Қасқыр


Қасқыр ( Canis lupus) — жыртқыш аң. Басқа атаулары да белгілі:
бөрі, бері.

Еркек қасқыр шамамен 50 килограмм болады, ал ұрғашысы 45 кг болады. Тұрғылықты жері жердің солтүстік жарты шеңберінде өмір сүреді.

Қасқырдың өзге хайуандардан дара, олардың ешқайсысына ұқсамайтын қасиеттері көп. Оның бойындағы осындай ерекшеліктерге негізделіп айтылатын аңыздар да жетерлік. Солардың бірі-түркілердің түпнегізін көкбөрімен байланыстыруы.

Ежелгі Қытай жазбаларында мынадай бір аңыз бар: Кезекті бір шайқаста ғундардың бір бөлігі қатты жеңіліс табады. Қарсыластары сол жердегі бүкіл ғұн атаулыны қырып-жойып, атып-шауып тастайды. Ең аяғында жалғыз ер бала ғана қалады. «Ит қорлықпен өлсін» деген мақсатта дұшпандары оның аяқ-қолын шауып кетеді. Елсізде қалған баланы бір қасқыр тауып алады да өз сүтімен асырайды. Адам аяғы баспайтын биік бір таудың ішіндегі үңгірде бала өсіп, ер жетеді. Осы баладан қасқыр жүкті болып, он ұл тауыпты. Түркі халықтары осы он ұлдан тараған-мыс…

Тағы бір аңыз: «айдай сүлу бір ару бөлмесінде ұйықтап жатқанда, оған бір көкбөрі келіп, қосылады. Күн сәулесі кейпінде келген көкбөріден қыз жүкті болады. Түркілердің түпнегізі осы қыздан тараған»…

Қасқырлардың ішіндегі көк аспан түстес келетіндері мен ақ қасқырлар аса киелі хайуан болып есептеледі. Олардың адамдарға көрінуі де сирек. Мұндай көкбөрілермен кезіккен адам да «тегін адам емес, киелі қасиеттерге ие кісі» болып табылады.

Қасқыр — қайсар, аса сақ, қу хайуан. Қайсарлығы — оның кез келген айқаста жеңіске жеткенше не жеңіліп, демі үзілгенше шайқасуынан көрінеді. Ал аса сақ, аса қулығы әр түрлі әрекеттеріне байланысты айтылған. Бірде бір сұр қасқыр ауыл-үйдің арасына кіріп кетеді. Қиқулап қуа жөнелген топ алдында ғана келе жатқан қасқырдан демде көз жазады да қалады. Ары іздейді, бері іздейді, жоқ. Кейін артынан анықтап білсе, арлан қасқыр ауыл арасында тұрған электр желісінің бағанасын құшақтап, тікесінентік тұра қалған екен. Сұр бағана мен сұр қасқыр ешкімнің назарына да ілікпепті. Қасқырдың ақылдығына танданысқан топ, бастарын шайқаса тарқасыпты.

Қазір қасқыр аса азулы, жыртқыш ретінде суреттеледі. Әлі де солай. Бұғауға көнбейтін тұз тағысының аса жыртқыштығын дәріптеудің ең көрнекті үлгісі — «Көксерек» фильмі. Мұнда қасқырдың адам үстемдігіне еш көнбейтіндігінің ең нанымды дәлелі Көксеректің баланы жарып кетуінен айқын көрініс табады. Бұл — қасқырдың мейіріммен ұстауға да көнбейтіндігінің дәлелі.

Қасқыр — дала тағысы. Киелі саналатын көкбөрі тұқымына қатысты тағы бір дерек, ол — оның отбасына беріктігі. Қасқыр бір ғана отбасына ие және ол — бөлтірік тәрбиесін толықтай өз мойнына алған хайуан. Ауыздандыру, бөлтірігін көкжалға айналдыру, бәрі-бәрі — осы ата қасқырдың құзырындағы міндет. Өзге хайуандарда жоқ осы қасиеттер киелі жаратылыс иесін әр кез даралап тұрады.

Advertisements

«Оралман» қасқыр


Өткенде туған ауылыма барып қайттым. Бізге жамағайын, рулас апамызға үйленген, әрі көп жыл көрші отырған Саяси атты жездеміз бар. Мен барғанның ертеңінде сол жетті. Құдай өзіне мал мен басты берген. Бес ұлы – бес отау. Әрқайсысында 500-1000 бас ұсақ малы бар. Бір-бір қыстақты иемденіп алып, шалқып жатыр. Бұл жақ ондай өмірді «Абай жолы» романынан талай оқыған. Шіркін, қазақтың иісі мұрнына бармайтын, қалада өскен «кісі киік» бейбақтарды осында апарып, Саяси жездемнің қолына бір ай ұстатқанда ғой, қыбын қандырып, ұрмай-соқпай орта ғасырдың қазағын жасап шығарар еді. Ол Сәкеңнің қолынан келеді.

