, аспаз, дауылпаз, жарнама, мазмұндама, мәлімдеме, жатақхана, аурухана, т. б. Сөздер жасалған. Әсіресе, түркі тілінде жоқ сөз алды косымшаларының қазақ тіліне енуі ерекше назар аударады. Парсы (иран) тіліндегі сөз алды болымсыздық жұрнағы «бай» мен «на», араб-парсы тілінен еңген кірме сөздерге де, қазақтың төл сөздеріне де жалғана береді.

Мысалы, бейбақ, бейғам, бейбастық, бейшара, бейтаныс, беймаза, бейтарап, бейсауат, намалыш, нахақ, неғайбіл, нарау, нақұрыс, нәдүріс, найынсап, наразы, нашар, т.б. қосымшалардың, әсіресе қазақ тілінің заңдылығына жат сөз алды косымшаларының ауысуы әдетте бола бермейтін кұбылыс. Сірә, бұлар тым ерте заманда қазақ халқының құрамына косылған иран тілдес тайпалардың тілі арқылы қазақ тіліне енсе керек. Тілдің тоғысуы нәтижесінде иран тілінің сөздік құрамындағы бірқыдыру сөздер мен кейбір грамматикалық формалар қазақ тіліне сіңіп, сақталып калған болуы мүмкін. Бұл құбылыстарды жоғарыда айтылған сақ тайпаларының тілімен байланыстыра қараған жөн сияқты.

Б. ж. с. дейінгі II ғасырда һұндердің жасаған жорығынан жеңіліп, Чиланшан тауы мен Дүнхуаң аралығынан батысқа қарай қоныс аударған ұлы иозылар бұдан бұрын Іле алқабы мен Жетісу өңірін мекендеген сақтарға келіп тиісіп, бұл өңірді басып алды. Сақтардың патшасы оңтүстікке қарай қашты.

Сақ тайпаларының одағы ыдырап, әлденеше елге сіңісіп кетті. Олардың бір бөлегі өздерінің бұрынғы қоныстарында қалып қойды. Бұдан соң шығыс жақтан келген үйсіндер ұлы иозылерді талкандап, Іле алқабы мен Жетісу өңірін жаулап алды да, ұлы иозылерді Амудария алабына қарай ығыстырды. Сөйтіп, сақ тайпалары мен ұлы иозы тайпаларының бұл өңірде қалған бөлегі үйсін бірлестігінің құрамына қосылды.

Осы мезгілде бұрынғы сақ тайпалары мекендеген өңірде үш ірі тайпалық одақ, үйсіндердің, қаңлылардың және алаңдардың тайпалық одақтары жарыққа шықты. Бұл өңірлерде қалған сақ тайпалары осы одақтарға қатынасып, солардың атымен аталатын болды

Шыңғысханның тұңғышы туралы шындық


Биыл Жошы ханның туғанына 830 жыл толады екен. Осыған орай «Ана тілі» газеті дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бүгінгі әңгімеге Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, моңғолтанушы З.Қинаятұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Н.Мұқаметханұлы және Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласының бас ғылыми редакторы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Өскенбай қатысып отыр.
– Ең алдымен «Жошы хан кім?» деген сауал төңірегінде ой толғасақ. Қазақ тарихындағы Жошы ханның рөлін анықтасақ деген ой бар…

З.Қинаятұлы: Жошы Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы. Өмірінде 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалдарын бағындырған әйгілі қолбасшы, әрі батыр. Ол алғаш 1207 жылы Орман жұртын қан төгіссіз бағындырды. 1211-1216 жылдары Алтын еліне қарсы, 1219-1224 жылдары Хорезм жорығына қатысып Сыр бойындағы 26 ірі қала, қамалдарды басып алды. 1223-1224 жылдары Самарқан, Үргеніш үшін болған ірі шайқастарға қатысты. Соғыстан кейін әкесінің ұсынысымен Қыпшақ даласын үлесіне алып, осында өз ұлысын құрды. Бұл тарихта «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп аталады. 1224 жылы Ертіс бойында өз Ақ Ордасының шаңырағын көтерді. Жошы қаншама қанды қырғындарға қатысқанымен табиғатынан ымырашыл, бейбітшілік сүйгіш адам ретінде танылады. Біздің Қазақ мемлекетінің хандары Жошының тікелей ұрпақтары. Жошының кім екенін осылардан-ақ біле беруге болады.

– Жошы ханның өмірбаяны мен атқарған қызметі қаншалықты зерттелді? Бізде Жошы ханды зерттеу қай деңгейде?

Қ.Өскенбай: Жошы ханның өмір тарихы туралы ортағасырлық тарихи деректерде көп айтылады, әсіресе парсы тілінде жазылған Рашид-ад-Дин, Жузжани, Мұғин ад-Дин Натанзи, Казвини, Хайдар Рәзи, Әбілғазы Баһадүр хан еңбектерінде нақты мәліметерді көруге болады. Қазіргі уақытта Жошының өмірбаяны және қолбасшылық, саяси қызметі туралы жеке мақалалар, зерттеулер шығып тұрады. Жақында Зардыхан ағамыздың монографиясы да жарық көрді. Ол – «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» деп аталады.

Н.Мұқаметханұлы: Юань мемлекетінің әйгілі жылнамасы «Юань Шиде» Жошы туралы жеке тарау бар. Соңғы ғасырларда қытай ғалымдары да біршама еңбектер жазды.

Қ.Өскенбай: Бірақ әкесі Шыңғыс хан, қаған інілері Өгөдей, Мөңке, Құбылай, өзінің әйгілі ұлы Баты ханмен салыстырғанда Жошы жайлы жазылған материалдар тым көп емес. Оның да өзіндік себебі бар. Моңғолдар Жошыны жаттан туылған деп шет қақпайлап келгендіктен аса көп жазбады. Жошы Құбылай сияқты Қытайды, Баты хан сияқты Еуразия державасын билеген жоқ. Оның аз жылдық ғұмыры Қыпшақ (қазақ) даласында өтті. Әмір Темір, Шахрух туралы Мауереннахрлықтар, Баты хан туралы орыстар жазғаны сияқты Жошы жайлы әуелі біздің қазақтар жазуы тиіс еді. Өкінішке орай, бізде орта ғасырларға тән жазба дерек аз болды. Тек ортағасырлық Қадырғали Жалайыр, біздің тұңғыш ғалымдарымыз Ш.Уәлиханов, М.Тынышпаев, Ә.Марғұлан еңбектерінде Жошы туралы үзік-үзік мәліметтер кездеседі. Ол туралы алғашқы монография жоғарыда айтқандай бізде 2004 жылы шықты. Зардыхан ағамыздың «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» деп аталатын бұл еңбегі көпшілікке енді-енді ғана таныс бола бастады. Айта кететін жайт қазіргі уақытта бұл тақырыпқа Татарстандағы қазандық тарихшылар үлкен назар аударуда. Менен осы монографияны сұрап, қатты қызықан.

– Моңғолдар Жошыны «жаттан туылған» деп шет қақпайлауына негіз бар ма? Сонда ол кімнен туылған?

З.Қинаятұлы: Анасы қоңыраттардың тайпабасы Дей шешеннің қызы Бөрте. Оны әрбір қазақ біледі. Ал әкесіне келсек, Бөрте меркіттерге қолды болады. Меркіт Ике Шілегер палуанның әмеңгерлігінде бір жылға жуық уақыт болып, құтқарылып қайтып келе жатқан жолында Жошыны туған. Жошының «меркіттігі» талай рет оның бетіне басылды. Моңғолдың ресми тарихында Жошы ұрпағынан ұлы қаған шықпағандығының себебін оның жаттан туылғандығымен байланыстырады. Егер кімде-кім бұл туралы ащы шындықты білгісі келсе жоғарыда аталған монографиядан толық мағұлмат алады.

Н.Мұқаметханұлы: Жошы еліне сіңірген еңбегі, қайрат, қажырлығы жағынан інілерінің еш қайсысынан кем түспеген. Жошының ұлы Баты ханның империяға сіңірген еңбегі Күйіктен кем бе еді? Жошы Шыңғыс хан ұлдарының тұңғышы, Баты немерелердің (Ордадан кейін) үлкені бола тұра әке орнын тұңғыш ұл басатын шығыс салты үзіліп қалды. Жошының меркіт тұқымы деген желеумен Шағатай мен Жошы, кейін олардың ұрпақтары өзара жауласып өтті. Шыңғыс әулетінен шыққан белгілі тұлғалар Ике Өтөгте (хан қорығы) жерленетін өсиет, салт бола тұра Жошы әулетінен бірде-бір адам онда жерленбеген. Мұны өткендегі тарихшылар білмейді емес, біледі. Бірақ ұлы Шыңғыс қағанның үлкен басын кішірейтіп алмас үшін осы бір түйткілді айналып өте береді.

З.Қинаятұлы: Бөртеден айрылған тұста Тэмужин жас, әрі әлсіз болатын. Ауылын жау шапқанда жаңа түскен қалыңдығы Бөртеге мініске ат таба алмай қалады. Бұл жолы Тэмужин меркіттерге қарсылық көрсете алмай әз жанын әзер алып шықты емес пе? Сөйте тұра Бөртеге қалай өкпе айтпақ. Бұған жас нәрестенің қандай кінәсі бар. Тэмужин бұл шындықты іштей мойындады. Жошыны туған ұлындай көрді, оны шет теуіп көрген емес. Тек қаған тағына мұрагерлік жайында сөз болғанда «Жошы тұңғышым сен едің, таққа отыратын жол сенікі» деп айтуға өжет Шыңғыстың батылы бармай, тағын үшінші ұлы Өгөдейге ұсынды.

– Сіздер айтып отырған меркіт деген кімдер? Біздің Орта жүздегі меркіт тайпасымен олардың қатысы бар ма?

Қ.Өскенбай: Тарихта көп нәрсенің бір-бірімен байланысы болады. ХІІ-ХІІІ ғ. тоғысында Моңғолияның Сэлэнгэ өзені бойын мекендеген меркіттер немесе Мей-Ли-Зи (үш меркіт одағы) қазіргі Орта жүздегі меркіттердің тікелей ата-бабалары. Олар моңғолдармен жайы жараспады, кекті болды. 1179 жылы Бөртені азат еткен «Бугур кегер» шайқасында жеңіліске ұшырап, Сэлэнгэ бойын тастап шықты. 1202 жылы Жамуха бастаған Алақай Бұлақ одағы құрамында моңғол-кереиттермен соғысып жеңіліс тапты. 1204 жылы найман жағында болды. Онда да жеңіліске ұшырап Ертіске қарай шегінді. 1205 жылы Бұқтармада Шыңғыс ханнан жеңіліп Жем өзені бойына өтіп кетті. 1216-1217 жылдары Жошы-Сүбэдей қолы меркіттерге сілейте соққы берді. Осы шайқастан тірі қалғандары қазақ-қыпшақ даласында біржола қалып қойды. Бүгінгі меркіттер солардан қалған ұрпағы деп те айтуға болады. Әрине ғасырлар бойы қазақ даласындағы көптеген тайпалар бір-бірімен этникалық байланыста болды, араласты.

– Бұрындары Жошының туылған жылы туралы нақты дерек айтылмайтын сияқты еді. Сіздер Жошының туғанына 830 жыл толғанын қандай деректерге сүйеніп айтып отырсыздар?

З.Қинаятұлы: Дұрыс айтасыз. «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид ад-Дин, «Юань Ши» сияқты еңбектерде Жошының туған жылының орыны бос тұр. Өйткені бұлардың барлығы Шыңғысхан идеологиясының әсерінде жазылған дүниелер. Аталған шығармалар Шыңғыс ханның абыройын аласартып алмау үшін Бөртенің меркіттерге қолды болғанын және оны құтқарған «Бугур кегер» шайқасы оқиғасын қазбаламай жанап өтіп отырған. Мысалы, Рашид ад-Дин «Бөрте меркіттердің қолына түскенде жүкті еді. Меркіттер ол кезде кереиттермен тату-тәтті тұрғандықтан Бөртені Уаң хан арқылы қайтарды» деп жазады. Егер олай болғанда Уаң хан-Жамуха-Тэмужин үштік одағы Бөртені қайтару үшін меркіттерді шапқан қанды қырғын болмаған болар еді ғой.

Н.Мұхаметханұлы: Рашид ад-Дин аталған еңбегін Шыңғыс ханның ұрпағы Иранның Ел ханы Газанның тікелей тапсырмасы бойынша жазды, еңбекті жазуға Бейжіңнен әдейі шақырылған Болд Чинсан бастаған 6 моңғол тарихшысы қатысты. Олар хан иелеріне «Мінеки ата-бабаңыздың шежіресін жаздық. Ұлы атаңыздың тұңғышы жаттан пайда болыпты» деп қалай айта алады. Мұндай шектеулер әр заманда да болған, бола береді де. Талай ащы шындық дер кезінде жазыла бермейді, уақыт өтіп, ұрпақтар алмасқан соң барып ашылатыны бар.

З.Қинаятұлы: Мен зерттеуші ретінде осы мәселе төңірегінде көп іздендім. Жошының туылған жылын айғақтай алатын нақты дерек қалдырған жалғыз еңбек – ол Саган Сэцэннің 1663 жылы жазылған «Эрдэнийн товч» (Асыл түйін) тарихы. Автор онда «Тэмужин сарғыш ит жылы (1178) 17 жасында Бөртемен бас қосқан екен» деп жазыпты. Тэмужин Бөртенің төркінінен келген қара бұлғын ішікті кереит Тоғорылдың иығына жапқан оқиғасы да, Бөртеден айрылып қалғаны да осы 1178 жыл.

Тэмужин Бөртені құтқаруға көмектесуін сұрап Тоғорылға барғанында «Былтыр менің иығыма қара бұлғын ішігіңді әкеліп жапқаныңда ішігіңнің қарымтасына бытыраған жұртыңды біріктіріп берейін дегенім бар еді. Сол айтқаным айтқан» деп Жамуха досына елші жіберіп, дереу қол жинап аттанғанына қарағанда, Тоғорыл-Жамуха-Тэмужин үштік одағы Бөртені құтқару үшін меркітті шапқан әйгілі Бугур кегер оқиғасы 1179 жылы болған. Шайқас күздің ортаңғы айында өткен. Күздің орта айы дегеніміз – қазан. Ал Тэмужин соғыс алаңында Бөртені «айдың жарығынан танығанына» қарағанда бұл қазан айының орта шені болмақ. Бөрте осы жолы жау қолынан құтқарылып, ауылына қайтып келе жатқан жолында Жошыны дүниеге әкелді. Бұл 1179 жылдың қазан айы. Биыл Жошының туғанына 830 жыл толады деуіміздің сыры осында жатыр.

– Жоғарыда айтылғандарға қарағанда, Жошының жалпы тарихтан алатын орыны белгілі сияқты. Ал қазақ үшін Жошы кім? Қазақ тарихында қандай орынға ие? Енді осы мәселеге тоқталып көрсек.