Сәкең жездейдің келе жатқанының өзі сұмдық. Апырып-жапырып сөйлеген сөзі жарты шақырым жерден естіледі. «Қайда, әлгі Қазақстаннан келген неме, өзі қазақша біле ме екен? Орыс болып кетпесе, мені келіп аттан түсірсін…», – деп шірейді. Аттан түсіріп алайын деп жетіп барсаңыз, «Іздірасти» деп қамшымен жон арқаны көздеп тартып жібереді. Онымен қоймай,  «Атаңның қамшысын сағынған шығарсың, ырым жасағаным ғой» деп шалқақтайды-ау.

Содан Сәкең сөйлейді ғой… «Е, Қазақстанда жер көктеді ме?  Патшаларың аман-есен бе? Мұнда ет жеп, тойынайын деп келдің бе?…». Жауап беріп үлгермейсің. Жауап беріп те қажеті жоқ. Бас изеп қойсаң, Сәкеңе сол қанағат. Тиегі ағытылған тоғанның суындай сылдырап отырған жездеміздің анда-санда  құйрығына оқ тиген   тау құлжасы секілді танауы сәңірейіп, отырған орнынан тақымын көтеріп, оқшырайып тұрып қарайтын әдеті бар еді. Бұл жолы  да  сөйтті. Маңызды бірдеме айтар алдындағы әдеті. Содан кейін маған қаратып: «Әй!», – деді, лақ текенің сақалындай ақ-қарасы аралас қылшық өскен иегін шошаңдатып, – Сендер  неге Қазақстанның бар қасқырын  біздің жаққа  айдап жібересіңдер!?».  Мен мұны жездейдің қырық қалжыңының бірі шығар деп:  «Сенің малың өсіп кетіпті, соны жесін деп, бір үйір қасқыр жіберген едік», – деп әзілдеген болдым. От айналып отырған жұрттың бәрі бір ауыздан: «Сәкең рас айтады. Қазақстанның қасқыры келгелі оншақты жыл болды», – дегені. Шынында солай екен. Бір жылдары колхоз-совхоз жекеленіп, ауылдарда мал қалмай таратылғанда, ашыққан қасқырлар далада малы сыймай жатқан біздің елге ауып барыпты.

Жергілікті халық көшпенді қасқырларды  алыстан айнытпай таниды екен. Ауылдастарымның айтуына қарағанда, тұрқы қысқа, терісінің түбіті аз, ақшулан қылшық жүнді байғұстардың күш-қуаты да шамалы көрінеді. Қозы-лақ, бота-құлын  тәрізді  жас төлдер болмаса,  ірі малдарға шамасы жетпейді. Оның үстіне ғасырлар бойы Алтайдың теріскейін мекендеп, сай-саласын меншіктеп алған жергілікті қасқырлар  әлгілерді күркіреп қуғанда бейшаралар қашып қораға өздері келеді екен. Алдынан әупілдеп қойшының қара төбеті жүгіреді.  Тыраңдап қайта тауға қашады.

Біздің ауылдың шайқы шалдары  осы қызыққа ұз-а-қ қарап отырыпты да, әлгі ел-жерге сыймай  жүрген сорлыларға бір ауыздан «Оралман қасқыр» деген ат қойыпты. Кейде қымыз ішіп желіккен жігіттер не «азаматтығы», не «баспанасы» жоқ бейбақтарды бытырлатып соғып алады. Менің Сәкең жездем есік көзіне таман отырған балдыздарын қамшымен нұсқап: «Мына боқмұрындар «Қасқыр соққан» атақ алып, бір жырғап қалды» – деп, кеңк-кеңк күлгенін көрсеңіз ғой.

*****

Туған ауылымда екі апта жаттым. Аттанардан бір күн бұрын «қош бол!» айтайын деп Сәкең үйіне бардым. Барсам, есік алдында отыр екен. Сәкең: «Кеше Құйған жаққа балалар қой өрістетіп қайтып еді, жаңа туған екі-үш қозыны қасқыр жеп кетіпті», – деді. Мен «Оралмандар жеп пе?» деп сұрадым. Сәкең: «Солар ғой», – деп, тым сүлесоқ жауап берді.  Одан кейін батысты бетке алып қаңқылдап ұшқан бір топ сарыала қаздың артынан ұзақ қарап тұрды да, «Жей берсін, атажұрттың өзі болмаса да, көзі ғой, Алланың оған  берген ырыздығы  емес пе, білгенге бұның өзі – сынақ… Жүр үйге, дәм татып шық! Сенің де ырыздығың үзілмесін!», –  деді. Әумин!

Бекен Қайратұлы

ҚАСҚЫР МЕН ҚАЗАҚ


 

Қасқырды қалайша ақымақ дейміз?

Бүкіл дүниежүзілік ғылыми орталық ақылды хайуанға адамды, дельфинді, маймылды, итті және жылқыны жатқызады. Олар, неге екені белгісіз, қасқырды ақылды хайуанға қоспайды. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ит пен қасқырдың тегі бір болса, итті ақылды деп мадақтап, ал қасқырды ақымақ деп шетке қағуға қандай қақымыз бар? Ғылым қабылдай ма, қабылдамай ма, мен қасқырды ақылды хайуан деп кесім жасадым. Енді осы пікірімді нықтай түсейін.

Ерте көктемде бір аңшы аң аулап жүріп, айдалада апандағы қасқырдың бөлтіріктеріне тап болыпты. Адам үшін қасқырдан асқан жыртқыш жоқ, аңшы бірден алты күшіктің бесеуін өлтіріп, біреуін ғана тірі қалдырады. Жай қалдырмай алдыңғы екі аяғын сындырып, енесінің не істейтінін аңдыпты. Аз уақыттан соң қынадай қырылған бөлтіріктердің енесі келеді. Қаншық дереу тірі қалған жалғыз күшігін апан қасындағы көлдің жағасындағы қамыстың арасына апарады. Аңшы күн сайын бақылайды. Қасқыр бөлтірігін тамаққа тойғызып алып, оны жүруге тәрбиелей бастайды. Арлан мен қаншық ұзын таяқтың екі ұшынан өздері тістеп ортасынан алдыңғы екі аяғы сынған бөлтірікке тістетіп, күн сайын жаттығу жасайды. Күздігүні әлгі аңшы өзі аяғын сындырған бөлтіріктің тайыншадай қасқыр болғанын көреді.

Егер қасқырда ақыл жоқ болса, әлгіндей дене тәрбиесін жүргізе алар ма еді? Осының өзі-ақ қасқырдың ақылды екенін аңғартса керек.

1951 жылы Қазақстанда болған бір қызық оқиғаны мен Қытай жерінде жүргенде оқып едім. Екі эколог қыстыгүні даланы кезіп жүріп, үш қасқырды көздері шалып қалады. Қолдарында дүрбі, қозы көш алыстағыны иек астындағыдай анық көреді. Тал түсте жыраның басында үш қасқыр қарды қазып, бір қасқырды мойнына дейін көмеді. Оның қылтиып басы ғана қалады. Екеуі тауға қарай жорта жөнеледі. Бір уақытта тау басынан үйір-үйір қоңыр аңды көмілген қасқыр үстінен қуып түседі. Осы кезде тығылып жатқан қасқыр атып шығып біреуін бас салады. Сөйтіп, әлгіні үшеуі бөліп жейді.

Мінеки, бұл қасқырдың ақылдылығы емес пе?

Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында менің туыстарым тұрады. Тұрсын Құсайынұлы Бабалық деген менің ағайымның ұлы қой бағатын. Жер қар. Қыстауға көшіп бара жатып жолда бір жағы жоқ, үш қабырғасы ғана бар қораға түнейді. Жатарда ит-құс қуып кете ме деп малды үш қабырғалы дуалға қамайды. Бір жағы ашық. Не істеу керек? Сол жерде жұмыс істеп жатқан екі тракторды екі босағаға қойып, жарығын жағып қояды. Екі жарық түйіліскен жер қараңғы болады екен, түнде қасқыр келіп сол жермен бір қойды сүйреп алып кетіпті. Көрдіңіз бе, осыдан кейін қасқырды қалай ақымақ дейміз?

Шығыс Қазақстан облысында Күршім деген жер бар. Күршім — аудан орталығы. Сол жерде Қайса атты жігіт тұрады. Оқыған, көзі ашық адам екен. Мен бір жылы шөп іздеп сол жерге бардым. Мен іздеген шөпті ол жігіт білетін болып шықты. Әңгімелесіп отырып сөз ауаны ептеп қасқыр жаққа ауып кетті. Сонда ол бір қызық нәрсені айтып еді:

— Аң аулаймын, қосауыз мылтығым бар. Қыстыгүні шаңғымен жүремін. Қасқырға қақпан құрып қойып едім, соны көрейін деп жетіп барсам, қасқыр түсіп, қақпанды сүйретіп кетіп қалыпты. Қардың үстінде айпарадай болып ізі жатыр екен, куалай жөнелдім. Батырың бір-екі қырқаны асып барып, бұтаға ілініп қалыпты. Жанына бардым. Телміріп қарап тұр, не дыбыс шығармайды. Екі көзімен мені жеп барады. Қасына таяп бардым да, шаңғының таяқшасын аузына апардым, басындағы дөңгелегін жұлып алды. Тағы апардым, арс етіп және тістеді. Таяқты қарға шаншып қойдым да, мойнымдағы қосауызды алып аузына апардым, мылтықты тістемейді. Қызық көріп мылтықты қойып, таяқты апардым, арс етіп тістейді. Таяқты қойып, мылтықты тақадым, тістемейді, — дейді Қайсам.

Тыңдап отырып, «мынауың оқыған қасқыр ғой» дегенмін.

Қай жылы екені есімде жоқ, жаңағы Тұрсын Құсайынұлы қыстауға барады. Жер құм. Құмның арасы толған сексеуіл. Бір күні кешке таман ағамыз қойды қораға жақындатып, әйелі мен баласына «қойды қораға кіргізе беріңдер, қойдың жартысы бөлініп қалды ғой деймін» деп кері шаба жөнеледі. Әйел мен кішкене бала жаяу. Елең-алаңда қасқыр қойға шауып, бір қойды бас салып жұлмалай бастайды. Әлгіні көріп әйел байқұс айқай салады. Ал бала қасқырды жұдырықпен ұрып жығатындай жүгіре жөнелсе керек. Бала жақындағанда қасқыр екі аяғын қойдың үстіне қойып телміріп қарапты. Мүмкін, баланы ала қашқысы келіп тұр ма екен? Жанұшырған әйел тізерлеп отыра қалып ағашты мылтық сияқты тұлғыпты. Сонда қасқыр тұра қаша жөнеліпті. Демек, ол ағашты мылтық деп қалды. Осыған қарағанда қасқыр мылтық деген қарудың бар екенін және оның өте қауіпті екенін жақсы білетін секілді.