Н.Мұқаметханұлы: Бұл өте күрделі сұрақ. Тарих әркімге тиісті бағасын береді. Ол үшін тарихи тұлғаға деген сүйіспеншілік (симпатия) немесе қарсылық (антипатия) сияқты интуициядан арылу керек. Ұлы адамдардың шыққан тегін, қанының тобын анықтаймын деп әуреге түсу – барып тұрған тұрпайылық. Мысалы, Шыңғыс хан, Темір, Жошы, Баты хандар ұлттық шеңберге сыймайтын тұлғалар. Олардың тарихтан алатын орыны тек ұлтымен емес, атқарған тарихи рөлімен өлшенеді. Тіптен Жошы меркіттің ұлы болды дегеннің өзінде, оның  қазақ тарихынан алатын орыны меркіт тайпасы шеңберінде емес, қазақ тарихына сіңірген еңбегімен немесе сол жолда тартқан тауқыметімен өлшенеді. Айталық, Шыңғыс ханның Еуразияны бағындыруда Жошының және оның ұрпақтарының атқарған істерінің қазақ ұлтының қалыптасуы мен Қазақ хандығының құрылуына белсенді рөл атқарғандығын қалай жоққа шығармақпыз. Біз тарихи оқиғалардың қоғамдық тарихтың процессіне тигізген әсеріне назар аударуымыз керек.

З.Қинаятұлы: Нәбижан дұрыс айтады. Шыңғыс ханның шапқыншылығы мен оның келешек ұрпақтарының ел үшін еткен еңбегін бір-бірінен ажырату үшін қазақ тарихының моңғол дәуірін екі кезеңге бөліп қарастыру қажет.

Біріншісі, жаулап алу кезеңі. Бұл кезең 1218 және 1224 жылға дейін созылды. 1218 жылы Жебе қолы Күшілік ханды өлтіріп, Ертіс, қазіргі Қазақ Алтайы, Іле, Жетісу бойында салтанат құрып тұрған Ляо (қарақытай) әулеті билігін жойып, қазақ жерінің көлемді бөлегін бағындырды. Нәтижесінде Хорезмге жол ашылып, 1219 жылы моңғол қолы еш қарсылықсыз Отырарға жетті. 6 жылға созылған шабуыл Орталық Азияда ғасырлар бойы қалыптасқан түркілік өркениетке, жергілікті халыққа үлкен қасырет әкелді. Бұл қасіретке Жошының да қатысы бар.

Екінші кезең, Шыңғыс ханның ұрпақтары Орталық Азияда аталарының қиратқандарын қалпына келтіріп, әрқайсысы өз иелігіндегі елдің, жерінің іргесін бекітіп, дамыту үшін жүргізген жанкешті күресімен айшықталады. Екі кезеңдегі алға қойылған мақсаты пен атқарған міндеттер бір-біріне ұқсамайды. Оны атқарушылары да мүлдем басқа буын өкілдері болды.

Қ.Өскенбай: Зардыхан ағай айтқан екінші кезең біздің отандық тарихымызда «Моңғол ұлыстарының билік құрған дәуірі» деп аталады. Бұл кезеңнің басында Жошы ханның өзі тұрады. Ол бұрын Қыпшақ атанып келген жергілікті Түркі-қазақ тайпалары негізінде өз ұлысын құрды. Ертіс бойында ұлыстың Ақ Ордасының шаңырағын көтерді. Орданың территориясы Ертістен-Еділ, Ұлытаудан-Қаратал, Төменге дейін, оңтүстігі Сыр бойы Сауран, Барчыкентке дейінгі аумақты алып жатты. Бұл дегеніміз қазіргі Қазақстан территориясының 60-65 пайызын құрайды. Ұлыстың бас билігі Шыңғыс хан әулетінің қолында болғанымен дәстүрлі қазақ қоғамының ру-тайпалық жергілікті билік жүйесі, халықтың тіл, мәдениетіне түпкілікті өзгеріс әкеле қойған жоқ. Керісінше Жошы ұрпақтары 2-3 буыннан кейін өздері түркі-қазақ болып кетті. Ақ Орда іс жүзінде Жошы, оның ұрпақтары билігіндегі Қазақ мемлекеті болатын. Жошы өлгеннен кейін Жошы ұлысы әскери екі қанатқа бөлінгенде Ақ Орда Жошының тұңғыш ұлы Орда Еженнің басшылығында өзіндік дербес билігін сақтап қалды.

– Жошы ханның мезгілсіз жұмбақ өлімінің сыры неде және ол қай жылы болған?

З.Қинаятұлы. Тарихта Жошы ханның өлген уақыты туралы кесіп пікір айтқан адам – Парсы тарихшысы Казвини. Автор өзінің «Тарих-и-Гузиде» (таңдамалы тарих) атты еңбегінде «Туши (Жошы) әкесінен 6 ай бұрын өлді» деп атап көрсеткен. Шыңғыс хан 1227 жылы 16 тамызда 66 жасқа қараған шағында дүниеден өткені белгілі. Егер Казвини айтқандай Жошы әкесінен 6 ай бұрын өлген деп қарасақ ол осы жылдың ақпан-наурыз айында дүние салған болып шығады. Бірақ бұл дерек тарихи оқиғалардың желісімен мүлдем сай келмейді.

Шыңғыс хан 1225 жылы Ертісті жайлап, Галба тауының бөктерінде жеңіс тойын тойлап, сол жылы күзде Туланың қара орманындағы өз ордасына қайтып оралғаны белгілі. Қаған осы жылы, осы жұртта алда тұрған Си Ся жорығына байланысты ұлы жиын шақырды. Жиынға қағанның ұлдары, әскер басылары мен нояндары тай тұяғы қалмай келеді. Денсаулығына байланысты тек Жошы келе алмайды. Ұлы жиын кезінде «Жошының науқас дегені бекер, есен-аман Қыпшақ даласында құлан аулап жүр» деген қауесет тарайды. Бұл хабарды естіп қаһарына мінген Шыңғыс хан өзі қол бастап, Өгөдей, Шағатаймен бірге Жошыға қарсы аттанбақшы болады. Дәл осы сәтте «Жошы өлді» деген суық хабар келіп жетеді. Қайталап айтайын бұл 1225 жылдың қоңыр күзі. Ал Шыңғыс хан Си Ся жорығына аттанғаны 1226 жылдың күз айы. Осындай нақты деректерге сүйенген Джамал Карши, ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген моңғол тарихшысы Гомбожав және басқадай көптеген ғалымдар Жошы 1225 жылы күзде 46 жасында дүниеден өтті деген қорытындыға келген. Біздің ойымызша бұл бірден-бір дұрыс есеп.

Жошының мезгілсіз жұмбақ өлімі жайлы айтылған пікірлерді үшке топтап қарастыруға болады.

Бірінші, Рашид ад-Дин, Юань-Ши авторлары, еуропалық тұңғыш монғолтанушы ғалым К.Д’Оссон және соңғы кездегі көптеген авторлар Жошы Үргеніш шайқасы кезінен (1223) сырқаттанып, науқасы асқынып қайтыс болды деп жазады.

Екінші, Н.Аристов, Бичурин қатарлы тарихшылар және В.Ян, Жузжани қатарлы жазушылар Жошы Моңғол ордасы жансыздарының қолынан қаза тапты деп пайымдайды.

Үшінші, Жошы Ұлытауда құлан аулап жүріп ат үсті жебе тартқан кезінде аттан құлап алған ауыр жарақаты асқынып қайтыс болды делінетін Өтеміс қажының пікірі. «Аттан құлап алған жарасынан» өлді дегенді бірінші пікірдегілер де қолдайды. Қазақтың «Ақсақ құлан» күйі, аңызы да осыны меңзейді. Ал екінші пікірге келсек онда әдеби сарын басым. Біз осыларды сараптай келе Өтеміс қажының жазғаны шындыққа жақын деп есептейміз.

Н.Мұқаметханұлы: Моңғол арасында «Шыңғыс-намэ» кең тарамаған көрінеді. Сөйте тұра олар да «Жошы аң аулау кезінде алған жарақатынан көз жұмды» деп қарайды екен. Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамсасында» (Бес тарих) осылай жазды. Қалай дегенмен осы үшінші пікір шындыққа бір табан жақын-ау деймін.

– Жошы қайда жерленген? Ұлытаудағы Жошының мазары туралы не айтар едіңіздер?

З.Қинаятұлы: Жошы қазақ топырағында жерленгендігінде сөз жоқ. Мазарға келсек, ол Жошы ханға арналып тұрғызылғанына біз күмән келтірмейміз. Бірақ онда Жошы ханның сүйегі жоқ.

Біріншіден, Қағанның өзі және ұрпақтары о дүниеде де жауының көзіне түсіп қалмас үшін барлығы мұқият жасырын болсын деген Шыңғыс ханның өз өсиеті бар. Жошы өлгенде қаған тірі болатын. Әкесінің көзі тірісінде Жошы ханға мазар тұрғызылуы мүмкін емес. Тіптен атасынан 19-20 жыл кейін дүние салған кіші держава билеушісі Баты ханның өзі қайда жерленгені қазірге дейін белгісіз.

Екіншіден, Мазардан 1946 жылы Марғұландар тапқан сүйек 70-72 жас шамасындағы ер адамға тән. Ал Жошы 46 жасында о дүниелік болған адам.

Үшіншіден, Мазардың жер асты және жер үсті архитектуралық конструкциясы, қолданған құрылыс материалы ХҮ-ХҮІ ғасырларға жатады.

Сондықтан В.Бартольд айтқандай мазарды Жошының мұсылманданған хан ұрпақтарының бейітсіз қалған хан бабасына (Жошыға) арнап кейінірек тұрғызылған болуы әбден мүмкін. Мұндай салт біздің мұсылман жұртында қазірде жалғасып жатыр ғой. Жошының кейінгі бірер ұрпағының сүйегі осы маңда жатыр. Мазарды тұрғызған адам бабасының сүйегі тура осы нүктеде болмаса да осы аумақта жатқанына шүбә келтірмеген болар.

– Ендігі жерде Жошы ханнан тараған ұрпақ жайына тоқталсақ…

Қ.Өскенбай: Рашид ад-Диннің есебі бойынша Жошы төрт әйел алып, 40 ұл дүниеге әкелген, олардың ішінен 14 ұлдың аты белгілі. Ұрпақтары Ираннан Қыпшақ даласына дейін кең тарады деп жазғаны бар. Авторы белгісіз «Муизз ал-ансаб» шежірелік шығарма бойынша Жошы сегіз әйел алған, ұрпақтарына сан жетпейді делінеді. Шынымен де Жошы ұрпақтары шартарапқа жайылды. Тұңғыш ұлы Орда Еженнен Қазақ хандары әулеті, Батыдан Алтын Орда билеушілерінің бірер буын өкілдері, Шибаннан Өзбектер және соңғы орта ғасырлардағы Мауереннахр билеушілері, Тоқай-Темірден Астрахан, Қырым билеушілері тарады. Олардың ұрпақтары сол елдерге сіңісіп кетті. Олардың ата-бабалары билік құрған жерлерге жерленген.

З.Қинаятұлы: Мен осыдан 2-3 жыл бұрын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бардым. Сонда тұрған көк тасқа қазақ хандары кестесін Тоқай-Темірден таратып ойып жазып қойыпты. Бұл жансақ пікір. Жансақтық Әбілғазының «Түрік шежіресінен» бастау алады. Шәкәрім Құдайбердіұлы да осылай жазған. Жаңа Қанат айтты ғой, Тоқай-Темір әулетінің қазақ хандарымен қатысы жоқ деп. Бір сұхбатта мұның бәрін жіліктеп тарата алмаспыз. Бірақ бұл тарихта анықталған шындық. Көк тастағы кестені өзгерту қажет.

– Олай болса енді Жошының Орда Еженнен тараған қазақ хан әулеті тарихына қысқаша атап өтсеңіздер…

Қ.Өскенбай: Жошы Шыңғыс ханның өз жарлығымен тағайындалған Моңғол державасының Қыпшақтағы жеке дара даругашысы (жергілікті билеушісі). Жошы өлгесін Шыңғыс хан бұл орынға Баты ханды тағайындады. Орда Ежен әкесі құрған Ақ Орданың мұрагері болып қала берді. 1368 жылы Моңғол державасының соңғы билеушісі Тоғон-Темір Бейжіңнен қуылғанға дейін шеткері аймақтарда құрылған моңғол ұлыстары империяға бағынышты болды. Билеушілері «Моңғол ұлыстарының кіші хандары» деп аталды. Сонда «Қазақ хандарының атасы немесе қазақтың алғашқы ханы кім? » деген мәселе тарихшыларды көп жылдар бойы мазалап келді. Ақыры ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен белгілі тарихшылар Хаммер, Левшин, Шоқан Уәлиханов бір ауыздан Орыс ханды қазақ хандарының атасы деп таныды. Шымтайдың ұлы Орыс хан Ақ Орданың билігіне келуімен Ақ Орда тәуелсіз мемлекетке айналды. Орыс хан Алтын Орданың астаналық қалаларын да өзіне бағындырды. Қазақтың жер кіндігіндегі Сығанақты мемлекеттің астанасы етті. Хан ордасын тікті. Ордада Ақ Орданың ақ туы көтерілді. Қазақтың алғашқы армиясы – Алаш мыңдығы осында жасақталды. Орыс ханның ұлдары Тоқтақия, Темір-Мәліктер Алаш мыңдықтарын бастап Әмір Темірмен талай мәрте шайқасты.

З.Қинаятұлы: Қазірге дейін қазақта ғалымдылығы жағынан батыс пен шығысқа кең танылған Шоқаннан асқан тарихшы жоқ. Оның үстіне Шоқан хан ұрпағы. Сол Шоқанымыз қазақ хандары әулеті кестесін Орыс ханнан бастап тізіпті. Қазақ хандарының атасы Орыс хан болса, ол билеген Ақ Орда неге Қазақ мемлекеті емес?! Бұл мәселені тарихшылар көп жылдар бойы көтеріп келеді. Егер мұны мойындасақ қазақ мемлекеттілігі тарихы әдетте айтып жүргендегімізден 100 жылға ұзара түсер еді.

Ақ Орда мен Қазақ хандығының арасында территориялық, саяси-экономикалық, рухани тығыз байланыс бар. Династиялық билік жүйесінің арасында тек бір адамның жарты ғұмырындай ғана (37-38 жыл) үзіліс бар. Билікке Орыс ханның немересі Барақтан кейін шөберелері Керей мен Жәнібек (ол Барақтың ұлы) шықты. Қадырғали Жалайыр «Бұл Жәнібек хан атасының ұлысын өзі басқарды» деп бекерден-бекер айтпаған ғой. Ол атасының ұлысы деп Ақ Орданы айтып отыр. К.Пищулина бар, мына отырған Қанат бар біздер «Қазақ хандығы Ақ Орданың қайта шаңырақ көтеруі» деген пікірді көптен бері ортаға салып келеміз. Бірақ әзірге бұл концепцияны жоққа шығарған немесе қолдаған ешкімді көрмедік.

Н.Мұқаметханұлы: Ежелгі және орта ғасырларда әулеттік билікпен бірге мемлекеті жойылып, орнына принципиалды түрде жаңа мемлекет келіп отырды. Ақ Ордаға дейінгі қазақ тарихында да сондай. Ал шаңырағын Жошы көтерген Ақ Ордадан бастап Қазақ хандығын күшпен жойғанға дейін Қазақ мемлекеттілігінің жалғастығы үзілген емес. Әрине орыс отаршылары қазақтың дербес мемлекеттік жүйесін бұзды ғой. Бірақ Кеңестер одағы ыдырағанда халық та, жер де, қазақтың рухы мен тіл, мәдениеті де өз орнында қалды. «Орнында бар оңалар» деген рас екен, қазіргі тәуелсіз Қазақ мемлекеті соның жемісі ғой.

– Бастаған әңгімені қорытындылайтын межеге келіп қалған сияқтымыз. Зардыхан аға түйін сөзді өзіңіз айтсаңыз…

З.Қинаятұлы: Қара шаңырағы алғаш қазақ даласында көтерілген Жошы ұлысы Европа мен Азияны жалғап жатқан ұлы дала тарихындағы өте сирек құбылыс. Бұл адамзат тарихындағы ұзақ уақыт сақталған державалардың бірі. Александр Македонский құрған баянсыз держава оның өзімен бірге кетті. Юли Цезарь құрған держава өзінен соң 10-12 жылға ғана жарады. Ал Жошы ұлысы державасы 260 жыл салтанат құрды. Кейде маған «егерде Орталық Азияны моңғол аттылары жаулап алып өлкеге батыстан келетін қауіпті – батысында, шығыстан келетін қауіпті – шығысында, оңтүстіктен келетін қауіпті – оңтүстігінде жүгендемегенде ұлы даланың бүгінгі саяси картасы қалай болар еді?» деген ой келеді. Мүмкін шығысынан Қытай, батысынан католиктер, оңтүстігінен Араб халифаты келсе біздің көшпенділер сайда саны, құмда ізі қалмай солардың біріне жұтылып кетер ме еді, қайтер еді?!

Төрт мың моңғол әкелген моңғолдың ұлыстық жүйесі жергілікті халықтың ру-тайпалық құрылымына айтулы өзгеріс әкеле қойған жоқ. Керісінше, мықты билік жүйесі арқылы олардың ұлт, ел болып ұйып қалыптасуына ықпал ете жүріп өздері сол халықтың саяси-элитасына айналып сіңісіп кетті

Жошы ұлысы державасы билік жүйесінің осалдығынан емес, әулет аралық, ру-тайпа арақақтығыстардан ыдырады. Державаға (Тоқтамысқа қарсы) Әмір Темірдің жасаған соңғы (1392) жорығы державаның соңғы демін үзді. Держава шаңырағы астынан бірнеше жаңа мемлекет қанат жайып шықты. Солардың бірі – Ресей. Бұлар Жошы ұлысы державасынан өздерін азат ету арқылы құрылған мемлекет.

Ал қазақтың Ақ Ордасы сол алғашқы мағынасында, сол өлкеде тәуелсіз мемлекет ретінде қала берді. Сондықтан Ақ Орда, кейін Ақ Орданың орнында қайта шаңырақ көтерген Қазақ хандығы Жошы ұлысының заңды мұрагері болып табылады. Меніңше, Жошы хан, оның ұрпақтарының қазақ тарихынан алатын баға жетпес құндылығы да осында.

Дөңгелек үстелді жүргізген – Ержан БАЙТІЛЕС

Моңғол шапқыншылығынан кейін керейлердің батысқа аууы.


Моңғолдық деректер 1203 жылы керейлердің моңғолдардан жеңілгеннен кейінгі тағдырын қыл үстінде шешеді. Мұнда Шыңғыс хан бастаған моңғолдардың керей елін басып алып, жан-жаққа бөліп таратқаны сөз етіледі. Бұл мәселе туралы ілгерідегі отандық тарих ғылымына қатысты зерттеулер де «Құпия шежіре» сияқты деректерге сүйеніп, моңғолдар «Керейлерді тай тұяғын қалдырмай бөлісіп алды» дегенді тілге тиек еткен. Дегенмен, тарихи шындықтар біздің мұндай пікірді құптауымызға жол бермейді. Керей хандығының 1203 жылғы жойылуы Керей этносының моңғолдарға бір жолата қосылуы және түпкілікті сіңісіп кетуі дегеннен белгі бере алмайды. Бұл туралы мынадай екі түрлі себеп бар. Біріншісі, этностық керейлердің барлығы бірдей Оңханның қол астына қараған жоқ. Бұған дейін керейлердің үлкен тобы ұлыстың батысында қанаттас жатқан наймандардың арасына көшіп келіп, Найман ұлысының құрамына енеді. Екіншісі, 1203 жылғы қырғында олардың бәрі бірдей моңғолдардың теліміне түскен жоқ. Моңғолдардан ығысқан керейлердің бір бөлігі әуелі наймандарға қосылып. Найман ұлысы жойылғаннан кейін көпшілік наймандармен бірге Алтай асып үлгерген.

Моңғолдар Керей хандығын жойғанымен, керейлер қауымы жайыла қоныстанған ұлыстың бұрынғы ұлан-ғайыр территориясын бірден өз иелігіне алғаны байқалмайды. «Құпия шежіре» бізге: Керей елін азайтып, сол жылы Абжыға Көдекері деген жерге қыстады деген мәліметті ұсынады. Қытай ғалымы Чэнь Дэчжи бұл жер туралы егжей-тегжейлі зерттеулер жасап, оның Оңханның Оң қанат қосындарының жұрттары екендігін айтады әрі бұл жердің орнының қазіргі ҚХР ІМАА-ны Шығыс Учжумуцинь қошұнының солтүстік жағындағы Баянхуэрхэ тауынан солтүстікке қарайғы жерлер мен Моңғолияның Дорнод өлкесінің оңтүстік аумағына қарасты жерлерге тура келетінін дәлелдел берді. Бұл енді бұрынғы Керей хандығының оңтүстік шығысына қарасты территориясы болып отыр. Ал ұлыс территориясының екінші бір шеті саналатын Қанқай тауы мен Орхон өзені тарапына моңғолдардың ықпалы жете алды ма екен? Бұл сауал біздің моңғолдар керейлерді бірден өзіне телім етіп қосып алды ма деген сауалға дұрыс жауап беруімізге көмектесе алады. Шын мәнінде моңғолдар бірден мұндай жетістікке жете алғаны байқалмайды. Енді біз өз пікірлерімізді тарихи деректермен дәлелдеп көрейік.

Тарихи деректер бізге Керей хандығы жойылғаннан кейін керейлердің бұл аймақтағы территориясына наймандардың өз иелігін жүргізе бастағанын көрсетіп береді. Бұл жөнінде «Юаньши» кітабы бізге: Тайан хан қолын Аньтай тауынан жылжытып, Ханхай тауына әкеп орналастырғаны туралы мәлімет береді. «Юаньши» берген бұл деректі «Циньчжзнлу» кітабы да растайды. Онда: «Ханхәй тауындағы Хачжиэр-усунь өзеніне келіп жайғасты» деп жазады. «Құпия шежіре» 194-бапта Тайаң ханның қонған жерін: «Ханғайдың Хачир ус» деген жері дейді. Жоғарыдағы деректерде көрсетілген жер Алтай тау жоталарының терістігіндегі Қанқай тау жоталары болатын. Қытай деректерінде бұл таудың аты түрік дәуірінен бастап мәлім. Түрік жұртының алтын бесігі саналатын бұл аймақ қай заманда да киелі жер есептеліп, аталған тау көшпенділер империясының орда тіккен саяси ошағы болған. Арысы Ғұн тәңірқұтынан бастап, Түрік қағанаты, Ұйғыр қағанаты, қатарлы қағанаттардың қай-қайсысы да өз ордасын осында тіккен. Бұл аймақ Керей хандығы заманында солардың құзырында болған. Керей хандығы дәл осы аймақта отырғаны үшін өзін Моңғолияның заңды иесі санап, сол мақсатта батыста Алтай тауларының арғы-бергі бетінен тартып, Шығыс Моңғолиядағы Хинган жоталарына дейінгі аймақтарға түрлі жорықтарды ұйымдастырумен болды. Ұлыс жойылғаннан кейін наймандар үшін бұл аймақтың ендігі заңды иесі өздері екендігін сақараға мойындату керек болды. Бұл туралы Тайаң ханның Темүжін Оңханды жойғаны туралы хабарды алған кездегі айтқан сөздері де, өзінің моңғолдарға жасаған жорығында негізгі  күштерін осылай жылжыта бастаған әскери қимылдары да растай алады.

Тайаң ханның әскерін топтаған жерлері туралы деректерде белгілі болуынша Қанқай таулары деп көрсетілгенмен, деректер бізге дәл осы кезде Темүжіннің Жебе мен Құбылай екеуін Керуленге қарай барлаушы етіп жібергенін және дәл осы мезетте Тайаң ханның қарауылшылары оның негізгі қосындары тұрған жерден әлде қайда шалғайдағы Сары кегер маңында Жібе мен Құбылай бастаған моңғолдардың алдыңғы шеп қосындарымен қақтығыстарға түсе бастағанын хабарлайды. Бұл жер қазіргі Моңғолия астанасы Ұланбатырдан тым алыс емес, негізінде бұрынғы Керей хандығының орталық аймағы еселтелетін жерлерге тура келеді. Осының өзі наймандардың Керей хандығы жойылғаннан кейін бұрынғы осы ұлысқа қарасты аймақтарға бірден өз иелігін жүргізе бастағандығын көрсетеді, керісінше, моңғолдардың наймандарға қарсы жасаған жорығы моңғол жерінің қиыр шығысынан басталып отыр. Міне, олар осыдан шамалы уақыт бұрын Керей хандығын күйреткеннен кейін, бұрынғы Керей хандығы территориясына қарасты жерлерді иемденудің орнына қиырдағы ата мекеніне қарай ат басын бұрғанын анықтап береді. Сөйтіп, осынау байтақ даладағы керейдің қалың жұртын ат тебеліндей моңғолдар аса қысқа уақыттың ішінде өзіне тәуелді етіп ала қойды дегенге күдік туғызады. Керісінше, осы уақыттың ішінде бұрынғы Керей хандығының территориясына моңғолдар емес наймандар өз ықпалын кеңейте бастаған. Бұл дегендік өңірдің бұрынғы тұрғындары моңғолдармен бірге наймандардың да ықпалына көшті дегенді көрсетіп отыр. Осы жәйттерді ескере отырып моңғолдардың 1204 жылы наймандарға жорық жасауына түрткі болған маңызды уақиға наймандардың керей жеріне иелік таныту қимылдарымен қатысты болды деп қарауға негіз бар.

Бұдан тыс керейлер мен наймандар арасында бұрыннан бері қалыптасқан саяси және этникалық байланыстар сақталып келгені белгілі. Арысын айтпағанда Оңханның жеке басының өшпенділігіне қатысты керейлер мен наймандардың ара қатынасы ең жаман болған Оңхан заманында да мұндай қатынас жалғасын тауып отырған. Мұнда Оңханмен араздасып қалған керей ақсүйектері үнемі наймандарға қашып барып отырғанын айтуға болады. Міне, осылай Керей ұлысы күйрегенге дейінгі уақыт ішінде керейлердің аз болмаған тобы наймандар арасына барып кірігіп отырған.

Енді біз 1204 жылғы наймандар мен моңғолдар арасындағы соғысқа қайта оралайық. «Юаньши», «Құпия шежіре», Рашид ад-Дин кітабы қатарлы еңбектердің барлығы осыдан бұрын Оңханмен жанжалдасып наймандарға қашып келген керей Арін-Тайжіні (Агіп-Таіsсһі//Ален-Тайшы) осы реткі моңғолдарға қарсы жорықтағы Тайаң ханның басты одақтастары ретінде қарап меркіттің Тоқта аға бегі, Ойраттың Құдұқа бегі қатарлы қабырғалы елдің бектерінің қатарында атын атап, оған ерекше мән берген. Дерек беттерінде аталған одаққа қатысушылардың қатарында «Тоқтәй-бек бастаған меркіттер, Арін-Тайжі (Ален-тайші) және кезінде Оңханнан бөлініп қашып келген керейлердің бір бәлімі, Құдұқа бек пен оның ойраттары. Жамұқа мен оның жажираттары, сондай-ақ дурбан татар, катакин, салджиут қатарлылардың соғыста жеңіліп қашып кеткен қалдықтары болған» деп жазып отырған. «Юаньши» кітабы бірде наймандардың бұл одақтастарын «мелици бегі Тото, кэле тайпасының өмірі Алянь тайши, Вэйла тайпасының билеушісі Худухуә бецзи және тулубань (Dorben//Dorban) татар, хатацзинь (Qataon//Қатағын) сәньчжиу (Saldjiout//Salziaut) қатарлы тайпалармен күш біріктіргендіктен, олардың (наймандардың-ОЖ.) әскер қуаты ерекше мығым еді деп жазды. 0сының өзі Алин-Тайшының наймандар арасында салт бас, сабау қамшысымен ғана ауып бармағанын, ауыл-аймағымен, ел-жұртымен, аламандарымен бірге барғанын және осы жолғы одақтың құрамында ол бастаған керейлердің маңызды орын алатындығын түсіндіре алады.

Жоғарыдағы одақтастардың арасында Оңханның інілерінің бірі, 1202 жылдары шамасында ағасы Оңханмен араздасып наймандарға қашып барған Жақамбұдың аты аталмайды. Бұл туралы «Юаньши» кітабы бірде «Наймандар мен Меэрцитай күш біріктіріп шабуыл жасады, көптеген тайпалар олармен астыртын тіл біріктіріп, бір-бірімен одақ құрған еді, ойламаған жерден Тайцзу әскер бастап жорық жасап дер кезінде барғандықтан тәйпәлар бет-бетіне тарап кетті, [Тайцзу] осы орайда оларға шабуыл жасады, Шучитай олардың Чжаха цзянпу деген билеушісімен оның екі қызын тұтқындап алып келді, тайпалар түгел бағынды, [Тайцзу] Чжаха цзянпумен одақ құрып, оны өзіне қосып алды. Көп ұзамай наймандар қайта бүлінді, Шучитай Чжаха цзянпудән айласын асырып, оның өзін өлтіріп тастап, мемлекетін тыныштандырды8 деп жазады. «Юаньши» мәтінінің бұл бөлігінде баяндалған уақиғалар тізбегі оқырманға тым қым-қуыт тәрізді болып сезілері. Бізше болғанда, осында баяндалып отырған наймандар мен меркіттердің күш біріктіріп жасаған шабуылы деп Керей хандығы күйрегеннен кейін найман билеушісі Тайаң ханның шығысқа жасаған жорығы айтылып отыр деп ойлаймыз. Бұл соғыстың 1204 жылы болғаны белгілі. Соғыс наймандардың жеңілісімен, Тайаң ханның опат болуы уақиғасымен аяқталды. Нәтижесінде, наймандардың маңына топтасқан тайпалар бет-бетіне тарап кетті. Бір бөліп моңғолдарға бағынды. «Юаньши» кітабы берген бұл дерек бізге осы жолғы найман одағына қатысқандардың арасында керейлердің әйгілі ұлығы Ален-Тайшиден басқа Оңханның інісі Жақамбұ да болғанын мәлімдеп отыр. Бұл тұрғыдан қарағанда аталған дерек «Юаньши» кітабының жоғарыдағы деректе орын алған олқылықтардың орнын толтырумен құнды көрінеді. Дерек ең әуелі: «Шучитай олардың Чжаха цзяньпу деген билеушісі мен оның екі қызын тұтқындап алып келді, сөйтіп, тайпалар түгел бағынды, [Тайцзу] Чжаха цзяньпумен одақ құрып, оны өзіне қосып алды» делінсе, одан ары «Көп ұзамай наймандар қайта бүлінді, Шучитай Чжаха цзяньпудан айласын асырып, оның өзін өлтіріп тастап, мемлекетін тыныштандырды» деп жалғасады. Біздің түсінігімізше, бұл деректерде ешқандай қарама-қайшылық туындап жатпаған сияқты. Тұтас дерек бар болғаны Жақамбұдың наймандармен одақтасып, моңғолдарға қарсы жорыққа қатысқаны, бұл жолғы соғыстың сәтсіз болуы себепті Жақамбұдың соғыстан аман құтылғаны, кейін оның моңғолдың Шучитай бастаған қосындары жағынан қолға түскені, Шыңғыс ханға бағынып, оған қызын бергені, кейін бұрынғы найман жерінде наймандармен бірге қайта көтеріліс жасағаны айтылған деуге болады. «Юаньши» кітабының осы тұсындағы мәтінінде кездескен «наймандардың қайта бүлінуі» мен осы бұлғаққа атсалысқан «Жақамбұдың өлтірілуі/»ортасындағы қатынасқа келсек, Жақамбұдың бұл кезде найман жерінде тұруы мен көтерілісті наймандармен бірлесе жасағандығымен байланысты деуге болады. Сөйтіп, бұл дерек бізге наймандар мен керейлердің ара қатынасын зерттеуде осы уақытқа дейін орын алып келген бір мұнша көмескі мәселелердің басын ашып алуымызға көмектесе алады.