Тағы сол Жамбыл ауданында Төмен Ащысу деген кішкене бұдырмақ тау бар. Сол таудан ағатын кішкентай ғана бұлақтың басына жыл сайын келіп бір қойшы малын төлдететін көрінеді. Қойшымен жарысқандай жылда бір қасқыр нақ сол өңірге келіп күшіктейді екен. Қойшы да, иті де, малы да көрші қасқырмен үйренісіп кетіпті. Бір-біріне тимейді екен. Күндердің күнінде қойшының бір қозысы арам өліп қалады. Жемтікті жесін деп қойшының балалары оны сүйреп отырып, қасқыр інінің қасына апарып тастайды. Қозы үш күн жатады. Не қасқыр, не оның күшіктері жемейді. Төртінші күні түнде қой тасталқан болып үркеді. Ит үреді, айқай-шу болады. Қойшы бала-шағасымен қойды қайта үйіреді. Таңертең тұрса, қойдың ішінде бөтен қаратөбел қозы жүр дейді. Сонда қасқыр өлген қозыны менен көреді деп, қай жақтан екені белгісіз, мына қозыны әкеліп қойға қосыпты. Осындай да оқиға болған. Айта берсе, қасқырдың ақылдылығын паш ететін дәлелдер өте көп.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ежелде жетім қалған адам баласын хайуандар асыраған. Ал солардың 60 пайызын қасқыр баққан. Қасқыр асыраған балалар өте қайратты болып өскен. Бұлар жайында да көптеген аңыздар, естеліктер бар…

Мүсінді аңыз бойынша жасау қажет

… 1997 жылы астанамыз Ақмолаға көш басын бұратын кезде президент әкімшілігінен маған екі адам келді. Жаңылмасам, біреуі ғылым кандидаты, екіншісі ғылым докторы ғой деймін, аты-жөнін ұмытып қалдым. Олар астананың Ақмолаға көшкелі жатқанын айта келіп, «жаңа қонысқа барғанда қандай ырым-жоралғы жасау керек, осы жөнінде ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз» деді. Мұндай үлкен шаруаға араласып көрмеген едім, аз-кем тосылып қалдым. Дегенмен ойыма бір-екі нәрсе түсті:

«Жетісу жері жолбарысты құрмет тұтады. Кейбір аңыздарда жолбарысты аңның пірі ретінде көрсетеді. Тіпті кейбір ақылды адамдардың жанына жолбарыстың суретін салып қояды. Мысалы, Алматыдағы алаңда жолбарыстың үстіне алтын адамды мінгізіп қойған мүсін тұр. Ұзынағашта Қарасай деген батырдың ескерткішін тұрғызғанда алғашында оның жанына жолбарысты мүсіндеп қойып еді. Кейін хайуанды алып тастады. Ал Арқа жақта жолбарыс емес, қасқыр құрметті. Ашинаны баққан қасқырды тудың бетінен көріп жүрсек, қандай ғанибет! Ол болмаса, аңызға сүйене отырып, Ашинаны жерден тістеп көтеріп тұрған қасқырдың бейнесін мүсіндесе», — дедім. Кейін олар мұны жасатыпты. Бірақ басқаша, қасқырдың үстінде жалаңаш тұрған баланы бейнелеп, оның қолына қамшы ұстатып қойыпты. Мұнысы енді ақылға сыймайды. Мүсінді анау-мынау емес, үкімет пен парламент үйінің тақ алдына орнатыпты. Оны Ашина туралы аңыз бойынша жасауымыз керек еді. Одан кейін «президент сарайының екі жақ босағасына үш метр биік жонылған тас қойып, оның бетіне қазақ халқы тәуелсіздікті қашан алды және оның ал-ғашқы президентті кім, осы жөнінде мағлұмат жазып қойыңдар. Дәл сондай екі тасты тура босағадан жер қазып көміңдер. Жылдар өтер, ғасырлар өтер, күндердің күнінде қажеті болар» дегенмін. Менің ойым әзірге жүзеге аса қойған жоқ. Жаңадан сарай салыныпты ғой, мүмкін соның босағасына қойылар.