Тарихи деректер бізге 1202 жылы шамасында Жақамбұ наймандарға қашқан кезде оның өзімен бірге қашып кеткендердің ішінде Алин-Тайшіден (Аііn-Таіschі) өзге, Оңханның Ел-Құри (ЕІ-Quri), Ел-Құтқұр (ЕІ-Qutqur), Нарын-Тоғріл (Narin-ТоgгіІ) деген әмірлерін ерте кеткені туралы  деректер бар. Олай болса, олардың да 1204 жылғы найман одағының қатарында болғаны анық.

Керей хандығы жойылғаннан кейін ұлыс халқының көші-қон беталысының негізгі бағыты ұлыстың күнбатысында іргелес жатқан Найман ұлысы болғаны анық. Бұл турасында басқаны айтпағанда наймандармен өмір бойы отаса алмай өткен Оңханның өзі сол наймандарды паналау мақсатында сол елдің шекарасында кісі қолынан мерт болмады ма? Ал ұлыстың мұрагер ханзадасы да әуелде әкесімен бірге сол жаққа бет түзегені әкесі қолды болғаннан кейін Таңғыт елі тарапқа беттеп, одан Шынжаңға келіп, қазіргі Кұшар маңында өлген еді ғой. Бұл керейлердің батысқа бет алғандарының арасындағы ең ірі тұлғалары саналды. Бұдан басқа да керей ақсүйектерінің арасында батысқа бет түзегендері қаншама. Біз енді солардың есебінен бірнешеуін атап өтейік. «Юаньши» кітабы Бұқым деген адам туралы мынадай деректі қалдырған:

Бухуму, оның тағы бір аты Шиюң лақаб аты Юнчэнь. Арғы аталары канли (қаңлы-ОЖ.) тайпасының беделді билеушілері болған. Канли деген Хәнь патшалығы дәуіріндегі деректерде кездесетін Гаочэ мемлекеті еді. Оның арғы атасы Хайланьбай. кезінде кэленің (керейдің-ОЖ) Ван кэханіне (Оң қаған-ОЖ.) қызымет еткен екен. Ван кэхань жойылғаннан кейін, ол өз үйін тастап неше мың сан қолын бастап солтүстік-батыс тарапты бетке алып суыт сапарға аттанады. Осы кезде Тайцзу (Темүжін-ОЖ.) оның артынан елші жіберіп, оны кері қайтуға үгіттеген екен бірақ ол артынан қуып барған елшілерге: «Мен бұрын қағанмен (Темүжінді айтып отыр-ОЖ.) бірге Ван кэханьге қызымет атқарған едім. Бүгін Ван кэхань жеңіліп қалды деп өз тірілігімді өзгерткім келмейді» дегенді айтып өз алдына кете барған. Оның сол бойы қайда кеткені белгісіз.

Сол сияқты Рашид ад-Дин хатқа түсірген Оңханның тағы бір әмірі Күй-Темұрдің Сенгун қырғыз жерінде батысқа ауған керейлердің басын біріктіріп қайтадан хандық орнатыпты деген хабарды естіп қатын баласын тастап өз ханын іздеп батысқа тентіреп кетуі де сондай тарихи ауқымның айғағы бола алады. Рашид ад-Дин өз еңбегінде бұл адамды Оңхан әмирлерінің бірі ретінде арнаулы атап көрсете отырып, ол туралы: «Үлкен-кіші демейтін барлық адам сол кісінің сөзіне сенетін еді. Күй-Тімұр еңкейген кәрі адам еді.»… «Шыңғысхан мен Оңхан тату тұрған кездерде, олардың ортасында әке балалық [қатынас] әлі үзілмеген түста, [Шыңғысхан] Оңханның баласы ретінде оның ордасында отырған кездерде, бүл әмир (Күй-Тімұр) [Шыңғысханның] жоғары жағына отыратын еді». «Шыңғысхан мен Оңханның ортасында болған барлық бітімдер мен сұқбаттардың соңғы шешімін сол кісі жасайтын болған, сонымен бірге ол [Шыңғысхан мен] дос боп өткен еді»10 деп жазады. Керей хандығы күйретілгеннен кейін Күй-Тімұр кешірім етілген керейлердің қатарында болды. Бұған әрине, оның ел арасындағы ықпалы мен бұрынғы кездері Шыңғыс ханмен арадағы ағайындығы себеп болған тәрізді. Атап айтар болсақ, оның ауылындағы еркек кіндікті атаулы өлімге тартылып, мал-мүлкі тәркіленіп, қыз-қырқындары мен қатын-қалаштары олжаланған жоқ. Бәрі орнында қалды. «Бірақ, дәл осы тұста ел арасына Оңханның мұрагер ханзадасы Илқә Сеңгүн қырғыз елінде батысқа кеткен бір қауым елінің басын құрап, әке тағын жалғастырып, қайтадан ел болып ұйысып жатыр екен деген дақпырт сөз тарала бастады. «Бұл дақпырт Күй-Тімұрдың құлағына тиген күннен бастап ол күндіз күлкісінен, түнде ұйқыдан айрылады. Сонымен ақыры бір күн «[Күй-Тімұр] мал-мүлкін, үй-жәйін тастап, бір күннің ішінде ұшты-күйді жоқ болады. п Ол керей ханзадасы Сеңгүннің Қырғыз жерінде қайта құрған Керей хандығын іздеп алыс сапарға шығады. Өкінішке орай, Күй-Тімұрдың іздеген жоғы табылмайды. Ақыры үміті әбден үзіліп, өзінің ата жұрты Орхон бойына қайта оралады. Міне, осы уақиғаның өзі бізге керейлердің көп мөлшерде батысқа ауғанын айғақтай алар еді. Егер керейлердің барлығы моңғол деректерінде айтылғандай Моңғолдардың талапайына түскен болса, ел ағасы Күй-Тімұрдың батыстағы Қырғыз жерінен өз ханзадасы құрған хандықты іздеуін қалай түсінуге болады.

Деректерге негізделгенде керейлердің батысқа аууы ұлыс жойылғаннан кейін аталмыш этнос тарихындағы елеулі уақиға болғаны байқалады. 1220 және 1221 аралығында Қазақстан мен Орта Азияда болып қайтқан Шүршут елінің елшісі Угусунь Чжундуаньнің көрген білгендері негізінде жазылған «Бэй ши цзи» атты саяхатнамада керейлерді найман, қырғыз, мерют, қаңлы, қарлық, ұйғыр қатарлы тайпалардың қатарында Алтайдан Жетісуға дейінгі аралықта кездестіргенін мәлімдеген.

Бұдан тыс моңғолдар керейлердің ең соңғы тобын 1223 жылы Дешті-Қыпшақта қаңлылар мен қыпшақтардың қатарында бағындырғаны туралы тағы бір мәлімет бар. Онда белгілі болуынша Субегетай бастаған моңғол қосыны 1221-1223 жылдар аралығында Әзербайжан, Грузия, Алан (Асуд), Қыпшақ қатарлы елдерге шабуыл жасап, орыстар мен қыпшақтардың бірлескен армиясын күйретіп, Болғар қаласына шабуылдап, одан ары оңтүстік шығысқа беттеп келіп әуелі Орал маңында қаңлыларды бағындырып, ең соңында Сыр дарияның солтүстігінде Шыңғыс ханның негізгі қосынымен бас қосқан болатын. «Юаньши» кітабы бізге: «Қой жылы (1223 ж.) Субутай қағанға қыпшақтарға қарсы жорық жасау туралы өз ұсынысын қойды. Қаған оның бұл ұсынысын қабылдады» деген мәліметті береді. Іле-шала айтулы жорықтан жеңіспен оралған Сүбегетай Сырдарияның солтустігінде Шыңғыс ханның үлкен армиясымен бас қосқан кезде ханына жорықтың жетістіктерінен мәліметтер бере келіп, өзінің бірнеше ұсыныстарын қойған көрінеді. Сол өтініштердің бірін «Юаньши» табы: «Ол тағы қәғаннан меркіт, найман, керей, қаңлы қыпшақ қатарлы тайпалардың мыңдықтарын біріктіріп арнаулы бір қосын ұйымдастыруды өтінді, қаған оның бұл ұсынысын қабыл көрді»13, – деп жазған. Мұнда көрсетілген меркіт, найман, керей, қаңлы, қыпшақ қатарлы тайпалардың мыңдықтарды моңғол армиясы осы жолғы қаңлылар мен қыпшақтарды бағындырған тұста бағынған рулар есебінен құрмақшы болып отырғаны анық. Осында көрсетілген «қаңлылар» мен «қыпшақтар» осы өңірдің байырғы тұрғындары болатын, ал қалған үшеуі яғни, меркіт, керей және найман күн шығыстан келгендер ғой. Міне, бұлар осыдан 20 жыл бұрын Моңғолдардан қорлық көріп Дешті-Қыпшақ жеріне ауған меркіттер және керейлер мен наймандар болатын.

Жоғарыдағы жәйттерге қарай отырып біз Шыңғыс хан Керей хандығын жаулап алғаннан кейін: «Керей елін жаулап алып, кімге де кемітпей тараттық. Түмен түбегенді таратып түгескенше алыстық, қалың Дұңқайтты бір күнге жеткізбей тараттық. Қанды тон алушы Жіркіннің батырларын жіктеп бөліп жеткізе алмай шаршадық» – деп даурығып жүргендері аталған соғыста қолдарына іліккен керей қауымының бір бөлігі ғана дегіміз келеді. «Юаньши» кітабының жоғарыдағы дерегі Керей хандығы жойылғаннан кейін олардың, бір бөлігі монғолдардың қол астына қараса, енді бір бөлігі әуелі Найман ұлысы аумағына, одан ары Жоңғария мен Жетісуға, одан батысқа Дешті – Қыпшаққа қоныс аударғанын көрсетіп бере алады.

Жанымхан ОШАН

САМЫРАТТАР (КЕРЕЙ ТАЙПАСЫ)


Алғы сөз

Жеті атасын білмеген-жетімдіктен,
Тегін білмеген тексіздіктен.

Әрбір саналы адамның өзінің ата-тегін білуге талпынуы заңды құбылыс, оның азаматтық борышы. Бұл бүкіл адамзат қауымына тән ортақ қасиет. Ата – бабасын жіктеп, жадында сақтау рушылдықтан арылмаған ұлттарға тән кертартпалық деген теріс ұғым бар. Ең бір озық, төрткүл әлемді аузына қаратқан ұлттардың ақсүйектерінің әрбір жанұясының мұрағатында ата-тегін, олардың істеген істерін тізіп жазған мәліметтер сақталады. Оны кім көрінгенге ұстатпайды, толықтырылып әкеден балаға беріледі. Қазақ қауымындағы текті адамдарда да осындай үрдіс болған. Халқымыздың басынан бағы тайып, қара түнек заманға тап болғанда, басқа рухани байлықтарымен қатар қастерлеп сақтаған ата-бабалары жайлы жазылған құжаттары да жойылды. Кездейсоқ сақталған кейбір тамтықтары ғана осы күнге жетіп отыр. Көнекөз құйма құлақ қариялар арқылы халықтың жадында сақталып, ауызша беріліп ел арасында тараған аңыз-әңгімелердің қағаз бетіне түскен нұсқалары аз да болса баршылық, олар қолжазба ретінде ғана сақталып, басылып шықпаған. Кейінгі еліміз еңсесін көтере бастаған шақта кейбір шежірелік мәліметтер басылып шыға бастады. Жалпы қазақ халқына, оны құрайтын үш жүзге қатысты шежірелерді былай қойғанда, Абақ керей ұрпақтары туралы шежірелер де баспадан шықты. Бұл ретте ең сүбелі еңбектер:
-Абақ керей, Іле халық баспасы, Күйтін, 1994ж., 380 бет.
-Монголия қазақтарының ата-тек шежіресі, Өлгий, «Баспагер» 1997ж., 216 бет.
Сонымен бірге Абақ-керейдің жеке руларының шежірелері де жарық көрді:
-Жәнтекей Сүйіндік, шежіресі, Үрімжі, 2001ж., 96 бет.
-Шақабай шежіресі, Үрімжі, 2000 ж., 300 бет.
-Самырат шежіресі, 2006ж, 176 бет.
Бұлар араб әрпімен жазылған. Қазақстанда таратылмаған және бұл жақтағы туыстардың ата-тегі жеткілікті қамтылмаған. Осы кітаптардағы мәліметтерді қажетінше пайдалана отырып, осындай игілікті істі атқарған Қадыс Жәнәбілұлы, Қоңырхан Жусанбайұлы, Ақан Қапсеметұлы, Шынай Зейнелұлы, Қалибек Манапұлы, Лұқпан Бадамов, Ислам Қабышұлы, Шынай Рахметұлы, Сеит Абызұлы, Тұрғали Сәтекұлы, Мұқан Баймоллаұлы, Сайламхан Мұстақиұлы және біздің білмегендігімізден аты аталмай қалған азаматтардың баршасына ата-жұрттағы ағайындарға үлгі боларлық бастамалары үшін зор ризашылығымызды білдіреміз.
Мамандық жағынан тарих пен әдебиеттен алыс болғандықтан және көбінесе ел ортасынан жырақта жүргендіктен менің мұндай іске араласар пейілім онша болмаса да, басқадай лажы жоқтықтан, тәуекел етіп, кірісуге тура келді. Бала кезімізде аталарымыз Шотанбай, Санғажа, Ласбай, Оқастан естігендеріміз болмаса, ешбір жазбаша деректер қолға түскен жоқ. Әрбір үйде ата-бабасына құран бағыштау үшін қатым қағаздар ғана болды.
Өзің үшін үйіңде сақтауға емес, көпшілік қауымға арналған соң мынадай мәселе туындады. Әркімнің өз атасын мадақтайтын өзімшіл пендешілігі болады. Біз содан сақтандық. Өткендегі ата-бабаларымыз бәрімізге ортақ. Оларды анау сенің, мынау менің атам деп бөлмейміз. Кейбір ел арасында тараған жәйіттерді жазғанымыз біреуді мақтап, біреуді төмендету емес, бірнеше ұрпақтар бірінен–біріне жеткізген тарихи уақиғалар келесі ұрпақтарға да жетсе деген тілектен туындады.
Қалың көпшіліктен шежірені негізінен өзінің ата-тегіне қатысты болғандар оқып, зерттейді. Жазылған жәйіттер барша жұрттың ойынан бірдей шығыуы мүмкін емес. Кемшіліксіз іс болмайды, байқалған кемшіліктерге сын айтпа деуге де болмайды. Білместіктен болған кемшіліктерімізге алдын-ала кешірім сұрап, олардың орнын толтыруға ниетті болуларыңызды тілейміз.

Тарихи деректер
Керейден Жәнтекейге дейін
«Керей» – қалыптасқан этникалық құрылымдар атауларындағы тайпа дәрежесін анықтайтын ұғым. Сондықтан «Керей тайпасы» аталады. Тайпа дәрежесіне жеткенге дейін де бұл атаумен аталған этникалық топтар болғандықтан «Керей ру-тайпасы» делінеді.
6-ғасырдағы Түрік қағандығының құрамында керейлердің Алтай мен Жетісу өңірлерінде мекен еткендігі туралы тарихи деректер бар. Қытай, парсы жазбаларына сілтеме жасай отырып, Ислам Қабышұлы керейлердің біздің жыл санауымыздан бұрын ғұндардың құрамындағы тайпалардың бірі болғандығын, Ғұн империясында қазіргі моңғол жерінде Сәнби тауының атымен аталған тайпалар тобында болғандығын жазады. Әйткенмен бұл деректер сол кездегі керейлерге қатысты нақты мәлімет ретінде оларды басқа ру-тайпалардан ажыратуға толықтай негіз бола алмайды.
9-13 ғасырларда керейлер моңғол үстіртінде Онон, Керулен, Селенгі, Арғұн өзендерінің бойын мекендеп, хандық мемлекет құрған. Орхон өзенінің бойындағы Шыңғысханның мирасхоры Өгедей ханның астана ретінде салдырған Қарақорым қаласы 7-ғасырда түріктер, 11-ғасырда керейлер астана еткен Қарабалғыс қаласының орны екен.
Керейлер туралы тарихи жазба деректер «Кереит» деген атпен 9-ғасырдан белгілі. «Керей» және «Кереит» ұғымдарының ара қатынасы туралы тұжырым соңғысы көне түркі–моңғұл тілдеріндегі атау сөздердің көптік мәнін айқындайтын «т» жалғауының қосылғандығынан дегенге саяды.
«Керей» сөзінің мағнасы мен шығу төркіні туралы әртүрлі пікірлер бар. Рашид-ад-дин жазбаларында бір ханның қаралтым түсті 8 ұлы болып, олар «Керей» (Қара торылар), олардың ұрпақтары мен қол астындағы жұрты да осылай аталған делінеді. Н.Березин қазіргі түркі тілдеріндегі «қара» және ертедегі «кере» сөздерінің түбірлері тақылеттес десе, Н.Мыңжан атаудың адамның түр-түсімен емес,сол кезде ел басқарған ханның «Керін» есімімен (хилай немесе қытайша хэнли) байланыстырады. Орхон-Енисей жазуын зерттеуші Қаржаубай Сартқожаұлының пікірінше Керулен өзені мен ол бастау алатын Кентай тауының ертедегі ортақ атауы «Кейре» болған. Бұл өлкені мекен еткен керейлердің түп-тегі саналатын халық бірде «тоғыз байрқу», бірде «тоғыз оғуз», бірде «тоғыз кейрелік» аталып, бара-бара «Кейрелер», кейінірек «керейлер» болып қалыптасқан деп тұжырымдайды. Керей, Найман, Арғын тайпалары олардың мекен еткен өзен-су аттарымен аталған деген пікір бірқатар тарихи еңбектерде кездеседі.
Көне деректерге арырақ бойлағанда керейлердің біздің заманымызға дейінгі 5-2-ғасырларда Үйсін тайпалық одағының құрамында болғандығы айтылады. Осыған байланысты орыс зерттеушілері Г. Потанин, Г. Грум-Гржимайло, Н. Аристов, өзіміздің Шәкәрім қажы мен академик Ә. Марғұланның еңбектері арқылы керейлер үйсін текті деген пікір қалыптасты.
З. Қинаятұлы керейлердің тайпа тамғаларының үйсіндердікіне ұқсастығына көңіл аударады. Бұл кезеңге қатысты тарихи мұрағаттарда керейлер туралы үздік-үздік қана мәліметтер болса, Шыңғыс хан заманынан бастап деректер жүйелене түседі. Бұл уақыттағы әлемдік жазба тарихта керейлер жөніндегі мәліметтерге себеп болған олардың несториан бағытындағы христиан дінін ұстауына байланысты еуропалық католиктердің шығыстан өздеріне саяси тірек іздеп, барлаушы саяхатшыларын жіберуі еді. Қазіргі замандастарымыздың арасында «Сонда қалай, ата-бабамыз шоқынған ба еді» деген күдікті сезімінің куәсі болып жүрміз. Ескеретін жәй, христиандық исламға дейінгі діндердің ішіндегі дұрыс бағыттағы монотеистік кітаби дін екендігі. Ертедегі түркілердің де заманындағы табиғатпен үйлесімді, мазмұны жағынан бір ғана құдірет – көк тәңіріне сенгенін ескерсек, ата-бабаларымыздың діни ұстамдарынан ұялатындай себеп жоқ. Керейлердің несториандыққа бет бұруы 1007-1009жылдары басталған. Ал 14-ғасырда Алтын Орда дәуірінде ислам дінін қабылдады. Абақ керейлер Жоңғар шапқыншылығынан соң Алтайға орын тепкен кезде ислам дінінің терең тамыр жаюы үшін мешіттер салып, медресе ұстады. Бұл істердің ұйтқысы болған Шахмансұрұлы Мүхамет Мүхмин қазірет. Абақ керейден ислам дінінің көрнекті насихатшылары Ақыт Үлімжіұлы (1866-1940), қазіргі заманда күллі Қазақ елі көлемінде діни салт-санамыздың дұрыс бағыт алуына зор еңбек еткен Жәнтекей ұрпақтары Халифа Алтай Ғақыпұлы, белгілі дін танушы ғалым Нұртаза Бұлұтай Жүнісұлы қатарлы қайраткерлеріміз бар.
Моңғол мемлекеттігінің іргесі қаланып, нығаюына зор ықпал жасаған сол кездегі Керейдің Тоғырыл Уаң ханның (әкесі – Құршақұз Бұйрық, атасы Марғұз Бұйрық) 1203ж. бұрынғы одақтасы Шыңғыс ханнан күйрей жеңілген соң керейлердің бір тобы моңғолға қарап, енді бір бөлігі Алтайдың батысынан Ертіс бойын Зайсаннан Омбыға дейін жағалай қоныстанды. Кейін барлығы да Моңғол империясының қол астында Жошы ұлысында Батый ханның жорықтарына қатысып, Шығыс Еуропаға дейін тарады. Алтын орда ыдырағанда Арғын, Найман, Қыпшақ тайпаларымен қатар Ақ Орда құрамына кірді. 15-16 ғасырларда Шайбанидің көшпелі өзбектерімен бірге орта Азияға қоныстанды. Осындай тарихтың қат-қабат жағдайларында керейлер ұлан-байтақ территорияға таралып, көптеген халықтарға сіңісті. Олардың ұрпақтары түркі тілдес Қырым татарлары мен башқұрт ішінде «герей», «кирей», «кереит», қырғыз ішінде «кереит» деген руларды құрайды.
Солтүстік Кавказ ноғайлары, Алтай түркі халықтарының құрамындағы жеке топтарымен қатар рулық аттары сақталған өзбектің Кегенес тайпаларының Абақлы және Ашамайлы рулары, қарақалпақ қоңыраттарының Ашамайлы рулары құрамында кездеседі. Ал енді қазақ ұлтында Орта жүздегі Найман тайпасының Қаракерей руы, Кіші жүздің Жетіру бірлестігінің Төлеу руының Кереит тармағы ежелгі керейлердің ұрпақтары саналады.
Ежелгі түркі тайпылары қазіргі түркі тілді ұлттар мен ұлыстарды қалыптастырғанда қазақ халқының құрамына негізінен бұрынғы тұтастығын сақтап кірсе, географиялық-экономикалық жағдайларға байланысты басқа көрші халықтардың құрамына шашыраңқы бөліктерімен кірді.
Керейдің арғы тарихын зерделегенде Моңғол үстіртіндегі Керей хандығымен ғана шектелуге болмайды. Біздің жыл санауымыздан бұрын
Керейлердің Үйсін одағында болғаны туралы деректерді, Керейлердің түп тамырының Үйсіндермен байланыстылығы туралы аңыздарды да ескермеуге болмайды.
Керей тарихын жүйелі зерттеген Мұрат Сәбитұлы Мұқанов Шыңғыс әскерінен Отырарды қорғаған Ғайыр ханнның Керей батырдың шөпшегі Жәнібектің ұрпағы еді деп жазады. Шағатай мен Үгедей Отырарды алғанда Жәнібектің ұрпағынан Шектібай деген ғана алты ұлымен аман қалып, Сыр бойы мен Арал теңізі жаққа барып, Кіші жүзде өсіп-өніп ұрпақтары Әлімұлы құрамындағы Шекті руын қалыптастырған екен. Сонымен Шыңғысхан заманында Керейлер Моңғол шебінен де тыс, оның батысындағы өлкелерде қоныстанғанын көреміз. Жәнесін де Тұғырыл Уаң ханның өлімімен Монғол жеріндегі Керейлердің тарихы аяқталмайды. Уаң ханның ұрпағы Қалмақтың ханы Хо-Ұрлық Еділ бойына 50000 шаңырақ қосынын қоныстандырып, оның ұрпақтары 1640-1771 жылдары хандық құрды. Бұл қалмақтар өздерін осы күнге дейін Керейміз деп есептейді. Қазіргі кезде кейбір қалмақтың оқығандары «нағыз керей сендер емес, бізбіз» – деп, дауласып жатқан жайлары бар. Олардың асыра сілтеген даурықпаларына ілеспей, байсалдылықпен пікір алмасқысы келген жастарымыз үшін мақаламыздың соңында интернет адрестерін ұсынып отырмыз. Біздің тарихымыз өте күрделі, «ат баспайды деген жерін үш рет басады» деген. Шыңғыс ханның ұрпақтары қазақтың сұлтандары мен хандары болып, мемлекетімізді құруда шешуші күш болса, Керей хандарының ұрпақтары қалмақ хандығын құрды. Міне тарихымыздың бұлтарыстары мен шырғалаңдары!!
15-ғасырдың ортасында қалыптаса бастаған Қазақ хандығының негізін құраған ру-тайпаларының да бірі керейлер болды. 16 ғасырдың басында Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ тайпалары Орта жүз болып бірігіп, 16-17 ғасырлардағы Қазақ хандығының негізгі бөлігі болды.
Қазақ тарихының өте қиын кезеңі болған Жоңғар басқыншылығының (1710-1760), оның жойқын апаты Ақтабан шұбырындының (1723-1725) ең үлкен зардабын тартқан керейлер еді. Ел шетінде болғандықтан бірінші шабуылға ұшыраумен қатар, Жоңғардың негізгі әскери күштері күйреп, мемлекеттігі жойылған соң да керейлер үшін тыныштық бірден орнаған жоқ. Басқыншыларға қарсы қазақтың бірлесіп жасақ құруы ұзақ болғанымен, соғыс бітер-бітпестен жаңа қонысқа орналасу үшін жылдам тарап кетті. Бұл кезде Алтай-Сауыр-Тарбағатайдың сай-саласында жоңғарлар әлі де аз емес еді. Солармен ата қонысы үшін керейлерге жеке соғысуларына тура келді. Нәтижесінде қазақтың шығыстағы шекарасы айтарлықтай ілгеріледі.
Бұл соғыста керейдің бірнеше ұрпағы ат үстінде қолынан найзасы түспей Алтайдан Қаратау, Сыр бойы, Орға дейін, одан үнемі қан майданмен Аякөз, Шар, Көкпектіге келгенде қаншама жанынан айырылып қырғын көрсе де, нәтижесінде кереметтей ұйымшылдықпен бір атаның ұлдарындай рухы жоғары қауым ретінде қалыптасты. Осы кезден қалған «Қазақ болсаң керей бол, бар Алашқа мерей бол» деген Төле бидің нақыл сөзі ұрпақтар жадында сақталып келеді.
Ақтабан шұбырынды басталғанда Абақ керейдің батысқа аууы бей берекет стихиялы болса, қайта қайтуы ұйымдасқан жүйелі ерекше тәртіппен іске асты. Бұл кезеңдегі керей қоғамының ұйымдастырушысы, Жоңғармен соғыстарындағы қолбасшысы, қиын-қыстау шырғалаңдардан шығатын және болашағына жол ашатын бағытын айқындаушы Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) болды. Ол Жәнтекейдің Сүйіндік атасынан. Сүйіндіктен Алты, одан Сары, одан Бердәулет. Жәкеңнің зираты қазіргі Шығыс қазақстан облысы Жарма ауданының орталығы Георгиевкадан Зайсан бағытындағы жолдың сол жағында Ортабұлақ деген жерде. Бұрын Әулиебұлақ деп аталған екен.
Керей шежіресінің жүйеленіп хатқа түсуіне 16- 17-ғасырлар аралығында жасаған Ашамайлы Керейдің Көшебе руынан шыққан Дәулен батыр Таузан ұлының (Шақшақ бидің немересі) еңбегі негіз болған. Оның ұлы Толыбай би 17-ғасырдың соңында толықтырып, Керейден шыққан көптеген атақты адамдар арқылы қолдан қолға өтіп, Сегізсері Бахрамұлының жинақтауымен біздің заманымызға жеткен. Сегізсеріден шежірені Шайқыисламұлы Жүсіпбек жазып алып, Қазан қаласында бастырған. Сегізсерінің ұлы Мұсайын (1845-1920), оның ұлы Нұрмұхамет Мұсайынов(1874-1961) бұл шежірелерді сақтаушылар болды.
Дәулен батыр аса білімді, имандылықты насихаттап, поэзия мен музыка саласында да танылған тұлға. Ол тарихта қазақ қолын бастап, жоңғардың алғашқы басыншылығына тойтарыс беруші ретінде белгілі, оның ісін жағастыршы ізбасары атақты Жалаңтөс баһадур болды. Дәуленнің шежіресін толықтырған Тәшмұхмет Тәбейұлы Барлыбаев (1833- 1903).
Дәулен батыр шежіресінде негізінен Aшамайлы Керейдің әулеттері баяндалса, Абақ Керей шежіресін Алтай қазақтарынан шыққан зиялы тұлғалар жазған. Олардың ішінде тарихшы Малғаждар (1898 ж. туған) қазақ шежіресін, оның ішінде Керей шежіресін жазумен бірге «Дүние халқының тарихы» деген кітап жазған. Арқалық жырының авторы Нұралы Сағдоллаұлы Найман, Керей шежіресін қатар жазған. Жобалай Керейден шыққан Сабырбай Кәтікейұлы керей шежіресін жинаған. Жәнтекейден шыққан Арғынбай Апашбайұлы керей шежіресін өлеңмен жазған. Абақ Керей төрелері Көгедай ұрпақтары туралы Мешел шежіресі жазылған. Керей шежіресін жинақтаушылар қатарында белгілі тұлғалар Дәлелхан Сүгірбайұлы, Ақыт қажы қатарлы адамдар бар.
Керейден шыққан аса зор тарихи тұлға – Қожаберген Толыбайұлы (1663-1763). Ол Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Богдановқа селосының жанындағы Гүлтөбе деген жерде туған. Ашамайлы Керейдің Көшебе руының Таузар әулетінен. Әрі батыр, әрі жырау, ғұлама ғалым, Тәуке ханның дипломатиялық істерін басқарған. 1688ж. 25 жасында Ордабасы болып, Жоңғармен соғыста күллі Қазақ жасақтарының бас қолбасшысылық еткен. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағын жазған, көптеген тарихи дастан жырлардың авторы, қазақтың ән ұранына айналған «Елім-ай» әнін шығарған.
Керейден шыққан бүкіл қазақ халқының мақтанышы болған тұлғалар аз емес. Олардың қатарында Сегізсері, шын аты Мұхамет Қанапия Бахрамұлы (1818-1854), Біржан сал (1834-1897), Махамбет Өтемісұлы (1803-1846), бергі 20-ғасырдағы қазақ тарихында өз орны бар қайраткерлер баршылық.
Керей тайпасы Ашамайлы керей және Абақ керей деген екі топқа бөлінеді. Ашамайлы, Абақ атауларының шығуы туралы әртүрлі жорамалдар бар. Солардың ішінде Керейдің төл шежіресінде хатқа түскен деректер бойынша ру анасы саналатын Үйсін Сарымырзаның қызы Әппақ күйеуінен жесір қалып, ұлы Шымырмен төркініне келеді. Нағашы атасы баланы тай үстіндегі ашамайға мінгізіп «Ашамайлы керейім» деп еркелетіп, алып жүреді екен. Сол баладан тараған ұрпақ «Ашамайлы керей» атаныпты. Әппақтың соңғы күйеуінен өрбігендер анасының атымен Абақ атанған деп жорамалданады.
Этнонимдік ұғымдардың жалпы қазақ халқына тән үрдістер тұрғысынан талдайтын ғалымдар Абақ, Ашамайлы атауларын ру тамғаларының ерекшеліктерімен байланыстырады. Көптеген ру-тайпалардың атында олардың тамғалық белгілері көрініс тапқан. Оған жеткілікті мысалдар бар: шанышқылы, ошақты, шекті, терістаңбалы, бестаңбалы, тілік, балталы, бағаналы, тарақты, қайшылы, орақты, ергенекті, сіргелі, т.т.
Ашамайлы тамғасы көбейту белгісіне ұқсас айқасқан екі көлбеу сызықтан (Ч) тұрады. Ашамай – тайға салып, кішкене баланы мінгізетін, түйеге салып, тең байлайтын жабдықтың атауы. Абақ – аңға құрылатын қарапайым құрал. Оған кірген қасқыр, түлкі сырғып түскен тор көз ағаштан қайта шегінуге мүмкіндігі болмай, қамалып қалады. Түрме мағынасындағы абақты сөзі де осыдан шыққан.
Ашамай да, Абақ та керейдің ортақ айқыш, яғни крест(+) тамғасымен тақылеттес. Айқыш белгісі керейлердің ертеректе несториан дінінде болғандығынан деп жорамалданып келсе, қазіргі айқындалған тарихи деректер бойынша төрт айрығы тең айқыш христиандықтан көп бұрынғы ерте заманғы түркілердің тамғалық белгісі екен. Тіпті түркілерден де бұрынғы Ариялар айқышты қастерлеген көрінеді. Орысша арийцы атанған халықтың байырғы бір мекені Алтай таулары екені дәлелденді. Қазіргі Тува жеріндегі Аржан қорымында біздің дәуірімізден бұрынғы 8-7 ғасырларға жататын археологиялық қазбалардан төрт айрығы тең темір айқыштар табылған. Гитлерлік неміс фашистері өздерін осы «таза» ария нәсіліненбіз деп дәріптеп, төрт айрығы тең айқышты свастикаларына негіз етіп алған-ды. Бұндай айқыш үлгісі Елордадағы Қазақстан парламентінің мәжіліс залының орталық алаңшасында да бейнеленген.
Керейдің Абақ, Ашамайлы болып бөлінуі Шыңғысханның 1202 жылы керей хандығын жойғанынан кейін болса керек. Моңғол шебінен батысқа ауғанда Ертістен солтүстікке қарай бөлінгендері Ашамайлы тобын құраған. Оңтүстік бағытта ежелгі ата мекені Алтай, Қара Ертіс, Сауырға қонысатанғандары Абақ керей болғандығын тарихи уақиғалар дәлелдейді. Бұл туралы Қожаберген жырау:
Алтай тау қазақ атам туған жері
Қытай-шүршіт, қалмақты қуған жері
Аталған бабам Ғали Ашамайлы
Өсірген мыңдап тайлақ, құнан тайды
Сібірге ұрпақтары қоныстанып
Ел болып ерте кезден қанат жайды.