Адамнан көмек сұрамайтын хайуан

XVII ғасырда Ақмола облысындағы Қорғалжың көлінде жолбарыс болған екен. Көлдің жиегіндегі қамыста құндыз да мекен етіпті. Бір аңшы шиті мылтығын асынып құндыз аулауға шығады. Атын қамыстың шетіне тастайды да, өзі ішіне кіреді. Бір уақытта артынан сыбдыр естіледі. Жалт қараса, жолбарыс келіп қалыпты. Шошып кеткені соншалық, аңшы отыра қалып, иманын үйіре бастайды. Сонда жолбарыс бас салмай, сүмірейіп келіп аңшының алдына жатыпты. Аздан соң аңшыға алдыңғы аяғын созыпты. Қараса, аяғы күп болып ісіп кеткен. Көзін жыпылықтатып төмен қарап жатыр. Аңшы дереу есін жиып, жолбарыстың мұқтаждықпен келгенін түсінеді. Қалтасындағы кездігін суырып алып, жолбарыстың аяғын тіліп, іріңін шығарып, белбеуімен орап береді.

1970 жылы Талдықорған облысының Қытаймен шектесетін өңірінде қызық оқиға болды. Шекараның ну орман тұсы болса керек, қайдан екені белгісіз, бір аю кіріп келеді. Әскерлер шу ете түседі. Мылтықтарын ала жүгіреді. Бірақ ешкім атпайды. Аю ақырын келіп қораның шетіне жатады. Қару ұстаған әскерлер жақындап келсе де тыпыр етпейді дейді. Сөйтсе, оның да аяғына шөңге кіріпті. Асқынып кеткен. Әскерлер дереу дәрігер шақырып, аяғын тілгізіп дәрі салғызыпты. Ем-дом жасалып біткен соң аю орнынан тұрып, орманға қайта кетіп қалыпты.

1986 жылы Жамбыл ауданындағы Қаракесек деген жерде қой бағып жатқан бауырларыма бардым. Інімнің бір иті алдымнан жүгіріп шығып, қыңсылай бастады. «Кет, өй…» деп қағып жібердім. Менен кетіп қасымда

тұрған ініме барып қайта қыңсылай берді. Біз әңгімелесіп тұрып оған аса мән бермеппіз, сөйтсек, оның, екі жағына сүйек қыстырылып қалыпты. Бейшара ит соны алып таста деп келіп тұр екен ғой. Дереу алып

тастадық, кетті де қалды. Міне, ана жолбарыс, әлгі аю, мына ит адамнан көмек сұрауды біледі. Шамасынша өз мұқтажын адамға білдіре алады. Ал қасқыр ше? Ол өйтпейді. Қасқыр — өте шыдамды, қайсар, қулық-сұмдығы жетерлік хайуан. Ол қақпанға түссе, аяғын шайнап кетіп қалады. Ол адамға қыңсылап келмейді. Міне, қайрат! Міне, намыс! Міне, ақыл! Міне, ерлік!

Қасқыр аулаудың түрлері

Қазақ көбінше мал шаруашылығымен айналысқандықтан, қасқырдың малға маза бермейтінін жақсы біледі. Қасқыр әсіресе қойға қырғидай тиеді. Қырып кетеді. Мен осы «қырып кетеді» деген сөзге онша жауап таба алмадым. Неге қырып кетеді? Қор жинай ма? Қор жинаса, неге қойдан ғана жинайды? Басқа малды дәл қойдай қырып кете алмайды. «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» демекші, қойға келгенде ол бар өнерін көрсетеді. Әлде қыр көрсете ме?!. Сондықтан болар, қазақтар қасқырды күшік уақытында көп қырып тастайды. Бірақ күшікті қыру арқылы қасқырдың бетін қайтара алмайды. Өйткені, күшігі өлген касқыр сол ауылға жау болып тиеді. Аңдып жүріп, қойын қынадай қырады.

Енді біз қасқыр аулаудың түрлері туралы баян қылайық.

Қазақтар қасқырды аулауда әртүрлі шырғалар қолданған. Соның бірі — жемтік шырға.

Далаға жемтікті тастайды да, соның қасына қақпан құрады. Қасқыр жемтіктің иісіне келіп, айналшықтап жүргенде қақпанға түсіп қалады. Бұл — бір түрі.

Екіншісі — арқан шырға. Бұталардың арасына әр бір жеріне қызыл-жасыл шүберек байланған арқан керіп тастайды. Ұзын арқанның бір ұшында мылтық ұстап аңшы отырады. Ал ар жағынан екінші бір адам қасқырды қуалайды. Қасқыр еш уақытта арқаннан қарғып немесе астынан өтпейді, жағалап жүгіре береді. Жағалап барып мылтығы бар адамның үстіне келіп қалады. Аңшы атады да тастайды. Мұны арқан шырға деп атайды.

Қасқырды умен де аулайды. Даладағы жемтікке у құйып, сол арқылы да алуға болады.

Қасқыр аулаудың қода шырға деген төртінші түрі бар. Жуанырақ шыбықтан жиі қылып бітеу шарбақ тоқылады. Соның ішіне лақ байлайды да, қасына шөбін тастап қояды. Шарбақ жерге қағылған қазыққа жақсылап байланады. Жалғыз лақ айдалада қорқып, маңырап дауыс шығара береді. Шарбақтың бір жақ бүйірінен кішкене қылып есік жасайды. Есік ашық болады. Бірақ лақ шығып кете алмайды. Ол ішкі бөлмеде тұрады. Есік қасқыр сыятындай болады. Тесік барған сайын тарыла береді. Қасқыр лаққа қарай ұмтыла береді. Түр-тінектеп жатқанда оның тұмсығы немесе аяғы тиіп кететін тиек болады. Денесі тиекке тигенде артындағы есік жабылып қалады. Сөйтіп, қасқыр лақты жеймін деп қуысқа қамалады. Таңертең, оны құрған адам қасқырды ұрып алып, лақты енесіне қосады. Қасқыр аулаудың бұл түрін қазақтар қода шырға дейді («қода» дегеніміз шарбақ —Ж.Б.).