Шалқар көл, ну орманда Сібір жері,
Сібірді мекен еткен Керей елі,
Егін сап, күн көрудің қамын ойлап,
Бас қосып кеңес құрған би мен бегі .
деп, Ашамайлы керейдің тарихынан сыр шертеді.
Ашамайлы Керейді 10 ру: Сибан, Балта, Көшебе, Ақсары, Құлсары, Семеналы, Нұралы, Нұрымбет, Ақымбет, Самай құрайды. Ұраны – Ошабай.
Абақ Керейге 12 ру кіреді. Қазіргі қалыптасқан көзқарас бойынша оларға жататындар: Жәнтекей, Жәдік, Шеруші, Меркіт, Ителі, Қарақас, Молқы, Жастабан, Шұбарайғыр, Көнсадақ, Сарбас, Шимойын. Кейбір шежірелерде Шимойынның орынына Құлтайболат аталады. Алдыңғысын Ашамайлы Керейге жатқызады. Сонымен қатар Шимойынды Найман тайпасынан деген де пікір бар.
Шежірелерде 12 Абақ керейдің туыстық қатынастары әрқилы сипатталады. Абақ керейдің мол шоғырланған жері Қытай еліндегі шежірелер бойынша Абақ ананың соңғы күйеуінен туған Құттықожадан қазіргі Абақ Керей ұрпағы таратылады. Құттықожаның ұлы Ерменнен Изен мен Жусан.
Изеннен Аллаберді, Құттыберді. Аллабердіден Жастабан, Сарбас, Меркіт. Құттыбердіден Бағаналы, Жаппас. Бағаналыдан Байлау мен Қойлау. Байлаудан Елдей, Көлдей, Бердішора, Жиеншора. Елдейден Жәдік. Көлдейден Шеруші. Бердішорадан Жәнтекей. Жиеншорадан Құлтайболат. Қойлаудан Арқаш, одан Ителі (шын аты – Ахметәлі). Жаппастан Қарақас (шын аты – Сейдалы), Молқы, Көнсадақ (шын аты – Жабай).
Жусаннан Аллақыдыр, одан Шыбарайғыр (шын аты – Жәрке, абыз атанған).
Монғолия қазақтарының шежіресінде Абақ керей руларының туыстастығы біршама басқаша баяндалады. Абақ керей ұрпақтары Ашамайлыдан (Ақбердіден) таратылады. Ашамайлыдан Аллаберді мен Құттыберді.
Аллабердіден Ителі, Жастабан, Сарбас, жиені Шыбарайғыр, жиеннен туған жиеншары Меркіт.
Құттыбердіден Бағаналы, Жаппас. Бағаналыдан Изен, одан Мұралы, одан Елдей, Көлдей, Бердішора. Елдейден Жәдік. Көлдейден Сүгір. Бердішорадан Жәнтекей. Сүгірден Шеруші. Жаппастан Жабай. Жабайдан Молқы, Қарақас, Көнсадақ.
Сонымен Абақ анадан тараған ұрпақтардың Жәнтекейге дейінгі жалғастығын саралағанда бір болжам бойынша Абақтан Ашамайлы, одан Құттыберді, одан Бағаналы, одан Изен, одан Мұралы, одан Бердішора, одан Жәнтекей.
Екінші вариант бойынша бұл генеологиялық тізбек: Абақ-Құттықожа- Майқы- Ермен- Изен- Құттыберді- Бағаналы- Байлау- Бердішора- Жәнтекей.
Келтірілген деректерге негіз болған Қытайдың Алтай өлкесінде 19 ғасырда Мәми жазған дейтін шежіре. Шежіренің баяндауынша Керей ұлысы 8 тайпадан тұрады. Олар: Шөп, Сеп, Байлау, Қойлау, Елдей, Күлдей, Изен, Жусан. Атақты тарихшы Нығымет Мыңжан да бұл тайпалардың аттары 7-8 ғасырлардағы Қытай мұрағаттары мен Рашид–ад–диннің жазбаларында кездесетінін растайды.
Қазіргі кездегі Қазақстанда шығарылған қазақ халқының тарихнамаларында біз қарастырып отырған уақыттағы Керей хандығын құраған тайпалар ретінде Керейхан, Жархан, Тунхайт, Конхант, Хирхун, Сахиат, Тумаут, Албат аталады. Осылардан хандар шыққан Керейхан тайпасының ғана атауы сақталып, Керей ұлысының ортақ атына айналды деген пікірге қосылады.
Жалпы алғанда түркі заманында, Шыңғыс хан дәуірінде, Алтын орда кезінде өмір сүрген ата-бабалардың аты жөнін нақтылау мүмкін емес. Ертедегі шежірелерде аттары аталған тұлғаларды елеусіз қалдырмай, жаңа басылымдарда атап өту орынсыз емес деп ойлаймыз. Бергі тарихтың өзінде, қазіргі қазақ ұлты екшелген, Қазақ хандығы құрылған уақыттан бергі аты мәлім аталарымыз, оның ішінде де тарихта орны бар атақтылары ғана, ел басқарған, қол бастаған, аса бір талантымен даңқы шыққандардың есімдері мен нақты өмір сүрген уақыттары белгілі, соңғы 1-2 ғасырда өмір сүрген ата-бабаларымызды түгендеп алу үшін де біраз еңбек етуге тура келеді. Ең бастысы бергі 7 атаны нақтылап, қазіргі ұрпақтарын түгендеу тікелей осы шежіренің мақсаты деп білеміз.
Жәнтекейге дейінгі аталар туралы деректерде көп дүдәмәлдік болғанымен де шежірелерде тұрақты қайталанатыны Жәнтекейдің әкесі Бердішора, аталары Бағаналы, Құттыберді екендігі.
Жәнтекей руы 12 Абақ Керейдің ең мол сандысы ғана емес, бүкіл Абақ Керейді бір орталыққа топтастырған, оның шырғалаңы мол тарихындағы негізгі ұйымдастырушы және қозғаушы күш болған. Қазақтың бірде бір тайпасында дәл Абақ Керейдей бітұтас саяси-рухани ұйымдасу болған жоқ. Бұндай бірлестік Жоңғар басқыншылығы кезінде Жәнібек Бердәулетұлының басшылығымен орнықты. 1790 жылдары Қытайдың Ежен ханымен жасалған келісімдер арқылы Абақ Керейдің біртұтастығы дипломатиялық ресми құжаттарда көрініс тапты.
Шежірелерде айтылғандай бүкіл Абақ Керей бір атаның кіндігінен тарамаса да, жақын рулар ортақ мүддемен топтасып, бірін бірі бауырына тартып, іргелі ел болып, қилы замандардың тепершілігіне төтеп берді. Ру-тайпалардың туыстық негізде ғана емес, түрлі саяси себептермен де қалыптасуы қазақ тарихында орын алған құбылыс. Туыстық-аталастық негізде біріккен қауымға басқа да топтар әртүрлі себептермен қосылып отырған. Рулық құрылым айтылып жүргендей ұлтты, елді бөлшектеу үшін емес, керісінше, бірлестіруге қызымет етті.Осы негізде Қазақ хандығын құру, үш жүздік жүйені қалыптастыру мүмкін болды. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанда халық бірлігін қамтамасыз ететін сенімді идеялогиялық негіз әлі күнге дейін қалыптасқан жоқ. Ал ата-бабаларымыз болса өз заманындағы геосаяси жағдайда дұрыс бағытын айқындай білген. Абақ Керейдің игі-жақсылары (біздіңше, элитасы) іргелі ел болу үшін бірнеше күрделі мәселелердің шешімін дұрыс оңтайластырды.
Біріншіден, сол кездегі қауымның психологиясы мен менталитетін ескеріп, Абақ Керейдің рулық құрамын саралап, реттеді. 12 ру бірге туысқан 12 атаның балалары деген ұғым берік қағидаға айналды.
Екіншіден, елдің басқару жүйесінің тыянақтылығы, ру аралық қайшылықтарға тосқауыл болуы үшін басқаруды бейтарап тұлға хан тұқымы төреге беруге шешім қабылданды. «Төресіз ел, төбесіз жер болмайды» деп, Әбілпейіздің кіші әйелі қырғыз қызы Тұмар ханымды ұлдары Көгедай, Жабағы, Сәменді көшіріп әкеліп, 1788 жылы Көкпектіде ұлы жиын ашып, 16 жастағы Көгедайды ақ киізбен көтеріп Абақ Керейге төре сайлады. 1836 жылы Көгедайдың мұрагері Ажы төренің тұсында «төрт би-төре» жүйесі қабылданды. Абақ Керей қауымының өсіп-өркедеп ұлғаюы және саяси-шаруашылық жағдайдың күрделенуі себепті ел басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, төреге, оның Қытай үкіметі берген гуң дәрежесіне сәйкес, негізінен сыртқы билік, Қытай үкіметімен арадағы мәселелер жүктеліп, ішкі мәселелерді шешуге төрт би сайланды. Мұрагерлік жолмен билердің екеуі Жәнтекейден, екеуі Жәдік руынан болды.
Үшіншіден, басқару жүйесінің құқықтық нормалары заңдастырылып, «Абақ Керей ережесі» бекітілді. Бұл ереже қазақтың ежелгі Жеті жарғы заңдары мен шариғат қағидаларына негізделді. 1949 жылы Қытайда коммунистік тәртіп орнағанға дейін Абақ Керей қауымы осы жүйе бойынша басқарылды.