Қасқырды мылтықпен, садақпен атып және атпен қуып соғып алатын түрлерін баршамыз білеміз. Жаңа жауған көбік қарда мықты аты бар аңшы қасқырды қуып жүріп ұрып алады. Қасқыр атты адамнан қашқан кезде мойнын адамға қарай бұрып алады. Онысы маған қашан жетіп қалар деген қорқыныш болса керек. Біраздан кейін қасқырдың мойыны бұрылған күйі қарысып қалады. Одан кейін ол ұзаққа қаша алмайды.

Қасқырға бүркіт салып та аулайды. Бірақ бүркіттің бәрі қасқырға түсе бермейді. Бүркіт қасқырға өте сирек түседі. Қасқыр — өте әлеуетті, күшті хайуан, бүркітті лақтырып жібереді. Тіпті өлтіріп те тастайды.

Сондай-ақ қасқырды қармақ шырға арқылы да аулайтын тағы бір түрі бар. Кәдімгі балық аулайтын қармақ сияқты, бірақ одан әлді қармақ жасалады. Оны мықты жіпке немесе шыншырға байлайды. Қармаққа тышқан немесе күзен сияқты кішкене аңдарды іліп, жіптің екінші ұзын көрсетпей байлап қояды. Қасқыр қармаққа ілінген жемді қарғып барып алатындай болуы керек. Салбырап тұрған тышқанды қарғып барып асап кеп алғанда қармақ қасқырдың ішінен ілінеді де қалады. Сол кезде қанша қайратты болса да қасқыр тырп етіп қозғала алмайды.

Содан кейін қазақтар далада қасқыр болып ұлиды. Оны естіген қасқырлар сол маңға жиналады. Сөйтеді де, адамға қалай жақындап келгенін білмей қалады. Аңшы тарс еткізіп атады да тастайды. Мұны ұлып аулау дейміз.

Қасқырды итпен де аулайды. Бірақ жалғыз ит ала алмайды. Екі немесе үш ит болу керек. Екі ит екі жағынан қуып, тірсегінен, санынан тістеп бөгет жасайды. Осы кезде атты адам ұрып алады. Өкінішке қарай, қазір қасқыр алатын ит қалмай барады. Мен қазақтың иті туралы көп іздендім, жаздым. Қасқыр алатын қазақтың жалғыз иті бар. Ол да жоғалып барады. Болса Моңғолияда болар, Қазақстанда жоқ. Оны бәй төбеттер, тау төбеттер, құтпандар деп атайды. Ол жалғыз болса да қасқырмен бетпе-бет келе алады. Қасқырмен таласады, айқасады. Бірақ қасқыр оны жеңеді, кейде тең түседі. Иттің осы тегінің соңғы буындарын біздің өзіміз әрең көргенбіз. Ол күндіз үрмейді, ұйықтап жатады. Көрінген адамға шәуілдеп үре бермейді. Ал түнде қораны, төбе-төбені айналып шығады. Бұдан басқа ит олай істемейді. Қазір байлар үйін күзеттіріп қойған овчаркалар қасқырдың иісін сезіп қалса, құйрығын екі бұтына қысып үйге бір-ақ кіреді.

Қасқыр аулаудың ең бір тосын мысалы мынау: екі ауылдың арасы жап-жақын — бір шақырымдай ғана жер. Қыстыгүні. Төменгі ауылдан жоғарғы ауылға бір кемпір қыдырып келеді. Қайтар жолда ол кісіге қасқыр шабуыл жасайды. Шошығаннан ол оң қолын сермеп қалады. Сермеген қолы қасқырдың аузына түседі. Қарусыз қолды қасқыр шайнап жібермей ме? Шайнап жіберейін десе, кемпірдің білегіңде екі күміс білезік бар екен, шайнауға келтірмейді. Ал қасқырдың тілі кемпірдің алақанына келіп түседі. Дереу есін жиып, қасқырдың тілін қысып ұстап алады. Сөйтіп, кемпір қасқырды жетектеп ауылға келеді. Ауылдың адамдары оны ұрып алған еді.

Еренғайып Қуатайұлы

Жуас қасқыр



Бұл да бір заман еді-ау. Кеңес үкіметі төңкеріліп түсіп, «әй дейтін әже,  қой дейтін қожа жоқ» дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан кез. Сонау 1993-тің тақырланған тауық жылы-­тұғын.  Қараша айының соңғы парақтары қырқылып, сүреңсіз желтоқсанның сұрғылт бұлты қоюланып, әне-міне терістен орай соғатын сырғыма ақ боран басталатын сыңайда, аспанның толғағы ауырлап, еңсені  көңілсіз зіл басқан  күндердің бірі еді. Жиегі қырқылып, ақтазданған, әрі ыстанып, түтін иісі сіңген түлкі тымағын милықтата киіп, Кәдең шал сыртқа шықты. Желді күнгі көлдің толқынындай қатпар-қатпар әжімін тыржитып аспанға қарады.