Жәнтекейден Самыратқа дейін

Жәнтекей туралы біраз шежіре деректері мен ел аузында аңыз-әңгімелер бар. Мұса Бәтейұлынан қалған деген бір шежіреде Жәнтекейдің арғы атасы Шеп деп көрсетілген. Шептің немересі Ермен, одан Изен, одан Ақсопы. Ақсопыдан Бағаналы, Бағаналыдан Байлау.
Байлаудың бәйбішесі Мадинадан Бердішора жалғыз екен. Жәнтекей Бердішораның ұлы. Байлаудың екінші әйелі Жиеншардан Құлтай, кіші әйелі Ажардан Елдай мен Көлдай. Елдайдан Жәдік, Көлдайдан Шеруші туады.
Шежірелерде Жәдік, Жәнтекей, Шеруші, Құлтайболат төртеуін бір байлау, ауылдары аралас,қойлары қоралас болған делінеді. Бұлардың ішінде Жәдік ат үстінде, сән-салтанат құруға бейім, Жәнтекей болса шаруақор, малға қарап, жылқының түнгі күзетін атқарып жүреді екен. Бұлар үйлерінде жоқ кезінде ауылдарына қарапайым шал бейнесінде Қызыр келсе Жәдіктің әйелі тәкапарлық көрсетіп дұрыс қабылдамапты. Жәнтекейдің әйелі Шыбарайғырдың қызы Алтыншаш ақсақалды өзі келіп, үйіне шақырып, қонақ еткен екен. Осыдан «Жәнтекейге Қызыр дарып, мал мен басы тең өскен» деген аңыз ел аузында сақталып қалған.
Жәнтекейдің үш ұлы Сүйінбай, Сүйіндік, Сүйінішәлінің ұрпақтары үш Жәнтекей атанып, Абақ керейдің ішіндегі ең үлкен рулы елге айналды. «Бүкіл 12 Абақ Керей ауса Жәнтекейге сиып кетеді, Жәнтекей ауса Абақ керейге симайды» деген сөз бар.
Жәнтекейдің ұраны – Шақабай, ол Сәмембеттің Есентайының ұлы, әйгілі қолбастаған батыр, сайыскер, ерен ерлігімен, жүректілігімен, ақыл-қайратымен Жоңғарға қарсы соғыста аты шыққан. Сол қиын-қыстау заманда Абақ керейдің ел болып сақталуына басшы болғандардың бірі. Ер Жәнібекке соғыс өнерінде, ел басқару істерінде ұстаз, ақылшы болған. 1688 жылы туып, 1778 жылы қайтыс болған. Қазіргі Шығыс Қазақстан обылысының Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта жерленген.
Сүйінішәліден Қожамжар, Барақ, Секел, Бұлантай тарайды. Бұлардың ұрпақтарының негізгі бөлігі Монғолия мен Қазақстанда қоныстанған.
Сүйіндіктің екі ұлы Алты мен Халекеден рулы ел болған, екі атаның ұрпақтары өрбіген. Алтыдан Сары мен Есназар. Есназардан Күнту, Жайлау, Байғасқа, Базарбай, Базаргелді, Бұқарбай. Сарыдан Кердәулет пен Бердәулет. Бердәулеттен есімі Абақ керейге ұран болған Жәнібек батыр. Жәнібектен Ноғай, Балжан, Бәйтікбай, Дауылбай. Ноғайдан Елубай, Самырық. Елубайдан Сәтіке, одан Зарыхан, одан Мырзахмет, одан Сағадат. Сағадатта Жәнібектің әйгілі туын сақтаған сандық бар деседі. Халекенің ұрпақтары негізінен Қазақстанда. Алтының ұрпақтарының көпшілігі Қытайда, біршамасы Монғолия мен Қазақстан жерінде.
Сүйінбай – Жәнтекейдің үлкен ұлы. Ат жалын тартып мінгеннен топқа түсіп, билік айтқан. Қандай бір қиын дауларды дұрыс, әділ шеше білген. Оған әкесі аса ризашылықпен «өркенің өссін» деп батасын беріпті. Сүйінбайдан туған Самырат Жәнтекейдің бірінші көрген немересі екен.
Мешпет анадан Самыраттан соң 2 қыз, одан кейін үш ұл туған екен. Қарындастары Самыратқа қолғанат көмекші болып, атқа мініп, жылқы бағысқан көрінеді. Сонымен қатар сол жаугершілік заманның жағдайында мылтық ату, садақ тарту, қылыш шабу, сойыл соғу әдістеріне де ер азаматтардай жетік болыпты. Малға тиген ұры-қараны өздері-ақ жайғап салады екен. «Өзін Батима мен Қадиша құсап сілейтіп ұршы» деген сөз ел аузында сақталыпты.
Самыраттың 18 жасында-ақ батыр атағы шығыпты. Сол кезде елді шапқан дүрбіттер мен ұранхайлардың жолын кесіп, айдап әкеткен жылқыларын қайтарып талай рет ел алғысына бөленеді. Самырат елдің еті тірі жігіттерін ұйымдастырып, жан-жақтан анталаған жаудан еліне қорған болады. Қол бастап үнемі аттан түспепті. Самырат жоқта ауылына жау шауып, жауға Сүйінбай жалғыз өзі қарсы тұрыпты. Үйінде екі шиті мылтығы болыпты. Қыздары әкесіне көмектесіп, мылтықтарды оқтап беріп отырыпты да, Сүйінбай мылтықтан кезекпен көздеп атып шапқыншылардың бірталайын сұлатыпты. Беті қайтқан жау жылқыны айдап әкетіпті. Сол кезде келіп жеткен Самырат жауды қуып барып, жылқыларын қайтарған екен. Осы уақиғаға байланысты Сүйінбай:
«Самыратым жоқ болды
Сәмембетім боқ болды
Құтты, Бөкес жас болды
Төлеке сені қайтейін.
Қалың жау қаптап келгенде
Екі қызым ес болды» деген екен.
Самырат «Еркек болып жауға шаппаса, атып тастайын» деп ұмтылғанда Сәмембет жүкке тығылса керек, одан суырып алған ағасына «Ағатай-ай, тым болмағанда өсіп болмаймын ба » дегенде, Самырат бұл сөзің де жөн екен деп, тиіспепті. Шынында да Сәмембеттің ұрпағы өсіп, бүкіл Жәнтекей ішіндегі ең көбі болды. Кейін Самырат өлгенде жауға аттанып, ағасының кегін қайтарып, талай жекпе-жекте батырлық аты шығып, Жәнтекей ұрпағының ұранына айналған. Оның немересі Шақабайдың есімі еліне ұран болды. Сәмембеттің үш әйелінен туған 11 ұл, он бір Сәмембет атанған қалың елге айналып, Қазақстан, Қытай, Монғол еліндегі Абақ керейдің ең көп санды (тең жарымы деседі) қауымына айналды, олардың арасынан көптеген белгілі қайраткерлер шықты. Сәмембет атамызға айтылған әкесі Сүйінбайдың жоғарыда келтірілген сөздері оның жалпы болмысының емес, өмірде болуы мүмкін бір ғана сәтсіздігінің көрінісі болса керек.
Самырат қол бастап үнемі елдің шетінде, жаудың бетінде жүріп, кешеуілдеп үйленген екен. Үйленгенге дейін анасы Мешпеттің қолында болып, інілерінің балаларын бауырына басқан. Сәмембеттің немересі Түкібай осы ретте өзін Самыраттың інісімін деп санаған.
Самыраттың үш әйелі болыпты: Үрім, Илайым, Маруа. Үрім анадан туған екі ұлдың есімдері белгілі, олар – Селеу мен Көлбай. Илайым анадан – Қаракөрген (Қарамерген аталып кеткен), Маруа шешейден – Жанбай мен Тойтық.
Шежіреде Үрімді ұранхай қызы, онымен Самырат 40 жасқа келгенде үйленген дейді. Бірінші ұлы Селеуді Жайық бойындағы нағашылары алып, көп ұзамай қаза болған екен. Көп уақытқа дейін Самыратта ұрпақ болмай, кешігіп көрген ұлына, көз жасы көл болып құдайдан тілеп алғандықтан «Көлбай» деп ат қойған екен. Бірінші ұлы Селеу қаза болғандықтан, Көлбай Самыраттың ең үлкен ұлы саналады.
Самырат қол бастап Шекті жерінде, жау шапқан жұртта шекпенге оранған жер ошақта жатқан Шекті екені, не қалмақ екені белгісіз жас нәрестені тауып алып, бауырына салып Көлбайға ұқсас «Көлбике» деп ат қойыпты. Содан енді бір шежіреде Самырат ұлдары Селеу, Көлбай, Көлбике деген деректер қалған. Басқа жерде Көлбике аты кезікпейді.
Аңыз бойынша Самыраттың бәйбішесі Үрім төркіні Жайық жақтың қара қалмағына барып, Көлбайға Бүркін деген қызды алып берген. Төркінінен астына арғымақ, жетегіне ақ нар, алдына қосақ-қосақ қой (әрқайсысы 40-тан) алып қайтқан екен. Сол Бүркіннен туған тұңғыш ұлдың аты Есілбай екен. Бұл уақиға Есіл өзенінің бойында болған деседі. Сол кезде Самырат Жағыпар, Әлекей дегеннің Кавказдан әкелінген күміс жал жылқыларын бағып жүріпті. Есілбайдан тараған ұрпақтар: Қалба мен Қарға. Қалбадан Шағала. Шағала және оның ұрпақтары туралы ешбір дерек айтылмайды. Сол дүрбелең заманда тірі қалмауы, немесе басқа қауымға сіңісіп кеткені белгісіз. Қарғадан Шорға, Шорғадан Айтуған, Айғара, Айбалта. Айғара мен Айбалтаның ұрпақтары Қытай елінде сақталған жазба шежірелерде Зайсан өңірінде деп айтылады. Айғара қайтыс болғанда оның әйелі бала-шағасымен 1777 жылы Құлан Жылқайдарұлы бастаған көшпен Сауырға келіпті. Айғарадан, бәйбішесінен Ертісбай, Бұланбай, Борсықбай, екінші әйелінен Таңатар мен Тұғылтай. Борсықбайды нағашысы асырап алып, одан тараған ұрпақтары Қарағашта болса керек.
Қарамерген туралы аталарымыздан естігеніміз Самырат ауылын жау шауып, жылқысын айдап кеткенде, жылқыда жүрген 9 жасар Көлбай бірге кетеді. Жау қолында да жылқыда болып, сонда Қарамергенді (ол кездегі есімі белгісіз) жолықтырып, екеуі қашуға бел буады. Алдымен Қарамерген кетіп, Көлбайдың айтуымен жол тауып Самырат ауылына келеді. Келесі жылы Көлбайдың өзі келеді. Алдыңғы келген баланы түріне және садақ тарту шеберлігіне қарап Қарамерген атайды.
Қытай елінен табылған Мұсадан қалған делінген шежіреде Қарамерген туралы деректер басқаша баяндалады. Самырат қол бастап Қаратаудың бір жерінде жорықта жүргенде будақтаған түтін көріп, шолғыншы жібереді. От жағып белгі берген жау шапқан жұртта қалған жалғыз әйел екен. Оған Самырат мына сарбаздарымның өзің қалаған біреуіне қосыл дейді. Әйел менің қалағаным өзіңіз деген соң осы Илайым деген әйелді алады. Ол көп ұзамай жүкті болып, ұл табады. Шешесі ұлдың атын алыстан қара көріп, үміт отын жағып, сол арқылы ерімді тауып едім деп Қаракөрген қояды. Ол бала кішкентайынан өте ширақ, асық атқанда да қалт жібермейтін болып, есейе келе суда жүзгенде құндыздай, садақпен ағаш басындағы тиынды атып түсіреді екен. 10-15 жасында әкесімен бірге жорыққа аттанатын болып, содан бала Қарамерген атанып кетіпті.
Жанбай Маруа анадан Самырат 61 жасқа келгенде туған екен. Бұл кезде оның мал-басы өсіп, толықсыған шағы болса керек. Түтінімізде жан саны да артып, байлық келгенде туды деп баланың атын Жанбай қойыпты. Ат қойғанда азанды өзі шақырып, бесікке салғанда бірден аяғын қыл арқанмен буып, тұсауын кескен екен.
Тойтық Сыр бойынан қайтқан кезде Самыраттың 71 жасында туыпты. Керейдің бір шаңырағы саналатын Қойлаудың немересі Ахметқали деген ұлан асыр той жасап, Сырдың бойында жиналған алты арысты түгел шақырыпты. Тойға келген Маруа ана босанып, ұл табады. Сол кезде жау тиіп, ұрыс басталып кетеді. Той иесі Ахметқалидың ағасы Ахметалы босанған әйел мен баланы жаудан бас сауғалатып, өз ауылы «Ақтас сырға» деген жерге әкеледі. Бұл соғыста Көкбұлақ батыр қаза болған деседі. Той үстінде туылып, жаудан тығып аман алып қалдық деп, Ахметалы баланың атын Тойтық қойған екен. Тойтық – Самыраттың кенже ұлы, шаңырақ иесі.
Самыраттың өмірі туралы ешбір жазба деректер жоқ. Оның інісі Сәмембет туралы ұрпақтарының іс-әрекеттеріне байланысты әртүрлі мағлұматтар ұшырасады. Сәмембет 1626 ж туылып, 1722-1723 жылдары Сыр бойындағы Көктөбе деген жерде қайтыс болған делінеді. Сәмембеттің немересі Шақабай Есентайұлы 1688 жылы туып, 1778 жылы Ақсуатта қайтыс болған екен. Бұл деректерге сүйеніп, Самыратты мөлшері 1620 жылдары дүниеге келген деп болжауға болады. Оның кемелденген азаматтық шағы Сыр бойы, Қаратау аймағында болғанын, жорықтарының көбі Кіші жүз Шекті жерінде, Жайық қалмақтарының шебінде өткенін ескерсек , ұлы Көлбайды Есіл өзенінің бойында үйлендіріп, тұңғыш немересінің атын Есілбай қойғанын, т.б деректерге сүйенсек, мынандай болжам жасауға болатындай.
Абақ Керей Сыр бойына ауғанда Сүйінбай ауылдары жоңғардың алғашқы шабуылдарынан кейін-ақ ата қонысынан бірден жылжып, көп шығынсыз Батысқа Қазақстаннның қазіргі Оқтүстік Шығыс өлкесі арқылы Сыр бойына барды. Ол жақта арғынмен арадағы араздықтан, найманның ара-ағайындығына разы болмай, Сырдан солтүстікке Ор бойына дейін кетті де, орыспен соғысып, қайта ішке беттеді. Жоңғар мен Қазақтың негізгі соғысы аяқталғанда Абак Керей Аягөз өлкесінде еді. Одан кейін қазіргі Ақсуат, Көкпекті, Шар, Жарма төңірегін мекендеп, алды Сауырға дейін жетіп, кейін Көгедай төре болған кезде Алтайға дейін қоныстанды.
Хронологиялық тұрғыдан Сүйінбай ауылының сол кездегі қорғаны болған Самырат Ақтабан шұбырындының бастапқы кезінде әр ру өз бетінше қорғаныс жасаған шағында қол бастап, кейін қазақтардың соғыс әрекеті бір жөнге келіп, жүйеленіп, әр батыр өз орынын тапқанда есімі аталмайды. Демек ,ол кезде атамыз өмірден өтіп кеткен сияқты.
Самырат қол бастап, жау қайтарып жүргенде ауылдан шықпаған інісі Самембет кейіннен Самыраттың орынын басып, жекпе-жекте де батырлық көрсетіп, ел ұранына айналған. Оның дүниеден өткен уақыты 1722 жыл деп қабылдағанда, Самырат бұдан әлде қайда ерте өткен. Оның қашан, қандай жағдайда, қай жерде қайтыс болғаны туралы мәлімет жоқ. Әйтеуір қайтқан жері Қазақстанның Батыс өлкесі, егер Шығыста болса ондай адамның зираты тұрған жер белгілі болар еді. Самыраттың жерленген жері белгісіз болуының себебі оның қайтқан уақыты аса бір аласапыран, жоңғар соғысының апатты кезінде болуынан деген тұжырымға негіз бар. Самыраттың туған жылын мөлшермен 17 ғасырдың 20 жылдары деп қабылдасақ, қайтыс болған уақыты кенжесі Тойтықты 71 жасында көрген деген аңызды ескеріп, 1691 жылдан кейін, яғни, 17 ғасырдың соңы деп болжам жасауға болады.

Самырат ұрпақтарының атақты адамдары
Бұланбай балуан 1765- 1850жж.
Байғозы балуан 2 рет үлкен ұрыста көзге түсіп, қодастың асау бұқасын жығып атағы шыққан, қарсыласы болмай ауыр тас көтеріп, білек күшін көрсететін болған. Зираты Сауыр тауының етегінде Жеменей ауданының Бестерек деген жердегі Шұнақ қыстаулығында.
Омари балуан ақындығымен де жастайынан аты шыққан 1973 ж. Жеңісқан гуңның асында Алтайдын билеушісі Яң Шынсайдың балуаны Шойынқараны жығып, аты шыққан. 1888 жылы Қазақстанда Кендірлік бойында туып, 1947 жылы Жеменей ауданында қайтыс болды.
Байғозының ағасы Нарғозы мен Омаридің ағасы Сақари да атақты балуандар інілеріне жол беріп, балуанға түсуді қойған.
Көтбай ақын 1850-1930 (Зайсан, қырық құдық) Көшкінші ұлы керейдің көрнекті айтыс ақыны болған. Шығармалары: Арқалық батыр қисасы, Кендірлік бес керейдің мекені еді толғауы (1880 жылдары Қытайға ауа көшкенде қоштасу жыры), айырылып қатарымнан кетті сыным – қартайған шағындағы толғауы, Кер толғау – кездейсоқ жағдайлар туралы.
Мошқа әулие. Мошқа Керейбайұлы Көгедай төре, Ажы гүң тұсында жасаған, Жанбайдың немересі, өмір сүрген жері Зайсанның Сауыр тауында Кендірлік өзені бойында Сартерек деген жер. Күзеулік жері « Мошқа түбегі» деп аталады.
Көріпкелдігі, болашакты болжауы 1991 ж « Жунго халық ауыз-ертегілері», «Шыңжаң»томы, «Жеменей төрт топтамасы» кітабінің қиял ғажайып аңыз ертегілері» кітабында Әулиенің қысқаша тарихы мен көріпкелдігі, аңыз әңгімелері енгізілген.
Мошқа Әулие әйеліне оразаның 24 түнінде «Қадыр түн күзетеміз, от басын ыбырсытпай таза ұста, Алланың елшісі Қызыр пайғамбар шапағат нұрын шашады, Құдайдан үмітің барларың тілек тілеп, бір түн ояу отырыңдар деп, балаларына да ескертіп, өзі де атын белдеуге байлап, киімшең отырыпты. Таңға жуық балалар да қалғып-шұлғып, қамшысын таянып отырған Мошекеніңнің де көзі ілініп кетіпті. Ояна келсе таң саз беріп қалған екен. Әулие «Қап, әттеген-ай» деп атына міне сала Айбалтаның асуына қарай шаба жөнеледі. Асуға шыққанда алдынан жылқының түнгі күзетінен құрығын сүйретіп келе жатқан Талдыбай кездеседі.
-жассың ғой жан-жағыңа қарашы, көзіңе не көрінеді?
-Қараштың кезеңінен асып бара жатқан қызылды-жасылды будақтаған бұлт сияқты бір ғажайып нәрсені көрдім.
-ендеше атыңнан түсіп, осы маңайдан із шалшы.
-жаңа туған ботаның ізі секілді із көрдім
– Құдай сені де бекер жаратпаған екен. « Кәрілік жау» деген осы болар, мен Қызыр пайғамбарды бір түн күтіп алуға да жарамадым, маған басқан ізін де, шапағат нұрын да,көрсетпеді. Қызыр пайғамбар Әулиенің артынаң өткен екен.Өзің болсаң ізін, елесін көрдің, өз басыңа да бақ қонар.Бала-шаға ұрпақтарыңа дейін артқы туырлығы ақ болар деген екен.
Осыдан кеін Мошқа Талдыбайды өзіне жақын ұстап, көріпкелдігі мен болжамдарын оған айтып отыратын болыпты.
Өлерінде Талдыбайға өситеінде, үш түн жерлемеңдер, зираттан оңаша мына жерге көміңдер (Қара шоқыда), үш түн қабырімді күзетіңдер деген екен. Бірақ өлгенде үш түн тоспаған, қойғанан кейін күзеткендер үшінші түні ұйқтап кеткенде, қабірі бос қалған екен.

Тлеуберді Сайдолдаұлы

Қазаққа қасіретті оқыиғалар (Геноцид)


1911 жылы қазақтардың саны 8,4 млн.болған екен

15 жыл өткен соң, 1929 жылғы санақ бойынша қазақ саны екі есеге кеміген – 4,2 млн.

Ал 1939 жылғы санақ бойынша халық саны 1,9 миллионға дейін кеміген. Яғни, ширек ғасыр аясында халқымыз 6,5 миллион перзентінен айрылып қалған!

1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы аяусыз жаншылды патша жендеттерімен, талай ауылдар мен ру-тайпалар үдере көшіп, шет елдерге ауып кетті.

Осы қарсаңда.Ақ-қызыл орыс соғысы .Бейбіт өмір сүріп жатқан қазақты ақтар келіп бір қырып кетсе, іле-шала қызылдар да ауыл ойранын шығарып отырды.

1921-23 жылдары болған ашаршылық кезінде тағы да қырылды. қазақтар кәмпеске кезінде жан-жаққа тарыдай тағы бір шашылды.

Өзбекстан, Ресей, Түркменстанға, сонымен бірге Қытай, Иран, Ауғанстанға дейін қандастарымыз ауып кетті. Шекарадан өткенде талайы қырылды да Коминистер жендеттері қолынан. Мәселен, Жәркент өңірінде «Жалайыр қырылған» атты жер бар, халық аңызы мұнда 1929 жылы Қытайға өтеміз деп келе жатқан жалайыр руының бір көшін қызыл әскерлер бала-шаға, қатын-қалаш, шал-кемпіріне қарамай, пулеметтермен кескілеп тастаған дейді.

Сонымен бірге қытайға /шығыстуркістанға/ асамыздеп қаншама ауыл тай тұйағымен қырылды бұларды кезінде ашық айтқызбады қазір олардың сұиегі қурап қалды санында білмеиміз…..

Ал кәмпеске мен ұжымдандыруға қаншама қазақ ауылы наразы болып, көтеріліске шыққан! Олардың барлығын кеңес өкіметі аяусыз жаншып тастаған.

1937-39 репрессия жылдары 66 мың қазақ «халық жауы» айыбымен өлім жазасына кесіліп, атылды, қаншасы итжеккенге айдалды. Осы жылдары қазақтың бас көтерген оқыған тоқыған барлық азаматарын іріктеп атып өлтірді …

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 240 мыңнан астам қазақ жауынгерлерінің есімдеріне деиін білеміз!

Ұлы Отан соғысында, ресми деректерге қарағанда, орыстардың 6%, украиндардың 8%, белорустардың 25%, ал қазақтардың 12% қаза тапқан екен. Мәселен, немістер бүкіл Белоруссия мен Украинаны, Ресейдің еуропалық бөлігін басып алды ғой, демек, қырылғандардың қатарында тек солдаттар ғана болмай, сонымен бірге бейбіт тұрғындар да болған ғой. Ал қазақ арасында кілең дерлік еркек кіндік шейіт болды. Қандай да болмасын ұлттың гендік қорын еркектер құрайтындығы баршаға мәлім.

Алайда ең ауыр қырғын 1931-1933 жылдардағы ашаршылық болды. Бұл нәубет кезінде қазақтар 70% қырылған

Керей мен Жәнібек хан қайда жерленген?


Тарихшыларымыздың қазақ ұлттық мемлекетінің түп бастауын таба алмай, айтысып-тартысып келе жатқанына он бес жылдың жүзі болды. Бірқатар білікті зиялыларымыз Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ хандығының шаңырақ көтергенінің 550 жылдығын биыл тойлауға күш салуда болса, келесі бір зиялылар тобы оны 2008 жылы мемлекеттік деңгейде лайықты атап өтуге шақыруда. Ал Тарих және этнология институтының ғалымдары «2008 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 640 жыл толады» деп отыр.

Бұлардан басқа да қарама-қарсы пікірлер, Құдайға шүкір, жетерлік. Өзіміз тарихшы болмағандықтан, дәл қазір республика бойынша қызу талқыланып жатқан бұл мәселе жөнінде пікір қосып, тұжырым жасаудан аулақпыз. Дегенмен, осы орайда, елдік тұрғыда көтерілмей жүрген бір мәселеге қозғау салсақ деген ниеттеміз. Яғни бүгінгі әңгіме Қазақ хандығының түп бастауында тұрған Керей мен Жәнібектің қайда жерленгені жөнінде болмақшы.

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТІРЕГІ – СОЗАҚ
Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің Әбілхайырдан бөлініп, Шу бойы мен Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығының алғашқы іргесін қалағаны тарихтан белгілі. Ал Қазақ хандығының қалыптасып, нығайып ел болуына тірек болған шаһарлардың ішінде Созақ шаһарының орны ерекше болғанына дәлел-дерек жетерлік.

Атақты ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде, Созақ поселкесінің жанында сол аттас қамал қала бар, ол қазақ жерлерін біріктірудің бастапқы кезеңінде қазақ хандығының тірегі болған. Созақ әрдайым-ақ далалық аудандарда билік жүргізуі үшін де, сонымен бірге Түркістандағы қалалар үшін де Қазақ хандығы әкімдерінің сыртқы жаумен күресіндегі басты таянышы, стратегиялық тұғыры болды» деп жазады.

Ал жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин өзінің атақты «Аласапыран» романын ә дегеннен «Тарихтың тоғыз жүз тоқсан алтыншы, тышқан жылы наурыз туып, қар сөгіле шығыс Дешті-Қыпшақтың падишахы Тәуекелдің сауын айтып, шұғыл шақыруымен, киіз туырлықты қазақ ұлына үкім жүргізуші қасқа-жайсаң атаулы Қаратаудың терістігіндегі Созақ қаласына құрылтайға жиналды» деп бастайды.

Керей мен Жәнібек ханның және олардың балаларының Созақта болғандығын тарихи дерек те растайды. 1470 жылы Керей ханның Түркістанға шабуыл жасағаны жазба деректен белгілі. Осы соғыста Созақ пен Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кіреді. Қамал-қаланың Сарыарқаға шығатын қақпа тәрізді маңызын түсінген Жәнібек хан өзінің үлкен баласы Махмұт сұлтанды Созаққа әмірші етіп қояды.

Ол осы шаһарды ұзақ уақыт билеген. Осы орайдағы бір дерек бойынша, Жәнібек хан ұрыс кезінде қарт Қаратаудың Суындық асуында қаза табады. Ендеше, Жәнібек ханның өз баласы билеп отырған Созақта жерленуі әбден қисынға келеді. Ал Қаратаудың атақты Суындық асуында Керей ханның ұлы Бұрындық пен Махмұттың біріккен әскерінің Мұхаммед Шайбанидың әскерін тас-талқан етіп жеңгені тарихтан белгілі.

Атақты жазушы Ілияс Есенберлин «Алмас қылыш» романында: «Әбілхайыр хан мен оның ата жауы Жәнібек ханның қабірлері Созақ Мединесінде, дәлірек айтсақ, Созақтың «Жуантөбесінде» қатар жатыр,» деген жорамал жасайды. Осыған тоқтасақ, Созақ ауданында екі Жуантөбе бар. Оның бірі – Созақ ауылындағы «Жуантөбе» деген төбе, екіншісі – 60-жылдары құрылған «Жуантөбе» деген ұжымшар. Әрине, бұл жерде жазушы Созақ ауылының Жуантөбесін айтып отырғаны анық.

Әрине, әдеби шығарма тарих емес. Дегенмен тарихи деректер Әбілхайыр ханның Сығанақпен қатар Созаққа жерленгеніне қарсы емес. Себебі Әбілқайырдың 1468 жылы Моғолстанға жорыққа бара жатып өлгенін ескерсек, ол кезде Созақты оның сенімді адамы Бақтияр сұлтан билеп тұрған.

Орыс патшасы, кешегі кеңестік қызыл қырғынды былай қойғанда, Созақ даласында ойрат, шүршіт, жоңғар, қалмақ талай ылаң салған. Атақты «Елім-ай» әні Қаратауда, онда да осы Созақтың Қаратауында туған деседі. Небір нәубетті бастан кешкен қара халық сүйегі әлдеқашан қурап кеткен хандар тұрмақ, өз әке-шешесінің моласынан көз жазып қалған жоқ па?..

«ХАН МАЗАРЫ» ҚАШАН ТЕКСЕРІЛЕДІ?
Созақта «Хан мазары» бертінге дейін болған. Оның орнын жақсы білетін қарттардың көзі әлі тірі. Ендеше, кештік етпей тұрғанда, Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне байланысты айтулы датаға дайындық жүріп жатқан қазіргідей тұста, тарихшы, археолог ғалымдар осының анық-қанығына жетіп жатса, қанекей!

Созақтық тарихшы Сүлеймен Тәбірізұлы «Созақ ауылының байырғы қарттары бір ауыздан қамал-қаланың түстік жақ шетіндегі қазір тегіс жерге айналып, белгі қалмаған орынды «Хан мазары» деп көрсетеді. Яғни 1950 жылдарға дейін қамал-қаланың сыртқы жағында дуалға жапсарласа тұрған қос қабірді халық «Хан мазары» деп келген. Қабірлердің үстінде жасыл түсті, күйдірілген құмыра тәрізді шошақ белгі болған. Кейіннен қабір қамалдың құлаған дуалдарының астында қалып, тегістеліп кеткен.

Айтуға қарағанда, «Хан мазарында» Керей мен Жәнібек хан жатыр, енді біреулер Жәнібек хан мен оның Созақты билеген баласы Махмұт сұлтан, кейбірі Жәнібектің немересі Ақназар хан (Хақназар) жерленген деп айтады» дейді. Ел аузындағы тағы бір дерек бойынша, Шу арнасының шығыс жақ бетіндегі «Хан тау» атанған орынға XV ғасырдың 70-жылдарының басында қайтыс болған Керей хан жерленген.

Созақ шаһарының батысындағы «Ақназар» деген мөлдір бұлақты жердің атын жергілікті халық Қасым ханның баласы Ақназар ханның атымен байланыстырып, «Ақназар ханның ақ ордасы тігілген жер» деп айтады. Бұл да тарихшы-ғалымдардың ескере жүрер нәрсесі. Ақназар хан Қазақ хандығын 42 жыл билеген. 1580 жылы 23 сәуірде Ташкент билеушісі Баба сұлтанның астыртын адамдары өлтірген Ақназар хан өзінің өсиеті бойынша, Созаққа жерленген деседі. Ел тілегі бойынша, бертінде Созақтағы Қарабура әулие зиратында Ақназар ханға арнап құлпытас орнатылған.

Халқымыздың «Рух сардары» атанған дуалы ауыз қайраткері, марқұм Өзбекәлі Жәнібеков 1994 жылы Созаққа арнайы келген сапарында «Тарихи болжамдарға қарағанда, қазақ хандарының Созақта қабірлері болуы керек» деген пікірін айтып, дерек көздерін жинауға кеңес беріпті. Өзағаңа ертеректе жергілікті ақсақалдар Созақ даласынан хандардың шошайып тұрған моласын көрсеткенін, бірақ жастау болғасын оған онша мән бермегенін, кейіннен сол орынды іздеп барғанмен, таба алмай, сан соға өкінгенін біздің де оқығанымыз бар.

Теріскей елі ішіндегі хандар қабірінің орналасқан жерін білетін құйма құлақ, зерделі қариялардың біртіндеп «келместің кемесіне» мініп жатқанын ескерсек, тарихшы, археолог ғалымдар жоғарыда айтқан Созақтағы «Хан мазарына» самарқаулық танытпауы керек-ақ. Шынымен зерттеймін деген мамандар болса, жәрдем берер жанның табылары анық.

Дәл қазір мемлекет құрып берген қасиетті хандардың қабірі болуы мүмкін жер жергілікті өлкетанушыларға ғана керектей. Ал бұл жөнінде зерттеу жүргізіп келе жатқан созақтық тарихшы-қаламгерлер Сүлеймен Тәбірізұлы мен Жарылқасын Боранбайдың шырылдаған даусы ауыл-аймақтан аса алмай отыр.

Бір қуантарлығы, Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұлов мырзаның бастамасымен Керей мен Жәнібектің асқаралы ескерткіші Созақ ауданының орталығы Шолаққорған кентіндегі кіре берісте жаңадан салынып жатқан «Жастар саябағында» бой көтергелі жатыр. Бұл енді, шынында да, сүйінші сұрарлық нәрсе!..

Төреғали ТӘШЕНОВ