– Япырмай, мына күннің ашылатын түрі жоқ. Қосындағы балалар не болып жатыр екен, – деп, совхоздың жылқысы қыстайтын қүрең адыр жаққа қарап ұзақ тұрды.

Заман осылай құбылады деп кім ойлаған.  Көрген түс сияқты өтіп жатқан өмір. Кәдең жыл жарым бұрын екі отауын жетелеп, әулеттің қарашаңырағын бастап, атамекеніне сонау Алтайдың арғы бетінен көшіп келген. Алғашында совхоздың бір отар саулық қойын бақты. Жаз жайлауға шықты. Қобданың боз талынан иіп жасаған, уығының қары боз баланың білегіндей алты қанат ақ үйін Жетімтөбенің бауырына тікті. Сарысудың кебер арнасын жағалай қонған шопандар Кәдеңді ерулікке шақырып мәре-сәре, жаз да өтті.

Қыркүйектің аяғында күзеулікке келіп қонды. Құдайға шүкір, малдың бабын бір кісідей біледі, саулықтарының күйі жақсы. Бірақ бір түсінбейтіні: осы қойлар  мал сияқты дүркіреп тұрып, өмірі бір үрікпейді. Айдалада тоқтап тұрған жүк көлігін көрсе болды, солай қарай маңырай шұбырады-ай келіп. Сөйтсе, ала қыстай машинамен жем шашып, жаман үйреткендіктен, мал екеш мал да  жанын қинамай жейтін тегін тамақты аңсап, мотордың үнін естісе, «азанның» дауысын естіген сопылар сияқты елеңдеп тұрады екен. Ештеңеден үркіп, қорықпайды. Қазақстанның қойы осындай жуас болады деп кім ойлаған. Мал емес, жаңа тұрпаттағы адамзатқа әлі белгісіз хайуан сияқты. Кадең осының құпиясын таппай басы қатып жүр.

Әнеугүні  жайылымға шығуға жарамай, ауылдың шетінде қалған төрт-бес басқа тапа-тал түсте қасқыр шапты. Қыста туған бөлтірік екен. Ақсақ қоңыр тоқтыны алқымдап апарып, жалғыз тартып жұқа шабын жарды да, ішек-қарнын ақтарып жей бастады. Мына құдіретті қараңыз, қасындағы басқа қойлар түк болмағандай пысқырып қойып, қасқырды айналып жайылып жүр. Шабдар бестісін омыраулатып шауып келе жатқан Кәдең мына қызыққа қарап тұрып қалды. «Е, бәсе!»- деді, – бұл мал емес екен ғой. Көкірегіне біреу ине шаншып алғандай ашып кетті. Күйінгеннен болар «аһ!» деп бір ақырып жіберіп, атының басын кері бұрып  жүре берді. Айналып артына  қараса, жетім қара қозы бөлтіріктің құйрығын иіскеп тұр екен.

Кәдең күні-түні ойланумен болды. Бұл не сұмдық!!!

Содан бір күні зоотехник Дәукен келді. «Ертең қыстауға көшіңіз, совхоздан адамдар келіп, қой шағылыстырады» деді. Түсінікті, қазан айы орталап қалды, «күйек алатын» болғаны ғой. Ертеңінде қыстаққа қошқар емес, шала масаң, рең-басы қураған кәрі теректің  қабығы түстес үш еркек келді. Содан зоотехник айтқан қой шағылыстыру науқаны басталды.

Кәдең сонда барып: «Е, енді білдім, барлық пәле осында екен-ау», -деді. Табиғат жаратқан  малды қолмен ұрықтандырып, жасанды хайуанға айналдырып жіберген. Бақандай жиырма жыл осылай істеген. Көріңде өкіргір Кеңес үкіметі. Басқасы – басқа, қойдың қасқырды танымауы деген нағыз сұмдық емес пе. Осы малдың етін жеген адам да кімнің дос, кімнің жау екенін ажыратпайтын меңдуана мәңгүртке айналмай қайтеді.  Мына қойдың етін жеген әлгі қасқырдың өзі көкбөрі атынан айырылып, қотанның жуас «ит-құсына»  айналатын шығар…

Сол күннің ертеңінде Кәдең бір отар саулықты өткізіп беріп, екі баласымен бірге жылқы бағуға шықты. Бүйтіп қор болған қой баққанша Қамбар Атаның түлігін қайырайын.

*****

Кәдең жабағы бұлт байланған аспанға тағы қарады. Мына күннің райы жаман, қатты боран болатын түрі бар, балаларға бас-көз болып сол жаққа барғаны жөн шығар. Арба торыға ер салып, жылқышылар қос тіккен Көкөзекке қарай беттеді. Алыстан байқап келеді: екі атты адам қүрең қырқаны кесіп өтіп, ылдиға қарай ағызып барады. Бірдеменің артынан түсіп тақымдап қуып жүрген секілді. Әне-міне дегенше, әлгілер шаң боратып қайтадан өрлей шапты. Қым-қиғаш, қиқулап шапқан екі адам ескі зиратты айнала беріп, опыр-топыр болды. Алыстан анық байқалмайды, атты  адамдар бірдемені ұстап алып, байлап-матап күйбіңдеп жатыр, әйтеу.

Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде Кәдең де келіп жетті. Қызықты қараңыз, екі ұлы арлан қасқырды ұстап алыпты да, аузына қамшының сабын көлденең тістетіп, тұмылдырықтап байлап тастаған, жетектеп жүр. Оқиға былай болыпты. Жылқыға қасқыр шапқан. Оны көрген екі ұл жаратып дайындап отырған жүйрік аттарына мініп алып, қуып берген. Кішісі қасқырға жақындап келіп, құрулы қайыс арқанды тастап жібергенде, Алла сәтін салып қыл мойыннан іліне кеткен. Қасқырды жарты шақырымдай сүйретіп әбден есінен танғанда аттан түсе қалып байлап алған. Қасқырдың жүні жығылып, сүйретіліп әзер тұр. Кәдуілгі ит сияқты жетектеп еді, жүріп кетті.

«Е, осылай боларын білгем» деді Кәдең: бұл елдің қасқыры да жуасып қалған. Бұның бәрі «жынды» қойдың етін жеген …

*****

Арқан тастап, даладан қасқыр ұстаған осы оқиға туралы облыстық «Семей таңы» газетінде  қысқаша хабар жарияланды. Оқыған ағайындар болса есіне түсіре жатар. Ал қолмен қасқыр ұстаған азамат Қарағанды мен Астана арасындағы «Тұзды» теміржол бекетінде аман-есен еңбек етіп жүріп жатыр.

Бекен Қайратұлы

Қасқыр мен Қазақ


  • LPIC5800Қасқыр мен қазақтың жан дуниесі бірдей..

Қасқырды бөлтірігінен асырап, қаншама жем салып, тойдырып бақсаң да,  ол даланы аңсап солай қарап ұлып отырғаны..  бәлкім осыдан ба екен- «Қасқырды қанша асырасаң да түзге қарап ұлығанын қоймайды» деген сөз тегін айтыламаса керек.Қазқтың  қолына домбыра беріп сайра десең әр қазақтың  бірі  “Туған жер…”  деп басталған өлеңі ауылға деген сағынышпен аяқталып жатады. Әнгіме айт десең жылқыны немесе бүркітті әнгімеқып  айтса, олардың кеңесі  жөп жөкім аяқталуы қыйын. Бұл далаға қарап ұзақ уақыт даусым тым ұзаққа жетсін дей ме? көкке қарап ұлитын қасқырды еріксіз еске түсіреді..Әй тартпай қалғырлардың тартқанын көрмейсің бе?

* Қасқыр мен  Қазақ дақыл тағамдарды жақамайды.

– Әлемде ет тағамдарын қорек етуден қазақ екінші орын иеленіпті. Бірінші орын әрине қасқырға тиген. Егер қазақ етті шикідей жей алғанда ғой, онда қасқырдан сәл озық тұрар ма еді.  .. жоқ-жоқ  қасқырдың алдына түсе көрмейік, жер шарында да етті жануарларда өмір сүрсінші.

Қасқыр мен қазақтың ашуы,ары бір..

Қасқыр жөп-жөкім нарсеге ашулана бермейді. Ал жанына жақынына тиіп кетсең оңдырмайды.Мысалы апанындағы бөлтіріктеріне тиссең ізіңмен аңдып отырып барған жер не үй қораны біліп алады  да айзы қанғанша сол төңіректің малын бір- бірлеп талап талқандайды. Тіпті кейде қорадағы малды үйірімен қырып кетеді..Сондықтан сайын дала тағысының мінезін жақсы білетін қасқыр мінез бабаларымыз қасқырдың ашуына орынсыз тимеуге тырысатын..Ал қазақта солай…қазақтың жан дұниесіне оның ар ашуына тие көрмеңіз..шыбын жаныңызды қолыңызға ұстатады….мен айтпай-ақ қояайын тарихқа бір шолу жасасаңыз жетіп жатыр. Қазақпен алысқан ұлттар керек десең жер бетінен өшіпте үлгерген…Себебі қазақ киелі ұлт..Қазақтың иесі сайын дала тағысы киелі Көкжалдар

* Қасқыр мен Қазақ көршісіне адал..

Дана халқымыз  “Ағайының  аты озғанша  көршінің тайы озсын”- дейді екен.Қазақ көрші десе иіліп бүгіліп сыйластықтың  не бір жақсы жағымен  қарым қатынас жасап жатады..Ал қасқыр қанша ашықсада өз апанына жақын қорадағы малға тиспеиді.Міндетті тұрде сол қораны айланып өтіп жемін алыстан әкеп жейді немесе бөлтірігіне азықты көбінде  ұзақтан тасып асырайды.

Жанарбек Ақыбиұлы